Марксистік теорияның құл иелену, феодалдық, буржуазиялық (XIX ғасырдың ортасына дейін) формациялардағы құқық пен мемлекеттің мазмұнын, типін, түрін түсіндіру пікірі ғылыми тұрғыдан дұрыс. Ал, XIX ғасырдың ортасынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі құқық пен мемлекеттің типологиясын түсінуге марксистік пікірді қолдануға болмайды. Себебі бұл кезеңде буржуазиялық құқық пен мемлекеттің мазмұны, нысаны, типі күрт өзгерді: либерал-демократиялық саяси жүйесі қалыптасты, адамдардың бостандығы, құқықтары жақсы дамыды. Өкінішке қарай, мемлекет пен құқық туралы марксистік теория социалистік елдерде догмаға айналып, олардың мазмұнын, типологиясын ғылыми тұрғыдан дұрыс түсінуге мүмкіншілік болмады. Сол себепті социалистік жүйе дағдарысқа ұшырап, көпшілігі жаңа нарықты экономикалық жүйеге көшті.
Марксистік теорияның бұл кемшіліктеріне қарап бетті мүлдем теріс бұруға болмайды. Адам қоғамының объективтік даму заңдарын түсінуге, әсіресе өткен формациялардың тарихын жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеп, білуге бұл теорияның маңызы өте зор.
Формациялық типология құқықтың қанаушы үстемдік таптың мүдде-мақсатын қорғаудың үш түрі болды деп түсіндіреді: көне дәуірдегі құқық, феодалдық құқық, буржуазиялық құқық. Құқықтың алғашқы тарихи типі – көне замандағы Египет, Үндістан, Қытай, Персия, Греция, Рим мемлекеттерінде болған құл иеленушілер құқығы. Оның негізгі ерекшеліктері құлдар адам қатарына саналмаған, толығымен құл иеленушілер табының меншігінде, қожасы мүлік ретінде сатып, айырбастап жіберуге ерікті. Құқық құл иеленушілердің экономикалық, саяси мүддесін, өкіметі мен байлығын қорғайды. Жеке меншікке қол сұғу аяусыз жазаланып отырды.
Құл иеленушілер дәуірі өтіп, феодалдық қоғам орнауына байланысты құқықтың тарихи екінші типі феодалдық құқық болды. Оның нормалары үстем тап-помещиктердің мүдделерін заңға айналдырып, өкімет билігі мен жер-су, басқа өндіріс құрал-жабдықтарға феодалдық жеке меншікті сақтауға қызмет етті. Феодалдық құқық бойынша қоғам мүшелері 3 сословиеге бөлінді: дворяндар, жер иеленуші феодалдар, басыбайлы шаруалар мен қала халқы. Заң бойынша бұлардың құқықтары бірдей болуы мүмкін емес. Барлық құқықтар мен бостандықтар, дәулет пен дәреже жер иеленушілер қолында. Феодалдық құқықта діни ережелер үлкен орын алады. Мысалы, мұсылман діні тараған елдерде құранды бұзушылар да мемлекеттік жазаға тартылып отырды.
Буржуазиялық құқық қорғаушы таптар құқығының тарихи үшінші типі. Оның мақсаты – капиталистік қоғамның мемлекеттік құрылысын үстем тап-буржуазияның мүддесін барынша қорғап, заң жүзінде іске асырып отырады. Буржуазиялық құқықтың басты өзгешеліктері: 1) ол капиталистік жеке меншікті адамның негізгі және қажетті құқығы деп санайды; 2) қоғам мүшелері заң алдында тең құқылы деп жариялайды, бірақ еңбекшілер үшін жарияланған теңдік пен бостандықтар сайып келгенде қағаз жүзінде қалып отырды. Бұл саяси жүйе XIX ғасырдың ортасына дейін сақталып келді. Ғылыми-техникалық прогресс кезінде дамыған капиталистік елдерде либерал-демократиялық саяси жүйе қалыптасып, адамдардың бостандығы мен құқықтары едәуір жақсы дамып, дамушы елдерге үлгі болуда.
Құқықтың заңды типологиясының екінші түрі – цивилизациялық бағыт. Оның негізгі мазмұны құқықтың, мемлекет типтерінің өзгеруіне экономикалық базистың өзгеруі жеткіліксіз дейді. Оған қоса қоғамның мәдени-рухани жүйелері жақсы дамып, олардың сапасының жоғары деңгейде болуы қажет деп түсіндіреді. Бұл пікірді ғалым-заңгерлердің көпшілігі қолдап отыр. Цивилизациялық пікір құқықтың типін, түрін анықтаудағы әдіс-тәсілдері формациялық көзқарастан басқаша. Әлемдегі елдердің экономикалық даму тұрғысын 5-түрге бөледі: үйреншікті жай қоғам, өтпелі кезеңнің қоғамы, даму деңгейі төмен қоғам, дамушы елдер қоғамы, дамыған елдер қоғамы (бұл американдық политолог Уолт Ростау пікірі). Ол дамыған елдердің құқығы мен мемлекетін бірнеше түрге бөледі: технологиялық, индустриалдық, постиндустриалдық мемлекеттер мен құқықтар.
