ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасында жаңа сападағы жағдай қалыптасты. Материалдық өндірістің көлемі еселеп өсіп, барған сайын шикізатты өндіру артты, дүниежүзілік мұхит пен қазба байлықтар жеделдетіліп игерілді. Ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде жасалынған табиғатқа әсер етудің ұлан-ғайыр мүмкіндіктері мен құралдары және адам баласының өсіп отырған қажеттіліктері табиғат ресурстарын, олардың планетадағы жалпы қарымен бара-бар мөлшерде пайдалануға алып келді, ол жер бетінің өзгеру ауқымы, дауылдар, су тасқындары, вулкандар атқылаулары, жер сілкіністері сияқты табиғи құбылыстардың нәтижелерімен тепе-тең, тіпті олардан асып түсетіндей жағдайға келеді. Бұл табиғи ортаға деген зиянды әсерді күшейтіп, биосферадағы табиғи түрдегі энергия мен зат алмасуды бұзды. Адамның табиғатты өзгертуге байланысты іс-қимылдары планетадағы өмір үшін қауіп тудыратын тоқтаусыз өзгерістерді алып келетін деңгейге жақындады. Дүние жүзіндегі экологиялық жағдайдың өзгеруі, әсіресе өткен ғасырдың 60 жылдарынан кейінгі объективтік жағдайлар да осыған себепкер болды.
Ғылыми-техникалық прогресс.
Ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерінің бірі әлем кеңістігін игеру қазіргі экологиялық дағдарыстың себепшісі деп есептейтін көзқарасты жақтайтындар да кездеседі. Шынтуайтқа келгенде, ғылыми-техникалық прогресс адамдарды табиғи ортаға әсер етудің кең ауқымды мүмкіндіктері және құралдармен жарақтандырып қана қоймай, сонымен бірге бұл ортаны сақтау мен қалпына келтірудің тәсілдері мен жолдарын көрсетіп берді.
Ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі деңгейі, қуатты компьютерлер, талдаудың жүйелік әдістерін іске асыруға бағытталған кең көлемді жұмыстар мен жобалар табиғат кейпін елестетуге мүмкіндік береді. Олардың іс-жүзіне асырмас бұрын табиғат үшін теріс нәтижелер беретін тек талдау ғана емес, бұл нәтижелердің алдың алудың ең тиімді жолдарын таңдап алу немесе олардың теріс әсерін едәуір азайту жолдарын қарастыру қажет. Қазіргі ғылым мен техниканың жетістіктері адам баласына табиғи ортаны сақтау мен оның ластануына жол бермеуге, қамқорлық танытуға мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктердің бірнешеуі төмендегідей:
- табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияны жаппай өндіріске ендіру және ортаның ластануын барынша азайту;
- су шығынының едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін өндірісті сумен жабдықтаудың қайтымды және тұйық айналымдарын кең қолдану;
- топырақтағы ылғалдың жиналуын, атмосфералық ауадағы газдардың тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретін орман алқаптарының сақталуы және қалпына келтірілуі;
- жылу мен энергияның дәстүрлі көздерінің атмосферадағы көмір қышқыл газының жиналуы мен климаттық өзгеруінің алдын алуға мүмкіндік беретін табиғи көздерімен алмастырылуы болып табылады.
Экология ғылымы.
Экология мен табиғат қорғау ғылымдары бірін-бірі толықтырып отырады. Экология ғылымы табиғатты тиімді пайдалану мен қорғаудың ғылыми-теориялық негізін жасайды. Сонымен бірге табиғат ресурстары мен оның құрушыларында экологиялық факторларды қоршаған ортамен және адамның іс-әрекетімен байланыстыра отырып зерттеп, оны жүзеге асырудың негізгі тұжырымдары бекітіледі. Ал табиғат қорғау ғылымы – экология ғылымының негізгі тұжырымдарын жүзеге асыратын мемлекеттік немесе қоғамдық игі істер жиынтығы. Экология мен табиғат қорғау ғылымдары бір-бірімен үйлесімді әрекет еткенде ғана табиғат апаттарына жол бермейді. Нәтижесінде, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен оны қорғаудың жоспары жүзеге асады.
