Әлеуметтік әріптестік дегеніміз атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдерінің мүдделерін келістіруді қамтамасыз етуге бағытталған қатынастар мен тетіктер жүйесі. Әлеуметтік әріптестік әріптестер арасындағы жасалатын өзара келісім арқылы жүзеге асырылады. Келісім (бас), салалық (тарифтік), аймақтық — республикалық, салалық және аймақтық деңгейде қызметкерлердің еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік кепілдіктерін белгілеу мазмұнын және тараптардың олар бойынша міндеттемелерін анықтайтын, әлеуметтік әріптестер арасында жасалатын құқықтық акт.
Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:
1) әлеуметтік және еңбек қатынастарын және соларға байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;
2) қоғамдағы барлық жіктердің мүдделерін объективті түрде ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
3) қызметкерлердің еңбек құқықтары кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, олардың әлеуметтік қорғалуын жүзеге асыру;
4) барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестер арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;
5) ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарды шешуге жәрдемдесу.
Әлеуметтік әріптестік мынандай қағидаттарға негізделеді:
1) тараптар өкілдерінің өкілеттігі;
2) тараптардың тең құқықтығы;
3) талқылау үшін енгізілетін мәселелер тізбесін таңдау еркіндігі;
4) міндеттемелер қабылдаудың еріктілігі және тараптардың оларды орындауға міндеттілігі;
5) тараптардың мүдделерін құрметтеу;
6) әлеуметтік әріптестердің Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін сақтауы;
7) тараптардың, олардың өкілдерінің келісім бойынша қабылданған міндеттемелерді өздерінің кінәсінен орындамағаны үшін жауаптылығы болып табылады.
Әлеуметтік әріптестік тараптардың өзара іс-қимылы нысанында әлеуметтік әріптестіктің:
1) республикалық деңгейдегі;
2) салалық деңгейдегі;
3) аймақтық (облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі органдары арқылы қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік әріптестікті республикалық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үш жақты комиссия (бұдан әрі республикалық комиссия) қамтамасыз етеді. Республикалық комиссия әлеуметтік әріптестердің мүдделерін үйлестіруді тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен қамтамасыз ету жөнінде тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері республикалық комиссияның қатысушылары болып табылады.
Әлеуметтік әріптестікті салалық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі — салалық комиссия) қамтамасыз етеді. Салалық комиссия әлеуметтік әріптестер мүдделерін үйлестіруді тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен қамтамасыз ету жөнінде тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Тиісті атқарушы органдардың өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілдері салалық комиссиялардың қатысушылары болып табылады.
Әлеуметтік әріптестікті аймақтық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық қалалық және аудандық комиссиялар (бұдан әрі — аймақтық комиссия) қамтамасыз етеді. Аймақтық комиссия әлеуметтік әріптестер мүдделерін үйлестіруді тиісті келісімдермен және шешімдермен ресімделетін консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен қамтамасыз ету жөнінде тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Жергілікті атқарушы органдардың тиісті өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілдері аймақтық комиссиялардың қатысушылары болып табылады.
Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және қызметкерлердің республикалық бірлестіктері арасында Бас келісім жасалады. Бас келісім — Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және қызметкерлердің республикалық бірлестіктері өздерінің құзыреті шегінде жасасатын, аймақтық және салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу кезінде ескерілетін, республикадағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын және солармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің жалпы қағидаттарын белгілейтін құқықтық акт.
Салалық деңгейде тиісті атқарушы органдар және жұмыс берушілер мен қызметкерлердің уәкілетті өкілдері арасында салалық келісімдер жасалады. Салалық келісім — ақы төлеу нормалары мен еңбекке байланысты басқа да мәселелерді, өзара міндеттемелерді, сондай-ақ нақты сала қызметкерлері үшін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді айқындайтын, барлық тараптар (әріптестер) үшін міндетті болатын және аймақтық келісімдер мен ұжымдық шарттарды жасасу кезінде ескерілетін, әріптестік тараптары жасап, жазбаша шарт түрінде ресімдейтін құқықтық акт.
Аймақтық деңгейде жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер, қызметкерлер бірлестіктері арасында аймақтық (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасалады. Аймақтық келісім — аумақтық ерекшеліктерге байланысты еңбек жағдайларын, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді белгілейтін, келісім тараптары әкімшілік-аумақтық бөліністер деңгейінде жасайтын, барлық тараптар (әріптестер) үшін міндетті болатын және ұжымдық шарттарды жасасу кезінде ескерілетін, жазбаша шарт түрінде ресімделетін құқықтық акт.
Келісімдердің мазмұны. Келісімдерде: қолданылу мерзімі туралы; орындалуына бақылау жасау тәртібі туралы; келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізудің тәртібі туралы; тараптардың өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы жауапкершіліктері туралы ережелер қамтылуға тиіс. Бас келісімнің мазмұнын әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін республикалық үш жақты комиссия әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе олардың біреуі ұсынған бас келісімнің жобаларын негізге ала отырып айқындайды. Мысалы 2005 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметі, кәсіподақтар және жұмыс берушілер арасында екі жылға арналған үш жақты бас келісімге қол қойылды. Бас келісімде еңбек қатынастарының, еңбекпен қамтамасыз етудің және әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау, денсаулық салаларына байланысты мәселер қарастырылды. Бұл бас келісімнің алдыңғы келісімдерден басты айырмашылығы онда еңбек ақысы, халықтың тұрмыс жағдайы, жұмыс істейтін әйелдердің, жастардың құқығын, әлеуметтік кепілдіктерін қорғау туралы мәселелер енгізілді. Тараптардың келісімімен жұмысшының еңбекақы және әлеуметтік төлемдерінің деңгейі ең төменгі еңбек ақысынан, яғни 7 мың теңгеден төмен болмауы керек делінді. Салалық және аймақтық келісімнің мазмұнын әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін салалық және аймақтық комиссиялар әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе олардың біреуі ұсынған келісімдердің жобалары негізінде айқындайды. Келісімдерде:
1) еңбекке ақы төлеу, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, еңбек және демалыс режимі туралы;
2) келісіммен айқындалған, баға мен инфляцияның деңгейін, күнкөрістің ең төменгі деңгейі мен көрсеткіштердің орындалуын негізге ала отырып, еңбекке ақы төлеуді реттеу тетігі туралы;
3) өтем сипатындағы қосымша ақылар туралы;
4)қызметкерлерді жұмыспен қамтуға, кәсіби әзірлеуге және қайта әзірлеуге жәрдемдесу туралы;
5) жұмыс істеу және демалыс үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен өндірістегі қызметкерлердің денсаулығын қорғауды ұйымдастыру және тиісті қоршаған ортаны қамтамасыз ету туралы;
6) салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі шаралар туралы;
7) қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау жөніндегі арнаулы шаралар туралы;
8) өндіріс уақытша тоқтап қалған жағдайда қызметкерлерді қорғау шаралары туралы;
9) жанжалдар мен ереуілдерді болғызбау, еңбек тәртібін нығайту туралы;
10) әлеуметтік-еңбек мәселелері жөнінде заңдарға қайшы келмейтін басқа да ережелер;
11) әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу туралы ережелер көзделуі мүмкін.