Емледегі тілдің емлесі оның басты құрылымының дұшпаны емес, қорығы болуы керек, өкінішке орай, қазақ тілінің атазаңы болып табылатын Үндестік заңдылығын аяққа басуға қазырғы емле қолғабыс болуда: қазыр – қазір, қадыр – қадір. Мұның үстіне тілдің бұл заңын жоққа шығарып, орыс тілінің заңдылығын тықпалап жүрген Ь секілді белгілер бар, мәселен, сингармонизм заңы бойынша қазақ тілінде «дельфин» сөзі жіңішкелік белгісіз жазылуы керек: делфин, өйткені, қазақ тілінің жіңішке е дыбысы «л»-ды жіңішкертіп тұр; ал орыс тіліндегі е дыбысы жуан айтылып, келесі дауыссызға ықпалы болмағандықтан, «л»-ды жіңішкертуге арнайы белгі керек екені рас. Тіпті, екеуі бірдей таңбаланса да, қазақы Е жіңішке, орысша Е дыбысы жуан дыбысталатынын ескермейміз. Осы орайда, әліпбиге терең үңіліп, орыс дыбыстарының ішіндегі ерекше тоқталуды қажет ететіні – «и». Жалпы, қазақ тілінде бір ғана қысқа «и» (й) дыбысы бар, ал ұзақ «и» — қазақ тілін тәуелдендіру саясатының нәтижесі. Әдеттегі қазақ тілі қағидасына енгізілген «дауысты дыбыстан соң қысқа и (й), дауыссыздан соң ұзақ и айтылады» дейтін ереже тіліміздің қасиетін көз бе көз бұрмалау болып отыр. Салыстырайық: сүй — ки, күй – би, түй – ти, үй – ши деген сөздердегі қысқа мен ұзақ «и»-лердің айырмашылығы бар ма? Жоқ! Өйткені, бәрі де қысқаша дыбысталып тұрған «и»-лер, «йй» болып тұрған ешқайсысы жоқ, демек, қазақ әліпбиіндегі ұзақ и — дыбысы артық әуре! Сонымен бірге, и дыбысы «сипат», «жинақ» сөздеріндегі «ый»-ды, «жиі» сөзіндегі ій-ді не үшін алмастырып тұрғаны түсініксіз, әліпбиімізде қысқа й болмаса, бір сәрі! Көрер көзге артық и әріпін ақтау үшін тілдің жазылымын тәлкекке салып отырғанымыздың мысалы осы емес пе?! Бұл мысал «ый» және «ій» дыбыстарын таңбалайтын и әріпінің қазақ тіліндегі екі «жүзділігін» көрсетіп тұр. Масқара болғанда, қазыр біз «музыйка», «румыйнйа» деген сөздерді орысша түрде «музыка», «румыния» деп жазып жүрміз, мұндағы орыстың «ы» әріпінің, «ый» болып дыбысталатынында шаруамыз болмай қалған. Ал, енді бұл қазақы әліпбидің жекелеген орыс сөздеріне келгенде, тіпті, қолданыстан шығып қалып жүргенін көрсетеді. Қазақ тілінің жалпақшешейленген сыйпаты тек қана орыс тіліне ғана қатысты емес, араб-парсы тілдеріне де қатысты. Тілімізге сол тілдерден енген саусақпен санарлық сөздер үшін «һ» дыбысын тықпалап қойдық та, анда-санда қаһарман, айдаһар деп шала бүлінеміз! Шын мәнінде кәзіргі қазақ бұларды жөткірінбей-ақ: қахарман, айдахар дей салады. Енді бұған исламды қабылдаған жүздеген жылдар бойы «Алла» атап келген жаратқанды «Аллаһ» дейтін болдық. Ал, егер арабтар мен парсыларға қазақ тіліне олардың қанша сөздері енгендігі жөнінде есеп керек болса, оны басқа жолмен де шешуге болады ғой! Егер де қазақ әліпбиі жасақталған бұрынғы жалпақшешейлік тұжырымдамамен қарасақ, қазырғы әліпби