Пунктуацияны бастауыш сыныпта оқыту

Бастауыш сынып оқушыларының тыныс белгісін еркін қоюын қамтамасыз ету үшін мұғалімнің пунктуациялық іскерлігі болуы тиіс. Ондай іскерлікті пунктуацияны оқыту әдістемесі қарастырады.

Бастауыш сыныпта пунктуацияны оқытудың мақсаты – оқушылардың пунктуациялық саутаттылығын, жазуда, тыныс белгісін дұрыс қою іскерлігін қалыптастыру. Сауаттылық екі түрлі болады: толық және біршама сауаттылық. Толық сауаттылық – пунктуациялық норманы толық игеру, ал біршама сауаттылық – пунктуациялық ережелердің белгілі бір бөлігін игеру. Бастауыш сыныпта біршама сауаттылық қалыптасты. Біршама сауаттылық деңгейін оқылатын пунктуациялық ережелердің саны мен бағалау нормасының талабы айқындайды. Бастауыш сыныпта пунктуацияны оқытуда: танымдық және практикалық мақсат қойылады.

Танымдық мақсат. Пунктуациялық норманы меңгеру үшін пунктуациялық іскерлікті қалыптастыратын пунктуациялық білім қажет. Атап айтқанда:

— пунктуациялық, тыныс белгісінің қызметін ашу;

— пунктуацияның негізгі единицасымен таныстыру;

— тыныс белгілерінің қойылу себептерін білу;

— бағдарламадағы пунктуациялық ережелерді меңгеру.

Практикалық мақсат:

— оқушылардың пунктуациялық қырағылығын дамыту;

— оқылған ережелерге сай белгілерін қоя білуге үйрету;

— тыныс белгісін қойып, оны дәлелдеу;

— тыныс белгісінен кеткен қатені тауып, оны түзетуге үйрету.

Пунктуация: логикалық, синтаксистік және интонациялық принциптерді басшылыққа алады. Қазіргі пунктуация негізінен семантика-грамматикалық принципке негізделеді. Бұның компоненттері – сөйлемнің мағынасы мен грамматикалық құрылысы (А.Әбілқаев).

Жеке әдістемелік принципке: пунктуацияны синтаксистік құрылымы болады. Құрылымына қарай бір сөзді (қаратпа, қыстырма сөздердің тыныс белгісі: Кел, балалар, оқылық), сөз тіркесі және сөйлем, текст ыңғайында келеді. Тыныс белгісін қоюда мағыналық бөлшектің морфологиялық (одағай, шылау) синтаксистік (үш құрамды, сөйлемдер, қаратпа, қыстырма, бірыңғаймүше т.б.) дыбыстың, интонациялық, мағыналық ерекшелігі (себеп, қарама-қарсылық) болады.

Тыныс белгісі бір ережеге сай қойылады. Әрбір пунктуациялық ережеге тыныс белгісімен бөлінетін мағыналы бөлшек сай келеді. Тыныс белгісін қоюда позитивті және негативті жағдайлар болады. Мысалы: бірыңғай мүшелердің арасына үтір қойылу керек (позитив) егер олар шылаулармен (және) байланысса, (негатив) қойылмайды. Пунктуациялық ұғымдарға: тыныс белгілері, тыныс белгілерінің қызметі, пунктуациялық-мағыналық бөлшек, тыныс белгісін қоюдағы белгілер, пунктуациялық норма, пунктуациялық қате жатады.

Пунктуациялық норма — ережеге байланысты тыныс белгісін қою және қажет болмаса қоймау. Асан оқушы. Сызықшаның қойылуы пунктуациялық норма, егер қойылмаса нормадан ауытқу.

Тыныс белгісі – жазуда қолданылатын графикалық тәсіл.

Пунктуациялық қырағылық – сөйлемнен тыныс белгіні қажет ететін мағыналық бөлшекті таба білу: Ол үшін жаттығу жұмыстары жүргізіледі.

Пунктуациялық қате тыныс белгісінің дұрыс қойылмауы.

