Мемлекет ұғымы. Мемлекет саяси-құқықтық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Мемлекет өзінің мыңдаған жылдарға созылған тарихи даму үрдісіне саясатшылар тарапынан түрліше бағаланып келеді. Мемлекеттің анықтамасын да түрлі көзқарастағы саяси қайраткерлер түрліше тұжырымдайды.
Ежелгі грек философы Демокрит: «Мемлекет жалпыға бірдей игілік пен әділеттілік әкелуі керек»,- деп есептеген екен.Оның пайымдауынша: «Жақсы басқарылатын мемлекет – үлкен тірек, ол сақталып тұрғанда, онда бәрі де болады- бәрі тұтас болады, ол құлағанда, онымен бірге бәрі де өледі».
Қазіргі заманғы философтар мен әлеуметтанушылардың пайымдауынша, мемлекет – қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жүйесін бірізділікке түсіретін, қоғамды басқаратын және сақтайтын негізгі институт болып табылады.
Мемлекеттің белгілері мыналар:
- мемлекеттің орталық және жергілікті билік органдары жүйесі болады, оған заңды, атқарушы және сот органдары, әскер, полиция жатады;
- мемлекеттің тұрғындары әкімшілік-аумақтық бірлестіктерге (облыс,аудан,…) бөлінеді(ол бірліктер әр елде түрліше аталады);
- мемлекеттің шекарасы анық белгіленген аумағы болады;
- мемлекеттің ең маңызды белгісі- оның өзге мемлекеттерден тәуелсіздігі, егемендігі;
- мемлекет әскерді полицияны, сотты, басқа мемлекеттік мекемелердеқызмет істейтін шенеуніктерді ұстау үшін салық жинайды;
- мемлекет заңдар және басқа нормативтік- құқықтық актілершығарады, солардың көмегімен қоғамда тәртіп орнатады;Мемлекеттің типтері. Мемлекеттер типі жағынан екіге бөлінеді:
- Аграрлық мемлекеттер өз кезегінде құлиеленуші және феодалдық болып екі сатыға жіктеледі.
- Индустриалдық мемлекет.
Құлиеленушілік құрылыс орнағаннан бастап, мемлекет адамдар қауымдастықтарын бір орталыққа бағындырып, басқарып отыратын жоғарғы билікті иеленуші құрылымға айналды. Құлиеленуші мемлекет тұсындағы негізгі билік жүгізуші тап – құл иелері, ал өндіргіш күш ретіндекөрінген тап – құлдар болды.
Құлиеленушілік құрылыс тұсында материалдық игіліктерді өндіретін, мемлекеттің қазынасын толтырып отыратын негізгі күш құлдар болса да, бұл тұрпаттағы қоғамдардың таптық құрылымында құлдардың үлесінің көп болмағанын айтады.
Феодалдық мемлекеттердің мысалдарына VI-XII ғасырлар аралығында Қазақстан аумағында өмір сүрген Түрік, Батыс Түрік қағанаттарын, Қимақ, Қыпшақ мемлекеттерін, өзге аумақтардан Киев Русін, Батыс Еуропадағы Ұлы Карл құрған мемлекеттерді алуға болады.
Алғашқы индустриалдық мемлекеттер санатында XVI ғасырдан бастап буржуазия билікке қол жеткізген Нидерландыны, XVII ғасырдағы революциядан кейінгі Англияны, XVIII ғасырда мемлекеттік құрылымның жаңаша дамуы жолына түскен Францияны, Америка Құрама Штаттарын атауға болады.
Мемлекеттің функциялары. Мемлекет бірқатар маңызды фунциялар атқарады. Бұдан II ғасыр бұрын өмір сүрген ағылшын экономисті Адам Смиттің тұжырымдауы бойынша, «табиғи еркіндік жүйесіне сәйкес, мемлекет аса маңызды да нақты және түсінікті үш функцияны атқаруы керек.1, қоғамды күш көрсетуден және өзге тәуелсіз қоғамдардың басып кіруінен қорғау; 2, мүмкіндігіне қарай, қоғамның әр мүшесін әділетсіздіктен және сол қоғамның өзге мүшелерінің тарапынан езгіден сақтау; 3, жекеленгенадамдар мен шағын топтардың мүдделеріне қызмет етпейтін, белгілі бір қоғамдық мекемелер ұстау міндеттілігі». Үкімет ерікті қоғамды сақтау және нығайту бағытында шаралар жүргізуі керек.
