Адам құқығы – тарихи, табиғи, объективтік құбылыс. Сондықтан әлеуметтік норма әр уақытта даму процесінде болады. Әлеуметтік норма адам қоғамы мен бірге дамып, бірге өзгеріп, бірге өмір сүріп келеді. Қоғамдағы жүздеген, мыңдаған қарым-қатынасты реттейтін, басқаратын әлеуметтік норма. Қоғам дамып, нығайып, жақсарған сайын әлеуметтік норма да дамып, нығайып жақсарады, оның әділеттік, бостандық, демократиялық шеңбері де, кеңістігі де молаяды, күрделенеді.
Жеке адамның құқығы мен қоғамдағы құқық тығыз байланысты. Бірі болса, екіншісі де болады. Бірі болмаса екіншісі де болмайды. Бұл екеуін бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды.
Адамның құқығы, бостандығы олардың мазмұндық дәрежесі қоғамның даму деңгейімен байланысты.
Мысалы: – Алғашқы қоғамдағы бостандық;
— құл иелену қоғамдағы бостандық пен шектеулер;
— феодалдық қоғамдағы бостандық пен шектеулер;
— буржуазиялық қоғамдағы бостандық пен шектеулер;
— қазіргі замандағы бостандық түсінігі мен мазмұны.
Құқық пен жеке тұлғаның өзара байланысын тек құқықтық статус арқылы толық түсінуге, білуге болады. Онда олардың сан қырлы байланысының түсінігі, мазмұны құрылымы, мақсаты, талаптары, мемлекет пен қоғамдық ұйымдармен арақатынасы көрсетіледі.
Құқықтық мәртебе – жеке тұлғаның қоғамда заңды түрде қалыптасқан бостандығы, табиғи және саяси құқықтары, әлеуметтік кемеліне келген жағдайы, рухани, мәдени білімі. Бұл мәртебенің мазмұны адамның қогамның әлеуметтік құрылысындағы алатын орны, ал мәртебенің нысаны – сол адамның қоғамдағы алатын орнын заңды түрде сипаттауы. Мәртебе латын тілінен аударғанда «положение – жағдай» – деген ұғымды көрсетеді.
Сонымен, құқықтық мәртебе – «құқықтық жағдай» – бір мағынадағы ұғым. Оның негізгі мазмұны мемлекеттің Конституциясында бекітілген жеке тұлғаның бостандығы, құқықтары мен міндеттері.
Құқықтық мәртебе объективтік тұрғыдан бостандықтың, демократияның жетістіктері мен кемшілігінің көрінісінің айнасы деуге болады. Адам қоғамының көне дәуірден даму кезендерінде құқықтық мәртебе әртүрлі болды. Бірақ бұл процесс үнемі прогрестік жолмен дамыды.
Құқықтық мәртебе – кешенді, интеграциялық категория. Ол адам мен қоғамның, азамат пен мемлекеттің, жеке тұлға мен еңбек ұжымының ара байланысының көрініс – айнасы.
Құқықтық мәртебенің негізгі түрлері:
1). Жалпылама құқықтық мәртебе – бұл азаматтық мәртебесі, қоғамның мүшесі, Конституциялық мәртебе.
2). Арнаулы құқықтық мәртебе – студенттер, зейнеткерлер, шахтерлер т.б. мәртебелер.
3). Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі – бір адамның өмірбаянының реквизиттері: білімі, қызметі, отбасы, аты-жөні т.б. Олардың қоғамның қай саласында қызмет атқаруы, соған сәйкес саяси және арнаулы жеңілдіктер болуы.
4). Жеке тұлға және заңды тұлғалар мәртебесі.
5). Шет елдердің азаматының мәртебесі.
6). Қазақстан Республикасының шет елдердегі азаматтарының мәртебесі.
7). Жүйелік мәртебелер: азаматтық, әкімшілік т.б.
8). Кәсіпқойлық, лауазымды тұлғалар мәртебесі.
9). Мәртебе – қиын жағдайда жұмыс атқаратын адамдар (солтүстікте, қиыр-шығыста, қорғаныс өндірісінде, құпия өндірісте т.б.)
