Ресми іс қағаздар тілі- қазақ әдеби тілінің бір тармағы

Ресми іс қағаздар тілі- әдеби тілдің стильдік тармақтарының бірі болғандықтан әдеби тіл деген мәселеге де тоқтала кеткенді жөн көрдік. Әдеби тіл- жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл. Әдеби тіл жалпы халықтық тілдің ең жоғары формасы болып есептеледі. Қоғамның, мемлекеттің дамуымен байланысты, сол мемлекет тілінің байлығы, мәдениеті артып, қолданылу аясы да кеңейе түседі. Мемлекет тілі- көркем әдебиеттің, ғылымның, іс- қағаздардың, өнер- білімнің, баспасөздің тілі. Тілдің қалыпқа түсуі, дамуы халықтың жазба мәдениетімен тікелей байланысты. Жазба мәдениет арқылы тіл байлықтары екшеленіп, құрылысы да жүйелі қалыпқа түсіп дамиды. Яғни халықтың жазба мәдениетінің болуы тілдің әдеби қалыпқа түсуінің негізгі шарттарының бірі.

Әдеби тілдің негізгі белгілерінің бірі – бірізділік. Бұл бірізділік тілдің орфографиясында да, грамматикасында да, терминологиясында да сақталуға тиіс. Яғни тілдегі сөздердің бір ізге түскен айтылу нормасы, жазылу нормасы, қолданылу нормасы болу керек.

Жазба әдеби тіл қоғамның мемлекеттің ресми тілі болғандықтан оның қызметі де, қолданылу аясы да барынша кең болады. Тіл мемлекетте жүргізілетін іс қағаздарының, әдебиеттің, оқу-ағарту, тәрбие жұмыстарының, саясаттың, өнер-білімнің, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық салаларында қызмет атқарады. Осыған орай тілдің түрлі стильдік тармақары пайда болады. Қазіргі қазақ әдеби тілінің мынадай стильдік тармақтары бар

  • Ресми іс қағаздар тілінің стилі;
  • Публицистикалық стиль;
  • Ғылыми – көпшілік әдебиет стилі;
  • Көркем әдебиет стилі;
  • Ауызекі сөйлеу тілінің стилі;

Әдеби тіл халықтың ауызекі сөйлеу тілімен тығыз байланыста болады. Себебі әдеби тіл халық тілі байлығының негізәнде толығып, кемелденіп отырады да, халық тілі де өз есебінде әдеби тілдің ықпалы арқылы көркемденіп, дамып отырады. Кез-келген қоғамдағы мәдениетті адам әдеби тілде сөйлеуге тырысады. Дамыған, өркениетті мемлекетте бұл – жалпыхалықтық дәстүрге айналады. Осының нәтижесінде қоғамда әдеби тілдің жазба түрі және сөйлеу түрі пайда болады.

Тілді дамытып жүйеге салуда, сөздерді ұтымды пайдаланып, тіл шеберлігінің жаңа үлгілерін тудыруда, тіл мәдениетін дамытуда жеке адамдардың, сөз өнері шеберлерінің ерекше әсері, рөлі болғанымен әдеби тілді жеке адамдар жасамайды. Сөз өнері шеберлері белгілі бір кезеңдегі әдеби тілді жаңа сатыға көтеруге ықпал еткенімен қазақ әдеби тілі қазақ жерін мекендеген халықтың тіл байлығын шебер, ұтымды пайдалана білуі, дамытуы, қалыпқа түсіруі негізінде жасалды.

Қазақтың халық болып құралған шағы 15 ғасыр екені тарихтан белгілі. Бірақ бұдан қазақ әдеби тілі де сол кезде қалыптасты деген ұғым тумауы керек. 15 ғасырға дейін түркі халықтарына ортақ жазба ескерткіштер де, әдеби тіл де болған. Бірақ күллі қоғамға қызмет ететін, қоғамда қарым – қатынас жасаудың жоғары формасы болып табылатын қазақ әдеби тілі бірден қалыптаса қойған жоқ.

