Табиғат- адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қазынасы. Адам табиғаттың туындысы ретінде біте қайнасып, өміріне қажетті азық қорын алады. Биологиялық түр ретінде алғашқы адамдар табиғат ресурстарын тұрпайы күйінде пайдаланып келді. Бертін келе, саналы түрде үй шаруашылығы мен айналысып, өсімдіктерді баптап өсіріп, жануарлардың кейбір түрлерін қолға үйретті.
Табиғат қорғау дегеніміз табиғат ресурстарын пайдалану барысында оның тиімді жолдарын іздеу, қайта түлету, бүліну, ластану жолдарынан сақтау және қорғауды жүзеге асыру. Табиғат қорғауға ғылыми тұрғыда бағытталған халықаралық, мемлекеттік және қоғамдық ауқымдағы іс шаралар жатады.
Соңғы жылдары жер шарында барлық табиғат қорлары бұрын-соңды болмаған антропогендік өзгерістерге ұшырап отыр. Олардың ең бастысы- әлемдік климаттағы өзгерістер. Күн мен жел энергиясы сарқылмайтын қор болғанымен, өнеркәсіптік қарқындап дамуына байланысты ауаға зиянды газдар, шаңдар көтеріп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруде. Бұл апатты құбылыстар өнеркәсібі шоғырланған ірі қалаларда өріс алып отыр. Ауа кеңістігінің ластануы Дүниежүзілік мұхиттар мен теңіздерге де өз ықпалын тигізуде.
Өркениетті елдер сияқты біздің республикамызда да табиғат қорғауға көп көңіл бөлініп отыр. 1997 жылы қоршаған ортаны қорғау туралы заң қабылданды. Заңның негізгі мақсаты еліміздің табиғатын қорғау мен оның байлығын халық қазынасы ретінде болашақ қрпақтардың салтанатты өмір сүру үшін сақтау.
Табиғатты қорғаудың бірнеше ұстанымдарын айта кетсек:
- Табиғат байлықтарын пайдалануды тұтынушылардың мақсатын ескере отырып жүзеге асыру. Мысалы: орман тек қана құрылыс материалы ретінде емес, ол ауа райын реттеуші, ылғал көзі, дәрі дәрмек, аң мен құстың мекені, топырақты қорғаушы және адам үшін днесаулық кепілі екенін ескеру қажет.
- Табиғат байлықтарын пайдалану барысында оның жергілікті жер үшін маңызы мен қорын қатаң есепке алу. Бұл әсіресе орман, су қоры үшін қажет. Мысалы: Әмудария мен Сырдарияның өзендерін ауыл щаруашылығы барынша пайдаланып, оның Арал теңізі үшін маңызы ескерілмеді. Нәтижесінде, Арал теңізінің біржола құрып кету қаупі төніп тұр.
- Табиғат қорларын пайдаланғанда олардың бір-бірімен байланысты екендігін есте сақтау керек. Яғни, табиғаттың тарихи-табиғи байланысын, тепе-теңдік процесін бұзбау деген сөз. Мысалы: Семей өңірінің Шыңғыстау ормандарының құрылыссүшін кесілуі-осы өңірді аң-құсы мен шұрайлы жайылымынан айырды.
Табиғатты тиімді пайдалану және оның негізгі ұстанымдары
Экология мен табиғат қорғау ғылымдары бірін-бірі толықтырып отырады. Экология ғылымы табиғатты тиімді пайдалану мен қорғаудың ғылыми-теориялық негізін жасайды. Сонымен бірге табиғат ресурстары мен оның құрауыштарында экологиялық факторларды қоршаған ортамен және адамның іс-әрекетімен байланыстыра отырып зерттеп, оны жүзеге асырудың негізгі тұжырымдары бекітілді. Ал табиғат қорғау ғылымы-экология ғымымының негізгі тұжырымдарын жүзеге асыратын мемлекеттік немесе қоғамдық игі істер жиынтығы. Экология мен табиғат қорғау апаттарына жол бермейді. Нәтижесінде, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен оны қорғаудың жоспары жүзеге асады. Сондықтан «табиғат қорғау» ұғымының мәні зор. «Табиғат қорғау» ұғымына жақын «қоршаған ортаны қорғау» ұғымы да жиі қолданылады. Ол адам баласының қоршаған табиғи ортаны әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қорғаудың жиынтығы. Ал табиғатты тиімді пайдалану-табиғат ресурстарын пайдалану мен оны қайта түлетүдің ең ұтымды әрі адамға пайдалы технологиясы.
Адам баласы табиғатты қорғау үшін оның заңдылықтары мен негізгі ұстанымдарын білуге міндетті:
- Биосфера шегінде барлық тірі организмдер бір-бірімен байланысты және қарым-қатынас жағдайында ғана тіршілік етуге бейімделген. Бұл байланыстардың біреуінің бұзылуы табиғаттағы тепе-теңдікке өзгерістен әкелуі мүмкін. Сондықтан адам баласы әрбір табиғат құрауыштарының орта мен табиғи экожүйедегі ролін білуі тиіс.
