Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ КЕШЕНДI(КОМПЛЕКСТI) ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНДА БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІН ОҚЫТУ ЖӨНIНДЕГI ОЙ-ПIКIРЛЕРI

Елiмiз тәуелсiздiк алып, егемендi мемлекет болғалы, бұрын мансұқталып, беттерi бүркелiп келген әдеби-мәдени мұралар мен туған халқының мүддесi үшiн күрескен тұлғалар есiмi халқымен қайта қауышты. Сондай тұлғалардың бiрi — қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң көрнектi қайраткерi Жүсiпбек Аймауытов. Ж.Аймауытов шығармашылығы оның тек жазушылығымен ғана шектелмейдi. Сонымен қатар ол өз халқын оқытып, бiлiм беруде тер төккен көрнектi педагог, ағартушы және туған халқының мұң-мұқтажын жоқтап, сол кездегi қазақ басылымдарына үздiксiз қалам тербеген көрнектi публицист.

Ж.Аймауытовтың ағартушылық еңбегiн танытатын ”Комплекспен оқыту жолдары” атты кiтабы 1929 жылы ”Қазақ” баспасынан жарық көрген. Өзi айтқандай,”Мұғалiмдерге, қайталама курстарға, тәрбие техникумдарына көмекшi құрал” ретiнде жазылған еңбектi Ж.Аймауытовтың қазақ ағартушылық iлiмiне, этнопедагогикасына қосылған үлкен үлес деп бағалауымыз керек. Олай дейтiн себебiмiз, сол уақыттарда кеңестiк идеологияның әлi де қалыптасып үлгермеген бiлiм беру жүйесiне, оқыту әдiстерiне үлгi боларлық бұл дүние, шындығында, қазақтың ұлттық мектептерiнiң зор мұқтаждығынан туған едi. Бұл туралы жазушы кiтаптың кiрiспесiнде былай деп жазады: “Төңкерiстен берi ”пән жүйесi” деген жүйе қопақтап, оның орнына мектеп төрiнен орын алды. Алса да ауыл мұғалiмдерi бұл жолға түсе алмай жатқан сияқты. Программ, комплекс жайынан журнал жүзiндегi там-тұм мақалалардан да басқа, тәртiппен тiзiлген мұғалiмге жетекшi болғандай қазақ тiлiнде бiр де бiр кiтапша басылған жоқ.”

Бұдан байқағанымыздай, Ж.Аймауытовтың бұл еңбегi сол кездегi қазақ даласындағы оқу-ағарту iсiне қосылған iрi жаңалық болып саналады. Өйткенi автор аталған кiтапты педтехникумда оқытқан сабақтарының желiсi, жүргiзген тәжiрибесi негiзiнде, сондай-ақ бағдарлама, комплекс жайында сол кездегi орыс тiлiнде жарық көрген материалдарға сүйене отырып, оны қазақтың тұрмыстық-әлеуметтiк жағдайына бейiмдей қолдануды тұңғыш рет ұсынушы.

Ж.Аймауытов ұсынған бұл жүйе өз заманы үшiн ғана қызмет етiп қойған жоқ. Оның өмiршеңдiгi сонда – ол сол кезеңде де, одан кейiн кеңестiк бiлiм беру жүйесiнде де, тiптi оқу процесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру, инновациялық әдiстердi кең қолдануға бағытталған бүгiнгi күнде де өз маңызын жоймай отыр. Себебі ғалым ұсынған кешендi оқыту мәселесiнiң бастауыш сыныптардағы “Қазақ тiлiн” оқытуға байланысты еңбектерде көрiнiс табуы, оның iргелi ой-пiкiрлерiн саралап, бүгінде әдіскер-мұғалімдердің өз тәжірибелерінде пайдалануы , бастауыш сынып оқушыларына мектептегi “Қазақ тiлi” оқулығы негiзiнде кешендi оқыту жүйесiн қолдануда тыныс белгілерін үйрету жолдарын көрсету жаңа педагогикалық ой-тұжырымдарға негіз болады.

Көрнектi жазушы, пеагог Ж.Аймауытов кешен жүйесiн ұсынуда, алдымен, бұл сөздiң өзiнiң бiлдiретiн мәнiн, оның пән жүйесiнен артықшылығын ажыратудан бастайды: «Өмiрдегi құбылыстарды, нәрселердi бiр тақырыптың, бiр пiкiрдiң төңiрегiнде жинап, қосып, түйдектеп, бiрiктiрiп оқытуды комплекс(кешен) дейдi. Одан әрi дәлелдеп айтқанда:

