Есімшелердің есімдерше жұмсалу қызметі

«Жұмсалу мүмкіндігі» тіркесін жиі қолдануымыздың мәні мынада: бұл термин функционалды грамматика аясында жиі қолданылады. Онда тілдік құралдың жұмсалу ауқымы, жұмсалу мүмкіндігі, жұмсалудың нәтижесі болатындығы айтылады. Осы ерекшеліктер тұрғысынан функция (семантикалық) ұғымын екі түрлі қатынаста алып қарастыруға болады. Бұл қатынасты нақтылап аспект, бағыт түрінде түсіндіреміз. Олар: потенциалдық және нәтижелік. Жалпы функция дегеніміз – қандай да бір тіл бірлігінің сөйлеудегі атқаратын қызметі, тиесілі жүгі, мақсаттық қолданысы.

«Потенциалдық аспектіден функция (Фп) дегеніміз – тіл жүйесіндегі тіл бірлігінің белгілі бір семантикалық қызметті орындау қабілеті және соған сәйкес жұмсалымдық қоры.

Нәтижелік аспектіден функция (Фн) дегеніміз – тіл бірлігінің тілдік ортамен өзара арақатынастағы жұмсалымдық нәтижесі, яғни айтылуға тиісті ойдың (мақсаттың) сөйлеуде жүзеге асуы» , — дейді осы мәселеге қалам тартып жүрген ғалым А.Жаңабекова.

Осыған байланысты есімшелердің есімдер сияқты жұмсалуының сыры есімше тұлғаларының функциялық жұрнақ болуымен қатар сөзжасамдық жұрнақ болып та қызмет атқаратын қасиетінен емес пе екен деген ой туындайды. Бұған бірнеше дәлелдер келтіруге болады. Біріншіден, тілімізде етістік негізді туынды сын есімдер бар. Олардың барлығы сөзжасамдық жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы, көргіш, бақырауық, озық, оқтаушы, шашыраңқы, түрме, ұнамды, мақтаншақ, жылауық, жасамыс, білгір және т.б.

Бұл жұрнақтар жөнінде арнайы диссертация да қорғалды Осындағы келтірілген етістіктен туынды сын есім туғызатын жұрнақтардың кейбіреуімен есімше тұлғалары кейде синонимдес келіп отырады. Мысалы, -ғақ, -гек, -қақ, кек жұрнақтарымен есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен қосымшалары мағыналас келеді. Салыстырыңыз: қашқақ-қашаған, жүргек-жүреген, бергек-береген сондай-ақ кейде -қар, -кер жұрнақтарымен де мәндес келеді: өткір-өтеген, тыпқыр-табаған, алғыр-алаған және т.б.

Б.Қ.Омар -аған -еген жұрнағын етістіктен сын есім тудыратын өнімсіз қосымшаға жатқызады Бұл жұрнақ қимылдың қайталануын білдіреді. Құрамындағы қимылдың көп және тез қайталануын білдірсе, -ған, -ген есімшесінің жұрнағы болып есептеледі. Онымен синонимдес келетін -ған, ген, -қан, -кен қосымшалары Н.А.Баскаков, А.Гулямов, В.В.Решетов, Н.А.Кононов, В.Н.Насилов еңбектерінде талданып, оның да мағынасы қимылдың қайталануымен байланысты көрсетілген. Б.Омардың айтуынша -аған, -еген қосымшасының мағынасы қимылдың қайталануымен қимылдың орындалуының тездігін білдіретін мағына оғыз, қарлұқ, қыпшақ тобындағы тілдерде кездесетіні және -қын, -кін қосымшасымен мағыналарының жақындығын, арғы тегі өткен шақты білдіретін -он, -ен формалары екенін айтқан ғалымдар бар екен . Қалай болғанда да, есімшенің -ған тұлғасының осы етістікте сын есім тудыратын жұрнақтармен бір ұқсастығы бары айқын. Жалпылай алғанда ол да етістікті сын есімге айналдырып тұр және өте белсенді қолданылады. Ал етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар қолданылу жиілігіне және әмбебаптығына қарай өнімді өнімсіз деп бөлінетіндігі белгілі.

Сонымен есімшенің есімдерше жұмсалуының өзі бірнеше кезеңдерден тұратын парадигмалық қатар құрайды. Алдымен етістік есімше тұрғасы жалғану арқылы сын есімнің қызметін атқару құқығын иемденеді. Одан кейін барлық сын есімдер сияқты заттанады. Бұл екінші өзгерісі, үшінші өзгерісі зат есімдерше көптеліп, тәуелденіп, септеліп, жіктеліп барлық сөйлем мүшесінің қызметін атқара бастайды. Бұны кестеге түсіріп көрсетсек мынадай жұмсалымдық парадигмалық қатар шығады.