Бес түрлі қоғамның даму уақытын да жобалап көрсеткен. Қоғамның бірінші түрі – ауыл шаруашылықтың экономикадағы басым кезі. Екінші түрі – өндірістің ептеп өмірге келе бастауы. Үшінші түрі – техниканың өндірісте және ауылшаруашылығында қолдана бастауы. Төртінші түрі – техникалық қоғамның барлық саласында қолдануы. Бесінші – ғылыми-техникалық прогресс арқылы қоғамның қарқынды түрде дамуы. Міне осы 5 кезеңде – 5 түрлі құқық пен мемлекеттің бес типологиясы болды.
Әлемдегі мемлекеттердің саяси, экономикалық, мәдени-әлеуметтік, географиялық т.б. ұқсастығына қарай заңды типологияны 20 түрге бөлуде бар. Бұл ағылшын ғалымы А.Тойнбидің пікірі. Сонымен құқықтың заңды типологиясын түсінуде формациялық және цивилизациялық тәсілдерді біріктіріп зерттегенде ғана ғылыми дұрыс қорытынды тұжырым жасауға болады.
Құқықтың хронологиялық типологиясы да болады: көне дәуірдің құқығы, орта ғасыр құқығы, жаңа дәуірдегі құқық, қазіргі замандағы құқық. Олардың өздерінің әдіс-тәсілдері болады. Сол арқылы әр дәуірдегі құқықтың мазмұны мен нысанын, түрлері мен типологиясын анықтап отыруға болады. Қоғамның құқықтық жүйесінің элементтері: заң ғылымы, құқықтық түсініктер, құқықтық әдіс-тәсілдер.
Сонымен, қазіргі замандағы құқық пен мемлекет мазмұны да, типологиясы да көп өзгеріске ұшырады. Олардың қанаушылық, таптық мазмұндары бірте-бірте азаюда, жойылуда. Таптардың, топтардың ара қатынасындағы қайшылықтар бейбітшілік жолмен тіл табысып, шешілімін табуда. Таптық, қанаушылық құқық пен мемлекет әлеуметтік құқық пен мемлекетке айналуда.
Нарықты экономика жүйесінде қоғамдық қатынастарды реттеуде рыноктың заңдарының маңызы, рөлі күшеюде, әсіресе сұраныс пен ұсыныстың бұл процесте маңызды рөл атқаруы. Нарықты экономиканың бір ғажабы — мемлекеттің әкімшілік функциясы азайған сайын қоғамның кірісінің көбеюі, экономиканың нығаюы, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы анық байқалуы.
Либералдық-демократиялық құқық адамдардың өміріне, жұмысына, іс-әрекетіне, бостандығына араласпауға, кіріспеуге қатаң мемлекеттік саясатқа айналдырып отыр. Керісінше, мемлекеттің қызметі нормативтік актілер арқылы халықтың бақылауында.
Қоғамда демократияның, бостандықтың сапасы жақсарған сайын мемлекет пен құқықтың да жағдайлары тұрақтанып, күшейе беруге тиіс, көп мәселелер адамдардың, ұйымдардың өздерінің реттеп, басқаруына ауысып отырады. Осылай құқық пен мемлекеттің мазмұны мен нысаны, типологиясы мен түрі қызметі халықтың мінез-құлқы, сана-сезімі, іс-әрекетімен қалыптасып, қоғамның жақсы дамуына мүмкіншілік туады.
Қазіргі заманда заңды типологиялық жіктеудің маңызы өте зор. XX ғасырда құқық жүйесі үш есе өсіп, екі жүзге жақындады. Типология – заңдарды немесе құбылыстарды қандай да болмасын бір белгілерінің ортақтығына, ұқсастығына қарай жіктеу.
Типологияның негізгі міндеті дүние жүзіндегі көп ұлттық, аспектілік, көп түрлі құқықтық жүйелердің тарихи дамуын, саяси, ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми жүйеге қалыптастыру. Мұның негіздері – дүние жүзінің құқықтық картасы, құқықтық тарихи типі, ұлттық құқықтық жүйелері.