Қазіргі заманда жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі заң ғылымының бір саласына айналды және жалпы теорияның жеке тақырыбы болып отыр.
Адамдар тек құқықтық жүйедегі қоғамда өмір сүре алады. Бұл объективтік тұжырымға адамдар мыңдаған жылдар өмір тәжірибесінен сезініп білді. Біздің заманымыздан бұрынғы Ү-ІҮ мың жылдықтан бастап, адам қоғамы құқықсыз өмір сүре алмайды. Құқық объективтік тұрғыдан қоғамның өмір сүруінің ең қажетті құралы болды. Осы тәжірибеге сүйене отырып, гректің ойшыл-ғалымдары Ликофрон, Антифон (Ү-ІҮ мың жылдықта) адамның табиғи бостандығы, құқықтары бар, оны ешкім жоя алмайды – деген. Бұл пікірді кейін Аристотель, Локк, Монтескье, Руссо, Канттар да қостаған. Сөйтіп, «Табиғи құқықтық теория» өмірге келген.
Бұл теория Англияның 1215 ж. бостандық хартиясында, 1689 ж. құқық петициясында, США 1776 ж. декларациясында, 1791 ж. Конституциясында, Францияның 1789 ж. Конституциясында мемлекеттік заңға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 ж. Декларациясында адамның «Табиғи құқық теориясы» қабылданып, әр мемлекеттің құқығының негізі болсын деп қаулы қабылдады. 1966 ж. БҰҰ Халықаралық пакт атты қаулы қабылдап, онда адамдардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын әлем көлемінде дамытуды, жақсартуды міндеттеді.
Қазіргі заманда адамдардың бостандығы мен құқықтары барлық мемлекеттердің Конституциясына, Декларациясына енгізіліп, ең негізгі ресми саясатқа айналды. Қазақстан Республикасының 1993-1995 жж. Конституциялары адамның бостандығы мен құқықтарына арнаулы бөлім беріп, бұл мәселені жан-жақты дамыту, жақсарту өзінің мемлекеттік міндеті деп жариялады.
Сонымен, адам қоғамы мыңдаған жылдар бойы сонау көне дәуірден қазіргі заманға дейін әлеуметтік нормалар арқылы басқарылып келеді. Сондықтан жеке адамның құқығы мен бостандығы туралы теорияның мыңдаған жылға созылған тарихы және мол тәжірибесі бар. Оның даму мазмұны, шеңбері қоғамның даму деңгейімен байланысты. Әр формацияда адам бостандығы мен құқығы әр түрлі болады. Бірақ оның дамуы объективтік прогрестік жолмен дамыды. Қоғам дамып, нығайып, жақсарған сайын құқықта, бостандықта нығайып жақсарады, оның әділеттік, демократиялық мазмұны да, кеңістігі де күрделенеді, жақсарады. Егерде бұл бостандыққа, құқыққа шектеу қойылса, оны іске асыруға кедергілер жасалса, адамдардың табиғи бостандықтарына мән берілмесе, ондай қоғамда антидемократиялық (фашизм, тоталитаризм, деспотизм) мемлекет орнап, саяси, экономикалық дағдарысқа ұшырайды. Адам қоғамының тарихында бұған мысал жеткілікті. Осы XX ғасырдың өзінде осындай дағдарыс екі дүниежүзілік соғысты өмірге әкелді.
Сонымен, адам құқығы – жеке тұлғаның табиғи мүмкіншіліктері арқылы қоғамның барлық саласында іс-әрекет жасап, өздерінің қадір-қасиетін, ар-намысын, абырой беделін қорғап, жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуі.
Заң ғылымында адам құқығы, азамат құқығы, жеке тұлға құқығы деген ұғым бар. Оларға қысқаша түсінік берейік.
Адам құқығы – табиғи құқық, оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Егерде ол табиғи құқықтарды мемлекет Конституцияға кіргізіп, бекітсе, онда ол адам сол мемлекеттің азаматы болады.