Мемлекетті басқару формалары. Өркениет тарихын саралап қарасақ, мемлекетті басқаруға жіберілетіндердің төмендегідей ықтималдылығы болуы керек екендігін көреміз.
- Бірінші жағдайда – билік атадан балаға мұра ретінде қалдырылады.
- Екінші жағдайда – билік тізгінін ұстайтын адам билікке ұмтылушылар арасынан еркін сайлау жүргізу арқылы таңдалады.
- Үшінші жағдайда – қастандық, бүлік, төңкеріс немесе революциялық жолдардың бірімен билікті әлдекімдер күшпен басып алуы мүмкін.
Жоғарыда аталған билікке қол жеткізудің мүмкін болатын үш жолының алғашқы екеуі заңды, үшіншісі заңсыз болып табылады. Әдетте, билік басына заңсыз келгендер өз әрекеттерінің
заңсыздығын мойындамайды, керісінше, істегендерін заңды етіп көрсетуге тырысады. Сондықтан өздерінің билік тұтқаларына заңсыз,
қастандықпен немесе революция арқылы қол жеткізген жағдайын халыққа мейлінше жадағайлап түсіндіреді.Олар өз әрекеттерін халық атынан көпшіліктің мүддесі үшін жасағандарын айтып,келешекте «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» заман орнатуға уәде береді.Көпшілік жағдайда билікке күш қолдану жолымен келгендер қысқа мерзім ішінде «сайлау» немесе «референдум» өткізіп, өздерінің орындарын «заңдастырып» алуға тырысады.Тарихта, қалыптасқан шым-шытырық ахуалдың салдарынан,биліктің кездейсоқ адамдар тобының қолына өтіп кету сәттері де ұшырасқан.
Мемлекетті басқару формалары билікке келудің екі түрлі заңды жолына сәйкес монархия (грек. monarchia — өзі билейді) және республика (res –іс, publicus – қоғамдық, жалпыхалықтық) болып бөлінеді. Билік үшінші, заңсыз жолмен келген адамдар тобының қолына тигенде диктатура орнайды.
Монархия – обсолюттік және конституциялық болып екіге бөлінеді.
Обсолюттік монархия деп – мұраланған тақ иесінің (монархтың) ешқандай заңдармен шектелусіз,өз қалауынша дара билік жүргізуін айтамыз.
Буржуазиялық революция жолымен билік басына келген үкіметтердің бәрі бірдей тақта отырған монархты сыпыра қуаламағаны тарихтан белгілі. Жаңа үкіметтер ел өміріне демократиялық ұстанымдарды белсенді енгізеді. Монархтарды конститутциямен өзге заңдар шеңберінде, шектеулі әрекет етуге мәжбүледі. Көптеген монархтар жаңа жағдайда тез көндігіп, елді өркениетті жолмен басқаруды қабылдай бастады. Атадан балаға мұра болып қалған билік иесінің мемлекеттің сайланып қойылатын басқару органдарымен біте қайнасып, демократиялық ұстанымдармен үйлесім тауып, басқаруын конституциялық монархия дейді.
Конституциялық монархия деп – аталатын басқару формасындағы елдердің алдыңғы легінде қазір Англия, Жапония сияқты мемлекеттер тұр.
Республикалық басқару – парламенттік және президенттік болып екіге бөлінеді.
Мемлекетті басқарудың парламенттік жүйесін қабылдап алған елдерде парламенттегі орындардың көпшілігін сайлауда жеңіп алған
партия немесе партиялар коалициясы – премьер-министр басқарады. Парламенттік басқару жүйесінде саяси партиялар үлкен рөл атқарады.
Парламентшілер бұл жерде партияның атынан емес, қоғамның, бүкіл ұлттың атынан сөйлеп, әрекет етеді. Дегенмен олар өз партиялары бойынша парламентте фракциялар құрайды, соның нәтижесінде парламентте оппозиция пайда болады.
Үкімет өзі жасап, парламент бекіткен бағдарлама бойынша жұмыс істейді, парламентке есеп береді. Парламент жетекші рөл атқарады, қажет деп есептегенде, басқарушы үкіметті қызметтен кетіре алады. Парламент заңдарды ұсынадыжәне оларды қабылдайды. Премьер-министр де парламенттің қарауына заңдар ұсынады. Сот билігі тек заңдарға сүйеніп жүзеге асырылады. Парламенттік республикалық басқаруға Италия, Германия елдері мысал бола алады.