Құқықтық жүйелерді жіктеу, оларға сипаттама берудің бірнеше жолдары, түрлері болады. Бұлардың ішіндегі ең негізгі саяси, экономикалық, әлеуметтік т.б. сала жүйеге бөліп қалыптастыру, сол арқылы әр елдің құқықтық жүйелерінің айырмашылығын, ара жіктерін анықтау.
Құқықтың жүйесі бір елдің нормативтік актілерін сала-салаға бөліп жіктеу. Құқықтық жүйе ұлттық көлемде барлық нормаларды біріктіріп, оның мазмұнын, белгілерін, қағидаларын, функцияларын т.б. ерекшеліктерін анықтау.
Құқықтық типологияны қалыптастыратын құбылыстар: ұлттық құқықтық жүйе, құқықтың тарихи типтері және құқықтық жүйелердің мазмұндарының ұқсастығы (құқықтық семья).
- Ұлттық құқықтық жүйе – бір елдің шеңберінде экономикалық, саяси, тарихи және ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, қалыптасқан құқықтық жүйе. Сонымен бірге бұл жүйе өз елінің рухани, мәдени, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін де бірлестіре дамиды. Бұл құқықтық жүйенің құндылығы – осы ұлттық өзгешіліктерді, ерекшеліктерді ескере, бірлестіре отырып қалыптасуында.
- Құқықтық «семьялық» жүйе-құқықтық нормалардың мазмұнына қарай бірлестіріп, жүйелеу. Бұл жүйелеуге бір немесе бірнеше дәуірдің құқықтық нормалары кіруі мүмкін. «Семьялық» жүйелеудің үш негізгі компоненті болады: құқық жүйесі, тәжірибе және құқықтық сана. Бұл үш элемент құқықтық «семьяда» міндетті түрде болуға тиіс. Әр елдің ұлттық экономикалық, саяси, тарихи, мәдени т.б. ерекшеліктеріне сәйкес дамып, қалыптасқан құқықтық жүйеде, оның «семьялық» мазмұны айқын көрініп, бір заңды типологияны құрастырады.
- Құқықтың тарихи типтері – қоғамның, экономикалық, саяси, рухани, мәдени бірлестіктері арқылы қалыптасатын құқықтық жүйе. Бұл туралы бірнеше пікір бар. Марксизм құқықтың түрін таптық құрылыспен және экономикалық жағдайлармен байланыстырады, сондықтан құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық, социалистік құқықтың түрлері болады деп түсіндіреді. Дүние жүзінің заң ғылымының пікірі – құқықтың өзгеруіне тек экономикалық базистің өзгеруі жеткіліксіз. Оған қоса қоғамның саяси, рухани, мәдени негіздері өзгеруге тиіс. Сонда ғана құқық жаңарып, жаңа заңды құқықтық типология қалыптасады.
- Бұл пікірдің қорытынды тұжырымы бойынша, құқықтың тарихи төрт түрі болады: ежелгі дәуірдегі құқық жүйесі, орта ғасырлардағы құқық жүйесі, жаңа ғасырлардағы құқық жүйесі қазіргі замандағы құқық жүйесі.
- Ғаламдық құқықтық типология – қазіргі замандағы дүниежүзілік көлемде құқықтық жүйелердің бірлестігі мен дербестігін зерттеп, олардың бір бағытта дұрыс дамуына ғылыми тұрғыдан мүмкіншілік жасауда. Оның негізгі бағыты дүниежүзілік қоғамның саяси-экономикалық құрылысын, дамуын жақындастыру. Бұл ғаламдық құқықтық типологияны қалыптастырудың негізгі критериі болуға тиіс. Осы процесс арқылы бірнеше мәселе анықталуға тиіс: бірінші – ұлттық құқықтық жүйелердің әлемдік көлемде пайдалануға болатын нышан-белгілері; екінші – жартылай (бірнеше мемлекеттердің бірігуі) пайдалануға болатын белгілері; үшінші – құқықтың семьялық жүйе көлемінде пайдалануға болатын белгілері; төртінші – тек ұлттық құқықтық жүйе шеңберінде ғана дамитын құқық жүйесі. Бұлардың алғы үшеуі ғаламдық, құқықтық типологияны қалыптастырудың негізгі бағыттары.
Қазіргі заманда ұлттық құқықтық жүйелер объективті прогрестік жолмен дамып, соған сәйкес заңды типологияның мазмұны да өзгеруде:
— құқықтың негізгі бағыты халықтың әлеуметтік жағдайы және адамдардың денсаулығына бет бұру;
— әлемдік глобальдық проблемалардың барлық мемлекеттерді біріктіруі, сол арқылы құқықтық жүйелердің өзара бірігіп дамуы;
— құқықтық мемлекетті қалыптастыру дүниежүзілік мүдде-мақсатқа айналуы.
