Соңғы он жылда кәсіби қызметтерін атқару кезінде әлемде 339 журналист көз жұмған. Бір қызығы, журналистерге соғыс жағдайынан гөрі, бейбіт өмір қауіптірек. Жоғарыдағы 339 журналистің 67-сі ғана қарулы қақтығыста мерт болған. Қалғандары билік пен байлықты бөлісе алмағандар мен кеудемсоқтардың құрбандары.
Саясаттанушылардың пікірінше, ақпараттық технологияның дамуы ХІХ ғасырдың басында соғыс жүргізу қимылдары мен қарулы күштер түрінің өзгеруіне әкеп соқтырды. Өйткені кейбір мемлекеттердің бюджетінде ақпараттық қауіпсіздікке бөлінетін шығын қарулы соғыстан сақталуға бөлінетін қаржымен бір қатарға қойылған.
Технологиялық революция «ақпараттық кезең» деген терминін, ақпарттық жүйе біздің өміріміздің бөлшегі болып, оны өзгеріске ұшыратқан кезде әкелді. Сондай-ақ, ақпараттық кезең соғыс қимылдарын жүргізу әрекетін де өзгеріске ұшыратты. Өйткені ауқымды әрі сапалы ақпарат, басшылыққа соғыс қимылдарын бақылауға, оқиғаларды саралауға және ақпаратты жеткізуге мүмкіндік берді. Бірақ ақпараттық кезең соғысы мен ақпараттық соғысты айыра білу жөн. Ақпараттық кезең соғысы ақпараттық технологияны соғыс қимылдарын сәтті аяқтау үшін пайдаланады. Ал ақпараттық соғыс керісінше ақпаратты объект, соғыстың мақсаты ретінде қарастырады. Бірақ ақпараттық кезең технологиясы қарсыластың ақпараттына тікелей ықпал ету мүмкіндігін жүзеге асырды.
Ақпарат – қандай формада берілгеніне байланыссыз адамдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар, процестер туралы мәліметтер және олар туралы пікірлер. Ақпарат қоршаған әлемде болып жатқан оқиғалар негізінде туындайды. Ал ақпарат функциясы – бұл ақпаратты алумен, таратумен, сақтаумен және өзгертумен байланысты кез-келген әрекет болып табылады. Ақпарат сапалығы – соғыс жүргізу қиындығының көрсеткіші. Командир сапалы, тиімді ақпаратты біліп, түсінген сайын, қарсылас алдында үстемділік жоғарылай түседі. Мәселен, ВВС АҚШ-та ауа райын болжап, оны бақылаумен айналысады. Ал нәтижесінің сараптамасы ұшу жоспарын құрып, тапсырмаларды беруге негіз болып табылады. Навигацияға берілген дәлме-дәл ақпарат тапсырманың нақты, дұрыс, жоғары дәрежеде орындалуын қамтамасыз етеді. Ал бұл жиынтықтар әскери ақпараттың функциясы болады екен. Егер әскери ақпарат функциясы дегенге анықтама беретін болсақ, ол — әскери бөлімнің өз соғыс міндеттерінің орындалуын жақсартатын кез-келген ақпараттық функция дер едік. Ал ақпараттық соғыс дегенге келетін болсақ, мемлекет ақпараттың көмегімен өзінің мақсатына қол жеткізетін, оны керек кезде пайдаланып қалуға болатын және мемлекетті қорғайтын ақпаратты алуға тырысады. Ақпараттың пайдалану мен қорғау міндеттері экономикалық, саяси және әскери салада жүзеге асырылады. Қарсылас қолындағы ақпаратты білу, ол мемлекеттің күшін арттыратын, қарсыласты әлсіздететін не болмаса одан қорғайтын, сондай-ақ, негізгі құндылықтарымызды сақтап, оны қорғауға беретін мүмкіндік. Ақпараттық қару жау қолындағы ақпарат пен оның фукцияларын әлсіздетеді. Бұл ретте біздің ақпараттық міндеттелеріміз қорғалып, қарсыластың соғысты жалғастыруға деген мүмкіндіктерін шектейді. Бір сөзбен айтқанда жаудың қолы жіпсіз байланады. Ақпараттық соғыс дегенге түсініктеме беретін болсақ, ол – қарсылас ақпараты мен оның функцияларын пайдалану, бұрмалау, жою үшін істелетін кез келген әрекет. Сондай-ақ, екінші жақтың ақпаратын қорғап, онымен пайдалануға жол бермеу.