Азамат құқығы – табиғи құқықтар жинақталып, жүйеге келтіріліп, мемлекеттің заңдарында, нормативтік актілерде көрсетіліп, мемлекеттің қорғауында болып адамдар сол қоғамның азаматы болу.
Жеке тұлғаның құқығы – жеке адамның құзыреті, іс-әрекет жасау мүмкіншілігі. Оның шеңбері жеке тұлғаның саяси-қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық мәртебенің шеңберіне байланысты. Жеке тұлғаға жататындар: адам, азамат, шет елдердің азаматы, азаматтығы жоқ адамдар, саяси-экономикалык, әлеуметтік тұрғыдан қашқындар.
Қазіргі заманда мемлекеттердің көпшілігі бұл үш ұғымды бір мағынада қолдана береді. Жеке адамдардың құқықтарында объективтік және субъективтік деген түсініктер бар. Енді солардың мазмұнына тоқтайық.
Объективтік құқық – заңды нормалардың бір жүйесі, оның мазмұны, нормалардың өмірге келуі жеке адамдармен қатысы жоқ.
Субъективтік құқық – субъектілердің бостандығы мен құқықтары объективтік құқықтағы іс-әрекеттерді орындауға байланысты.
Азаматтардың, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандығы халықаралық актіде және әр мемлекеттің Конституциясында толық көрсетіледі. Оның түрлері: азаматтық, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени, экологиялық, ақпараттық құқықтар. Енді оларға қысқаша түсінік берейік.
Азаматтық құқық – адамның табиғи бостандығы мен құқықтары. Адам не істесе де ерікті. Тек қоғамға жеке азаматтарға зиян келтірмеуге міндетті.
Экономикалық құқық – табиғи бостандық пен құқықтың экономикалық талаптары – жеке меншік құқығы кооперацияға мүше болу, акционерлік ұйымдарға қатысу, жұмыс істеу, бизнеске қатысу т.б.
Саяси құқық – қоғамды, мемлекетті, өндірісті, шаруашылықты басқару, қоғамдық ұйымдар, партия қүру, жиналыс, митинг, демонстрация өткізу, сайлауға қатысу, сайлану т.б.
Әлеуметтік құқық – қоғамның экономикалық, материалдық дамуы сол арқылы адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек, үй құқығы, денсаулықты жақсарту т.б.
Мәдени құқықтар – білім алу, рухани сананы жақсарту; әдебиет, өнермен шұғылдану; тіл, дін құқықтары т.б.
Экологиялық құқық – адамды қоршаған ортаны, табиғатты жақсарту, ол туралы мәліметтер алу, зиянға ұшыраса төлету т.б.
Ақпараттық құқық – ойлау, сөйлеу бостандығы, газет-журнал шығару, мақалалар жазу т.б. құқықтар.
Халықаралық құқықтар – жоғарыда көрсетілген құқықтардың көпшілігі адамдар басқа елдерге барғанда да пайдаланады. Адамдардың саяхат жасауына, жүріп-тұруына шектеу қойылмайды.
Адамдардың негізгі міндеттері – адамдардың құқықтары мен міндеттері тығыз байланыста болады. Мысалы: сөз, ойлау бостандығы мен қате, бұрыс ойламау, сөйлемеу міндеттері. Адамдардың міндеттерін екі топқа бөледі: табиғи және заңды міндеттер.
Табиғи міндеттер табиғи құқықтармен сәйкес болады. Заңды міндеттер – нормативтік актілер арқылы қалыптасқан міндеттер. Мысалы, азаматтардың табиғатты жақсарту, қоғамдық тәртіпті сақтау т.б.
Азаматтардың негізгі міндеттерінің көпшілігі Конституцияда көрсетіледі. Адамдар құқықты қалай талап етсе, олар сол дәрежеде міндеттерді орындауы қажет. Құқық пен міндет бірге қалыптасады, өмірге бірге келеді, бірге дамиды. Бұл объективтік процесс. Адамдар өз міндеттерін дұрыс, уақытында жақсы орындаса, құқықтары да кедергісіз орындалуға тиісті.