Сонымен, заңды типология – әлемнің құқықтық картасына көп аспектілі жіктеп, көп қырлы анализ берудің алғы шарты. Философиялық тұрғыдан заңды типология құқықтың тарихи типтерінің бірлестігін, құқықтық семьяның ерекше маңыздылығын, ұлттық құқықтық жүйесінің бірлігін көрсетеді.
Сондықтан құқықтың мазмұны өзгеру үшін тек базистың өзгергені жеткіліксіз, оған қоса қоғамның мәдениеті, рухани сана-сезімі де дамып, өзгеруі керек. Қазіргі заманда дүниежүзінің ғалымдары толығымен цивилизациялық пікірді дұрыс деп қолдауда. Цивилизациялық көзқарас қоғамның сонымен бірге адамның рухани сана-сезімін, мәдениетінің деңгейін және таптық мүдде-мақсатты қоғамдық мүдде-мақсатпен біріктіріп зерттейді.
- Әлеуметтік нормалардың түсінігі және мазмұны
Әлеуметтік нормалар тарихи дамудың белгілі бір кезеңінде қоғамдық қатынастар негізінде қалыптасқан әлеуметтік топтар мен жеке адамдар іс-әрекеттерін реттейтін талаптар. Әлеуметтік нормалардың үш ерекшеліктері бар: 1) қоғамдық маңызы бар іс-әрекеттерге ынталанудан шығады (мақсат, ой-арман, рухани құндылық т.б.); 2) белгілі бір жүйеге сәйкес келетін, міндетті түрде орындалатын тәртіптің түрі мен шегін көрсетеді; 3) қоғамдық ұйғарымның (санкцияның) негізі болуы керек.
Әлеуметтік нормалар қоғам алдындағы тарихи міндеттерін атқару үшін, олардың негізгі компоненттері қоғамның белгілі бір даму кезеңіне сәйкес келуі қажет. Қоғамның дамуының белгілі бір кезеңінде кейбір әлеуметтік норма мен қоғамдық тәжірибе туғызған нормалардың араларында сәйкессіздік болады. Мұндай сәйкессіздік, әсіресе, діни нормалар мен адамдардың күнделікті іс-әрекеттерінен айқын көрінеді. Кең түрде алғанда әлеуметтік нормаларға дәстүр, әдет-ғұрып, моральдык және құқықтық нормалар, саяси, діни, эстетикалық қағидалар және ұйымдастыру-техникалық ережелер жатады. Әлеуметтік нормалардың компоненттері бір-бірімен тығыз байланысты. Жеке адамдардың әлеуметтік нормаларды қабылдап, ішкі сенім-ниетіне айналдыруы – қоғамдық тәрбиенің ең бір маңызды саласы. Әлеуметтік нормаларды қабылдауға бейімдеу жолдарының бірі – нормаларды саналы түрде меңгеру, бұл процестің екінші практикалық жағы – сол нормаларды сыртқы талаптан адамның ішкі қажеттілігіне, нормасына, дағдысына айналдыру. Тарихи қалыптасқан әлеуметтік және қоғамдық ұйымдар туғызған нормалар жаңа қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, болашақ адамдардың санасының қалыптасуына ықпалын тигізеді.
Қоғамдағы әлеуметтік тәртіптің дамып, нығаюына сан-қырлы құбылыстар мен толып жатқан факторлар өздерінің әсерін тигізіп жатады. Оларды үш топқа бөлуге болады:
— табиғи құбылыстардың, факторлардың, уақиғалардың тигізетін әсерлері: демографиялық процестер, халықтың миграциясы, адамдардың өмір сүруінің ұзаққа созылуы, егіннің жақсы өнім беруі т.б.;
— нормативтік актілердің ерікті түрде жақсы орындалуы;
— адамдардың өзара қатынастарын өздерінің сапалы орындауы. Қоғамдағы қатынастарды реттеп, басқаратын нормаларды төрт топқа бөледі:
— табиғи нормалар – ғылыми тұрғыдан зерттеліп, тәжірибеден өткен ұсыныстар. Мұндай ұсыныстарды ғылыми нормалар деп те атайды;
— ғылыми зерттеуден өткен, тексерілген техникалық және табиғи ережелер, инструкциялар;
— әлеуметтік нормалардың көпшілігі осы топқа жатады;
— құқықтық нормалар.
