Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органы тұрған жер оның тұрған жері деп танылады. Заңды тұлғаның тұрған жері оның құрылтай құжаттарында пошталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетіледі (АК-ның 39-бабының 2-тармағы), Заңды тұлғаға арналған іскерлік және ресми хат-хабарларды қайда жөнелту керектігін дәл анықтау үшін заңды тұлғаның бланкілерінде, жасасатын шарттарының мәтінінде де осындай мәліметтер көрсетіледі. Заңды тұлғаның үшінші тұлғалармен бірыңғай қарым-қатынастарында өзінің іс жүзінде мекен-жайға сай келмейтініне сілтеме жасау құқығы жоқ. Бұл орайда үшінші тұлғалар заңды тұлғаға мемлекеттік тізілімге енгізілген мекен-жайына да, нақты мекен-жайына да пошталық және өзге де хат-хабарлар жіберуге құқылы (39-баптың 3-тармағы).
Заңды тұлғаның тұратын жерін анықтаудың маңызы – оның тұрған жері тұлғаның құрылу және қызмет ету жағдайларын – тіркеуші органды таңдауды, несие берушілер заңды тұлғаға немесе заңды тұлға басқа тұлғаға талаптар қоярда сот органын таңдауды, міндеттемелердің орындалу орнын анықтайды (АК-ның 281 бабы), ал әртүрлі елдердің заңды тұлғалары қатысатын сыртқы экономикалық байланыстарда – Қолданылатын құқықты таңдауға ықпал етеді.