күнтәртібінің талабына сай емес, өйткені, бұл тұжырымдама қазақ тілінің жазбаша сыйпатын нақты беру емес, өр кеуделі орыс тілінің сөздерін сол күйінде жазуға ыңғайластырудан шыққан болатын. Енді қазақ тілінің алдында алып кейіпті дүниежүзілік ағылшын тілі тұрғанын ескерсек, онда 42 әріпке ағылшынның тағы да 7-8 әрпін қосып, әліпбидегі әріп санын 50-ге жеткізіп, айды аспанға шығару қалып тұр ма? Кім білсін, оның арғы жағында қытайдың иероглифі де есігімізден сығалап тұр дегендей… Дыбыстарды түгендеу Аталған жағдайларды қазақ тілінің өзге тілге тәуелдік сыйпаты есебінде бағалап, оны құтқаратын уақыт келді. Сайып келгенде, қазақ тіліндегі 42 әріппен 74 дыбысты таңбалап жүрміз. Ал оған А.Байтұрсынұлы дәйектеген 29 таңба да жеткілікті болатын. Егер әліпбиге нағыз қазақы сыйпат берсек, мынадай кесте шығады: әріптер — дыбыстар 1. а – а; 2. ә — ә; 3. б – бы,бі, ыб, іб; 4. г – гі, іг; 5. ғ – ғы, ығ; 6. д – ды, ді, ыд, ід; 7. е – е; 8. ж – жы, жі, ыж, іж; 9. з – зы, зі, ыз, із; 10. й – й; 11. к – кы, кі, ык, ік; 12. қ – қы, ық; 13. л – ыл, лы, іл, лі; 14. м – ым, мы, ім, мі; 15. н — ын, ны, ін, ні; 16. ң – ың, ің; 17. о – о; 18. ө — ө; 19. п – пы, ып, пі, іп; 20. р – ыр, ры, ір, рі; 21. с – сы, ыс, сі, іс; 22. т – ты, ыт, ті, іт; 23. у – ұу, іу; 24. ұ – ұ; 25. ү – ү; 26. х – хы,ых; 27. ш – шы,ыш,ші,іш; 28. ы- ы; 29. і – і. Әліпбидегі дауыссыз дыбыстарға қосарланып тұрған ы және і дыбыстары бұл жағдайда дауыссыздарды жуандату не жіңішкерту қабілетінде бой көрсетіп тұр. Тілдің жазылым тұрқы Оқырманның көріп отырғанындай, әдеттегі қазақ әліпбиінің айтылу бағанында дыбыстар орналасып тұр және дыбыстар санын көбейтіп тұрған дауыссыз дыбыстар мен ы, і дауыстыларының бірігуінен шыққан қосарлы дыбыстар. Егер бұл жайтты ескеру арқылы қазақ тілінде қанша әріп болса, сонша дыбыс бар деген тұрғы (принцип) тіліміздің табиғатына кереғар екеніне кезігеміз. Сонымен бірге қазақ тілінің ежелгі жазба үлгісінің тұрғысын қайта түлетіп пайдалануға мүмкіндік беретін және оның дыбыс санын әріп санына байламастан, тынысын кеңітетін мүмкіндікке тап боламыз. Бұл жөнінде профессор Сейдін Бизақов «Емле ережесін жетілдіру» («Туған тіл» жорналы, №1,2005ж) мақаласында: «Қысаң ы, і дауыстылары анық, айқын емес, көмескілеу дыбысталатын, әнтек қана естіліп қалатын дыбыстар. Көп жағдайда ы, і дыбыстары мүлде естілмесе де оларды үстемелеп жазып жүргендіктен, емлесі тиянақталмай ұдайы талас пікірін тудырып жүргені белгілі… Мәселен, редукциялану жолымен ы, і дауыстыларының түсіп қалуына қатысты емле ережесінде белгілі бір жүйе сақталмаған. Әрі аулы-ауылы, даусы-дауысы, қарны-қарыны, ойны-ойыны т.