Әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш. Сондықтан бір тыныс белгісінің орнына екінші тыныс белгісін қоя салсақ, бір сөйлемнен әлденеше мағына ұғынылатынын түсіну керек. Тіпті кейбір оңашаланған айқындауыш мүшесі бар сөйлемдегі сөйлемдегі айқындауышты үтірмен бөліп жазсақ, оны қарсылықты жалғаулықсыз салалас деп қалуға болады. Мысалы: Халықтың қалап ұсынған кандидаттары – әр түрлі мамандықтың адамдары – ірі ғалымдар мен өндіріс жаңашылдары, жазушылар мен жұмысшылар, тоқымашылар мен академиктер.
Демек, әрбір тыныс белгісі – әр сөздің, әрбір сөйлемнің мағыналарын дәлелдеп дұрыс түсіндіруші шартты белгі, олай болса, аяқталған ойды білдіретін тілдің бір бүтін бөлшегі сөйлем болса, ол бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады. Сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген пікірін екінші біреуге ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сөйлем сазына қарай қойылатын тыныс белгілері сөйлемдегі айтылатын оймен тығыз байланысты болады.
Тіліміздегі тыныс белгілері сан жағынан онша көп болмағандарымен, мағыналары, қолданылатын орындары жағынан алуан түрлі болып келеді.
Енді солардың әрқайсысның түрлері мен мағыналарына, атқаратын қызметтеріне тоқталайық.
Сөйлем соңында келетін тыныс белгілері
Біршама аяқталған ойды білдіретін жай немесе құрмалас сөйлемдерден кейін олардың мағыналарына, айтылу саздарына қарай нүкте, сұрау, леп белгілерінің бірі қойылады. Сондықтан тыныс белгілерінің бұл үш түрі сөйлем соңында келетін белгілер деп аталады.
Сөйлем келетін белгілердің әрқайсысы, негізінен екі түрлі мағынада екі түрлі функцияда қолданылады: біріншісі – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп көрсету, екіншісі – сөйлемнің қандай мақсатта, қандай мағынада айтылатындығын байқату. Бұл екеуі – сөйлем соңында қолданылатын тыныс белгілерінің қай-қайсыларының да ең негізгі мағыналары мен функциялары. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының кейде сөйлем ішінде тұрып та атқаратын қосымша функциялары мен қосымша мағыналары болады. Оларға өз орнында тоқталамыз:
- Н ү к т е. Нүкте, біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екіншіден, ол сөйлемнің хабарлы сөйлем екендігін байқатады. Мысалы, Жанат – осы үйдің ер жеткен жалғыз баласы. Ұлы да, қызы да қадірлі қонағы да бір өзі. Шаршап шыққанға ұқсайды. Тіл қатпастан қарақат көзін анасына бір, Бейсенге бір төңкере салмақпен қарады да, үлкен бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре берді. Айсыз ашық аспан. Жұлдыздар сайрап тұр. Тымырсық аяздағы тымық әуені сіміре, Жақып күндегі әдетімен аулын аралап келеді. (Ғ.Мұстафин). Бұл мысалды жай сөйлем де құрмалас сөйлем де бар. Олардың барлығы да хабарлау, баяндау, суреттеу түрінде айтылған. Бірақ нүкте әрдайым хабарлау, баяндау, суреттеу түрінде айтылған сөйлемдерден кейін ғана қойылып отырмайды, солармен қатар, ерекше екпінсіз айтылған бұйрықты сөйлемдерден, жауап алу үшін айтылмаған, бірақ сұраулық мәні бар сөйлемдерден кейін де қойылады. Мысалы: Қазір аттаныңдар да, күн батқанша қайтып оралыңдар. Малқардың келіні еркімен отыр ма, зорлықпен отыр ма оңашалап сұраңдар. Егер зорлықпен отырса, күйеуімен қосып, осында алып келіңдер. (Ғ.Мұстафин).
Сөйлем соңында келетін тыныс белгілерінің қай-қайсылары болса да, сөйлемнің құрылысына қарай қойылмайтыны сияқты, нүкте қоюда да сөйлемнің құрылыс ерекшіліктері ескерілмейді, тек мағыналық жағы, айтылу сазы ескеріледі. Соныдықтан нүктемен бөлінетін сөйлем құрылысы жағынан алуан түрлі (жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, жай, құрмалас т.б.) бола беруі мүмкін.
