Материалдық ағым туралы түсінік

Материалды ағым түсінігі логистикада негізгі болып табылады.Материалды ағымдар шикізаттың алғашқы көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін шикізаттарды, жартылай фабрикаттарды және дайын бұйымдарды тасымалдау, қоймалау және олармен басқа да материалды операциялар жүргізу нәтижесінде пайда болады.

Материалды ағымдар түрлі кәсіпорындар арасында немесе бір кәсіпорынның ішінде жүруі мүмкін.

Материалды ағымдар дегеніміз – логистикалық операцияларды жүргізу барысында қарастырылатын және мерзімдік интервалға жатқызылатын жүктер, бөлшектер, тауарлы материалды құндылықтар.

Жүктердің, бөлшектердің, тауарлы-материалды құндылықтардың тасымалдау, өндірістік, қоймалау звенолары арқылы жылжу жолында барлық операцияларды бөліп қарастыру мынадай мүмкіндктер береді:

— өзгермелі өнімнің соңғы тұтынушыға жылжу үрдісін көру;

— бұл үрдісті рынок қажеттіліктерін ескере отырып жобалау.

Материалды ағым өлшемі бөлшек түрінде беріледі, оның алымында жүктің өлшем бірлігі көрсетіледі (дана, тонна және т.б.), ал бөлімінде уақыттық өлшем бірлігі (тәулік, ай, жыл және т.б.).Мысалы, материалды ағым өлшемі-тонна / жыл.

Кейбір логистикалық операцияларды жүргізуде материалды ағым берілген ағым мезетінде қарастырылуы мүмкін.Онда ол материалды қорға айналады.Мысалы, жүкті тасымалдау операциясы темір жол көлігімен жүруі мүмкін.Жүк жолда болған кезде, ол материалды қор болып табылады және «жолдағы қор» деп аталады.

Материалды ағымдар түрлі материалдық операциялар қосылған үрдісте қарастырылатын жүктер ретінде анықталған.Жүктер мен логистикалық операциялардың көп түрлілігі материалды ағымдарды зерттеуді және басқаруды қиындатады.Нақты мәселені шеше отырып, қандай ағымдар зерттеліп отырғанын дәл анықтау қажет.Бір мәселені зерттеген кезде зерттеу объектісі көп операциялар тобы бар үрдісте қарастырылатын жүк болуы мүмкін.Мысалы, тарату торын жобалауда және қойма саны мен орналасуын анықтау кезінде.Басқа мәселелерді шешуде – мысалы, қоймаішілік логистикалық үрдісті ұйымдастыруда әр операция жеке-жеке зерттеледі.

Материалды ағымдар төмендегідей негізгі белгілер бойынша бөлінеді:

  • логистикалық жүйеге қатысы;
  • ағымның натуралды-заттай құрамы;
  • пайда болған зат ағымдарының саны;
  • пайда болған жүк ағымдарының үлес салмағы;
  • жүктердің үйлестірімділік дәрежесі;
  • жүктердің консистенциясы;
  • детерминациялау дәрежесі;
  • уақыт бойынша үзіліссіздігі.

Логистикалық жүйеге қатысы бойынша материалды ағымдар: сыртқы, ішкі, кіретін және шығатын болуы мүмкін.

Сыртқы материалды кәсіпорын үшін сыртқы ортада жүреді.Бұл категорияны кез келген кәсіпорыннан қозғалатын жүктер құрамайды, ал тек оның ұйымдастыруына кәсіпорындарының қатысы бар жүктер құрайды.

Ішкі материалды ағым логистикалық жүйенің ішінде жүкпен логистикалық операциялар жүргізу нәтижесінде пайда болады.

Кіруші материалды ағым логистикалық жүйеге сыртқы ортадан кіреді.

Шығушы материалды ағым логистикалық жүйеден сыртқы ортаға шығады.

Кәсіпорындағы қорлар бір деңгейде сақталған кезде кіруші материалды ағым шығушыға тең болады.

Материалды ағымдар натуралды-заттай құрамы бойынша бір ассортиментті болып бөлінеді.Мұндай бөліну қажет, себебі ағымның ассотиментті құрамы олармен жұмыс жасағанда қамтылады.Мысалы, ет, балық, көкөніс, жеміс сататын көтерме азық-түлік базарындағы логистикалық үрдіс аттас жүкпен жұмыс жасайтын картоп сақтау орнындағы логистикалық үрдістен ерекшеленеді.

Сандық белгісі бойынша материалдық ағымдар жаппай, ірі, орта және шағын болып бөлінеді.

Жаппай ағым деп, жүктерді жалғыз көлік құралымен емес, олардың тобымен, мысалы, темір жол құрамы немесе оншақты вагондармен, автомашиналар тізбегімен, су көліктерімен және т.б. тасымалдау үрдісінде пайда болатын ағымды атайды.