Қоғамдағы көптеген қарым-қатынастарды реттеп, басқарып отыратын негізгі құрал – әлеуметтік нормалар. Олар қоғамның дағдарысқа ұшырамай, біркелкі дұрыс дамуын қамтамасыз етіп отырады. Бұл объективтік процесс. Әлеуметтік нормалар көне заманнан адам қоғамымен бірге өмір сүріп, диалектикалық процесс арқылы дамып, нығайып келеді. Әлеуметтік нормалар арқылы қоғамдағы қатынастардың өзара байланысы өзгеріп, жаңарып, дамып жатады. Сол арқылы қоғамның өзгеруі, жаңаруы прогрестік жолмен дамып жатады.
Әлеуметтік нормалардың белгі-нышандары:
- Әлеуметтік нормалар адамдардың іс-әрекетінің, мінезінің, тәртібінің қоғамдық ережесі. Жеке адамдар, ұжымдар, бірлестіктер, одақтар, ұйымдар осы ережеге сәйкес өмір сүруге, жұмыс жасауға тырысады.
- Әлеуметтік нормалар – қоғамдық дәрежедегі ереже, бұл нормаларды дұрыс, жақсы орындау бар азаматтардың, барлық ұйымдардың негізгі міндеті, орындамаса халықтың сөгісіне, сынына душар болады, жауапкершілікке тартылады.
- Әлеуметтік нормалар жай ғана ереже емес, ол қоғамдық міндетті түрдегі ереже. Ерікті түрде орындалмаса, еріксіз орындалуға тиіс ереже. Бұл қасиет қоғамның миллиондаған жылдар даму тәжірибесімен тексеріліп, сарапталып, қалыптасқан нормалар.
Осы көрсетілген белгі-нышандары, ерекшеліктері арқылы әлеуметтік нормалар қоғамды басқарудың, қатынастарды реттеудің негізгі құралына айналды. Әлеуметтік нормалардың негізгі түрлері:
— құқық нормасы;
— моральдық нормалар – жақсы-жаман, дұрыс-бұрыс, әділеттік-әділетсіздік, достық-қастық, инабаттылық парасаттылық, адамгершілік т.б. қасиеттер;
— саяси нормалар;
— эстетикалық нормалар;
— қоғамдық ұйым, ұжымдардың ереже-қағидалары;
— адамгершілік нормалары – олар адамдарды жақсылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа, әділеттілікке, адамгершілікке тәрбиелейді;
— әдет-ғұрып нормалары – адамдардың көне дәуірден қалыптасқан жақсы қасиеттері мен жақсы іс-әрекеттері;
— салт-дәстүр нормалары – әр ұлттың, әр халықтың өздерінің ерекшеліктерінен қалыптасатын дәстүрлері болады. Мысалы: той өткізу, үйлену, ат шаптыру, көкпар тарту, қыз қуу т.б. дәстүрлері;
— діни, имандылық, инабаттылық нормалар.
Осы әлеуметтік нормалар біріге келе – адамдардың қоғамдық өмір сүруінің ережесі деп аталады. Әлеуметтік норма – қоғамдағы адамдардың, ұйымдардың, ұжымдардың ара қатынасының, іс-әрекетінің, мінез-тәртібінің ережесі.
Әлеуметтік нормалар өздерінің дербестігімен бірге өзара тығыз байланыста дамиды. Себебі, олар бір экономикалық базисты, бір қоғамдық саясатты, бір әлеуметтік тұрмысты, бір мәдениетті, бір мүдде-мақсатты қорғап, дамытады.
Әлеуметтік нормалардың мазмұнын екі тұрғыдан түсіну керек: біріншісі – қоғамдық мүдде-мақсатты орындау, іске асыру бағыты; екіншісі – жеке адамдардың мүдде-мақсатын қорғау, дамыту бағыты. Бұл объективтік бірлестік. Өмірде біржақты әлеуметтік норма болмайды.
Әлеуметтік нормалардың өмірге келу себептері қоғамның объективтік даму процесінде жаңа қарым-қатынастар қалыптастырады. Бұл объективтік процесс. Сол арқылы жаңа құқықтық норма қабылданады. Бұл субъективтік процесс.
Әлеуметтік норма – қоғам қабылдаған адамдардың мінез-құлқының, іс-әрекетінің, тәртібінің ережелері мен оларды реттеп-басқару нормалардың жиынтығы.
- Әлеуметтік нормалар жүйесіндегі құқықтың маңызы
Құқықтық нормалар әлеуметтік нормалардың ең күрделісі, ең көлемдісі, ең маңыздысы. Құқық адамзаттың әділдік және азаттық идеяларына негізделіп, көбінесе заңдарда баянды етілетін, қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалар жүйесі.