Бастауыш сыныпта пунктуациялық іскерліктің мынадай түрлері қалыптасуы қажет:

— коммуникативтік единицаны, мағыналық бөлшекті, (тыныс белгісін керек ететін) таба білу;

— өтілген ережеге сай тыныс белгісін қоя білу;

— тыныс белгісінің қойылу себебін дәлелдей алу,

— лепті сөйлемді жай сөйлемнен бөле алу;

— интонацияның түрін ажытара білу;

— автор сөзін басқа біреудің сөзінен ажырата білу;

— пунктуациялық талдау жасай білу;

Пунктуацияны оқытуда бастауыш сыныпта негізінен мұғалімнің сөзі, әңгіме, бақылау, талдау, оқушылардың өз бетімен жұмысы, салыстыру, ауыстыру, пунктуациялық талдау, т.б. әдіс, тәсілдер қолданылады. Пунктуациялық талдау толық (сөйлемдегі барлық тыныс белгісіне тоқталу), не ішінара (бір ғана тыныс белгіге тоқталу) жүргізілуі мүмкін.

Пунктуациялық талдауда:

— тыныс белгісі аталады, қызметі айқындалады;

— мағыналық бөлшек оқылады, тыныс белгісі қойылады.

Пунктуациялық іскерлікті қалыптастыруда орындалатын жаттығудың маңызы зор. Жаттығуларға: көшіріп жазу (тыныс белгісін қойып), диктант (белгілі бір тыныс белгісіне қарай) схема арқылы сөйлем құрау, тыныс белгісін қою (құрмалас сөйлемдер құрау) творчестволық жұмыс (мазмұндама, шығарма жаздырту, тыныс белгісінқойдыру, себебін айтқызу, мәнерлеп оқыту, интонациясын дұрыс қойып оқу), техникалық құралдарды пайдалану (эпидиаскоп арқылы сөйлемді тақтаға түсіріп, оқушыларға тыныс белгісін қойдырту) т.б. жатады.

Бастауыш сынып тәжірибесінде пунктуациялық қатенің үш түрі кездеседі:

1) тыныс белгісін қоймай кету; 2) тыныс белгісін артық қою; 3) тыныс белгісінің қайсысын қоюды білмеу;

Оның себептері:

— пунктуациялық нормасын білмеу;

— мағыналық бөлшектің белгілерін білмеу;

— сөйлемге синтаксистік талдау жасай алмау;

— тыныс белгісінің қызметін білмеу; т.б.

Тыныс белгісінен кеткен қатені есепке алу. Оқушының дәптері тексеріліп, қате кеткен жердің асты сызылады, дәптердің шетіне белгісі қойылады. Оны не мұғалім түзетеді (егер өтілмеген ережеге байланысты болса), немесе, оқушы өзі ізденіп түзетеді. Тыныс белгісінен жіберілген қатені есепке алу мұғалімнің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұғалім жалпы сыныпқа тән қателерді бір бөлек, жеке оқушының қатесін бір бөлек тізеді.

Пунктуациялық қатемен жұмысты мұғалім алдын-ала жоспарлайды. Ол мынандай элементтерде тұруы мүмкін: дәптерді тексеру, есепке алу қағазын толтыру сабақ жоспарын жасау. Сабақтың мақсаты – тексерілген жұмыстың (бақылау диктанты, тіл дамыту жұмысы, т.б.) сипатына байланысты болады. Осыған орай пунктуациялық қатемен жұмысты жүргізу әдістемесінің 3 түрі болады:

1) жаттығу орындаудан кеткен қателермен жұмыс;

2) бақылау диктантынан кеткен қателермен жұмыс;

3) мазмұндама, шығарма жұмыстарынан кеткен қателермен жұмыс.

Сонымен, қорыта айтқанда, пунктуация – сөйлемді және мәтінді коммуникативтік единицаларды жазуда мағыналық бөліктерге бөлудің графикалық тәсілі. Осыған орай пунктуациялық норманы теориялық тұрғыдан меңгерудің маңызы зор. Тыныс белгілерін дұрыс қоя білу – сауаттылықты арттырады, әрі синтаксисті жете меңгеруге көмектеседі. Тіліміздегі сөздер синтаксистік қызмет атқару үшін, сан алуан байланысқа түседі. Сол байланыстарды мағыналық жағынан дәл ажыратып тұратын – тыныс белгілері, тыныс белгілерін «оқудың нотасы» дейтін себебіміз де сондықтан. Олай болса, әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш.