Педагогика дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі бір білім беріп, іскерлікпен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс-әрекет. Ендеше, бұл ойындар оқытуға арналған.
Балалар ерте жастан – ақ қоршаған ортамен танысады. Ол адамдармен, жануарлармен, әр түрлі заттармен қарым-қатынасқа түсіп, олардың ерекшеліктері мен қасиет-сапалары турыла мағлұматтар алады. Бірақ, бала тек өзінің тәжірибесіне сүйеніп оқыса, оның білімі нақты болмайтыны сөзсіз. Сондықтан білімді пысықтау, бекіту үшін дидактикалық ойындар пайдаланылады.
Дидактикалық ойындардың басқа ойындардан ерекшелігі, оның негізгі мақсаты – баланы оқыту, олардың ойлау қабілеттерін жаттықтыру және дамыту, игі қасиеттерді тәрбиелеу.
Дидактикалық ойындардың мазмұны – қандай да болмасын ақыл-ой міндеттерін жүзеге асыру. Ережені орындай ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді. Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша түрге ие болады, ол күнделікті оқуға ұқсамайды, мүндай қиял-ғажайып та, жауапты өз бетінше іздеу де, белгілі болмаыс пен құбылысқа жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту де, жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты, ұқсастықты және айырмашылықты тағайындау да бар. Ал ең бастысы, оқушыларды еш қинамай, өздерінің қалауы бойынша дидактикалық ойын арқылы оқу материалын әртүрлі тұрғыдан бірнеше рет қайталауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге дидактикалық ойын өзара жарыстыру мүмкіндігін туғызып, оқушыларға білімдерін әртүрлі жағдайда қолдануға негіз береді.
Дидактикалық ойын өзінің қызметі мен атына сай орындалуы үшін, оның арнайы құрылымы болуы шарт.
Оның құрылымы төмендегідей:
- Міндеті.
- Әрекет.
- Ереже.
- Нәтиже, ойынның аяқталуы.
Егер оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ:
- Міндеті — әрбір дидактикалық ойынның белгілі міндеті болады, ол дидакатикалық мақсаттан келіп туындайды. Ойынның (мақсаттан келіп ) міндеті, оның оқу мазмұнын құрайды. Ойын мазмұны балалардың қызығушылығын оятады, олардың танымдық іс-әрекетін белсендіреді және жаңа білім, іскерлік, дағдымен байытады.
- Әрекет – ойынның негізгі бөлігі. Әрекетсіз ойынның мақсатын жүзеге асыру мүмкін емес. Әрбір дидактикалық ойынның міндеті әрбір оқушының мінез-құлқын анықтап, ұйымдастырып, біртұтас ұжымға біріктіретін әрекет арқылы іске асады. Ол балалардың қызығушылығын тудырып, олардың ойынға деген эмоцияналдық қатынасын анықтайды. Дидактикалық ойында әрекет нақты анықталған және айқын түрде белгіленген. Ол әртүрлі болуы мүмкін, бұл жағдайда төмендегідей негізгі шарттарға сәйкес келуі тиіс:
а) ойын міндетіне бағыну керек, сол арқылы ойын мақсаты жүзеге асырылуы шарт;
ә) ойынның аяғына дейін тартымды, әрі қызықты болуы шарт.
- Ереже – дидактикалық ойынның қажетті бөлігі болып табылады және ерекше орын алады, сондықтан кейде дидактикалық ойындарды «ережеге құрылған ойындар» деп те айтады. Ереже ойын міндетіне бағынады. Олар іс — әрекетті ойынның міндетін жүзеге асыруға бағыттай ұйымдастыруды көздейді. Сондықтан дидактикалық ойында іс — әрекет ережемен тығыз байланысты. Ережесіз іс — әрекет жайбарақат дамып, дидактикалық міндеттің жүзеге асуына ықпал ете алмайды, сөйтіп өзінің негізгі сипатынан айырылады. Дидактикалық ойынның ережесі іс — әрекетті ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге оның тартымдылығын арттырады.
- Ойын нәтижесі — бұл міндетті шешу мен ережені орындау. Нәтиже мен ойынның аяқталуын екі тұрғыдан бағалау қажет: баланың көзқарасы тұрғысынан және мұғалімнің немесе тәрбиешінің көз қарас тұрғысынан.
Егер ойын нәтижесі баланың көзқарасы тұрғысынан бағаласа, онда мұғалім ойынның балаға маролдік және рухани ләзат беру жағын есепке алады. Дидактикалық ойынның міндетін шешу баладан белгілібір күш -жігерді талап етіп, олардың ойлау іс — әрекетіне талаптар қояды. Балалар ойын барысында ұшқырлық, алғырлық, тапқырлық танытады. Мұның барлығы балаларды моральдық тұрғыдан қанағаттандырып, олардың өз күштеріне сенімін арттырады, оларды қуаныш сезімге бөлейді.