- Адам құқығы – азаматтың басты игілігі
Қазіргі заманда өркениеттің басты жетістігі адам құқығы мен бостандығын нақты қалыптастыру болып табылса, барлық мемлекет оны қорғап, оған кепіл болуы тиіс. Осындай ізгілікті үрдістен тәуелсіз Қазақстан да шет қалып отырған жоқ.
Қазақстан Ата заңының 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп атап көрсетілген. Осы заң сөздері Қазақстанға әлемнің дамыған елдерінің қатарында тұруға моральдік құқық береді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алып, дүниежүзілік қауымдастық қатарына қосылғаннан бері адам құқығына қатысты бірнеше халықаралық конвенцияларға қосылды. Қазақстан ең алдымен 1949 жылы қабылданған Женева конвенциясына (Конвенцияға қосылу ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 31-ші наурызындағы қаулысымен бекітілді), 1989 жылы қабылданған Сәби құқығы туралы конвенцияға (ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8-ші наурызындағы қаулысы) қосылды. Осы халықаралық конвенцияларға қосылып, Қазақстан адам құқықтары мен бостандықтары басты қазынасы болып саналатын, демократиялық ел болуға деген ұмтылысын бекіте түсті.
Адам құқығын қорғау бүгінімізге ғана емес, өткенімізге де қатысты. Халқымыздың басынан өткен саяси қуғын-сүргіндер, ашаршылық, зұлмат жылдары тек қазақстандықтардың ғана емес, республиканың басқа да ұлт өкілдеріне қиянат, қайғы-қасірет әкелгені белгілі. 1993 жылдың 14-ші сәуірінде осындай келеңсіз жағдайлардың салдарына душар болған азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы қабылданды. Бұл заң кезінде мемлекет саясатының нәтижесінде құқығы бұзылған азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге, оларды ақтауға кепілдік беретін құжат болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанға жер аударылған және одан қуылған 1 миллионнан астам қазақстандықтарды ақтау әлі жүзеге асырылмады. Бұған құқылық негіздердің жеткілікті дәрежеде қалыптастырылмауы өзіндік қиындықтар туғызып отыр. Бас бостандығынан айырылғандар да біздің қоғамымыздың толық заңды мүшелері, сондықтан олардың азаматтық құқықтарын қорғау – маңызды мәселе. Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және ардақтау ұстыны БҰҰ-ның 1945 жылы қабылданған Жарғысында қатталды. Осы құжат шын мәнінде тәуелсіз мемлекеттердің халықаралық құқық шеңберінде ынтымақ ұластырып, жарасымдылыққа жетуіне тұңғыш рет саяси, заңдық негіз қалаған еді. 1992 жылы тәуелсіздіктің аспан-көк туын көтеріп, өзге мемлекеттермен терезесі тең мүше ретінде табалдырығынан аттаған БҰҰ-ның жарғылық қағидаларына адам құқығы – адамзаттың басты игілігі екендігі, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығы, үлкен және ұсақ ұлттардың теңцігі, бейбітшілік пен қауіпсіздік сактау үшін күш біріктіру арқау болып тартылған. Міне сондықтан да Бас Ассамблеяның 1948 жылғы 10-шы желтоқсанда қабылданған Жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясы негізінде мемлекеттердің ынтымақтастығын қалыптастыруда халықаралық үрдіске сай заңды міндетті сипатқа ие болып келеді. Осы Декларация кейіннен тармақтала қосылып, жүйелене дамытылған, әрі сан-салалы мәселені, атап айтқанда, босқындардың мәртебесі (1951 ж.), апартеид (1954 ж.), нәсілдік кемсітушілікті жою туралы (1965 ж.) және басқа да халықаралық пактілерді қамтитын қайнар бастау іспетті. Осы құжаттарда Адам құқығы жөніндегі декларацияны жүзеге асыру үшін мемлекеттерде әрбір адам өзінің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, сонымен қатар өзінің саяси-азаматтық құқықтарын емін-еркін пайдалана алатындай жағдай жасауға тиістігі ерекше аталып өткен.