Ал ақпараттық салада даулардың пайда болуына ықпал ететін объективті және субъективті факторлар ретінде, шамасы, мыналарды айтуға болады: экономикадағы тоқыраудың қандай да бір шектен асып кетуі және оның қоғам мен мемлекет өмірінің барық саласына кері әсері; Президенттің, Парламент пен мәслихаттардың сайланатынын есепке алмағанда, демократиялық институттардың жоқтығы, атқарушы биліктің жоғарғыдан бастап төменгісіне дейін тағайындалатыны, олардың халыққа есеп бермейтіні және тағайындаған адамға бейімділгіштігі. Осының салдары ретінде жүйенің өз мәртебесін сақтауға ұмтылысы, оның қоғам үшін, оның ішінде журналистер үшін жабықтығы; қаржылық және шаруашылық институттардың ашық дамымауы және осыдан келіп ол рынокта үстемдік танытып отырған белгілі бір топтардың қалыптасқан жағдайды сақтауға ұмтылысы, кәсіпкерліктің жабықтығы; өкімет пен бизнесті басқаруда әкімшілік таптаурындар мен әдістердің басым түсуі, ашықтық пен қоғамдық диалогқа дайын еместік; құқықты жүзеге асыру мен басқару тәжірибесінде ведомстволық нормативтік актілер мен әкімшілік нұсқаулардың басымдығы дер едік. Сонымен қатар бұқаралық, оның ішінде мемлекеттік те ақпарат құралдарының, өзінің ең ақырғы тұтынушысы – қаржының жалғыз көзі болып табылатын оқырманға объективті түрде бейімделуі, және осыған байланысты жедел, бүгінгі күнге қажетті, оның ішінде жабық тақырыптарға да материалдар беріп отыруға ұмтылысы бар.
Даулар мен құқық бұзулардың пайда болуына ықпал ететін факторларға сондай-ақ жарияланған материалдардың жеткілікті зерттелмеуін және негізделмеуін жатқызуға, ал оның себептері деп: ақпараттық-талдау, экономикалық, заң қызметтерін ұстауға қажет қаржыны үнемдеуді; жұмыс істеп жүрген журналистер кәсібилігінің жеткіліксіздігін атауға болады. Ал мұндай факторлар қатарына, шамасы, қоғамда ескі таптаурындардың басымдығын, кез-келген басқаша көзқарас жала жабу, намысқа тию, абырой мен қадір-қасиетке тіл тигізу немесе кемсіту болып қабылданатынын, ақпараттық дауларды шешетін қалыптасқан тәжірибенің жоқтығын жатқызуға болады /24/.
Ақпараттық соғыс қарсы мемлекет халығының санасын улау, адамдардың пікірлерін өзгерту, сол арқылы ел азаматтарын өз мемлекетінің саясатына қарсы шығуды қаматамасыз ету, мемлекетті өзіне қаратып алу мақсатында жүргізіледі. Ақпараттық соғысты жүргізудің түрлі тәсілдері бар. Мәселен, жалған ақпарат тарату, шенеуніктерге пара беріп, керек ақпаратты алу, мемлекеттегі сенімді адам арқылы заң бұзу, экономиканы мен саясат жақтарын қадағалау арқылы екінші мемлекетті жаулап алу мүмкіндігі пайда болады. Ақпараттық соғыстың негізгі құралы ақпарат болғандықтан журналистердің басым көпшілігі «қауіпті» ақпарат таратуға қорқады. Өйткені соғыс болмаса да, сондай жаңалық үшін өмірмен қоштасуы әбден мүмкін.
Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеу барысында «қауіпті» деп саналатын тақырыптардың тізімі шығарылды. Респонденттердің 84,7 пайызы олар жазуға қорқатын тақырыптар бар деп ойлайды, тіпті журналистердің басым көпшілігі бірден «иә» деп жауап берді. №7 қосымшада көрсетілген деректерге сүйенсек, мемлекеттік пен жекеменшік БАҚ өкілдері үшін ең қауіптісі үлкен саясат пен қаржы олигархтарының жұмысына араласу екен. Алайда баспасөздегілердің ойынша, «үлкен саясатқа» мұрныңды сұғу қаупі бірінші орында тұр. Бұл статистикалық көрсеткіш «ескі» мен «жаңа» демократиялық мемлекеттердің бәріне тән нәрсе. Ал жергілікті мен орталық атқарушы биліктен қорқу 20-30 пайыз арасында. Назар аударатын жайт, сот билігі жорналшылар арасында үрей тудырмайды. Сондай-ақ, қызықты дерек—жорналшылардың тек 8,5% БАҚ әкімшілігінің көзқарасына қарсы шығу қауіпті деп есептейді.