Ресми, іс қағаздар тілінің стилі. Ресми, іс қағаздар стилі кейде кеңсе стилі, ресми стиль, іс қағаздар стилі деп те айтыла береді. Ресми, іс қағаздар тілінің ерекшелігі, онда факті дәл көрсетіліп, бір ізбен жүйелі жазуға айрықша мән беріледі. Өйткені іс қағаздары да, ресми құжаттар да ерекше қатынас жасау құралы болып саналады. Бұл стиль ел билеу, мемлекет жұмыстарын жүргізумен байланысты. Қазақ елін Алтын Орда хандығы, бертінде қазақ хандары билеген кездерде әр түрлі жарлық, шарт, қатынас қағаздар болды. Бірақ олардың тілі, құрылысы қазақ тілінің ерекшеліктеріне негізделмей, Орта Азия халықтарына ортақ әдеби тілге негізделген болатын. Ресми, іс қағаздарының түрлері қазір екі тілде (орыс, қазақ) пайдаланылады. Дегенмен ресми, іс қағаздарының түрлері қазір көбінесе орыс тілінде жазылады. Олардың ішінде жарлық, заң, жарғы т.б. мемлекеттік құжаттар орыс тілінен қазақшаға аударылып, газетке басылып отырады. Сондықтан қазақ тілінде қолданылып жүрген қалыптасқан сөз орамдарының көпшілігі орыс тілінің ықпалымен жасалған: қызу мақұлдау, қызу қарқын, тұрмыстық қызмет, қызмет көрсету, жүзеге асыру, қамтамасыз ету, өз күшінде қалдыру, қол жеткен табыс, кең жол ашу, іске қосу, мәселе көтеру, алғыс жариялау, сөгіс жариялау т.б. Мұндай сөз орамдары іс қағаздары мен ресми құжаттарда дайын тілдік единица ретінде жұмсалып, ол қағаз үлгілеріне кеңселік сипат береді.

Көптеген сөздер белгілі бір стильге телулі болады да, қолданылу жағынан шекткліп отырады. Мысалы, тағайындалсын, міндеттелсін, осы анықтама берілді, қаулы етеді, жарлық етеді, түсініктеме сияқты сөздер мен сөз тіркестері ресми, іс қағаздар стиліне тән.

Ресми іс қағаздарына кейде бір заттың я ұғымның атауы қолданылу орнына қарай әр түрлі аталады. Мысалы, адам деген сөз ресми құжаттарда – азамат, жолдас, телефон стациясында – абонент, ательеде – заказ беруші, шаштаразда – клиент, ауруханада – науқас, санаториде – демалушы, тынығушы, транспортта – жолаушы т.б. болып айтылады.

Іс қағаздар стиліне әр түрлі мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері жатады. Іс қағаздары белгілі бір форма бойынша жазылады. Ол форманың түрлі үлгілері болады. Іс қағаздарының үлгілеріне өтініш, сенімхат, қолхат, анықтама, мінездеме, шақыру билеті, хабарландыру, қатынас қағазы, акт, мәлімдеме, хаттама, шарт, міндеттеме, бұйрық, есеп т.б. жатады. Іс қағаздарының әрқайсысының бұрыннан белгілі бірыңғай сөздері мен сөз тіркестері, сөйлем үлгілері болады. Іс қағаздары көбінесе сол үлгі бойынша жазылады.

Ресми құжаттарда саяси- публицистикалық лексиканың, әкімшілік терминдердің қолданылуы басым келеді.

Публицистикалық стиль. Публицистика латын сөзі, көпшілік, әлеумет мағынасын береді. Қазір қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады. Публицистикалық стильге газет – журнал тілінің, әдеби сын мақалалар тілінің, әлеуметтік памфлет, очерктер тілінің стилі жатады. Қазіргі әдеби тіл жүйесінде публицистикалық стиль өзіне тән дербестік, ерекшеліктерімен қалыптасып, ілгері дамып келеді. Бұл – қазақ халқының баспасөз мәдениетінің, тілдік, қоғамдық санасының өскендігінің айғағы.

Қазіргі публицистикалық стильдің негізгі қазақ тілінде шыққан алғашқы газеттерден басталып, «Айқап» журналы шығып тұрған жылдары (1311 — 1316) салынды.

Публицистиканың қоғам өмірімен тығыз байланыстылығы оған үгіт – насихаттық сипат береді.