БҰҰ Жарғысының аса маңызды ережесі дүниежүзілік қауымдастықка адам құқықтарына басым көңіл бөлуді мойындауды және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын барша адамның нәсіліне, жынысына, тілі мен дініне қарамастан құрметтеуді, халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды міндеттеуі болып табылады. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы 200 тілге аударылып, көптеген елдердің Конституцияларына енгізілген. Декларацияның басты мақсаты Қазақстан Конституциясынан да кең орын алған. Әсіресе декларациядағы: «Барлық адам болмысынан тең құқылы және азат болып туады. Барлық адамға ақыл-ой берілген, сондықтан бір-бірімен бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс», – деген қағиданың біздің мемлекетімізде қолдау тапқандығының бір айғағы – жүзден астам ұлт өкілдерінің тіл табысып, тату-тәтті өмір сүруінде. Бүкіл әлемнің миллиондаған жұртшылығы – үлкендерді де, кішілерді де әманда осы құжаттан демеу тауып, көмек алатын болды. Күні бүгінге дейін дүние жүзіндегі барлық елдер бұл құжатты адам құқығын қастерлеудің ең жоғарғы эталоны ретінде бағалап, оны үлгі етіп келеді.
ҚР-ның Әділет министрлігінде әйелдер мен балалар мәселелерімен айналысатын 30-дан астам әр түрлі республикалық ұйым тіркелген. БҰҰ-ның Баланың құқықтары туралы конвенциясын іске асыру үшін мемлекет бірқатар заңды құжат қабылдады. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау туралы» (1997 ж.), «Еңбекті қорғау туралы» (1993 ж.), «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» (1997 ж.) заңдары солардың қатарына жатады. Республикамызда мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту, тәрбиелеу және сауықтыру үшін, сондай-ақ мүгедек балаларды оқыту үшін жасауға көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар әрбір азамат өз пікірін білдіруге, ақпарат алу бостандығына деген құқығы басқа құқықтар мен бостандықтарды іске асыру үшін негіз болып табылады. Сөз бостандығы қоғамның демократиялығының белгісі және кепілі. Ал Қазақстан үшін – оның демократия жолымен алға басуының қаншалықты шынайы екендігінің және саяси реформалардың қандай деңгейіне жеткенінің көрсеткіші болып табылады.
Еліміз егемендік алып, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекетке айналды. Тәуелсіз мемлекеттің бүтіндігін қорғап, ішкі және сыртқы саясатының да пәрмендігін арттыру үшін оның мызғымас заңы және заңды қорғайтын әділ сотының болуы басты шарт. Сот әділдігін жүзеге асыру мемлекеттік өкімет билігінің ерекше түрі. Азаматтар құқығы – заңдармен қорғалады, ал заңдар бұзылса әділ сот билігімен қорғалады. Сондықтан сот билігі жүйесіндегі мәселелер терең қамтылып, заңдарымыз уақыт ағымымен сәйкестірілу бағытында. Жоғарыда айтқанымыздай Қазақстан Республикасы адам құқықтарын қорғау саласында оң қадамдар жасауда. Біздің республикамыз келешекте де адам құқығы жөніндегі айтулы халықаралық, экономикалық, әлеуметтік және саяси пактілерге қосылуға бет бұрып, үнемі басты назарда ұстауға кепілдік берді.
Кепілдік – қоғамның экономикалық жағдайы, құралдары, әдіс-тәсілдері бірігіп, адамдардың бостандықтары мен құқықтарын іске асыруға қолайлы мүмкіншіліктің қалыптасуы. Кепілдіктің қағидалары: гуманизм, әділдік, заңдылық, теңдік, демократизм т.б. Кепілдік мазмұны, мақсаты – адамдардың бостандықтары мен құқықтарын іске асыруға қолайлы жағдай жасау. Оның функциясы – осы бағыттағы нормативтік актілерді уақытында, дұрыс орындалуын қамтамасыз ету. Объектісі – құқықтық қатынастардың жақсы дамуына, аяқталуына мүмкіншілік жасау.
Кепілдікті жүйелеудің түрлері толып жатыр. Оның әлеуметтік бағытына қарай үш түрі болады: материалдық, саяси, рухани.