- Табиғатта ешбір зат жоғалып кетпейді. Егер адам баласы жаңа бір затты дүниеге әкелсе оны жоюдың да жолын ойлауы керек. Ол зат табиғи айналымға түсуі тиіс. Мысалы: адам полиэтиленді ойлап тапты. Полиэтилен табиғатта айналымға түспейді. Себебі, оны ыдырататын редуцент яғни бактерия жоқ. Осыдан барып жер бетінде қоқыстар көбеюде.
- Заттардағы барлық өзгерістер энергия жұмсау мен жүзеге асады. Яғни, энергияның сақталу заңы бойынша жұмыс істейді. Сол үшін адам баласы табиғатты пайдаланған кезде оны өндіру мен қайта түлетуді үйлестіре отырып, адам мен табиғаттың қауіпсіздігін сақтауы керек.
- Табиғаттағы экожүйелер мен ондағы қарым-қатынас ұзақ жылғы тұрақты даму эволюциясының жемісі. Сондықтан адам баласы оны бұзбауы керек. Ал бұзған жағдайда қайтымсыз экологиялық апаттарға алып келуі мүмкін. Осыған орай, табиғат қорғау ғылымы алдында бірнеше маңызды міндеттер тұр:
- өндірісті, өнеркәсіпті және агрокешендерді игеру кезінде табиғатқа түсетін салмақ ең аз мөлшерде болуы керек;
- өндірісті пен өнеркәсіп салаларын ұйымдастыру кезінде адам баласы мен табиғат арасында экологиялық қауіпсіздік сақталуы тиіс;
- табиғат ресурстарын игеру кезінде оның қоршаған ортаға пайдалы әсеріне көңіл бөлінуі керек;
- табиғат ресурстарын сорл қалпында сақтау үшін қорықтар, ұлттық сая бақтар мен басқа да ерекше қорғалатын обьектілерді көбейту қажет;
- қоршаған орта мен адам баласының денсаулығын сақтау үшін экологиялық қауіпсіздік шаралары қадағаланып отырады.
Табиғат қорғаудың міндеттері мен ұстанымдарын жүзеге асыру алдын ала ескерту және нақты шешім қабылдау арқылы анықталады.
Алдын ала ескерту шаралары белгілі бір аймақтағы табиғат обьектілерін анықтап, оны қорғау мен қалпына келтіруді жоспарлап отырады.
Нақты шешім қабылдау шаралары – табиғаттағы адамның іс-әрекетінен бүлінген немесе ластанған, жарамсызданған обьектіні қалпына келтіру немесе жою жұмыстары.
Мысалы: ауаның ластануы, топырақ эрозиясы, орманның қырқылуы т.б.
Табиғатты қорғаудың тағы бір мақсаты-экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ол қазіргі және болашақ ұрпақтың салауатты өмір сүруі үшін адамның теріс іс-әрекеттерін шектеу және табиғаттағы төтнеше апаттарды болдырмау. Оны жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Конституциясы және табиғат қорғау заңдары.
Табиғатты қорғауды жүзеге асырудың негізгі бағыттары.
Табиғат қорғаудың негізгі бағыттарын білу әрбір азаматтың міндеті болып саналады. Олардың негізгілерін қарастарсақ:
- Жекеленген өндіріс орындары мен өнеркәсіптерді, агроэкологиялық кешендерді игеруде қазіргі заманғы ғылым мен техника жаңалықтарын пайдалану. Өндіріске аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияны енгізу;
- Экологиялық заңдардың орындалуын үнемі қадағалау;
- Ірі құрылыстарды, өнеркәсіп кешендерін т.б. обьектерді салуда экологиялық сараптама жасау;
- Табиғатты қорғау мәселелерін шешу жолдары, оның барысы туралы үнемі үгіт насихат және ақпарат жүйесін ұйымдастыру.
Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру әрбір азаматтың міндеті мен борышы болып саналады. Сонда ғана біз туған жеріміздің табиғатын өз қалпында сақтап қалуға немесе қайта түлетуге үлес қоса аламыз.
Қазақстанның ерекше қорғалатын жерлері
Қорықтар бұл табиғат обьектілерін қорғаудың ең жоғары формасы. Қорық аумағы шаруашылық кешендерінен босатылып, онда кен өндіру, құрылыс салу, аң-құс ату, балық аулау, шөп шабу, мал жаю жәнне ағаш дайындау сияқты табиғат байлықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге тыйым салынады. Сонымен қатар қорық аумағына улы химикаттарды шашуға және басқа жерлердің өсімдіктері мен жануарларын жерсіндіруге болмайды. Бір сөзбен айтқанда қорық ұйымдастырылған жердің табиғаты сол аймақтың ерекше ландшафтысы мен географиялық белдеуінің үлгісі ретінде қорғалуы қажет. Қорықтағы экологиялық процесстердің барлығы адамның араласуынсыз табиғи жағдайда өтеді. Адам оның бақылаушысы және зерттеушісі ғана. Сол себепті де қорықтарды соңғы кезде ашық аспан астындағы нағыз табиғат лабораториясы деп те атап жүр. Себебі мұнда ұзақ жылдар бойына табиғат кешендерін табиғи жағдайда ғылыми зерттеу, табиғат жылнамаларын жүргізу сияқты алуан түрлі жұмыстар жүзеге асырылады. Қорықтар тек саны азайып, жойылып кетуге жақын тұрған жануарлар мен аса бағалы өсімдіктер ғана қамқорлыққа алынып қоймай, сонымен қатар өлкеміздің көрікті ландшафтары-табиғат кешендері сол қалпында сақталады. Міне сондықтан да болашақ ұрпаққа табиғат байлықтарын кемелінне келтіре, сол көркейген қалпында сақтауда қорықтардың алатын орны ерекше.