Есімшенің парадигмасы

1 Етістік мағынасында жұмсалуы Жігіт оқыған
2 Сын есімше жұмсалуы Оқыған жігіт
3 Заттанып, зат есімше жұмсалуы Оқығандар келді
4 Барлық сөйлем мүшесінің қызметін атқару Зат есімше түрленеді

Есімшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы қызметінің кестедегі төртінші тармақ арасында деңгейаралық байланыс бары байқалады. өйткені есімшелер бағыныңқының баяндауышы болуы үшін әртүрлі қосымшаларды үстеп немесе септеулік шылауларды ертіп тиянақсызданады. Есімшелер барлық сөйлем мүшесінің қызметін атқарғанда да тұлғалық өзгерістерге ұшырайды.

Орыс тілінде есімшелер арқылы құрмаласқан басыңқы және бағыныңқы сыңарлар көсемшелер сияқты ортақ бастауышты болып сабақтаса алмайды. Бұл туралы Н.А.Козинцева былай дейді: «В отличие от деепричастий причастия не требуют односубъектности главного и второпстепенного действий» .

Қазақ тіл білімінде кезінде осы ортақ бастауышты сөйлемдер туралы үлкен айтыс болғандығы белгілі. Кейбір ғалымдар ортақ бастауышты сөйлемдерді күрделенген сөйлемге жатқызса, кей ғалымдар оны құрмаласқа жатқызған болатын. Бұл мәселе қазақ тілімен құрылымдық табиғаты бір туыстас түркі тілдеріне ортақ болып отыр. Кезінде Кеңес Одағы Ұлттық Академиясының Сібір бөлімшесінде осы күрделі құрылымдардың синтаксистік мәртебесіне қатысты пікірталас болғандығы ғылым тарихында белгілі. Бұл туралы М.И.Черемисинаның пікірін келтіре кетейік: «Теоретическое прояснения содержательной стороны (синтоксионема) понятия «осложненные предложения представляется мне весьма актуальной задачей. Это особенно важно с точки зрения практических задач, стоящих сейчас через специалистами по языкам Сибири, которым предстоит в ближайшие годы создать синтаксические описания тюркских, тунгусо-маньжурских, бурятского, обено-угорских, самодийских языков».

Морфологиялық құрылымы өзгеше тілдердің жүйесі де өзгеше болатындығы белгілі. Сондықтан түркі тілдеріндегі күрделі құрылымдарға еуропалық өлшемдерді таңуға болмайды. Дәстүрлі тілдік таным бойынша құрмалас сөйлемнің классикалық түрі – дербес екі жай сөйлем. Олар жалғаулық, демеулік шылаулар арқылы байланысады. Бүгінгі күнге дейінгі құрмалас сөйлемге тек құрылымдық талаптар ғана қойылып келді. Айталық әр сыңардың өз предикативтік орталығы болуы керек. Олар үтір арқылы, қос нүкте арқылы, Ахмет Байтұрсыновша айтқанда, кіші тыныс арқылы ажыратылып тұруы керек. Және де екі сөйлемге тән ортақ тілдік бірлік болмауы керек және т.б. Жалпы тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдерді танудағы осындай талаптардың нәтижесінде қазақ тіл білімінде ортақ бастауышты сөйлемдер құрмаласқа жатқызылмайды. Біздің ойымызша бұнда формалділік басым. Мына мысалға көңіл аударайық: Болат алдыға озып барып, есік ашты. Болат алдыға озып барып есікті өзі ашты. Бұл сөйлемдердегі жалпы хабар беру. Логикалық субъект те біреу – тек екіге «жарылып» тұр (Болат, өзі). Бірақ жоғарыдағы жалпы тіл білімінде қалыптасқан құрмаласты тануға қатысты талаптар бойынша бірі жай сөйлемге, екіншісі құрмаласқа жатқызылады.