Материалдық кепілдік – экономикалық кеңістік, заттардың орын ауыстыруына, бизнеске, конкуренцияға толық бостандық беру, меншіктің барлық түрін қорғау, адам мен мемлекеттің, жұмысшы мен бизнесменнің, өндіруші мен алушының арасында әлеуметтік теңдікті қалыптастыру.
Саяси кепілдік – қоғамда демократиялық басқару жүйенің қалыптасуы, халықта экономикалық, саяси, әлеуметтік бостандықтың болуы. Ақпараттың жұмысына бақылауды жою. Сын мен сезге толық бостандық беру.
Рухани кепілдік – мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту, отанды қорғау, қадірлеу, әділеттікті, шындықты, теңдікті, инабаттылықты, адамгершілікті, парасаттылықгы жақтау.
Заңды кепілдіктің – түрлері: конституциялық, жалпы халықтық, жеке адамдардың құқықтарын орындау, қорғау кепілдіктері.
Кепілдіктің кеңістігіне қарай екі түрі болады: мемлекеттің ез ішіндегі кепілдік және халықаралық Құқықтық кепілдік.
Мемлекеттің өз ішіндегі кепілдік – адамдардың бостандықтары мен құқықтары Конституцияда, Заңдарда жазылып, олардың орындалуын мемлекет толық бақылауға алып, материалдық, әлеуметтік, саяси мүмкіншіліктер жасалады.
Халықаралық құқықтық кепілдік – Біріккен Ұлттар Ұйымының декларациясында, әр түрлі дүниежүзілік ұйымдардың қаулыларында, халықаралық кұқықта толып жатқан кепілдіктер бар. Олардың орындалуына толық бақылау орнатылған.
Нормативтік актілердің мазмұнына қарай кепілдіктің бірнеше түрі болады: қарапайым, күрделі, аралас, жалпылама, арнаулы, жеке адамға кепілдіктер.
Қарапайым кепілдік – адамның бостандығы мен құқықтарының бір саласын қорғайтын нормативтік актілер жиынтығы. Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясында адамдарды «сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» (20-6. 1-т.).
Күрделі кепілдік – қоғамның бір саласындағы адамдардың бостандығы мен құқықтарын және әлеуметтік ұйымдарын қорғайтын нормативтік актілер жиынтығы. ҚР Конституциясында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала – мемлекеттік тұрғыдан танылып, қорғалатын басты қазына» (27-6., 1-т.).
Аралас кепілдік – адамдардың қоғамдағы барлық бостандығы мен құқықтарын және әлеуметтік ұйымдарын қорғайтын нормативтік актілердің жиынтық кепілдігі. ҚР Конституциясында «Қазақстан мемлекеті адам кұқығы мен бостандығын оның қай елдің азаматы екендігіне қарамастан мойындайды, кепілдік береді әрі қорғайды» (12-6., 1,4-т.).
Жалпылама кепілдік – халықаралық құқықтың және БҰҰ Декларациясының (1948, 1966 жж.) талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында «Адам құқықтары мен бостандықтары – дүниежүзілік қоғамдастық игерген мойындаған және тиісті халықаралық – құқықтық актілерде бекітілген, әлеуметтік және заңдық жағынан қамтамасыз етілген, әрбір адамның құқы ретінде мойындалған, ешкім де еркін шектеп немесе тыйым сала алмайды… Қазақстан мемлекеті адам құқығы мен бостандығын оның қай елдің азаматы екендігіне қарамастан мойындайды, кепілдік береді, әрі қорғайды» (4-б,1,3,4-т; 12-6.).
Арнаулы кепілдік – қоғамда адамдардың мамандықтарына, қызметіне, еліміздің дамуына қосқан еңбегіне карай жеңілдік — қамқорлықтар болады. Соларды реттеп, басқаратын нормативтік актілердегі кепілдіктер. Мысалы, зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, мүғалімдерге, шахтерлерге әскери қызметкерлерге т.б. заңды кепілдіктер бар.