Өмiрде шын жолығатын нәрселердi, құбылыстарды байланыстырып, ол құбылысқан, iлiктескен, бiр-бiрiне әсер еткен қалпында араларындағы қатынасын зерттеудi комплекс дейдi. Комплекстiң бiрде-бiр мәнiсi – “түйдек”, ”жуымық”, ”топ” деген сөздерге тура келедi,”- дей келiп, бұл сөздiң мәнiн автор одан әрi қазақ халқының салт-дәстүрiнде кездесетiн құдалық кезiндегi “тоғыз беру” салтымен байланыстыра түсiндiредi. Бұл жерде педагогтың аталған сөздiң мәнiн түсiндiруде қарапайым ауыл мұғалiмiне түсiндiру мақсаты ап-айқын көрiнедi. Комплекс iшiнде бас тақырып болатынын оны ат, не жамбы, не құндыз бастаған топқа теңеп, ал сол комплекс жүйесiне енетiн кiшi тақырыпшаларды “тоғыздың” құрамына енетiн шапан, орамал-шаршы секiлдi бұйымдарға теңейдi.

Кешендi оқытуды анықтауға қатысты автордың тағы бiр айырықша мән берген мәселесi — оның не жүйеге, не әдiске жатқызу жөнiндегi көзқарастарды саралау. Бұл жөнiнде автор: ”Орыс бiлiмпаздарының кейбiрi комплекс – “әдiс”, кейбiрi –“жүйе” деп жүр.(әдiс – метод, жүйе – система)”. “Әдiс” деп алу керек деушiлердiң дәлелi, комплекспен оқытқанда, құбылыстар бiр-бiрiмен байланысқан, пайда болған, дамыған, еңбек шаруаға негiзделген түйдек түрiнде зерттеледi.Ғылымда мәселенi бұлайша зерттеудi “диалектiлiк әдiс” деп атайды. Бұл – Гегельдiң, Маркстiң қолданған әдiсi, сондықтан ” комплекс әдiсi ” деп атау керек,»- дейдi.

“Жүйенi ” жақтаушылардың дәлелi: төңкерiстен бұрын мектепте әр пән бөлек-бөлек оқытылатын. Пәндердi бiр-бiрiмен араластырмау, бөлек оқыту тәртiбiн “пән жүйесi” деп атайтын. Комплекспен оқытқанда, бөлек-бөлек оқылатын пәндер (жағрафия, жаратылыс, тарих, ана тiлi, есеп, физика) болмайды, бәрi бiрiгiп, түйдектелiп отырады. Ендеше комплекс “пән жүйесi” деген ұғымға төтеп бергендей, соның орнына жүргендей ағым екекн. Сондықтан пән жүйесi деген сөзге қарсы қоюға, “комплекс жүйесi”деп атау керек дейдi.

Оған қосымша, әдiс деген сөзге қарсы тағы бiр айтатыны: “әдiс”деген сөз көп жерде қолданылады,”әдiстiң” мәнi ұсақ, тар. Ана тiлiнiң әдiсi, есеп әдiсi,еңбек әдiсi, тәжiрибе әдiсi, серуен әдiсi, зерттеу әдiсi … деген сияқты толып жатқан әдiстер бар. Комплекстiң мәнiсi бұл әдiстердiң барлығынан кең, бәрiнен терең. Әлгi айтылған әдiстер комплекстiң балалары секiлдi. Комплекстi “әдiс” десек, балалларының атын әкесiне қойған сияқты боламыз. “Жүйе” деген кең мәндi сөз. Сондықтан жүйе деу керек деседi,”- дей келiп, автор бұл әшейiн даукестiк, сөз қуғанның iсi емес, әр сөздiң мән-мағынасына ерекше мән беру керектiгiн айтады. Сөйтiп, жоғарыда келтiрiлген пiкiрлердi саралау негiзiнде комплекс жүйесi не жай ғана комплекспен оқыту дегендi ұсынады.

Ж.Аймауытов аталған жүйенi ұсына салмай, оның пән жүйесiнен артықшылығын көрсетуге тырысады:

А) Пән жүйесiмен оқытқанда пәндер жеке-жеке өз жолымен жүретiн, бiрiнiң арбасына бiрi соқтықпайтын, ең ұқсатқанда аз-маз жарыса үзеңгi қағыса оқылатын.

Комплекс жүйесiмен оқытқанда, пәндер бiрiгiп, бiр жолмен, бiр арнамен ағып, айқасып, араласып оқылады.

ә) Пән жүйесiнде мұғалiмдер әрқайсысы өз пәнiн оқытып, өзгеге бұрылмайтын,жазаласа, бiрiнiң сабағына екiншiсi қайшы келiп, бiрiнiкiн бiрi өтiрiк қып отыратын, әсiресе дiн молдасы мен пән молдасы шартпа – шұрт түсе беретiн.