Сөйлемдердің құрылымдық типтеріне қатысты қолданылатын терминдердің өзінде ерекшеліктен гөрі ұқсастық басым. Орыс тіліндегі синтаксис (құрмалас) осложненное (күрделенген) терминдер бір-бірінен онша алшақ кетіп тұрған жоқ. Құрмаластар күрделеніп болған сөйлемдер болса, күрделенген сөйлемдер күрделену үстіндегі бірақ құрмаластың дәрежесіне жетпеген сөйлемдер болып табылады. Бұл мәселеге қазақ синтаксисінің тарихында алғаш рет Н.Сауранбаев көңіл аударған болатын: «Сөйтіп, жай сөйлемдегі дағдылы анықтауыштан басқа екі түрлі анықтауыш болатындығы белгілі болды. Оның бірі – есімше анықтауыш үйірлі мүше, екіншісі – анықтауыш бағыныңқылы сөйлем. Есімше анықтауыш үйірлі мүше деп – етістіктің өзіне қарасты сөздермен есімше түрінде өз субъектісін анықтаған түрін айтамыз» . Мына мысалға назар аударайық: Студенттер емтихандарын уақытында өткізіп демалысқа кетті – Емтихандарын уақытында өткізген студенттер демалысқа кетті. Байқап отырғанымыздай күрделі құрылым түзу кезінде есімше көсемше тұлғалармен синоним болып келеді екен. Грамматикалық түзілімі мүлде бөлек, құрылымдық механизмі де екі түрлі сөйлемдер ортақ мағынада қолданылған. Бірінші сөйлем ортақ бастауышты күрделенген сөйлем де, екіншісі есімшелі үйірлі анықтауыш. Құрылымдардың екі түрлі болып айтылуына көсемшенің -іп жұрнағы мен есімшенің -ған жұрнағының синоним қолданылуы себеп болып тұр. Сөйлемдердің синонимділігі жөнінде арнайы еңбек жазған академик М.Серғалиев та бұл пікірімізді растайды: «Көсемше тұлғалы деп етістігі барыс тұлғалы сөзбен және үшін шылауы селбескен сөзбен алмасады. Мысалы: Телеграмма бермеді деп жазғырма, сендерді мазалағым келмеді (М.Иманжанов) деген сөйлемдегі себептілік-қатынастағы сөз тіркесін Телеграмма бермегенім үшін (не бермегеніме) жазғырма деуге болады» — дейді ғалым.

Морфологиялық тұрғыдан алғанда есімше және көсемше тұлғаларын синонимдік қатарға жатқызу мүмкін емес. Олардың синоним қолданатын жері сөйлеу тілі. Дегенмен сөйлеу тілі кез келген тілдік тұлғаны көп мағыналы ете алмайды. Ол үшін қолданыстағы тілдік тұлғаның, жоғарыда айтқандай, семантикалық мүкіндігі жоғары болуы шарт.

     Фп мен Фн тең емес. Фп – бірліктің тіл жүйесіндегі қорытылған қабілеттерін бойына жинақтайды. Ал Фн – әрбір нақты жағдайда сөйлеу актісінде тіл бірлігінің кейбір қабілеттерін жүзеге асырады.

Фп-дан Фн-ға көшу арқылы әрбір айтылуға тиісті ой тілдік құралдардың қатысуымен беріліп, жүзеге асады. Демек, Фп мен Фн – даму элементтері. Бұл элементтер мүмкіндік пен ақиқаттың философиялық концепцияларында көрсетілгендей дамудың жалпы заңдылықтарының бірегей көрінісі. Өрнектелгенде:                     Фп – Фн

Бұл схема жұмсалымға мүмкіндік жасау және жұмсалым нәтижесі болу, ақиқатқа жету деген қатынасты білдіреді, яғни Фп-дан Фн-ға өту динамикасын көрсетеді. Фп-дан Фн-ға өту кезеңі тіл жүйесінен сөйлеу жүйесіне өту процесін көрсетеді. Фп – сөйлеушінің ойды жеткізу әрекетінде Фн-ға айналды .

 Н.Сауранбаевтың айтуынша еуропа тілдерінде, соның ішінде орыс тілінде анықтауыш бағыныңқы сөйлем басыңқыдағы өзі анықтайтын сөзімен белгілі жалғаулық арқылы байланысады. Ал қазақ тілінде анықтауыш бағыныңқы сөйлем басыңқыдағы өзі анықтаған сөзімен жалғаулықсыз тіке байланысады. Бағыныңқы сөйлемнің басыңқысымен өз баяндауыштарының формасы, орны арқылы байланысуы қазақ тілінің сол сияқты түркі тілдерінің өзгешелігі болып саналады . Қазақ тілінің сөйлем құрылысында ең көп кездесетін оралымның бірі – осы есімшелердің атау күйінде зат мағыналы сөзге бағынып, тұтас тізбек есебінде келетін түрі. Тізбек құрамына енетін сөздердің әрқайсысы белгілі бір синтаксистік қызметте тұрып байланысады. Оны күрделі мүшенің құрамына енетін сөздермен шатастыруға болмайды. Олар өз алдына лексика-семантикалық топ болады да, сөйлемнің бір мүшесі болып қызмет атқарады. С.Аманжолов кезінде оралымды «талдауға келетін сөздер» деп атаған болатын ]. Сөйлемдік ыңғайда айтылып, өз ішінде мүшеленетін тіркестер , тұрақты сөздер тіркесі қазақ тілінде көптеп кездеседі.