Мемлекетті басқарудың президенттік жүйесінде президентті және парламентті халық сайлайды, заңды билік пен атқарушы арақатынасы өзгереді, ел президенті мемлекеттің де, үкіметтің басшылығын өз қолына алады.Қоғамның саяси жіктелуі аңды органдардың қызметіне көп әсер ете алмайды. Саяси дағдарыстар кезінде, президент белгілі тетіктерді пайдаланып, қажет деп есептегенде,парламентті таратып жібере алады. Егер президенттің партиясы заңды билік орындарындакөпшілік болса, оның саяси бағдароламалары оңай іске асырылады. Президенттік басқарудың үлгісі ретінде Америка Құрама Штаттарын мысалға алуға болады.
Диктатура (лат. dictare – нұсқау беру ) – бір қолға шексіз биліктің жинақталуы, заңды аяққа баса отырып, күш көрсету арқылы мемлекет басқаруды жүзеге асыруы.
Диктатурада қоғамның даму үрдісі көп қырлы және көп нұсқалы болып келеді. Дегенмен демократия мен диктатураның түрлі жолдармен үйлесіп келуіне, көптүрлілігіне қарамастан, мемлекеттік құрылымның жалпы беталысы сақталады. Диктаторлық саяси режімде мемлекет билігі бір адамның немесе әлдебір себептермен байланысқан адамдар тобының қолында болады да, зорлық пен террорға сүйеніп әрекет етеді.
Мемлекеттік құрылымның негізгі формалары׃ Биліктің орталықтандырылу деңгейіне қарай көп ұлтты мемлекеттер мен мемлекетаралық одақтардың құрылымдары әр түрлі болады.
Көпшілік елдерде билікті орталық (ұлттық) және жергілікті органдар арасында саяси және әкімшілік шекараластыру жүзеге асырылған. Әр ел
өзгелерден биліктік орталықтандырылу деңгейімен ерекшеленеді. Мемлекеттің құрылымы осыған қатысты айқындалады.
Негізгі билік орталық үкіметтің уысына шоғырланған, орталыққа тәуелді және оған есеп беретін, өңірлік және жергілікті органдарға,
заңға сай, белгілі мөлшерде билік берілген құрылымды мемлекетті унитарлы мемлекет дейміз.
Биліктің бұлай бөлінуінде орталық үкімет толығымен егеменді әрекет етеді, халықаралық және ішкі істерде конституцияға сай, толыққанды билік жүргізеді. Бірақ ол билікті асыра қолдануға апарып соқпауы керек.
Дүние жүзіндегі унитарлы мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, Франция, Жапония, Түркия, Уругвай, Польша, Иордания т.б. бар.
Федерация – (лат. Foedaratio – одақ, бірлестік )- бірнеше мемлекеттік түзілімдердің бірігіп, бір одақтық тұтастықты құрауынан тұратын мемлекеттік құрылым формасы.
Федерацияның аумағы оған кіретін мемлекеттік түзілімдер аумақтарының жиынтығынан тұрады. Федерациялық мемлекетте егемендік жалпы ұлттық және жергілікті үкіметтерге бөлініп беріледі, орталық және өңірлік билік иелерінің өкілеттіктері федералдық (одақтық) конституцияда нақты көсетіледі.
Жергілікті билік субъетілері әр елде әрқалай – штаттар, аймақтар, кантондар, жерлер, республикалар, болып аталуы мүмкін. Федерацияға енген одақтық бірліктердің әрқайсысының өз конституциялары, өздерінің құқықтық және сот жүйелері болады. Көпшілік федерацияда әр одақтық бірліктің азаматы одақтың да азаматы болып табылады.
Федерациялар көпшілік жағдайда екі ұстанымды негізге ала отырып құрылуы мүмкін. Оның біріншісі – аумақтық ұстаным. Мұндай жағдайда бір ұлттың өкілінен тұрса да, мемлекет жекеленген жергілікті билік субъетілеріне бөлініп кетеді. Оған мемлекеттік бірліктер аумақтарында қалыптасқан тарихи жағдайлар, бұрыннан келе жатқан дәстүрлер себеп болуы мүмкін.
Аумақтық ұстанымдар бойынша бөлінген федерациялық мемлекеттерге – Америка Құрама Штаттары, Мексика, Канада сияқты елдер жатады.
Федерациялық мемлекеттердің үлкен бір тобы ұлттық – аумақтық ұстаным бойынша құрылған. Олардың ішіндегі ең ірісі – Ресей Федерациясы. Ресей Федерациясында аумақтық — әкімшілік бірліктерден
басқа, ұлттық белгілері бойынша түзілген 21 республика, 1 автономиялық облыс, 10 автономиялық округ бар.
