Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, біраз қазақ зиялысы өзге ұлттың қыздарына үйленген. «Неге?» деген сауалға көнекөздерден «ХХ ғасырдың басында қазақ қыздарының арасында білімге, оқуға ден қойғандары аз болды. Сондықтан да қазақ зиялыларының көбі білім-дәрежесі өзіне тең, тіпті өзімен деңгейлес болмаса да хат танып, оқу-сызуды білетін татар, орыс, башқұрт қыздарына қырындап, оның соңы шаңырақ көтеруіне әкеліп соққан» деген жауап аламыз. Өзге ұлттан әйел алған қазақ зиялыларының қатарында Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышбаевтар бар. Әйтсе де қазақ жігітінің жетегіне ерген өзге ұлт қыздарының ішінде Зейнеп Ахметова, Надежда Лушникова сияқты бүкіл қазақтың келініне, анасына айналғандар бар, бірақ аз екенін мойындауымыз керек.
Қазақ жігіттерінің өзге ұлт қыздарына үйленуі нәтижесінде жарық дүние есігін ашқан ұландар қаны қазақ демесең, жаны қазақ болып өсті ме? Тіпті аралас отбасынан шыққан ұландардың ана сүті арқылы баланың бойына даритын ана тіліне жұтаң болып келуі де осы бір – ата-аналарының «отбасын құрайық» деген шешімінің салдарынан екеніне де ешкім дау айта алмас. Кешеге дейін қазақ жігіттерінің өзге ұлт қыздарына үйлену үрдісі жиі кездессе, тәуелсіздік алғалы бұл керісінше белең алғандығы аңғарылады. Яғни соңғы жылдары қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы жиілеген. Мұны осы саланы зерттеп жүрген мамандар бірнеше себептен деп болжап отыр.
Біріншіден, кәмелеттік жасқа толып, тұрмыс құруға дайын тұрған қыздардың саны жігіттерге қарағанда көп.
Екіншіден, біздің елге келіп оқып немесе құрылыс, мұнай компанияларында жұмыс істеп жатқан шетелдік азаматтар баршылық. Оның есесіне шет елде білім алушы қаракөз қыздар да көбейген.
Үшіншіден, заман талабына орай қазіргі жастар бірнеше тілді қатар меңгерген.
Төртіншіден, шет елдерге турист ретінде шығуға, жұмыс істеуге немесе түпкілікті қалуға жол ашық.
Бесіншіден, қазір қоғамда қыздар қауымы өте белсенділік танытып отыр. Олар – білімді, іскер. Сондықтан да болашақ жар таңдауға келгенде талабы күшті. Мұндайда олар өз көңілінен шыға қоятын жігітке жолыға алмай, өзі араласатын, іскерлік байланыстағы жарды өзге ұлттар арасынан да тауып жатады.
Елімізде жыл сайын шамамен 100 мыңға тарта неке тіркеледі екен. Соның 20 пайызы аралас неке. Біздің мемлекетімізде аралас некенің шыңы өткен ғасырдың 50-жылдары. Сол кездерде 23 пайыз аралас некенің үлесінде болған. Кейіннен бірте-бірте бұл көрсеткіш төмендеген. Тіпті өткен ғасырдың 90-жылдары, яғни тәуелсіздік алған жылдары бұл көрсеткіш 9,7 пайызға дейін құлдыраған. Бірақ көп ұзамай қайта өсу байқалған. Қазіргі деңгей жоғарыда да айттық – 20 пайыз. Айтпақшы, аралас неке жайындағы санақ Одақ бойынша 1940 жылы жүргізілген. Сол кезде аралас некеден Латвиядан кейінгі екінші орынды Қазақстан мығым түрде иемденген. Әрине аралас некеге әсер ететін адамдардың қарым-қатынасы – тілі. Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі тың игеру жылдары Кеңестер Одағының өзге мемлекеттерінен Қазақстанға қоныс аударғандар көп. Біздің елге келіп, әбден сіңісіп, тіпті жергілікті халықпен етене араласып, бауыр басып кеткені сонша мұның соңы аралас некелі отбасылардың көбеюіне әкеліп соқты.
Негізі шығыс жігітіне тұрмысқа шығу еуропалық нәсілді бойжеткен үшін аса жауапкершілікті талап етеді. Шындығына келгенде еуропаша тәрбие алған шығыс жігіті болмаса, бұл жұптың тіл табысып, жарасып кетуі екіталай. Сондықтан да қыз бен жігіт болып бірін-бірі ұнату өз алдына, расымен де шаңырақ көтеріп, бір жастыққа бас қоямыз деп келісу үшін үлкен дайындық қажет. Әйтпесе жастықтың әсерімен сүйдім-күйдім деген ыстық сезім көп ұзамай-ақ басылып, тіпті олардың екі айырылып кетуі де ғажап емес.