Жоғарыда ескерткеніміздей, сөйлемнің аяқталғандығының және оның мағыналық ерекшелігінің көрсеткіші болы – нүктенің ең негізгі функциясы. Бірақ осы негізгі функциясымен қатар, оның қосымша функциясы да бар. Олар мыналар:
а) Драмалық шығырмаларда әркімнің сөзінің алдында сол сөздің иесі болып табылатын кейіпкердің аты-жөні келтіріледі де, олардан кейін әрдайым нүкте қойылады. Мысалы:
Ғ а н ш и н. Алдындағы қашқын, артындағылары қуғыншылар, ә?
Қ а д и ш а. Қашқан екеу ғой.
М ұ р а т. Қысқасы, бұл, тегі, сыртқы ел драмасының бір сахнасы ғой өзі. (М.Әуезов).
Драмалық шығармаларда оның кейбір жақтарын актерлерге түсіндіру мақсатымен автор тарапынан берілетін ремарка деп аталатын ескертпелер болады. Ондай ескертпелер кеіпкерлер аттарынан кейін тұруы да, оған берілген сөз ішінде тұруы да мүмкін. Егер ремарка кейіпкер атынан кейін берілсе, нүкте кейіпкер атынан кейін қойылмайды, жақшамен қоршалған ремаркадан кейін қойылады. Мысалы:
М ұ р а т (бинкольмен қарап). Тоқтай қал. Мынауың не қылған серуен?
Қ а д и ш а ( о да қарап). Артындағы шаңның молын байқаймысың? (М.Әуезов).
Егер ремарка кейіпкер сөйлемдерінің арасында келсе, оның тыныс белгісі кейіпкер сөйлеміне байланыссыз, дербес болады да, ол жақшаның ішінде тұрады. Мысалы:
М ұ р а т. Е, Садық, сен бе едің? (Жарқынға.) Сенің атың кім?
М ұ р а т (халыққа). Не әзәрләктерің бар, не айтасыңдар? (Үн жоқ.) Қарсысыңдар ма, әлде? (Үн жоқ.) Қарсы болсаңдар оларыңды айт. (М.Әуезов).
Егер ремарка кейіпкердің бір сөйлемінің ішінде келсе, ол нүктемен бөлінбейді, тек жақшамен қоршалады. Мысалы:
С а д ы қ. Мен оған (Жарқын кеткен жаққа қарап) көрсетермін.
ә) Санай көрсетілген ой тәртібін, ой қатарын білдіру үшін қолданылатын пункттік цифрлардан, әріптерден кейін нүкте қойылады. Бірақ онда әр пункттің аяқталған сөйлемдер болып тұруы шарт. Мысалы:
- Тізбектеліп бір ұғымды білдіретін бірнеше зат есімдер.
- Тізбектеліп бір ұғымды білдіретін зат есім мен көмекші есім.
- Күрделі сан есімдер.
- Зат есім мен есімшенің тізбегі.
- Заттық мағынадағы түрлі қос сөздер т.б. («Қазақ тілі грамматикасы».)
б) Кейбір сөздердің шартты түрде қысқартылып жазылған графикалық белгілерінен кейін нүкте қойылады. Мысалы: Ж.Жабаев, А.Құнанбаев, Тург., Мұст., «Х. М.» журналы, т.б., с. С., т., ж.
Бұл мысалда Жамбыл, Абай, Тургенев, Мұстафин, «Халық мұғалімі», тағы басқа, тағы сол сияқты, тағы тағылар, жыл деген сөздер қысқартылып беріледі де, олардан кейін нүкте қойылып отырылған. Бірақ тіліміздегі қалыпты қысқарған сөздер мен қысқартылып алынған ұзындық, ауырлық және көлем өлшеулерінен кейін нүкте қойылмайды. Мысалы: МТС, совхоз, пединститут, КазПИ, 50 м, 20 кг, л, С.
- С ұ р а у б е л г і с і. Сұрау белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі түрлі функцияда қолданылады: біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрады, екіншіден сөйлемнің мағыналық жағынан сұраулы екендігін аңғартады. Мысалы:
– Коммунизмді бүгін орнат демекпісің? Әлде мені сабаққа жаңа түскен бала деймісің? Бұдан он бес жыл бұрын кім сенің үйіңе ат басын бұрып еді? Ал бүгін бұрған екен, осынша көкуің не? (Ғ.Мұстафин).
