Сөйлемде айтылатын ойдың негізгі тірегі-баяндауыштың сөз таптары ыңғайындағы есімді және етістікті болып бөлінуі- тарихи дамудың кейінгі кезеңдерінің жемісі. Ертедегі ескерткіштер тілінде-ақ баяндауыш қызметінде есімдік,етістік сөздерінің қолданылғандығын дәлелдейтін тіл фактілері де жоқ емес. Бұл жөнінде Е.Ағманов:”Алайда жай сөйлемдердің баяндауыштары есімдер тобынан не етістіктерден болып бөлінуі біздің жыл санауымыздың басында-ақ дараланып, қалыптасқан процесс екендігін тіл материалдары дәлелдейді,”- деп келіп, Күлтегін ескерткішіндегі сөйлемдер баяндауышы есімнен де, етістіктен де жасалғанын мысалға келтіреді.(3)Түркі тіліндегі сөйлемнің синтаксисі мен морфологиялық құрамын тарихи тұрғыдан зерттеуге арналған еңбектердің қорытынды пікірі бұл тілдегі сөйлемдердің есім негізді екенін көрсетеді. Түркі тіліне арналған алғашқы грамматиканың өзінде-ақ баяндауыштың есім сөздерден де, етістіктерден де жасалатыны сөз болды. П.М.Мелиоранский қарапайым, бірқалыпты сөйлемде жай сөйлем кемінде екі мүшеден-бастауыш пен баяндауыштан тұратынын, бастауыштың да баяндауыштың да атау септікте тұрып, бастауыштың баяндауыштан бұрын тұратындығын айтады.(4)
Өзбек тілі жөніндегі зерттеу еңбектерінде А.Кононов баяндауыштың жіктік жалғауы, іліктен басқа септік жалғаулары, эмас, эмоқ, бұлмақ көмекші етістіктерінің тіркесіп жұмсалатыны туралы айтады.(5)
Әзірбайжан тілінде З.И.Будагова есім баяндауышты жалаң және құрама деп екіге бөледі де, алдыңғысына есім сөздерге жіктік жалғауының жалғануы арқылы қалыптасқан баяндауышты жатқызса, соңғысына есім сөздер тіркесінен, негізгі көмекші сөздер тіркесінен құралған баяндауыштарды жатқызады.(6)
Сондай-ақ жай сөйлем синтаксисін зерттеу барысында есім баяндауыштарға талдау жасаған А.Жапаровтың,А.Ч.Кунаның, Қ.Ахмедовтың, А.Т.Тыбыковалардың тағы басқалардың іргелі зерттеу жұмыстары түркі тіліндегі есім баяндауышты сөйлемдердің табиғатын ашуға септігін тигізері сөзсіз.
Синтаксистің,сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің, соның ішінде
баяндауыштың жалпы теориялық мәселесіне арналған құнды
еңбектердің маңызы ерекше. Әсіресе баяндауыш деп аталатын күрделі синтаксистік категорияны танытуға әр қырынан келген О.Төлегенов,М.Балақаев, Т.Сайрамбаев,Р.Әміров, Е.Ағмановтардың зерттеу жұмыстарының орны айтарлықтай. Есім баяндауыштардың зерттелуі дегенде сөйлем мүшелері туралы шыққан алғашқы мақалалар мен оқулықтардың өзінде-ақ баяндауышқа түрліше анықтамалар беріліп келді. Қазақ тілінде баяндауыш туралы ең алғаш сөз қозғаған А.Байтұрсынов 1925жылы Қызылордада басылып шыққан “Тіл құрал” оқулығында:”Баяндауыш болатын сөз бастауыш атаған нәрсенің сыр-сипатын, не амалын, не жайын, не болмысын көрсетеді,”-деп анықтама береді.(7.270)
Алғашқы анықтамаға ұқсас анықтаманы Қ.Жұбанов та берді. “Сөйлем мүшелерінің ішінде біреудің не бірдеменің не қылғанын,я не болғанын баяндап тұратын бір мүше болады. Оны баяндауыш дейміз,-деп көрсеткен.”(8.142)
С.Аманжолов “Баяндауыш- заттың жалпы көрінісін, болмысын тура көрсетеді.Біздің тілде баяндауыштың сөйлем аяғында келуі, баяндауыш бастауыштың көрінісі екеніне ерекше дәлел,”-деп тұжырымдаған.(9.105)
Ал М.Балақаев пен Т.Қордабаев “Баяндауыш бастауыштың ісін, қимылын, күйін және басқа заттық, сындық сапасын білдіріп, бастауышқа бағынады.”(10.85)Сондай-ақ Р.Әмір мен Ж.Әмірова “Предикативтік іс-әрекетті, сапаны білдіретін сөйлем мүшесін баяндауыш деп атаған екен”.(11.116) Енді Қ.Шәукенұлы “Синтаксис”оқулығында: “Сөйлемде айтылған ойдың белгілі бір тиянағы болатын мүшені баяндауыш,”- деп түсіндіреді.Баяндауыш болатын мүше бастауыштың әр түрле жай-күйін білдіретіндігін айтқан.(12.85) Қалай дегенде де, баяндауыш деп- белгілі бір жаққа қатысты предикативтілікті білдіріп, сөйлемдегі ойды тиянақтайтын мүше. Сөйлем мүшелері туралы жазылған еңбектерде баяндауыштың есім сөз табынан, етістіктен де жасалатыны сөз етіледі. А.Байтұрсынов баяндауыштың әр сөз табынан жасалатыны туралы айта келіп, қосарлы баяндауыш деген түрін қосады. С.Аманжолов есім мен етістіктен жасалған баяндауышты аралас, кейіннен құрама баяндауыш деп атайды. Қазіргі қазақ тілінде баяндауыштың осы 3түрі(есімді, етістікті, құрама)көрсетіліп жүр. Т.Сайрамбаев бұған
модаль сөзді баяндауышты қосады.(13.133) Ал Т.Қордабаев пен М.Балақаев “Сөз табының бәрі де баяндауыш бола алады,”- дей келіп көбінесе баяндауыштық қызметте жұмсалатын сөздерді:
1)есім баяндауыштар
2)етістік баяндауыштар және құрама
болуы мүмкін деп көрсетті.(10.95-96)
Есім баяндауыштардың түрлері алдымен баяндауыш қызметінде жұмсалып тұрған сөздің қай сөз табынан жасалатынына байланысты болады.Осыған орай есім баяндауыш өз ішінде зат есім, сын есім, сан есім, есімдікті, үстеулі, модаль сөзді баяндауыш болып жіктеледі. Ал құрылысы жағынан екі түрі бар:
1)дара
2)күрделі
Күрделі баяндауыш өз ішінде:
а)тіркескен баяндауыш
ә) құрама баяндауыш
болып жіктеледі. Тіркескен баяндауыш толық мағыналы есім сөздің тіркесуі арқылы жасалса, құрама баяндауыш есім сөзге көмекші етістіктің, шылаудың тіркесуі арқылы жасалады.