Жеке адамдарға төтенше жағдайдағы кепілдік – Мұндай кепілдіктің түрлері толып жатыр: жер сілкінсе, су тасқыны, өрт болса т.б. Кепілдіктің барлық түрін нормативтік актілермен толық қамту мүмкін емес. Біраз нормалар бар және бұл мемлекеттің бақылауындағы мәселе.
Ұйымдастыру кепілдіктері – оның үш түрі болады: кепілдіктің тәртібі, техникалық кепілдік, бақылау кепілдігі. Кепілдіктерді дұрыс, уақытында, сапалы іске асыруды мемлекеттік органдар өз бақылауына алып, жоспар жасалып, қатаң тәртіппен орындалады. Бұл туралы нормативтік актілер сол тәртіппен іске асуы кажет.
Техникалық кепілдік – кепілдіктердің біразы техникаларды қолданумен іске асады. Сондықтан мемлекеттік органдар бұл мәселені сапалы жүргізу үшін біраз іс-әрекеттер жасауға міндетті.
Бақылау кепілдігі – кепілдіктің барлық түрлері мемлекеттің бақылауы арқылы сапалы орындалады. Бұл проблема туралы нормативтік актілер қатаң тізімге алынып іске асады.
Өмірде мемлекеттің кейбір аппараты өзінің баскару жұмысын жақсартам деп, шеңберден шығып кетеді, асыра сілтеу басталады. Сондықтан мемлекеттің бақылау жұмысы әрдайым күн тәртібінде болу керек.
Қоғамда әр азаматтың құқығының, бостандығының шеңбері болады. Ол бұл шеңберден асып кетуге, шеңберді бұзуға құқығы жоқ. Себебі, онда мемлекеттің, қоғамның, басқа адамның мүдде-мақсаты бұзылады немесе олардың құқығына нышан келеді. Сондықтан әр азамат бостандықтың, құқықтың бұл қағидаларын қатаң орындауға тиіс. Ол болмаса қоғамның тәртібі, заңдылығы бұзылады. Бұл объективтік процесс.
Әр заңда, әр нормада қатынастың субъектілерінің құқығының шеңбері көрсетіледі оны орындауға олар міндетті:
- Құқықтың субъектілеріне ерік беру.
- Құқықтың субъектілерін міндеттеу.
- Құқықтың субъектілеріне тыйым салу.
Міне осы шарттар орындалмаса, құқық бұзылған болады да, жауапкершілік басталады.
Адам құқығы мен бостандығы оның міндетімен байланысады. Жеке тұлға Қазақстан Республикасының алдында жауапты әрі оның Конституциясы мен Заңдарын, аумағының біртұтастығын сақтауға, салт-дәстүрге, мемлекеттік тіл мен барлық ұлт өкілдерінің тіддеріне құрметпен қарауға, Қазақстан Республикасының қуатын, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға атсалысуға міндетті.
Сонымен, Қазақстандық конституционализм сипаты оның социалистік жалған конституционализм сүрлеуінен тарихи жүріп өту нәтижесінде қалыптасуы және әлемдік қауымдастыққа лайықты өмір сүріп, өркендеу үшін Қазақстанға объективті түрде қажет либералдық-демократиялық құндылықтарды түпкілікті бекіту ерекшеліктеріне байланысты. Бұл ерекшеліктер жаңа тәуелсіз мемлекет бастан кешіп отырған ұзақ өтпелі кезең қиындықтарымен, унитарлы мемлекеттік өкіметінің ұйымдасуымен, мызғымас республикалық басқару нысанынан туындайтын ішкі-сыртқы геосаяси және демографиялық параметрлерімен сабақтас.
БҰҰ 1995-2004 жылдарды Адам құқықтары саласындағы ағарту он жылдығы деп жариялаған болатын. Міне, бұл үлкен бастама. Әр мемлекет, әрбір азамат осынау ізгі бастамаға өз үлесін қосатын болса нұр үстіне нұр. Адам құқықтары туралы білімді өрістету – адам құқықтарының сақталуына кепіл болады. Өз құқықтары мен міндеттерін жете білген адам еш уақытта жаңсақ баспайды.