Ал ең «қауіпсіз» тұлғалар – шетелдіктер екен. Мүмкін «теке тірес аймағында» олармен сирек кездескендіктен шығар. Сондай-ақ, жаңалық дайындау барысында да журналистерге жиі қысым көрсетіледі екен. Бір топ немесе адам туралы көңілдерінен шықпайтын мақала жарық көрсе, біреулер соттап жіберумен қорқытады. Тағы біреулер күш көрсетеді, ал егер бас редакторының немесе БАҚ иегерінің танысы болса, жұмыс беруші адам журналисті жұмыстан шығарып жіберумен қорқытады. Бірақ соған қарамастан, баспасөз өкілдерінің басым көпшілігі бар қиыншылықты айналып өтіп, мақаланы эфирге не болмаса газет беттерінде жариялайды екен.
1950 жылдары қанды оқиғаларға қатысты «салқын соғыс» деген термин пайдаланса, енді заман ағымының өзгерісіне орай теке тірес деген термин қалыптасты. Түсіндірме сөздігінде аталған сөзге берілген анықтама: теке тірес аймағы дегеніміз – бір аймақта қатты ерегесіп, екі жақтың бірін-бірі жеңе алмауы деп жазылған. Ал соғыс – мемлекеттердің және бір-біріне қайшы таптардың арасындағы болатын қарулы күрес, ұрыс. Сонда екі сөздің бір-бірінен айырмашылығы: теке тірес аймағында қару пайдаланбай, екі жақ ерегесіп, бір-бірімен ақпараттық соғыс жүргізеді. Онда адам өлімі болмайды. Соғыста, керісінше, қару-жарақ пайдалану арқылы, нәтижесінде кісі өліміне әкеп соқтыру. Соғыс жағдайы кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметін ұйымдастыру мемлекеттің заңдарына сәйкес мемлекеттің Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекетте іске асырылады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы мемлекеттегі қорғаныс, қауіпсіздік және тәртіпті қорғау салаларында жедел іс-шаралар өткізу, теңізде, жерде, ауада, ғарыштық кеңістікте адам өмірі қауіпсіздігіне қатысты төтенше жағдайлар туралы барлық хабарламаларға басым бағыт беруге тиіс. Ал текетірес аймақтағы журналистердің құқығы соғысқа қатысатын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқығына теңестірілуі керек. Олардың құқығы халықаралық гуманитарлық құқық негізінде қорғалады.
Халықаралық гуманитарлық құқық екі ауқымды бөлімнен тұрады. Біріншісі, ол Женева құқығы болса, екіншісі – Гаага құқығы.
Гаага құқығы (соғыс құқығы): әскерлердің құқығы мен міндеттерін реттейді. Қарсыласқа зиян келтірудің амалы мен тәсілін шектейді. Сондай-ақ, соғыстық қажеттілігі жоқ қысым көрсетушілікті шектеу аталған құқықтың негізгі ұстанатын принциптері. Ал Женева құқы (гуманитарлық құқықтың негізі), соғыста жарақат алған мен ауру адамдардың, теңізде кеме апатынан зардап шеккен азаматтардың, әскерлер мен мемлекет азаматтардың, соғысқа қатыспаған медициналық қызмет көрсететін адамдардың, имамдардың, журналистердің құқығын қорғайды.
Сөйтіп, соғыс пен теке тірес аймақта жұмыс істейтін БАҚ өкілдерінің өмірі мен құқықтары Женева конвенциясына сәйкес қорғалу керек. Сондай жерлерге жол жүретін журналистердің тек санаулысы туған жерлеріне оралады. Мәселен, Reuters халықаралық редакциясы американдық әскерлерге Ирактағы журналистердің құқығын бұзды деген айып тағып отыр. Америка әскерлерінің Ирактағы іс-әрекеті төртінші билік өкілдеріне өз жұмысын атқаруға кедергі келтірді. Соның салдарынан американдықтар теке тірес аймақтан жалған ақпарат алған болатын. Бұл туралы Reuters халықаралық редакция директоры Дэвид Шлезингер қарулы күштердің сенаттық комитетін басқаратын сенат Джон Уорнерге жолдаған хатында хабарлады.