Көне заманнан ғалымдар құқықтың мәні мен мазмұнын түсінбекші болып, оған сан қилы анықтамалар берген. Оның түсінігі мен мәнін анықтаудың үш пікірін айтуға болады: 1) нормативті тұрғыдан қарау бойынша – құқықты заң нормаларының жүйесі деп санау; 2) социологиялық тұрғыдан қарау бойынша – құқықты реттелетін қоғамдық қатынастармен ұқсас деп санау; 3) философиялық тұрғыдан қарау бойынша – құқықты бостандық пен әділдік деңгейімен байланыстыру.
Құқыққа социологиялық және философиялық тұрғыдан қарағанда ол өте кең түсінік болып, оған құқық нормаларымен қатар құқықтық сана, Құқықтық катынастар да жатады. Құқықтың үш тірегі бар: қоғамның материалдық деңгейі, мемлекет және имандылық. Адамзаттың өмір сүруі өндіріске, қоғамның экономикалық жағдайына байланысты. Өндіріс – экономика тиімді, нәтижелі болу үшін оны ұйымдастыру, оның дамуына қажетті жағдай жасау. Бұл мүдде-мақсатты шешуде құқық өте зор жұмыс атқарады. Соның нәтижесінде құқықтың өзі де өзгереді, дамиды, өндірістік қатынастарды реттеуге бейімделеді.
Құқық нормаларының талаптары өздігінен жүзеге аспайды. Оларды іске асыру үшін, талаптарын орындау үшін мемлекет түрлі әдістермен сан алуан қызмет атқарады. Егер құқықтық нормалардың талаптары орындалмаса, бұзылса, мемлекет кінәлі жеке және заңды тұлғаларға тиісті шаралар қолдана алады. Сөйтіп, құқық нормалары мемлекеттің күшіне сүйеніп, жүзеге асырылады. Құқықтың тірегі, оның күш-қуаты, абыройы – мемлекет.
Құқықтың тағы бір тірегі – имандылық. Имандылықтың өзі де адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін күш, бірақ оның, талаптары заң емес. Имандылықтың ең күшті құралы – жұртшылықтың пікірі. Құқық та теріс қылықтарға тыйым салады, кінәлі адамдарды жауапқа тартады. Құқық имандылықтан нәр алады, неғұрлым құқықтың нормалары имандылық талаптарға сәйкес келсе, соғұрлым олардың, сапасы да, абыройы да жоғары болады.
Сонымен, құқық нормалары арқылы мемлекет имандылық талаптарына ресми мағына береді, соның нәтижесінде қоғамдық қатынастарды реттейді. Құқық құзыретінің шеңбері имандылықтың шеңберінен анағұрлым кең. Құқықтың белгі – нышандары;
- Құқық жазылған нормалардан тұрады. Құқықтық норманы мемлекеттік органдар қабылдайды, бекітеді, басқа нормаларды қоғамдық ұйымдар қабылдайды. Нормативтік дегеніміз – адамдардың ой жүйесін, қоғамдық өмірін тәртіптеп, соның нәтижесінде белгілі ережелерге бағындыру.
- Құқық әділдік және бостандық идеяларын білдіреді. Бостандық – адамнан ажыратылмайтын қасиет. Тек бостандық болса ғана адам лайықты өмір сүре алады. Әділеттік ерте заманнан келе жатқан әлеуметтік, моральдық, принцип және норма.
- Құқықтың бейнелейтін объектілері болады. Олар – билік, мемлекет, қоғамдағы тәртіп. Әділдік, бостандық, демократия солар арқылы жүзеге асырылады.
- Құқықтың формальды анықтылығы. Заңдарда бекітілген нормативті нұсқаулар ерекше қасиетке ие болады. Ол формальды анықтылық. Оның белгілері: айқындығы, бір мағыналылығы, қысқалығы. Бұл құқық субъектісінің не нәрсені істеуге болу, болмауын білуіне ыңғайлы, қолайлы.
- Құқықтық нормалар қоғамдағы қатынастардың басым көпшілігін реттеп, басқарады. Басқа нормалардың үлесі аз.
- Құқықтық нормалардың орындалуы ерікті-еріксіз түрде жүргізіледі. Басқа нормалар тек ерікті түрде орындалады.
Әлеуметтік нормалар құқықтық норманың дамуына, орындалуына, нығаюына өте зор әсер етеді, ықпал жасайды. Жаңа заңның жобасы алдымен көп уақыт әлеуметтік нормалар саласында жан-жақты тексеріліп, содан кейін мемлекеттік заңға айналады. Заңды, жаңа норманың жобасы дұрыс талқылап, бекітуге, қабылдауға да өмірлік тәжірибе көп әсер етеді. Заң қабылданып, оны орындау процесінде де көп жылдық әлеуметтік нормалардың тәжірибесі көмек береді.