Конфедерация (лат. Confoe derare – шартпен байланысқан, біріккен)- тәелсіздігін сақтай отырып, өздерінің кейбір әрекеттерін үйлестіру үшін біріккен мемлекеттердің жеке одағы.
Конфедерациялық одаққа біріккен елдер, әдетте сыртқы саясатты бірігіп жүргізеді, көбіне әскери одақтар құрады. Конфедерацияның құрамына кемінде екі, кейде ондаған елдер кіруі мүмкін.
Дүние жүзіндегі ең ірі конфедерацияның мысалы ретінде Ұлыбритания Достығын алуға болады. Бұл саяси – экономикалық бірлестікке 49 тәуелсіз мемлекет және Ұлыбританияға, Аустрияға мен Жаңа Зеландияға тәуелді аумақтар кіреді. Достастықтың орталығы – Ұлыбритания.
Құқықтық мемлекет дегеніміз – құқық жүйесі қалыптасқан,заң бәрінен жоғары тұратын, заң талаптарының барлық субъетілерге міндеттілігі қамтамасыз етілетін, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметі түгелдей қабылданған заңдарға негізделіп жүргізілетін мемлекет.
Құқықтық мемлекеттің белгілері. Құқықтық мемлекеттің ең басты және айқын белгісі – заң бәрінен жоғары тұрып, қоғамдық өмірде үтемдік етеді. Қоғамдық өмірдің барлық маңызды жақтары заң арқылы реттеліп отырады. Конституция бойынша заң шығарушы билік органы осыған ыңғайлап құрылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан Республикасының Парламенті қыметінің заң шығарушылық және оны жүзеге асырушылық сипаттары айқындалған. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық
суъбектілігін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бола алатын, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырылуы мен олардың қызметінің сипатын көрсететін, мемлекеттік және әскери қызметтің мәніне қатысты қағидалар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруы керек. Заң шығару – парламенттің төл қызметі. Бұл миссиясын
Парламент ешбір өзге органға бермеуі керек және өзінің шығарған заңдарымен, нормативтік актілерімен қоғам өмірінің негізгі жақтарын тегіс қамтуы керек.
Кейде заң шығару құқығының ел Президентіне уақытша берілуі құқықтық мемлекетте де болуы мүмкін. Қоғам өмірі өте күрделі, онда да түрлі алдын ала қарастырылмаған жағдаяттар ұшырасып отырады. Саяси дағдарыстар кезінде парламент таратылып жіберілетін жағдайлар болады немесе парламент толық құраммен кезекті демалысқа шығарылады. Осындай, Парламенттің уақытша болмаған кездерінде Президент жарлықтар шығарады. Парламент сайланып, төл ісіне кіріскеннен кейін Президент шығарған жалықтарды бекітуі немесе олардың күшін жойып, сол мәселелерге қатысты жаңа заң шығаруы керек. Белгілі бір жағдайларда конституциялық және жай заңдық күші бар актілерді референдум арқылы халық қабылдауы мүмкін. Заң қабылдау құқығы бар субъектілер шеңберінің кеңеюі – мемлекеттің құқықтық нысанаға бағыт алуын көрсетеді.
Құқықтық мемлекеттің тағы бір маңызды қағидасы – барлық мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға заң талаптарының орындалуын міндеттеуі. Заңдардың өзін қабылдайтын мемлекет пен оның органдары болғандықтан, заң талаптарын орындаттыру міндеттерін де, алдымен, сол мемлекеттің өзі мойнына алуы керек.
Қоғам дамуының қарапайым логикасының өзі, қандай жағдайда болмасын, заңдардың өмірлік тәжірибеде қолданылу мәселесінің шешілуін мемлекетке, оның органдарына апарып тірейді. Заңдарды іс жүзінде қолданушы да, заңдардың жүзеге асырылуын қадағалаушы да, Заңдардың орындалуына мүдделі де, сондықтан олардың орындалуын қатамасыз етуші де, заңды бұзушыларға ықпал ету тұтқаларын қолына
жинақтаушы да мемлекет және оның органдары. Демек, заңдарды қабылдай отырып, мемлекет сол заң талаптарының орындалуын өзіне міндеттемеетіп қабылдап алады. Мемлекеттің және оның барлық органдарының, лауазымды тұлғалардың заң ережелерін бұжытпай орындап отыруы – құқықтық мемлекет қалыптасуының ерекше маңызды шарты болып табылады.