б. варианттардың екі сыңары да жазу нормасына жатады деп көрсету сауаттылықты кері кетіретін өзгеріс демеуге лаж жоқ». Профессормен 100% келісеміз. Дегенмен, ы, і дыбыстарының екіжақты қызметтері бар екендігін атап өтуіміз керек: 1. олардың сыбайласу арқылы дауыссыз дыбыстарды жуандату не жіңішкерту қабілеті (ауылы); 2. дауысты дыбыстың рөлін атқару қабілеті (ауылы). Руникалық (дұрысы – ұрын яғни құпиялық) Орхон-Енесай жазбасында дауыстылар барынша шектеліп, жазу негізінен дауыссыз дыбыстардың таңбалануымен сыйпатталады. Бұл жағдай әр алуан дыбысталатын дауысты дыбыстардың сәйкес түрде алуан түрлі таңбалануынан сақтап, жазба тілдің ортақ игілігі болып табылатын жазу принципін орнықтырған, яғни жазба тіл дауыстылардың бұзылысқа түсуінен туындайтын шұбарлықты жойып, тілді ұлттық мәртебеге дейін көтеріп, оны саны жағынан әлдеқайда көп жұртшылыққа ортақ құрал дәрежесіне көтереді. Сөйтіп, бабаларымыз дауысты дыбыс — тілдің еті де, дауыссыз дыбыс – сүйегі екендігін о баста аңғарған. Бұл жайтты көшпелі бабаларымыз өте жақсы біліп, тілдің құрылысы мен қасиетін терең таныған, сондықтан да олар дауысты дыбыстардың құбылғыштығын ескеріп, оларды таңбалауға келгенде аса сақтықпен қараған, тіпті, реті келгенде таңбаламауға тырысқан. Ал, еті қашқанмен, сүйексіз тірі жанның болмайтыны секілді, сүйекке баланған дауыссыз дыбыстар міндетті түрде таңбаланып отырған. Сол себепті, ұрындық әріп-таңбаның әрқайсысы қазырғы алфавиттердегі бір дыбысты беретін әріп емес, қосарлы дыбыстың таңбасы болып табылады. Яғни, дауыссыз дыбыстың руникалық таңбасы да үндестік заңына сай дауыссызға қосарланған дауыстыны (дауысты дыбыс ұрын түрде) бірге таңбалайды. Бұл жайт қазанға ет салған көшпелі бабамыздың жілік етін сылмай салатыны секілді құбылысты берген. Тілдің төл тұрқын ескермей отырған кәзіргі әліпбиді жасау бір ғана тұжырымдамаға негізделген болатын: қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілінің емлесіне тәуелді ету. Өкінішке орай, 1933 жылы емлені өзгертуді ұсынған Қ.Жұбанов тілімізге тән сингармо әліпби жасауға болатынын тілге тиек етсе де, оны қасақана түрде назарға ілмеген. «Жаңашылдар» неге келісуі керек? Өткен ғасырдың 90-жылдары харыпты латындандыру бастамасы тіл мәселесінде бірнеше топтың: «латыншылдарды»; «ағылшыншылдарды»; «кирилшілдерді»; «арабшылдарды»; «ұрыншылдарды» (ескі түркілік ұрын жазуын қолдаушылар) туғызды. Ал, мәселенің көкжиегі айқындалып, бұл жөніндегі елбасының бастамасы шыққалы бұл топ сан жағынан азайып, сапалана түсті: латыншылдарды қолдайтындар мен оларға қарсылар. Қалай болғанда да, шын мәнінде қазақ тілінің өз келбетін жойғанымызға көңіл қоя отырып, мәселенің харып таңдаудан гөрі терең екеніне көз жіберіп, мәселеге кірісуші әрқайсымыз өз тұрғымызды тағы да айқындап алғанымыз мақұл. Ал, харыпты латындандыру мәселесін сөз етуші «жаңашылдар» тобы мына жайтқа көңіл бөлгені абзал: қазақ харпын латындандыру, яғни, кәзіргі ебропалық харыпқа түсіру қазақ тілінің алдындағы «електрондық мәселені» түбірімен шешпейді. Себебі, қазақ тілін, айталық неміс не түрік тілдерінің тұрпатына салғанмен, қазақ тілі үшін арнайы електрондық программа жазу мәселесі оп-оңай шешіледі деген сөз емес, бұл жағынан електрондық жағынан «жабдықталған» қазырғы орыс әліпбиінің өзі әлгі тілдерден сорлы емес. Мәселе — қазақ тілі үшін арнайы електрондық мүмкіндік жасалмай отырғандығында және қазырғы қазақ әліпбиінің тілге тән еместігінде. Қазақ харпын латындандыру мен оған ағылшын харыпты қолдану мәселесі екі басқа екені ескерілмей отыр. Ал, егер қазақ тіліне ағылшын тілінің електрондық мүмкіндігін сол күйінде қолданып, мәселенің шешімін оңайлатқымыз келсе, онда ағылшын тілі таңбаланған харыпты әліпбиімізге сәйкестендіріп, сол күйінде сіңіргеніміз мақұл. Бірақ бұл, харыпты латындандыру емес, «ағылшындандыру» деп аталып, оның техникалық мүмкіндігіне қол арту ретінде ұғынылуы тиіс. Аталмыш екі үдерістің мүмкіндігі екі басқа: латын харпы үшін жаңа қазақ әліпбиіне барлық електрондық мүмкіндікті қайта жасақтау қажет болса, ағылшын харыпты әліпбиге ішінара ғана електрондық мүмкіндіктерді түзету арқылы аз шығын жұмсауымызға болады. Бұл да басын ашып, келісетін шаруаның бірі. Не істеу керек? Әліпби мәселесі ұлттық дауға айналмас үшін қалыптасар жағдайды кәзіргідей өз бетімен жібермеу керек, ол үшін мәселені қалай болғанда да әлдебір мемлекеттік құрылымның қолына алып, оңды нәтижеге алғышарт жасауды жүзеге асырған жөн. Сонымен, ол үшін не істеу керек? деген сауалға мына шараларды атадық: 1. қазырғы әліпбидің жақсы және нашар жақтарын саралауды ұйымдастыру; 2. «ескішілдердің» де, «жаңашылдардың» да ғылыми дәйектері мен әлеуметтік долбарларын сарапқа салатындай, қоғамдық тыңдалымдар өткізу. 3. шешім «жаңашылдардың» пайдасына ауысқанда, қазақ тілінің жазылым реформасын жасау тұжырымдамасы мен жаңа әліпбиге критерилер жасақтау; 4. жаңа әліпби түзушілердің бәрін қатыстыра отырып, қазақ тілінің жазылым реформасын жасау тұжырымдамасы мен жаңа әліпби жобаларын критерилердің тезіне салу арқылы бағалап, ең жарамдыларын іріктеу; 5. жаңа әліпби нұсқасын ең жеңімпаз жобаны бекітумен болмаса бірнешеуінен біреуін құрау; 6. жаңа әліпби жобасын баспасөзде, интернетте кемінде үш ай бойы сынақтан өткізу; 7. сынақты қорыту, соның негізінде, шешім шығару және енгізу тәртібін орнату. Шындығына келгенде, «ескішілдердің» позициясын нықтап тұрған басты фактор — қазақ тілінің қазырғы мүшкіл халы, яғни онсыз да азайып отырған тіл тұтушыларын жаңа үдеріспен онан сайын азайтып, азаматтардың тілден бас тартуы туындамай ма деген күдік. Алайда, бұл күдік соншалықты маңызды емес. Шынына келгенде, қазақ тілі жазылымына реформа жасау қазақ тілінің қазырғы ахуалын жақсартуға тиісті әліпби жаңарту мен харыпты айырбастаудан тұрады.