Әлеуметтік нормалар бір-бірімен тығыз байланыста дамып, өзгеріп, жаңарып нығайып отырады. Әсіресе бұл байланыс Құқықтық нормалар арасында тығыз түрде дамиды.
Өмірлік тәжірибеден қалыптасқан норманы моральдық норма дейді. Бұл нормалар жалпы қоғам көлемінде тексеріліп, қабылданады. Мысалы, не жақсы-не жаман, не дұрыс-не бұрыс деген ұғымды қоғам береді, өмір, тәжірибе қалыптастырады.
Құқық пен моральдың арақатынасы өте күрделі процесс. Ол процесс төрт компоненттен тұрады: бірлігі, айырмашылығы, бірлесуі, дербестігі. Енді осы компоненттерге жеке-жеке тоқталық:
- Құқық пен моральдың бірлігі:
— екеуі де әлеуметтік нормаға жатады;
— екеуі де бір саясатқа бағынады, сол саясатты орындауға үлес қосады;
— екеуі де бір мүдде-мақсатты орындауға қатысады;
— екеуі де адамгершілікті, әділеттікті, теңдікті, бостандықты жақтайды.
- Құқық пен моральдың айырмашылығы:
— құқықтық нормаларды мемлекеттік органдар қабылдайды. Моралдық нормаларды ешқандай орган бекітпейді. Оларды қоғам, ұйым қабылдауы керек. Сонда ғана ол нормалар жақсы нәтиже береді;
— құқықтық норма ерікті орындалмаса, еріксіз орындалады. Моральдық норма тек ерікті түрде орындалады; т.б.;
— құқықтық норма заң немесе заңға тәуелді нормативтік акті болып бекітіледі. Моральдық норма ешқандай жазылмайды;
— құқықта заңды жауапкершілік болады. Моральда жоқ т.б.
- Құқық пен моралдың өзара бірлестігі:
— олар бірлесіп заңдылықты, тәртіпті қорғайды;
— бірлесіп тәрбие жұмысын жүргізеді;
— бірлесіп инабаттылыкты, парасаттылықты, дамытады т.б.
- Құқық пен моралдың өзара дербестігі:
— құқық заңдылықты жақтаса, мораль этиканы, эстетиканы қорғайды;
— құқықта тыйым салу болса, мораль да болмауы мүмкін;
— құқық құпия жұмыс жүргізуге, іс-әрекет жасауға рұқсат берсе. Мораль бұл істерге қарсы т.б.
Құқық әлеуметтік нормалардың басқа түрлерімен де қарым-қатынаста, байланыста олар бір-біріне күнделікті жәрдем көрсетіп отырады.
Құқық пен әдет-ғұрып – әдет-ғұрып көне дәуірден тәжірибеден өткен, қоғамға пайдалы нормалар, олардың біразы құқықтың негізіне айналды. Азаматтық, отбасы құқықтарына көптеген нормалар кірді. Азаматтық қоғамның көптеген қарым-қатынастарын әдет-ғұрып нормалармен реттеп – басқарады. Мемлекет пен құқық әдет-ғұрып нормаларға жан-жақты көмек көрсетіп отырады. Біраз нормаларды қабылдап, мемлекеттік күші бар нормаға айналдырып отырады.
Құқықпен салт-дәстүр – әр халықтың, әр ұлттың өздерінің салт-дәстүрлері болады. Мемлекет пен құқық оларға үнемі көмек көрсетіп, көп мәселені бірлесіп шешіп жатады. Әр ұлттың салт-дәстүрінің дамуына, мемлекет пен құқық барлық жасайды.
Құқық пен корпоративтік нормалар – қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, одақтардың, партиялардың ұжымдардың мүшелерінің арақатынастарын реттеп, басқаратын нормалар. Ол нормалар азаматтық қоғамның, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани дамуына көп үлес қосады. Олар мемлекеттік органдармен көпшілігінде бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Құқық пен діни нормалар – Діни нормалардың адамдарды, әсіресе жастарды инабаттылықта, парасаттылықта, адамгершілікте тәрбиелеуде өте зор іс атқарады. Сондықтан діннің ашық өмір сүруіне толық бостандық беріліп отыр. Діни мекемелер заңды тұлға болуға – құқысы бар, діни мейрамдарға да мүмкіншілік берілді.
Осы жоғарыда көрсетілген әлеуметтік нормалардың барлығына Қазақстан Республикасының Конституциясы заңды түрде мемлекетпен бірге тәуелсіз, демократиялық, егеменді қоғам құруды – негізгі міндетіміз деп жариялап отыр.