Шындығында да кең байтақ республикамызда қорықтардың аздығы кімді болса да ойландырмай қоймайды. Қазақстанда ұйымдастырылған Ақсу-Жабағлы (1926), Алматы (1931), Наурызым (1934), Барсе келмес (1939), Қорғалжын (1958), Маркакөл (1976), Үстірт (1994), Батыс Алтай (1997), Алакөл (1998) қорықтары табиғат байлықтарын қорғау ісіне орасан зор үлес қосып отыр.
Енді осы айтылған қорықтардың тарихы жайлы тереңірек тоқталып кетсек:
Талас Алатауының солтүстік-батыс сілемдерін және оған іргелес жатқан Өгем жоталарын қамтыған Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығы-1926 жылдың 14 маусымында ұймдастырылған. Бұл қорықты ұйымдастырудағы басты мақсат — Батыс Тянь-Шань тауының өзіндік ерекшелігі бар табиғат ландшафтыларын табиғат кешендерін сақтап қалу еді. Ақсу-Жабағылы қорығы Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік шығыс бөлігінде, яғни жамбыл облысы мен көршілес Қырғызстан және өзбекстан республикаларының шекаралары мен түйісетін жерде орналасқан. Ақсу-Жабағылы қорығының аумағында жоғары төменгі сатыдағы өсімдіктердің 1465 түрі өседі. Соның ішінде сүректі ағаштардың 16 түрі және бұталардың 62 түрі кездеседі.
Қорық жерін мекендейтін жануарлардың ішінде кәсіптік маңызы бар арқар, таутеке, елік, марал, жабайы шошқа сияқты аңдар өздерін еркін сезеді.
Фаунасы мен флорасы өте бай болғандықтан олардың биологиясын, тіршілік ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу жұмыстары қорықты ұйымдасырған алғашқы жылдардан бастап-ақ жақсы жолға қойылған.
Ақсу-Жабағылы қорығы өзінің жарты ғасырлық тарихында республиканың табиғатын қорғау ісінде орасан зор үлес қосып ЮНЕСКО белгілеген халықаралық маңызы бар қорықтар қатарына жатқызылған.
Алматы қорығы
Іле Алатауы төрінен орын тепкен Алматы мемлекеттік қорығы – оңтүстік астанамыздан бар жоғы 25км қашықтықта жатыр.Ол 1931 жылы 6 мамырда ұйымдастырылған. Қорықтың аумағы Іле Алатауын, Сөгеті жазығынан Қаскелең өзені аңғарына дейінгі аралықты алап жатыр. Оның құрамына Іле өзенінің жағалауы кіреді. Қорықтың таулы бөлігінің алып жатқан жер көлемі-71681га. Оның ең төменгі нүктесі 1000м болса, ең биік жері-5017м Талғар шыңына дейінгі аралықты қамтиды. Қорықтың басты шекарасы Талғар өзенінің сол жақ арнасы мен , ал солтүстік шекарасы Талғар өзенінің оң жақ арнасы мен, Есік көлі қазан шұңқыры мен шектеседі. Шығысында Есік өзенімен бойлай барып Шелек өзенінің бастауына одан әрі Қырзызстан шекарасына кіреді.
Наурызым және Қорғалжың қорықтары
Наурызым мемлекеттік қорығы 1934 жылы құрылған.1968 жылдан бастап Наурызым қорығы Қазақстан Республикасының табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министірлігінің қарауында болды.
Қорғалжың мемлекеттік қорығы 1958 жылы құрылған.Ол Теңіз –Қорғалжың көлдер жүйесін және далалы аймақтың біраз бөлігін қамтиды.
Қорыта айтқанда адам баласы табиғат қорларын пайдаланбай өмір үруі мүмкін емес. Сондықтан табиғат қорларын ғылыми негізде қайта түлете отырып пайдалану және қорғау мақсат етіліп қойылуы тиіс. Табиғат заңдарында көрсетілген ұстанымдар мен ережелерді орындау әрбір азаматтың міндетті борышы. Табиғат қорғау және экология ғылымдарының түпкі мақсаты-табиғатты қорғау. Табиғатты қорғаудың алдына қойған мақсаты мен міндеттері айқын. Табиғат қорғауды жүзеге асыру үшін оның негізгі бағыттарын, заңдарын, ұстанымдарыен білу әрбір азаматтың борышы болып саналады. Сондықтан осы айтылған жағдайларды бәріміз саралап ары қарай өз әрекеттерімізбен көрсете білсек нұр үстіне нұр болар еді.