Нүкте сияқты, сұрау белгісі де сөйлемнің құрылысына қарай қойлмайды. Сондықтан сұрау белгісі қойылатын сөйлем толымды, толымсыз, жай я құрмалас т.б. болып келе береді. Кейде сөйлем бірыңғай сұраулы ғана болмай, оның үстіне лепті мағынада болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау белгісіне қабаттаса леп белгісі де қойылады, яғни екі түрлі белгі тіркесе қолданылады. Мысалы:
– Мұрның құрғыр пысылдаған, не іздеп кетті екен, ә?!
– Е, үйтіп жібермек пе едің?!
– Бетім-ау, өмірі екеуі шай деспей, келіп, бұнысы несі?!
Бұл мысалдағы сөйлемдердің ешқайсысы да таза, жалаң сұрау емес, сұрауға қосымша оларда реніш, кею, таңдану, ашу, кекету бар. Сондықтан мұндай сөйлемдерден кейін тек сұрау белгісін ғана қою жеткіліксіз.
Сұрау белгісінің жоғарыда аталған негізгі екі түрлі функциясымен қатар, кейбір қосымша функциялары да бар. Жазушы біреудің еңбегінен келтірген цитаттың кейбір сөзінен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қоятыны болады. Мұндай жағдайда сұрау белгісі автордың цитат иесінің сөзіне түсінбегенін, оның дұрыстығына күмәнданатынын немесе «мұнысы несі» дегенін білдіреді. Мысалы: Екатерина Ивановна отыра қалып, рояльдің баспаларын қос қолдап басып-басып жіберді; онан кейін іле-шала (?) бар пәрменімен тағы басып жіберді. (Т.Ахтанов). Цитат иесінен кейінің әбден тіліміздегі іле-шала деген сөзді іле-шыға теріс қолдануының түсініксіздігін байқату және оның солай бұрмаланып қолдануының дұрыстығына өзінің күмәнданатындығын білдіру үшін, іле-шыға дегеннен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қойған.
- Л е п б е л г і с і. Леп белгісі лепті мағынада айтылған қуанышты, күйінішті, өкінішті, қорқынышты, өктем бұйрықты, тілекті, таңдануды, түңілуді, үндеуді, кекесінді, қарғысты сөйлемдерден кейін қойылады. Сөйлем соңында қойылатын басқа да тыныс белгілері сияқты, леп белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі функцияда қолданылады. Оның бірінші мағынасы мен бірінші функциясы – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екінші мағынасы мен екінші функциясы – сөйлемнің лепті сөйлем екендігін білдіру. Мысалы: Жеңіл барып, ауыр қайт! Жеңіліп барып, жеңіп қайт! Рақмет, достарым, айтқандарың келсін! Қазанқап Шәкенге қосып отряд әкелсе де, тобыңды жазба! Бермейміз! Тәукені! Не көрсек те, бір көреміз! Пай-пай, сенің дегбірсізің-ай! Түсінсеңші! Шолпан, қайт! Түс, алдыма! Құдай берді қолға! Асықта басың қалғыр-ай, қаңсытты-ау! Ұстап қана берсеңдерші біреуің! (Ғ.Мұстафин).
Леп белгісі қойылатын сөйлемдер құрылысы жағынан алуан түрлі болады: ол бірнеше жай сөйлемнен құралған құрмалас сөйлем болуы да, оқшауланып айтылған жеке бір қаратпа немесе одағай сөз болуы да мүмкін.
Леп белгісі лептікпен қатар азды-көпті сұраулық та мағынасы бар сөйлемдерде сұрау белгісімен қабаттаса да қолданылады.
Сұрау белгісі сияқты, леп белгісі де кейде төл сөздің кейбір сөзінен кейін жақша ішіне алынып қолданылатыны болады. Ондай леп белгілері автордың цитат иесінің сөзіне таңданатынын, оған өзінің қосылмайтынын немесе оқушының назарын аударғысы келетінін байқатады. Мысалы: «Өзі аса ірі. Екі тізесі аттың екі құлағын қағып (!) келеді. Жалмұрат кірпігі жыпылықтап, бөксе жағы қыпылық қағып (!), жер шұқылап қалды. Балықшылар жарыла (!) күлді. Оның сөзіне Федоров та ылығып (!) қалған сияқты» — деп жазады Ә.Нүрпейсов. (Жұлдыз журналынан).