Есімшелердің атау күйінде зат мағыналы сөзді анықтап тұруы оның сын есімше қолданылуынан келіп шығады. Осы жерде бір-бірінен туындайтын парадигмалық қатар шығады. Мысалы, Оқыған кітап

Мен кітапханадан алып оқыған кітап.

Мұндай кезде есімше өз субъектісін анықтаса, онда ол өзіне қарасты сөздермен есімше анықтауыш үйірлі мүше болады. Ал егер есімше өз субъектісінен басқа сөзді анықтаса, онда тіпті ол етістіктің бастауышы айтылмаса да анықтауыш бағыныңқы сөйлем болады . Н. Сауранбаев үйірлі мүше мен анықтауыш бағыныңқының арасын осылай белгілейді: Бұл пікір сөйлемнің деңгейлік типін анықтауға өлшеу бола алмағанымен есімшенің субъектіні тікелей анықтау-анықтамау жағынан келгенде құнды пікірге саналады. Мына мысалдарды салыстырайық: 1) Оқыған кітап. 2) Оқыған бала. Бірінші тіркесте оқыған етістігі өз субъектісімен анықтап тұрған жоқ, ал екінші тіркестегі оқыған етістігі өз субъектісін анықтап тұр: Оқыған кітап → кітап оқыған бала → бала оқыған кітап. Формалділік тұрғыдан келсек жоғарыда келтірілген екі сөз тіркесі де бір модельмен жасалған анықтауыштың қатынастағы тіркеске жатады. Бірақ ішіне тереңнен үңілсек екеуі бірдей  емес екендігі байқалады. Қалай өзгертсек те, кітап сөзі анықтауышқа субъекті бола алмайды. Ал Оқыған бала тіркесіне келсек, әңгіме басқаша: Оқыған бала → кітап оқыған бала → бала кітап оқыған және т.б. Бір мағынаны түрлі тұлғалар түрлі құрылымдар арқылы беруі тілші ғалымдар функциональды синонимия деп атайды .

Жеке сөйлемдердің анықтауыш болуы мен етістік баяндауыштың, етістік пысықтауыштық (қимылды білдіретін сөздердің) анықтауышқа айналуының екі түрлі жолы бар. Ең алдымен бұл сөйлем мүшелері есімше тұлғасында атау тұлғалы есімше) болуы шарт. Екіншіден ол анықтауыш өзі анықтайтын сөздің алдына шығуы тиіс. Мысалы, Бұл ит бұрын бөтен адамды үйге маңайлатпайтын, бос жүрсе, қандай адамды болса да, алып тастайтын, енді ол бөтен кісі көрсе, қыңсылап үйге тығылатын болды (С.Мұқанов).

Н.Сауранбаев бұл сөйлемнің дұрысы анықтауыш қатынасқа құрылғандағысы дейді . Бұрын жай адамды үйге маңайлатпайтын, бос жүрсе, қандай адамды болса да алып тастайтын ит, енді бөтен кісі көрсе қыңсылап үйге тығылатын болды. Мағынаны инвариант етіп алатын болсақ, екі сөйлем бір мағынаны берудің түрлі жолдары, яғни синтаксистік парадигмасы болып табылады. Ал құрылымдық тұрғыдан келетін болсақ бірінші сөйлемде 3 интерактивтілік орталық бар. Маңайлатпайтын, алып тастайтын, тығылатын болды барлығы есімше жұрнағы арқылы жасалған. Ал екінші құрылымда бір предикативтілік орталық бар. Алдыңғы екі етістік анықтауыштық қатынас жасап тұр.

Есімшелердің есімдерге ұқсас қызметінің өзі бірнешеу. Олар біріншіден, есімше формалы етістік екінші бір есім сөздің алдында келіп, соның қимыл-сындық белгісін білдіреді де, сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады. Екіншіден, есім тәуелденеді. Үшіншіден, заттанып зат есім орнына қолданылады да, сөйлемнің барлық мүшесі бола алады. Төртіншіден, есім сөздер сияқты болымсыздық мағына білдіретін жоқ, емес сөздерін тіркеп қолданыла алады т.б. [18, 101 б.]. Осындағы анықтауыштың қызметі мен үйірлі анықтауыштық қызметі тығыз байланысты. Кестеге назар аударыңыз:

 Есімшелердің анықтауыштық қызметі

Атау тұлғалы есімше С и н т а г м а л ы қ
п

а

р

а

д

и

г

м

а

л

ы

қ

1.    Анықтауыш болу, бастауышты, толықтауышты анықтау

2.    Үйірлі анықтауыш жасау бастауышты, толықтауышты анықтау

Есімшелердің кестедегі үйірлі анықтауышқа қатысты күрделі құрылым жасауға қатысуын біз келесі бөлімде кеңірек сөз етеміз.