Ірі ағымдар – бірнеше вагондар, автомашиналар.

Шағын ағымдар көлік құралдарының жүк көтерімділігін толық қолдауға мүмкіндік бермейтін және тасымалдау кезінде басқа жол бойы жүктермен үйлестіруді қажет ететін жүктер санын құрайды.

Орташа ағымдар ірі мен шағын арасындағы орынды алды.Оларға жалғыз вагондармен немесе автомобильдермен келетін жүктерді құрайтын ағымдар жатады.

Үлес салмағы бойынша жүктер салмағын құрайтын материалды ағымдар ауыр салмақты және жеңіл салмақты болып бөлінеді.Ауыр салмақты ағымдар көлік құралдарының жүк көтерімділігінің толық қолданылуын қамтамасыз етеді,сақтау үшін аз қоймалық көлемді талап етеді.Ауыр салмақты ағымдар бір орынның массасы 1 т-дан асатын (су көлігімен тасымалдағанда)және 0,5 т. (темір жол көлігімен тасымалдағанда)болатын жүктерді құрайды.Ауыр салмақты ағымның мысалына тасымалдау үрдісінде қарастырылатын металдарды жатқызуға болады.

Жеңіл салмақты ағымдар көліктің жүк көтерімділігін толығымен пайдалануға мүмкіндік бермейтін жүктермен сипатталады.Жеңіл салмақты ағымның бір тонна жүгі 2 м. көлемнен астамын алады – мысалы, темекі өнімдері тасымалдау үрдісінде жеңіл салмақты ағымдарды құрайды.

Ағым құрайтын жүктердің үйлесімділік дәрежесі бойынша материалды ағымдар үйлесетін және үйлеспейтін болып бөлінеді.Бұл белгі негізінен азық-түлік тауарларын тасымалдауда, сақтауда және жүк өңдеуде ескеріледі.

Жүктердің консистенциясы бойынша материалды ағымдар себілетін (үйілетін), тиелетін, ыдысты-даналық және құйылатын жүктер болып бөлінеді.

Себілетін (үйілетін) жүктер (мысалы,астық) ыдыссыз тасымалданады.Олардың басты қасиеті – себілетіндігі.Арнайы көлік құралдарымен тасымалдана алады: бункер, тіпті вагондарда, ашық вагондарда, платформаларда, контейнерлерде, автомашиналарда.

Тиелетін жүктер (тұз, көмір, кен, құм және т.с.с.) – минералдар тектес.Ыдыссыз тасымалданады, олардың кейбіреулері мұздалуы, нығыздалуы, бірігулері мүмкін.Алдыңғы топтай себілу қасиеті бар.Ыдысты-даналық жүктердің түрлі физикалы-химиялық қасиеттері, үлес салмағы, көлемі бар.Олар контейнерлердегі, жәшіктердегі, қаптардағы жүктер, ыдыссыз жүктер, ұзын өлшемді және шексіз жүктер болуы мүмкін.Құйылатын жүктер – цистерналарда және танкерлерде тасылатын жүктер.Құйылатын жүктермен жұмыс жасайтын логистикалық операциялар, мысалы тасымалдау, сақтау және т.б. арнайы техникалық құралдар арқылы орындалады.

Ағым параметрлерінің дәрежесі бойынша материалды ағымдар анықталған және стохастикалық болып бөлінеді.Детерминацияланған материалды ағымдар деп параметрлері толығымен белгілі (анықталған) ағымдарды атаймыз.Егер параметрлердің біреуі белгісіз болса немесе кездейсоқ шама болса, онда материалды ағым стохастикалық деп аталады.

Үзіліссіздік белгісі бойынша материалды ағымдар үзіліссіз және дискретті болып бөлінеді.Үзіліссіз материалды ағымдарға, мысалы, тұйық циклды үзіліссіз өндірістік (технологиялық) үрдістегі шикізат пен материалдар ағымы, құбыр арқылы тасымалданатын мұнай өнімдерінің, газдың ағымдары және т.б. жатады.Материалды ағымдардың көбісі дискретті болып табылады.

Материалдық ағым өнімділік сияқты көрсеткішпен сипатталуы мүмкін.Материалды ағымның өнімділігі дегеніміз – уақыт бірлігінде логистикалық жүйеге кіретін өнімдерің көлемді немесе жаппай көрсеткіштерінің саны.Бұдан басқа, жылдамдылық, тығыздық және басқа да көрсеткіштер қолданылады.

