Адам қоғамының тарихын, даму процесін, мазмұнын, болашағын зерттейтін ғылымдарды қоғамдық ғылым дейді. Оның салалары: философия, саяси экономика, тарих, социология, заң ғылымдары, филология, археология, этнография т.б. Бұлардың ішінде мемелекет пен құқық теориясына кеңірек көңіл бөлетін философия мен тарих, ал басқалары қысқаша тоқтап өтеді.
Заң ғылымы — қоғам ғылымдарының бір саласы. Заң ғылымы шын және толық мәнінде заң дүниесін, заң құрамын жете танитын ғылым болып XIX ғасырдың ортасында қалыптасты. Бұл ғылым мемлекет пен құқықтың өмірге келуін, мазмұнын атқаратын жұмыстарын, диалектикалық даму процесін т.б. мәселелерін зерттеумен шұғылданады.
Мемлекет және құқық пәні – қоғамдағы саяси экономикалық, әлеуметтік құбылыстарды зерттеп, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынастарды реттеу, басқару әдіс-тәсілдерін, объективтік заңдылықтарын анықтап отыратын ғылым. Ол мемлекет пен құқықтың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді. Мемлекет пен құқықты бөліп қарауға болмайды, олар бір-бірімен тығыз байланысты. Құқық мемлекеттік органдардың құрамын қалыптастырудың ретін, жұмыс тәртібін және оның бағыт-бағдарын орнықтырады, ал мемлекет құқықтық нормаларды қабылдайды, бекітеді және қорғайды.
Тұлғаның құқығы құқықтық қатынасқа қатысушы басқа тұлғаның құқығымен байланысты болғандықтан, екі жақта да құқықтық міндеттер пайда болады. Мысалы әр азаматтың оқып, білім алуға құқығы бар. Сол құқықты пайдаланып, оқуға түскеннен кейін азамат оқу орнының ішкі тәртібіне бағынуға, оқу бағдарламасын орындауға міндетті.
Құқықтың түрлі түсінігінің болуы — оның әлеуметтік мәнінің де түрлі болуының негізі. Егер құқықты тұлғалармен байланыстырса, тұлғалардың мемлекетте, қоғамда құқықтық мәртебесі қандай екенін анықтау, түсіну қажеттігі туады. Азаматтарға сан қилы құқықтар мен бостандықтар беріліп, оларды жүзеге асыру мүмкіндігі жасалса, онда қоғамда шынайы теңдік орнатылған болып есептеледі. Ал, объективтік құқық туралы сөз болғанда, мемлекетте қалыптасқан заңдар жүйесі әлеуметтік тұрғыдан сипатталады.
Қазақстан Республикасында қабылданған заңдарды талдайтын болсақ, олардың қандай да болсын әлеуметтік топтарды кемсітетінін немесе белгілі бір топқа артықшылық жасайтынын таба алмаймыз. Демек, Қазақстан заңдары барлық әлеуметтік топтардың еркін білдіріп, одардың заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған.
Құқықтың жалпы әлеуметтік мәнін мойындай отырып, оған мынадай анықтама беруге болады. Құқық (объективтік тұрғыдан қарағанда) — жалпыға бірдей міндетті, мемлекет күшімен қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, заңда және басқа да ресми құжаттарда анықталған құқықтық норма, ережелердің жиынтығы.
Құқықтық мемлекет — жеке адам мен қоғам мүддесін қорғайтыны, заң үстемдігі мен құқық принциптеріне негізделіп құрылған мемлекет. Ол принциптер: заңның үстемдік етуі; мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінуі; адам мен азамат құқығы мен бостандығына халықаралық өлшем деңгейінде кепілдік берілуі; тұлға мен мемлекеттің өзара жауаптылығының болуы, т. б.
Қазақстанның біртұтастығы оның әкімшілік аумақтық бөлшектерден құрылатындығын (облыс, аудан, қалалық аудан, ауылдар мен селолар), автономияға бөлінбеуі. Әкімшілік аумақтық құрылым туралы ерекше заң бар. Ол Қазақстанның тарихи және қазіргі замандағы ерекшеліктерін бейнелейді.
Азаматтық құқықтық мәмілелер ауызша, жазбаша нысанда жасалады. Жасалған кезде атқарылатын (егер тараптар жазбаша жасаймыз деп өзара келіспесе), жетон, билет немесе әдеттегідей қабылданған өзге де растайтын белгі арқылы жасайтын мәмілелер ауызша жасалынады. Мұндай мәмілелер адамның мінез-құлқынан, оның мәміле жасау еркі айқын көрініп тұрған ретте де жасалған деп саналады. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде мәміле жасауға ерік білдіру деп танылады.