Адам баласы табиғатты қорғау үшін оның заңдылықтарымен негізгі ұстанымдарын білуге міндетті:
- Биосфера шегінде барлық тірі организмдер бір-бірімен байланысты және қарым-қатынас жағдайында ғана тіршілік етуге бейімделген. Бұл байланыстардың біреуінің бұзылуы табиғаттағы тепе-теңдікке өзгерістер әкелуі мүмкін. Сондықтан адам баласы әрбір табиғат құрауыштарының орта мен табиғи экожүйедегі рөлін білуі тиіс.
- Табиғатта ешбір зат жоғалып кетпейді. Егер адам баласы жаңа бір затты дүниеге әкелсе оны жоюдың да жолын ойлауы тиіс. Ол зат табиғи айналымға түсуі керек. Мысалы, адам полиэтиленді ойлап тапты. Полиэтилен табиғатта айналымға түспейді. Себебі, оны ыдырататын редуцент (бактерия) жоқ. Осыдан барып жер бетінде қоқсықтар көбеюде.
- Заттардағы барлық өзгерістер энеогия жұмсаумен жүзеге асады. Яғни, энергияның сақталу заңы бойынша жұмыс істейді. Сол үшін адам баласы табиғатты пайдаланған кезде оны өндіру мен қайта түлетуді үйлестіре отырып, адам мен табиғаттың қауіпсіздігін сақтауы керек.
- Табиғаттағы экожүйелер мен ондағы қарым-қатынастар ұзақ жылғы тұрақты даму эволуциясының жемісі. Сондықтан адам баласы оны бұзбауы керек. Ал бұзған жағдайда қайтымсыз экологиялық апаттарға алып келуі мүмкін.
Осыған орай, табиғат қорғау ғылымы алдында бірнеше маңызды міндеттер тұр:
а) өндірісті, өнеркәсіпті және агрокешендерді игеру кезінде табиғатқа түсетін салмақ ең аз мөлшерде болуы керек;
б) өндіріс пен өнеркәсіп салаларын ұйымдастыру кезінде адам баласы мен табиғат арасында экологиялық қауіпсіздік сақталуы тиіс;
в) табиғат ресурстарын игеру кезінде оның қоршаған ортаға пайдалы әсеріне көңіл бөлінуі тиіс;
г) табиғат ресурстарын сол қалпында сақтау үшін қорықтар, қорыққорлар, ұлттық саябақтар мен басқа да ерекше қорғалатын объектілерді көбейту қажет;
д) қоршаған орта мен адам баласының денсаулығын сақтау үшін экологиялық қауіпсіздік шаралары қадағаланып отырады.
Өндірістік экология.
Табиғат анамен жылдар бойы қалыптасқан тепе-теңдіктің бұзылуы ХХІ ғасырда бұрын-сонды болмаған днңгейіне жетті. Ғаламат жаңалықтармен бірге өндірістің жедел дамуы, зауыттардың еселеніп салынуы, жер құнарыныңтас-талқанын шығарған 1653-1962 жылдардағы тың игеру, қазақ жеріндегі сынақ алаңдары күнделікті тіршілікке араласып, жетістігімен қатар апатын да ала келді.
Қазақстанның қазіргі экологиялық жағдайы ғаламдық шеңберде проблема тудыратын мәселеге айналып отыр. Кеңес дәуірінде ірі өндіріс орындарының қауырт дамуына байланысты табиғат байлығын игеру мәселелерінде қоршаған ортаның бұзылуы ескерілмей, тек қана мол өнім алуға көңіл бөліп, ал табиғаттың ерекшелігін ескермей, көптеген зиян әкелгенін енді ғана біліп отырмыз.
АҚШ, Англия, Франция, Германия, Жапония сияқты бірқатар өркениетті елдерде ірі өндіріс орындарын салмастан бұрын оның қоршаған ортаға әкелетін экологиялық шығынын есептей отырып, сол жердегі халықтың денсаулығына тигізетін әсерін ғылыми түрде тұжырымдап барып қана жүзеге асырады екен.