Логистикалық операциялар

Жоғарыда айтылып кеткендей, материалды ағым белгілі бір материалды объектілермен жасаған іс-әрекеттер жиынтығының нәтижесінде пайда болады.Бұл іс-әрекеттерді логистикалық операциялар деп атайды.Бірақ логистикалық операциялар түсінігі тек материалды ағымдармен жасаған қызметпен шектелмейді.Материалды ағымдарды басқару үшін осы ағымға сәйкес келетін ақпараттарды қабылдап, өңдеп және беру қажет.Бұл кезде орындалатын әрекеттер де логистикалық операцияларға жатады.

Логистикалық операциялар – бұл материалды және ақпараттық ағымды қайта құруға бағытталған іс-әрекеттер жиынтығы.

Материалды ағымдармен жасайтын логистикалық операцияларға тиеу, тасымалдау, түсіру, жинақтау, қайталау, орау және т.б. операцияларды жатқызуға болады.Ақпараттық ағыммен жасалатын логистикалық операциялар – бұл материалды ағымға сәйкес ақпараттарды жинау, өңдеу және хабарлау.Ақпараттық ағымдармен жасалатын логистикалық операцияларға кететін шығындар логистикалық шығындардың маңызды бөлігін құрайды.

Логистикалық жүйеге түсетін немесе одан шығатын материалды ағымдармен жасалған логистикалық операциялар логистикалық жүйе ішінде жасалған операциялардан ерекшеленеді.Бұл меншік құқығының тауарға ауысуымен және сақтандыру тәуекелінің бір заңды тұлғадан екінші тұлғаға ауысуымен түсіндіріледі.Осы белгі бойынша барлық логистикалық операциялар – бір жақты және екі жақты болып бөлінеді.

Кейбір логистикалық операциялар технологиялық өндірістік үрдістің жалғасы болып табылады, мысалы, өлшеп, орау.Бұл операциялар тауардың тұтынушылық қасиеттерін өзгертеді және ол өндірістік саламен қатар, сондай-ақ айналыс саласында да жүргізілуі мүмкін, мысалы көтерме сауда кәсіпорнының орау цехында.

Кәсіпорынды жабдықтау үрдісінде немесе дайын өнімді өткізу үрдісінде орындалатын, яғни «логистикалық жүйенің сыртқы әлеммен байланысу» үрдісінде орындалатын логистикалық операцияларды сыртқы логистикалық операциялар категориясына жатқызады.Логистикалық жүйенің ішінде орындалатын логистикалық операцияларды ішкі деп атайды.Қоршаған ортаның анықсыздығы ең алдымен сыртқы логистикалық операциялардың орындалу сипатында көрінеді.

Логистикалық жүйенің түсінігі

Логистикалық жүйенің түсінігі логистиканың негізгі түсініктерінің бірі болып табылады.Экономикалық механизмнің қызмет етуін қамтамасыз ететін түрлі жүйелер бар.Бұл көпшіліктің ішінен оларды талдау және жетілдіру мақсатында логистикалық жүйелерді бөліп қарастыру қажет.

Логистикалық жүйе түсінігі жалпы жүйе түсінігіне қатысты жеке болып табылады.Сондықтан да, ең алдымен, жалпы жүйе түсінігіне анықтама беріп, содан кейін қандай жүйелер класы логистикалыққа жататынын анықтаймыз.

Энциклопедиялық сөздікте «жүйе» түсінігінің мынадай анықтамасы берілген: «жүйе (грек сөзінен алынған – бөліктерден құралған біртұтас, бірігу деген мағынаны білдіреді) – бір-бірімен өзара байланысты және қарым-қатынаста болатын, белгілі бір «тұтастықты, бірлікті құрайтын көптеген элементтерд».

Объект жүйе болуы үшін, оның төрт қасиеті болуы тиіс.

Бірінші қасиеті – тұтастық және мүшелік.Жүйе дегеніміз бір-бірімен өзара әрекет ететін элементтердің тұтастық жиынтығы.Элементтер тек жүйеде ғана болатынын ескеру қажет.Жүйеден тыс – бұл тек жүйе құраушы потенциалды қабілеттілігі бар объектілер.Жүйе элементтері түрлі сапада болуы мүмкін, бірақ олар бір уақытта үйлесімді болуы да мүмкін.

Екінші қасиеті – байланыстар.Жүйе элементтері арасында белгілі бір байланыс бар, олар осы жүйенің интегративті сапасын заңды қажеттілікпен анықтайды.Байланыстар заттай, ақпараттық, тура, кері және т.б. болуы мүмкін.Жүйенің ішіндегі элементтер арасындағы байланыстар, жеке элементтердің сыртқы ортамен байланысына қарағанда күшті болуы тиіс, әйтпесе кері жағдайда жүйе қалыптаса алмайды.

Үшінші қасиеті – ұйымдастыру.Жүйе элементтерінде жүйе құрушы факторлардың болуы тек оның құрылу мүмкіндігін ғана ұйғарады.Жүйенің пайда болуы үшін реттелген байланыстар қалыптастыру қажет, яғни жүйенің белгілі бір құрылымы, ұйымдастырылуы.