Мұғалім мен тәрбиешіге дидактикалық ойындарды талдау кезінде міндеттің орындалғанын, әрекеттің жүзеге асырылғандығын, ойынның белгілі бір нәтижеге әкелгендігін қадағалаудың маңызы зор.
Адам өскен сайын ойын өзінің мәнін, жетекші рөлін жоғалта бастайды. Бірақ ол кейбір адамдарда өмірлік іске айналады (шығармашылық, техникалық және басқада мамандықтар). Ойын тарихы, оның еңбектің пайда болғанын көрсетеді, ендеше ол адамдар үшін еңбектің түрі болып қала береді. Сондықтан дмдактикалық ойын – бастауыш сынып оқушыларын оқытудың ақыл – ой белсенділігін тәрбиелеудің маңызды құралы болып табылады.
Тиімді пайдаланған дидактикалық ойындар мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, оны берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені ойын мектепке келген оқушылардың әректін белсендіріп, оларды тәрбиелеп, дамытудың аса маңызды құралы болады. Ойынды педагогикалық процеске енгізе отырып, тәрбиеші балаларды ойнауға, яғни А.С. Макаренконың сөзімен айтқанда, «Жақсы ойын» жасауға үйретеді. Мұндай ойынның өзіне тән сапасы бар, ол – мазмұнының тәрбиелік – танымдық құрылымы, бейнелейтін түсініктерінің толықтығы мен дұрыстығы, белсенділігі мен ұйымшылдығы, ойынның ережелерге бағынуы.
Ойын процесінде балалардың білімі мен ұғымы айқындалып, тереңдей түседі. Демек, ойын балалардың соған дейінгі білімдерімен түсініктерін баянды етіп қана қоймайды, сонымен бірге танымды белсенді іс — әрекетінің бір формасы болып табылады.
Педагогикалық басшылық болмаған жағдайда балалардың ойындары кейде жарамсыз ықпал жасауы да мүмкін. Сонымен бірге дидактикалық ойын балалардың танымдық дамуына әсер етеді, білімдерін кеңейтуге қажеттілігін туғызады.
Дидактикалық ойындардың өзіне тән ерекшеліктері бар.Бір жағынан- ойында ойындық әрекет негізге алынған, оның көмегімен жеке тұлғаның белгілі бір сапалары: зейін, байқағыштық, ес, ойлау, ізденімпаздық, белсенділік қалыптасады. Екінші жағынан — ойын сабақта белгілі бір дидактикалық міндетті, жаңа материалды оқып – үйрену, өткенді қайталау, іс керлікпен дағдыны қалыптастыру, білімді іс жүзінде пайдалану міндеттерін шешуді көздейді.
Бастауыш сынып оқушыларының оқу іс — әрекеті процесінде аса дайындықты қажетсінбейтін дидактикалық ойындарды пайдалану керек және олар оқытатын, үйрететін сипатқа ие болуы тиіс. Дидактикалық ойындарды ұйымдастырғанда, оның сабақтың мақсатына жетуге көмектесетін жағын ескеру маңызды. Оларды сабақтығ әрбір кезеңіне сәйкес дұрыс пайдалану да өте тиімді. Сабақтың басында ойын баланың қызығушылығын оятады, оны ұйымдастырады, сабақтың ортасында ойын тақырыпты меңгертуге бағытталады, сабақатың аяғында ойын ізденіс сипатына ие болады. Бірақ ойын сабақтың қандай кезеңінде ұйымдастырылса да, қызықты, түсінікті болуы, оқушыларды іс — әрекеттің әр түріне баули алуы тиіс.
Әдіскер ғалым – Ж.В.Арутюнян бастауыш сынып оқушыларына математиканың оқытуда ойынды қолдану әдістемесін жасады. Ол «оқытуда ойынды қолдану әдістемесін компонеттердің белгілі бір жүйесінің жиынтығы», деп түсінеді. Оның негізгі компоненті ретінде ойынның мақсатын алады. Оған байланысты жүйенің басқа компанеттері қарастырылады: мазмұны, ұйымдастыру формасы, ойын түрлері, ойын құралдары, сонымен бірге олардың өзара байланыс.
Бұл жүйені бастауыш мектепте оқыту процесінде басшылыққа алуда мұғалімге әдістемелік талаптар қойылады.
Мұғалімге қойылатын бірінші талап – ойынның нақты мақсаттарын түсіну және білу болып табылады, ойынның негізгі мақсаттары төмендегідей.