Комплекс жүйесiнде мұғалiмдер арасында ала ауыздық болмайды, дiн молдасы мектептiң қарасын көрмейдi. Молда балаға икемденедi: баланың сұрауын, қызық көргенiн есепке алып, баланың өзiне тапқызады, iстеуге тырысады.

б) Пән жүйесiнде өмiрдi, құбылысты қолма-қол зерттеу деген жоқ, барлық бiлiм кiтапта болатын, бiлiмдi тәжiрибе арқылы баланың өз көзi жетiп таппайтын, мұғалмнiң сөзiне сенетiн, оқу заманнан аулақ қалатын.

Комплексте бала өмiрдi, құбылысты бақылайды, зерттейдi, тәжiрибе қылады, оқуды заманға тiреп, заманмен байланыстырып оқиды.

в) Пәндердi бөлшектеп оқыту баланың жан жүйесiне қарсы. Бала нәрсенi тұтас түрiнде, iске пайдалы жағын қарап, ұғып бiледi, бөлшегiн, тарауын, қимылын елемейдi.

Комплекс тұтас, түйдек түрде ұқтырады, баланың жан жүйесiне тура.

г) Пән жүйесiнде сағат сайын пәндер алмасып,ауысып отыратын да, баланың ынтасын бiрде- бiрiне тұрақтатпай, алаң қылатын.

Комплексте сабақ үздiксiз бiрiнен-бiрi туып, бiрiне-бiрi жалғасып отырады, бiр сағатта бiтпеген нәрсе екiншi сағатта зерттеледi. Тыныс деген сабақтың арасын жiктеу үшiн емес, дем алу үшiн, бой көтеру үшiн iстеледi. Баланы бiрден-бiрге алаңдатпайды.

Комплексте керексiз көп материалдар шағындалады, сұрыпталады, тек жаратылысқа, қоғамға қатынасы бар, өмiрге керектiлерi алынады,”- дейдi автор.

Бұл мәселеге қатысты біз бастауыш сынып оқушыларына тыныс белгілерін үйреткен кезде мына жайттарды ескеруiмiз керек. Бұл комплекс әдiсi Ж.Аймауытов өмiр сүрген жалпы қазақ балаларының сауатын ашу, оларды қоғамдық құрылыстың қиын кезеңiнде оқуға, бiлiмге үйрету мiндетi басты мақсат болып тұрған кезде халықтың жалпы мұқтаждығын қанағаттандырды. Ол кезде мектеп жасындағы балалар, бiр жағынан, оқып-бiлiм алса, екiншi жағынан, ата-анасына, жаңадан құрылып жатқан колхоз, серiктестiктердiң жұмысына көмектесу мiндетi де тұрды. Сондықтан оқытудың комплекстi жүйесi сол кезең үшiн өте тиiмдi және пән жүйесiнен, автор көрсеткенiндей, артықшылықтары да бар едi.

Ал бүгiнгiдей ғылыми-техникалық өркениетке қол жетiп, ақпараттар ағымы молайған заманда әр ғылым саласынан алынатын бiлiм көлемiне қойылатын талаптар да өзгердi. Сондықтан кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарнан бастап-ақ пәндiк жүйенi енгiзу, оның артықшылықтары ескерiлiп , iс жүзiнде қолданыла бастады. Ал Ж.Аймауытов ұсынған бұл әдiс мүлде ескiрiп, қоғам қажетiне жарамай қалды деген пiкiр түюге бола ма? Жоқ. Ж.Аймауытовтың бұл кешендi оқыту (комплекс) жүйесi қазiргi бастауыш сыныпта айқын қолданылады. Пәндердi бiрiктiрiп оқыту әдiсiнiң тиiмдiлiгi бар екендiгi дәлелденiп, қазiр 1- сыныптағы қазақ тiлi мен ана тiлi пәндерi бiрiктiрiлiп “Атамұра” баспасынан шығарылған бiр оқулықпен оқытылады. Сондай-ақ 2,3,4-сыныптар мен орта және жоғарғы сыныптардағы қазақ тiлi пәнiн оқытуда да комплекстi //кешендi оқытудың өзiндiк жолдары қарастырылған. Олар — оқулықтар, оқу бағдарламалары, әдiстемелiк нұсқаулар мен дидактикалық материалдарда үйлесiм табатын бiр пәннiң iшiнде әрi бiлiмдiк, әрi тәрбиелiк мән берерлiктей, сондай-ақ қазақ тiлi пәнiн басқа пәндермен байланыстыра оқыту мәселесi.

Жалпы алғанда, бастауыш сынып оқушыларына тыныс белгілерін үйрету әдістемесінде Ж.Аймауытовтың жасаған кешенді оқыту әдістемесінің маңызы өте зор екндігін бүгінгі жаңа педагогикалық технологиялар үрдісі де дәлелдейді.