Күнділікті тәрбие көрсетіп жүргендей, алты жасар балалар ойындарына дұрыс басшылық жасалған жағдайда олар ұйымдастырушылық шеберліктің жоғарғы деңгейіне жетіп, ойынды өз беттерімен ұйымдастырумен бірге, ұжымда қалыптасқан тәртіп ережелері мен мінез – құлық нормаларын сақтауға дағдыланады. Әрбір ойын мүшесі ұжым алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, ережелердің орындалуын өздері бақылай білуге үйренсе, онды мектепте жақсы жолдас, шебер ұйымдастырушы, көркемөнер үйірмесінің белсенді мүшесі, спорттық ойындар мен жарыстардың озат қатысушысы бола алады. Сол себепті де, біз балалар ойынын мектепалды даярлық топ балаларына адамгершілік тәрбие беру құралы етіп алып отырмыз. Демек, балалардың ойын әрекеті арқылы адамгершілік тәрбие берудің басты мақсаты бала бойында адамгершілік сезім, сана, мінез – құлық, көзқарас жүйесін орнықтыру болып табылады. Ал бұл міндетті бұлжытпай орындау, ойын әрекетіне сүйіспеншілігін арттыруға саяды. Міне, осы міндеттерді жүзеге асыру балалардың адамгершілік тәрбие компоненттері мен ойын туралы таным түсінігін тереңдетіп, олардың қоғамдық өмірге, қоршаған ортаға, үлкендер еңбегіне, табиғатқа деген жаңа мәдени қарым – қатынасын бекітуге бағытталады.
Баланың адамгершілік сезімталдығын, шығармашылық қиял – қабілеттері, адамгершілік сапасы мен көзқарасын, мәдениетін, ой — өрісін кеңейтіп, ана тілінде сөйлеу, сөз өнеріне, қоғам, табиғат өміріндегі әсемдікті аңғарып, бойына сіңіре білуге тәрбиелеуде ойынның, ұлттық салт – дәстүрдің айрықша орын алатыны жайлы қазақ халқының тұңғыш этнограф – ғалым Ш.Уалиханов, көрнекті ағартушы – педагог Ы.Алтынсарин, қазақ зиялылары: А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, М.Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінде балаларға рухани тәрбие берудің жолдары мен әдістері көрсетілуімен қатар қоршаған дүниені қабылдауға жан көріністерін (есту, сипап сезу, иіскеу, татып көру, ес, қиял, ойлау, тілін дамыту) бірлікте дамытудың маңызы жайында құнды пікірлер айтып, ой түйіндерін тұжырымдаған. Оқулықта адамгершілік сезімдері жайлы ғылыми ұғымдар да әр қырынан ашылған. «Баланың маңайында сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиіс», — деп балалардың адамгершілік дамуындағы үлкендердің рөліне тоқталады.
Бағдарламаның мазмұнында балаларды адамгершілік тәрбие түсініктерімен таныстыру жұмыстары «Өнер көзі – халықта», «Әуенді қимыл – қозғалыс», «Тіл – халық қазынасы», «Экологиялық тәрбие», «Еңбек», «Ойын» бөлімдерінде қарастырылған. Бағдарламада адмгершілік тәрбие ісінің міндеттері төмендегідей сараланады.
Мектепалды даярлық тобында балалар өмірінде оқу және еңбек әрекетінің үлесі басым бола түседі. Соған қарамастан ойын әлі де болса өз маңызын жоймайды, ол баланы мектепке даярлау мақсатын жүзеге асыруға бағытталып отырады. Ойын әрекетінің қызықты болуын қамтамасыз ететін, баланың танымдық қызығушылығы мен адамгершілік сапаларын дамытатын басты нәрсе: білім, әрекет, қарым – қатынас. Міне, осы жағдайларды ескере отырып, балалар бойында адамгершілік сапаларды қалыптастыруды пайдаланатын ойын түрлерін төмендегідей жүйеледік:
- Мазмұнды – бейнелі ойын: отбасы, балабақша, мектеп, аурухана, ұшқыштар, мал фермасы, құс фермасы, құрылысшылар, мұнайшылар, теміржол, теңізшілер;
- Қимыл қозғалыс ойындары: қу түлкі, ормандағы аю, мысық пен торғайлар, бақташы мен қозылар, қуыспақ, қасқыр қақпан, ботақан, соқыртеке, жырадағы қасқыр, жерден биік, су, ауа, жер;
- Дидактикалық ойындар: заттардың түсін анықта, қуыршақты серуенге дайында, орныңды тап, ойлан тап, ұзын — қысқа, аласа – биік, әр құстың мекенін тап, түсті лото, дәл тауып айт, тігін шеберханасы, тез ретке келтір, мына заттарды сипатта, сандардың орнын тап, жоғары – төмен, дүкен, көршілер, аралар, телеграф;
- Құрылыс ойындары: лего және басқа конструкторларды пайдалану;
- Спорттық ойындар: футбол, волейбол, теннис, хоккей, баскетбол;
- Драммалық ойындар: адамгершілік тәрбиесі тақырыбына оқылған ертегі, әңгімелерді рольдерге бөле отырып орындау.
Мектепалды даярлық топ балаларының «жеке тұлға» ретінде қалыптасуы, адамгершілік сезімі мен талғамның жіктелуі, тәрбиелеу мен білім беру ісінің нәтижелі болуы мектепке дейінгі мекемелерде жүйелі, жоспарлы, бірізді жүргізілетін жұмысқа байланысты. Ойын арқылы мектепалды даярлық топ балаларына адамгершілік тәрбие беру үшін, ойын үлгілерін іріктеп, бала санасына сіңіріп, тиімді пайдалану әрбір тәрбиешінің біліміне, ұзтаздық шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты.
Балабақшада балалар еңбегі ұйымдастыру барысында кешенді ұйымдастырылған ойын түрлері балалардың еңбекке деген қызығушылығы мен талғамын, танымдық процестерін, тілін және адамгершілік қасиеттерін дамытады. Ойын балабақшадағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі әдістерінің бірі болып саналып, балалар өмірінде үлкен орын алады. Баланың адамгершілік сапасын, талғамын , қызығушылығын қалыптастыру, мінез — әрекетін тәрбиелеу, жеке басын жан – жақты дамыту бағытында меңгерілген білім, дағдыларын ойын арқылы іске асырылады.
Сонымен, 6 –7 жас аралығындағы балаларға ойын арқылы адамгершілік тәрбие беруде бұрыңғы көзқараста қалып қоймай, ойын түрлерін зор қызығушылықпен, сезіммен меңгерген жеке тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін жұмыс мазмұнын, әдістері мен түрлерін іздестірудің терең мәні бар. Егер мектеп жасына дейінгі балаларға ойын түрлерін дұрыс меңгертетін болса, онда адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда айтарлықтай жетістіктерге жетеріміз сөзсіз.