- Бастауыш сынып оқушыларына әрбір пән бойынша меңгеруге тиісті білім мөлшерін саналы түрде игеріп, оқушылардың іске икемділігін қалаптастыру.
- Бала қабілетінің қырларын жан – жақты дамыту.
- Ой — өрісін, дүниетанымын кеңейту.
- Еңбең, дене тәрбиесін жетілдіру, оның өмірге көзқарасын, адамгаершілік қасиеттерін қалыптастыру, эстетикалық талғамын арттыру;
- Есте сақтау қабілетін дамыту.
Екінші талап – ойынның мазмұнын анықтау. Мұнда қажетті шар – ойынның көмегімен жүзеге асырылатын деректі оқушының жас ерекшелігіне, бағдарламалық талаптарға, нақты мақсатқа сәйкес дәл білу болып табылады.
Ойынның мазмұны тек пәндік мақсаттар ғана емес, оқу әрекетінің іскерліктерін қалыптастыруға бейнелік және логикалық ойлауды дамыту мақсаттарын да жүзеге асыруды қамтамасыз етуі қажет. Ойынның мазмұнына қойылатын негізгі талаптардың бірі ойынды және оның түрлерін ұйымдастырудың мүмкін формаларын есепке алу болып табылады.
Дидактикалық ойынды ұйымдастыру формаларына қойылатын талаптар: (ұжымдық, топтық және даралық таңдау) ең алдымен оқушылардың ойлауының даму деңгейін, коммуникативтік іскерліктерді (оқу, жазу), қарым – қатынас іскерлегін қалыптастыру деңгейін нақты есепке алу негізінде анықталады 6-7 жасар балаларға тән көрнекті — әрекеттің және көрнекті – бейнелік ойлаудың даму ерекшеліктеріне сүйене отырып, біз топтық немесе дара ойындарды пайдалану тиімді деп есептейміз. Мұндай жағдайда мұғалім әрбір оқушы арқылы ойынның мақсатын жүзеге асыруды қамтамасыз ете алады. Ол үшін ойынға қатынасушыларды қажетті құрал – жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Бұл тапсырмалар жазылған карточкалар, сюжетті суреттер, жинақтар, тағы басқа сондай болуы мүмкін. Ойынды ұйымдастыру формасына, оның түріне байланысты болу керек.
Ойынның құралдарына қойылатын талаптар: ойынның мақсаты, мазмұны және формасы арқылы анықталады. Бұл жағдайда ойынға қатысты әрбір зат (ойыншықтар, материалдар т.с.с) оқушыларға жақсы таныс болуы керек.
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыру мен жүргізу педогогикалық тұрғыдан бірқатар шарттарға байланысты:
- Ойынның сабақтың дидактикалық мақсатына сәйкестігі.
- Ойындардың мазмұны мен формасына қарай әртүрлілігі.
- Ойынға қатысушылардың белсенді шығармашылық позициясы.
- Ойынның балаларға түсінікті және тартымды болуы.
- Ойынның эмоцианальды болуы.
Осы шарттардан ойынды ұйымдастыруға мынадай әдістемелік талаптар қойылады:
- Ойынның мақсаты және керекті көрнекті құралдары мен материалдары күні бұрын дайындалып отыруы тиіс.
- Ойынға кірісер алдында, оның жүргізілу тәртібі оқушыларға әбден түсіндірілуі қажет.
- Ойынға сыныптағы оқушылардың барлағының қатысуын қамтамасыз ету керек.
- Оларды ойын үстінде ойлай білуге, шешім қабылдай білуіне желеу керек.
- Ойын үстінде оқушының өз пікірін еркін білдіруге, достарымен санасып отыруға баулу қажет.
- Бірлесіп әрекет жасауға, ұйымшылдыққа жұмылдырып отыру керек.
Дидактикалық ойындарды таңдап алу, олардың дұрыс өткізу мен ұйымдастыру – оның табысты болуының шешуші шарттары. Ойынды оқу әрекетіне енгізу,біріншіден сабақта қолайлы жағдайдың болуы, екіншіден мұғалімнің шеберлігін, үшіндіден оқушылардың психологиялық көңіл – күйінің болуын талап етеді.
Дидактикалық ойындардың тиімділігі, олардың сабақтың кезеңіндегі орны мен міндетін және мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасының мұғалімнің жетік игеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдардың жиынтығын алдын – ала дайындап алуға, ойын процесінде оқушыларды белсенді ұйымдастыруға байланысты.
Дидактикалық ойындардың қайсысын болмасын өткізу барысында оқушылар түрлі іс — әрекеттерді орындайды. Дегенмен олардың қандай да бір іс — әрекеттің басым орындалуына орай топтастыруға болады.