Аталған хатта Шлезингер американдық әскерлерді тәуелсіз журналистердің еркіндігі мен құқығына шектеу, қысым көрсететінін айтып, айып тағуда. Медиа-менеджер бұл сұрақты АҚШ қорғаныс министрінің алдында көтеруді өтінуде. Сондай-ақ, құжатта кәсіби журналистерге американдық әскерлер тарапынан көрсетілген қысым, құқықтарын шектеу туралы, қатеден өлтірілгендері жайлы баяндалады. Шлезингердің талабы, аталған жайттардың әрбіреуін тек әскери кезең заңымен талқылап қоймай, оған «ыстық нүктелердегі» журналистердің қызметін бақылайтын халықаралық заң тарапынан да көңіл бөлу. Ирактағы соғыс басталғалы бері бір жыл ішінде кем дегенде 66 журналист қаза болды. Олардың басым көпшілігі сол мемлекеттің баспасөз өкілдері екен. Reuters халықаралық редакциясының үш журналисінің өлімі үшін жауапкершілікті американдық әскерлер өз мойындарына алды. Сондай-ақ, аталған ақпарат агенттігінің өкілдері өткен жылы Reuters-те жұмыс істеген тілшінің Рамадта қайтыс болғаны үшін американдық әскерлер кінәлі деп есептейді /25/.
Ал жақында ғана әлем журналистері ең қауіпті мемлекеттердің тізімін жасап шығарды. Мәселен, 2004 жылы әлемнің түрлі мемлекеттерінде 500-ден астам журналист түрмеге қамалды. Сеул қаласында өткен 58-ші Бүкіләлемдік газет форумында сөз алған аталған форум президенті Джордж Брок сөз бостандығы мен журналистердің қауіпсіздігі сияқты проблемаларды ортаға салды.
Форум президенті дөңгелек үстелге жиналған қатысушылардың пікірін қолдап, әлемнің барлық бұрышында сөз бостандығы проблемасы бірінші орында тұрғанын айтты. Брок 2004 жылдың қарашасынан 2005 жылдың мамыр айы аралығында 38 журналист қылмыскерлердің қолынан қаза тапқанын журналистердің өмірі мен құқығы қорғалмайтынына мысал ретінде айтқан болатын. Ал сөз бостандығына үлкен қауіп төніп тұрған мемлекеттердің қатарында ең бірінші кезекте Брок Кубаны атады. Сондай-ақ, Орталық пен Оңтүстік Американың бірқатар мемлекеттерін, Ирак, Өзбекстан, Белоруссия, Түркмен, Филиппин, Непал және Қытайды назардан тыс қалдырмады. Ал Ресей баспасөз өкілдері үшін қауіпті мемлекет ретінде тек бір рет аталынып өтті. Мәселен, 2004 жылдың шілде айында журналист Пол Хлебников өз қызмет міндеттерін орындау барысында қайтыс болған кезде, Ресей қауіпті елдердің тізімінен төбе көрсетті. Алайда Бүкіләлемдік баспасөз форумында сөз сөйлеген форум президенті Ресейдегі баспасөздің дамып жатқанын айтты. Таралымның азаюы, оқырмандардың көрермендер, радиотыңдаушылар аудиториясына ауысуы, интернетке кіретін адамдар санының көбеюіне қарамастан, Ресейдегі таралымы мол газеттер статистика бойынша алдыңғы қатарда көрінуде. Соңғы рет 58-ші Бүкіләлемдік форум мен онымен бір уақытта өтетін 12-ші Бүкіләлемдік бас редакторлардың форумы 82 мемлекеттен 1 500 делегат жинады.
Жыл сайын соғыс пен теке тірес аймақтарда жүздеген журналист мерт болады. Мәселен, АҚШ Иракқа соғыс ашқан жылы бірнеше айдың ішінде 63 журналист қайтыс болды. Ал бұл өлімдердің себеп-салдарын зерттеп жүрген ешкім жоқ. Міне, сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқығын қорғайтын ұйымдар мен қорлардың кемшілігі осы. Істі аяғына дейін жеткізбеу. Ал соғыс пен теке тірес аймағынан ақпарат тарататын журналистердің өмірі мен құқығы Женева мен Гаага құқығымен қорғалады.