Публицистикалық стильде көркем әдебиет, ғылыми – техникалық әдебиет, ресми, іс қағаздар тілдеріне тән стильдік элементтер кездесе береді, бірақ оның өзіндік ерекшеліктері сөз қолданудан да, сөйлем құрылысынан да анық байқалады.

Ғылыми – көпшілік әдебиет стилі. Бұл стильдің пайда болуы ғылым мен техниканың дамуымен тікелей байланысты. Бұған қазақ тілінде әр салада жазылған ғылыми шығармалар жатады. Ғылыми стильде зерттеу объектісі болатын зат не құбылыс ғылыми негізде сипатталып, дәлелдеуді қажет етеді. Ал пікір дұрыстығын дәлелдеу үшін мұнда логика заңына, яғни дұрыс ойлау заңына сүйену қажет. Сондықтан, ғылыми стильде логиканың маңызы ерекше. Ғылыми шығармалар жалпыхалықтық әдеби тілде жазылады. Бірақ тілдік тәсілдерді пайдалануда, оның өзінің ерекшелігі болады.

Ғылыми стильдің лексикасындағы ерекшелік – сөз тек өзінің негізгі мағынасында жұмсалады. Сөздің көп мағыналығы, образды сөздер мұнда аз кездеседі. Ғылым салаларының ерекшеліктеріне қарай әр саланың арнайы термин сөздері болады. Сонымен бірге белгілі бір ғылымның саласында қолдану аясына байланысты жалпылама лексиканың кейбір сөздері термин сөзге айналады. Ғылым ылғи алға басып дамып отыратыны белгілі. Ғылымның дамуыменбірге жаңа ұғымдар туып отырады.

Көркем әдебиет тілінің стилі. Тіліміздегі басқа стильдерге қарағанда көркем сөз стилінің аясы кең. Мұнда барлық стильдердің элементтері кездеседі. Тілдік тәсілдер көркемдік мақсатта жұмсалады. Образды сөздер жиі қолданылады. Әр жазушының өзінің талғамына қарай тіл ерекшелігі, қолдану тәсілі болады. Ол ерекшеліктердің бәрі бір – бірімен ара қатынаста болып, көркем әдебиет стилінің басқа стильдерінде қайталанбайтын, айрыкша жүйесін жасайды.

Әдеби шығарманың көркемдік құралы – тіл. Тіл арқылы өмірдің тұтас картинасы жасалады. Үлкен палотноға салынған суреттің көп түсті бояуындай, әдеби шығармада келтірілетін сөйлеу формалары мен стильдер де көркемдік деталь ретінде пайдаланылып, біртұтас картина жасайды. Сондықтан көркем шығарманың мәні, ондағы жекелеген сөздерде емес, сол сөздерден салынған суреттің бай мазмұнында.

 Ауызекі сөйлеу тілінің стилі. Сөйлеу стилі белгілі бір жағдайда тікелей жасалатын қатынас стилі болғандықтан, ол сөйлеудің ауызша формасымен тығыз байланысты. Ауызша сөйлеуде еркіндік басым келеді. Сөйлеу лексикасының өзіндік ерекшкліктер бар. Оған қатысты сөздер 1) Адамның күнделікті тікелей қарым – қатынасы кезінде, емін – еркін сұқбат әңгіме үстінде қолданылады, 2) алдын – ала сұрыпталмай, сөйлеу үстінде әңгіменің желісіне қарай туып отырады, 3) тақырыптың аясы өте кең, яғни тақырып жағынан шек қойылмайды, қоғам, табиғат, адам өмірінің барлық жағын да қамтуы мүмкін. Сөйлеу стилінің лексикасында тұрмыстық қарапайым лексика да, варваризмдер де, әдеби сөйлеу лексикасына тән сөздер де болады.

Сөйлеуші өз ойын тындаушыға тым күрделендірмей, ұғымды, түсінікті жеткізуге тырысады. Дегенмен, онда кейбір қарапайым – тұрмыстық сөздер орын алуы мүмкін, бірақ дөректі, тұрпайы сөздер қолданылмауға тиіс. Ауызша сөйлегенде сөздердің орын тәртібіжазба тілдегідей қатаң сақтала бермейді. Сөйлемнің толық айтылмай қысқарып, ықшамдалып, толымсыз түрде айтылуы жиі кездеседі.