Егерде құқық пен баска әлеуметтік нормалардың арақатынасында келіспеушілік немесе қайшылықтар болса өзара келісімге келіп, бір-біріне зиян келтірмей реттеулері керек. Екі жақты бақылауға алып дұрыс, әділ шешімін табуға міндетті. Қатынастардың барлық түрлерінде бірінші орында жеке адамның бостандығы және қоғамның мүдде-мақсаты болуға тиісті.
Техникалық нормалар – адамдардың табиғатпен, техникамен дұрыс қарым-қатынас жүргізу ережелері. Қазіргі заманда ғылыми-техникалық прогресс уақытында техникалық нормалардың маңызы өте зор. Табиғатпен байланыста, қоғамның барлық саласында техникасыз өмір жоқ. Сондықтан адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің алдындағы кезек күттірмейтін мәселелерінің ең күрделісі.
Техникалық нормалардың түрлері: құрылыс жұмысында техниканы қолдану нормалары; өндірістегі, ауыл-шаруашылығындағы техника қолдану нормалары; үй-жабдығындағы техника нормалары т.б. саладағы техникаларды қолдану нормалары. Техниканың барлық түрінде жеке-жеке қолдану ережесі болады, соны жақсы оқып білу керек. Табиғатты, адамды қоршаған ортаны жақсы біліп, сақтау керек. Экологияны жақсартуға үлес қосу керек.
Техникалық нормалар «адам – ұжым», «адам – табиғат», «адам – машина», «адам – өндіріс», «адам – техника» т.б. арасындағы қатынастарды реттеп-басқарады.
Құқықтану мамандарына бұл қатынастарды жан-жакты зерттеп, техникалық нормалардың қоғамдағы атқаратын рөлін анықтап, гуманизациялық маңыз-сапасын үнемі жақсартып отыру заңгерлердің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл проблема қазіргі ғылыми-техникалық прогресс дәуірінде құқықтың ең күрделі, ең маңызды жүйесіне айналып отыр. «Техникалық» норма деген құқықтың бұл жүйесін шектеуі мағынада көрсеткендей. Құқықтың бұл жүйесінің шеңбері өте кең, қоғамның барлық саласындағы қарым-қатынастармен байланысып жатады. Техникалық нормалардың түрлері мен бағыттары:
- Техникалық нормативтік актілер, оның өзі бірнеше түрге бөлінеді: өндірістік, ауыл-шаруашылық, әскери, т.б. техникалық нормалар.
- Технологиялық нормативтік актілер, мұның да бірнеше түрлері бар.
- Экологиялық техникалық нормалар.
- Табиғат, адамды қоршаған ортаны қорғайтын техникалық нормалар.
- Отбасында пайдаланатын техникалық нормалар.
- Халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы техникалық нормалар.
- Мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, ұжымдарда пайдаланатын техникалық нормалар.
- Адамның еңбегін жеңілдететін, қорғайтын нормативтік актілер.
Міне қоғамның осы негізгі салаларында техниканың, технологияның маңызы, рөлі жылдан жылға қарқынды түрде өсуде. Осыған сәйкес техникалық нормалар да көбеюде. Ғылыми-техникалық прогресс дәуірінде бұл процесс осы қарқынды түрде дамып, қоғамның барлық саласын, бағытын қамтуға тиіс. Сондықтан бұл процесті сапалы дамыту үшін құқықтық нормаларды уақытында қабылдап, оның бұл бағыттағы қатынастарды басқарып, реттеу жұмыстарын жақсартуды талап етеді.
Техникалық норманың күрделі саласы – табиғатты қорғау нормалары. Адамды қоршаған ортаны таза ұстау, оның табиғи дамуына зиян келтірмеу, экологияны жақсарту ғаламдық проблема. Сондықтан дүние жүзіндегі барлық мемлекеттер бұл мәселеге зор көңіл бөліп, осы бағыттағы нормативтік актілерінің сапасын жақсартуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы да (БҰҰ) бұл проблеманы қатаң бақылауға алып отыр.
Техникалық норманың екінші маңызды саласы – халықтың денсаулығын сақтау. Осы бағытта мемлекеттер көп жұмыс жасауда: адамдарға арналған азық-түліктің, дәрі-дәрмектің, медицинада қолданылатын техниканың сапасын жақсарту; еңбектің қауіпсіздігін, адамның рухани сана-сезімін, білімін көтеру т.б.
Қазіргі заманда техникалық, технологиялық, экологиялық процестерді жақсарту тек құқықтық норманың ғана міндеті емес, сонымен бірге бұл ғаламдық проблемаға әлеуметтік нормалардың барлық саласы және қоғамдағы барлық ғылымдар үлес қосуы керек. Бәрі бірігіп ғылыми-техникалық норманы, стандартты т.б. жұмыстарды жасап, қатаң бақылауға кірісіп отыр.