ҚР мемлекет және құқық тарихының даму этаптары
Құқықтың дамуы — адам қоғамының дұрыс өмір сүруінің негізгі обьективтік заңдылықтарының бірі. Ол әлеуметтік нормалардың қалыптасып, қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеп, басқаруы және әлеуметтік нормалардың (әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мораль, діни нормалары) қоғамның даму процесінде бірте-бірте құқықтық нормаларға айналуы. Сонымен, қоғамда мемлекеттің өзі қабылдаған, бекіткен құқықтың жаңа түрлері пайда болды: заң, заңға тәуелді кесімдер, шарттың нормалар, заң күші бар соттың шешімдері.
Құқық екі жолмен дамыды. Біріншіден, мемлекеттік қоғамдық меншікті реттеу моралдық-діни нормаларға сүйенді. Мысалы, Индияда Ману заңына сүйенді, ал мұсылман елдерінде – Құран заңы. Екіншіден, жеке меншік бағытындағы қатынастарды мемлекеттік органның өзі бекіткен нормалар арқылы реттеп, басқарды.
Адам қоғамы мыңдаған жыл өмір сүріп келеді. Жеке адамдар тиісті мемлекеттің азаматы болып, сол мемлекеттің билігіне, құқықтық тәртібіне бағынып, өзінің іс-әрекетін, мінезін, тәртібін қоғамдық мүдде-мақсатты орындауға жұмсап келеді. Адамдар ежелгі заманнан мемлекет пен құқық қашан пайда болды, қалай дамып келеді? – деген мәселелермен шұғылданып, ғылыми зерттеулер жасап келеді.
Енді мемлекеттің және құқықтың пайда болуы туралы теориялардың мазмұнына қысқаша тоқталып өтейік.
Теологиялық теория — мемлекет пен қүқық Алланың әмірімен калыптасып, дамып келеді деп түсіндіреді.
Табиғи теория — бұл теорияны жақтаушылардың пайымдауынша, мемлекетті, құқықты ешкім ойлап тапқан жоқ, олар адамның өзі сияқты табиғаттан бастау алып, әділеттілікке негізделген абсолюттік ұғымдар деп атайды.
Тарихи теория — осы теорияны ұстанғандар мемлекет пен құқық тарихтан бастау алып, тарихпен бірге жетілді дейді.
Патриархалдық теория — мемлекет адамдардың отбасы тәжрибесінен қалыптасқан азаматтардың саналы түрде өздерінің мүдде-мақсаттарын іске асыру үшін біріккен одақ деп түсіндіреді. Күрделі ірі патриархалдық отбасы басшысы бірте-бірте мемлекеттің басшысына айналған Отбасы басшысы — әке, мемлекеттің басшысы – монарх.
Психологиялық теория – адамдардың психологиялық біріккен көзқарасы, іс-әрекеті, мінезі, тәртібі — бәрі келісіп, ұжымдық түрде басқарады деген тұжырымды қолдайды және тағы басқалар.
Қазақ жерінде алғашқы қауымдық қоғам заманында рулық қауым пайда болып, ұзақ ғасырлар бойы адамдар туыс, қандастығы ұйымның шеңберінде өмір сүрді. Бұл аймақта мекендеген көшпелі тайпаларда мемлекеттің құрылуы ғасырларға созылып, ол ерекше күрделі түрлер арқылы қалыптасты, ал барша жұрт ертеден келе жатқан ауызша заңдар жүйесі «әдет» заңына бағынып келген.
1465 жылы тарихта тұңғыш дербес қазақ хандығының негізі қаланып, Жәнібектің ұлы Қасым ханның тұсында көркейіп, қуатты мемлекетке айналды. Қасым хан қазақтың құқықтық әдеттерін жүйелеп «Қасым салған қасқа жолды» тұжырымдап берді. Ол бес тараудан тұратын:
- Мүлік заңдары (мал, мүлік, жер дауы мәселелері).
- Қылмыс заңдары (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық мәселелері).
- Әскери заңдар (қосын, аламан, әскери міндет, тұлпар ат, қара қазан мәселелері).
- Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, сыпайылық, әдептілік).
- Жұртшылық заңы (ас, той, мереке, жасауыл және т.б).
Қоғамның даму барысы қазақ заңдарының одан әрі жетілуіне әкеп соқты. Осындай міндетті Есім хан (1598-1645 жж.) бұрынғы қазақ заңдарына, әдеттеріне жаңадан дем беріп, әсіресе, әскери заңдардың беделін күшейтті. Бұл әрекет жоңғар қалмақтарының басқыншылығына тойтарыс беруге бағытталды. Есім хан өзінің заңдар жинағында ежелгі құқықтық әдеттерді қаз-қалпында сақтағаны үшін оған халық «Есім ханның ескі жолы» деген ат берді.