Төртінші қасиеті – интегративті қасиеттер.Жүйенің интегративті қасиеттерінің болуы, яғни жалпы жүйеге тән, бірақ оның жеке элементтеріне тән емес.

Материалды ағымдарды жылжыту білікті персоналмен түрлі техника арқылы: көлік құралдары, тиеу-түсіру жұмыстары және т.б. жүзеге асырылады.Логистикалық үрдіске түрлі үй-ғимараттар кіріседі, үрдістің жүруі оған деген ең қозғалмалы және мерзіммен қорда жинақталып отыратын жүктердің дайындық дәрежесіне тәуелді болады.Жүктердің өтуін қамтамассыз ететін өндірістік күштердің жиынтығы жақсы ма, жаман ба, дегенмен әр уақытта ұйымдасқан.Егер материалды ағымдар болса,онда әр уақытта белгілі бір тауар өткізуші жүйе болады.Дәстүрлі түрде бұл жүйелер арнайы жобаланбайды, ол жеке элементтер қызметінің нәтижесінде пайда болады.

Логистика шығыста материалды ағымдардың параметрлері берілген түрлі, үйлескен материал өткізуші (логистикалық) жүйелердің жобалау мәселелерін қойып, оны шешеді.Бұл жүйелерді оған кіретін өндірістік күштердің материалды ағымдарды іштей басқару мәселелеріндегі үйлесудің жоғары дәрежесі айырады.

Алдыңғы бөлімде қарастырылған және кез келген жүйеге тән төрт қасиеттің шеңберінде логистикалық жүйенің қасиеттерін сипаттайық.

Бірінші қасиеті: жүйе дегеніміз бір-бірімен өзара әрекет ететін элементтердің біртұтас жиынтығы.

Логистикалық жүйені элементтерге бөлуді түрліше жүргізуге болады.Макродеңгейде материалды ағымның бір кәсіпорыннан екіншіге өткен кезінде элементтер ретінде кәсіпорындардың өздері,сондай-ақ оларды байланыстыратын көлік те қарастырылуы мүмкін.

Микродеңгейде логистикалық жүйе келесі негізгі элементтерден тұруы мүмкін.

Сатып алу – материалды ағымның логистикалық жүйеге түсуін қамтамасыз ететін элемент.

Өндірісті жоспарлау және басқару – бұл элемент материалды ағымдарды сатып алу бөлімінен қабылдап алып,оны еңбек затынан еңбек өніміне айналдыратын түрлі технологиялық операцияларды орындау үрдісінде басқарады.

Өткізу – бұл элемент материалды ағымның логистикалық жүйеден шығуын қамтамасыз етеді.

Екінші қасиеті(байланыс):логистикалық жүйе элементтері арасында заңды қажеттілікпен интегративті сапаларын анықтайтын маңызды байланыстар бар.Макрологистикалық жүйелерде элементтер арасындағы байланыс негізін келісімшарт құрайды.Микрологистикалық жүйелердегі элементтер бір-бірімен өндірісшілік қатынастармен байланысты.

Үшінші қасиеті(ұйымдастыру):логистикалық жүйе элементтері арасындағы байланыстар белгілі тәртіппен реттелген, яғни логистикалық жүйе ұйымдасқан.

Төртінші қасиеті(интегративті қасиеттер):логистикалық жүйенің оның жеке алғандағы элементтеріне тән емес, интегративті қасиеттері бар.Бұл қажетті тауарды керекті жерге, қажетті уақытта, қажетті санада минималды шығындармен жеткізу қабілеттілігі, сондай-ақ сыртқы өзгерісіне бейімделу қабілеттілігі(тауарлар немесе қызметтерге сұраныстың өзгеруі, техникалық құралдардың күтпеген жерден істен шығып қалуы т.с.с.).

Логистикалық жүйенің интегративті қасиеттері оған материал сатып алуға, оларды өз өндірістік қуаттары арқылы жіберуге және сыртқы ортаға шығаруға мүмкіндік береді.

Жалпы қабылданған логистикалық жүйенің анықтамасы келесідей: логистикалық жүйе – логистикалық қызметтерді атқаратын, кері байланысы бар бейімделгіш жүйе.Ол бірнеше элементтерден тұрады және оның сыртқы ортамен дамыған байланыстары бар.Логистикалық жүйе ретінде өнеркәсіптік кәсіпорынды, территориалды-өндірістік кешенді, сауда кәсіпорынын және т.б. қарастыруға болады.Логистикалық жүйенің мақсаты – тауарлар мен бұйымдарды керекті жерге, қажетті мөлшерде және ассортиментте, шығындардың белгілі деңгейінде өндірістік немесе жеке тұтынуға дайындығы максималды дәрежеде жеткізу.