Жалпы ірі өндіріс орындарын дамыту 3 факторға байланысты:
- Шикізат көзі.
- Адам күші.
- Су ресурстары.
Осы үш фактордың ара-қатынасын сақтамай ірі өнеркәсіп орындарын дамыту мүмкін емес.
Біздің ірі өндіріс орындарының барлығында жоғарыда аталған экологиялық шарттар ескерілмеген. Ірі өндіріс орындарынан шығатын улы газдар, ауыр металдар, өндіріс орындарынан шыққан лас су көздері, өндіріс орындарының айналасындағы халықтың денсаулығына, топырақтың, ауаның құрамының өзгеруіне үлкен әсер етуде.
Қазақстандағы қазіргі қалыптасқан экологиялық жағдайды қанағаттанарлық деп айта алмаймыз. Елімізде қазіргі кездегі қалыптасқан экологиялық мәселелерге байланысты бірнеше өнеркәсіптік аймақтардың экологиялық жағдайына тоқтала катейік.
Батыс Қазақстан өнеркәсіптік экологиялық аймағына – Каспий маңы, мұнай өндіру мен өңдеу, металлургия, құрылыс материалдары және т.б. салаларға маманданған Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе облыстары кіреді. Бұл аймақтағы негізгі мәселелер – табиғи ортаның мұнаймен ластануы, радиактивті қалдықтармен ластануы адамның денсаулығына және экожүйелерге әсер етіп, шөлдену процестерінің жүруіне, биокөптүрліліктің жойылуына әкелуде. Сондай-ақ мұнда тыныс алу жолдарының қабыну аурулары мұнай өндіретін аудандарда, орташа саны басқа облыстармен салыстырғанда жоғары. Концерогенді көмірсутектердің концентрациясының жоғары болуы бұл аймақта қатерлі ісік ауруы, басқа аймақтармен салыстырғанда 2-4 есе жоғары екен. Жас балалардың өлімі 1000 адамға шаққанда 37 адамды құрайды. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады.
Табиғатты қорғауға бағытталған технологияларды еңгізу.
Халқының болашағын ойлайтын өркениетті елдердің барлығы дерлік табиғатты қорғау заңнамаларын тазарту технологияларына инвестиция салу, экологиялық тазалықты сақтау секілді басты мақсаттың төңірегінен өрбітіп отыр. Ал, біздің экологиялық ахуал да, оны реттейтін заңнамалық негіз де ондай мәселеден алыста. Әлемде соңғы он жылдың шамасында қалдықтар ме қоқыстарды төмендетудің айтарлықтай кешенді жолдары табылып, төлемдері мен табиғат қорғау шаралары, экологиялық қаражатты тиімді бағыттау амалдары жасалды. Соның дәлелдеуді қажет етпейтін ең тиімді жолы табиғатты қорғау ісіне кәсіпорындардың өздерінің тікелей араласуы. Яғни, өндіріске жаңа экологиялық тазалықты қамтамасыз ететін технологиялар еңгізіп, алықаралық сапа стандарттарына қол жеткізу керек. Мысалы, Жапония мен Еуропа елдерінің тәжірибесі мұндай тәуелділікті өндіріске барынша таза жұмыс істейтін жабдықтарды еңгізіп, тазарту технологияларына инвестиция салу арқылы айтарлықтай төмендетуге болатынын көрсеткен. Деректерге жүгінсек, Қазақстанда 1996 жылға дейін өндірістің төмендеуіне байланысты айналадағы ортаны ластау деңгейі де азайған, ал 1997-2002 жылдар аралығындағы экономиканың тұрақталу кезеңінде ол бір қалыпты тұрған. Бірақ, соңғы 3 жылда жалпы ішкі өнімнің өсуіне байланысты айналаны ластау деңгейі де біртіндеп өсе бастаған. Демек, өндірістің, жалпы экономиканың өсуімен бірге, зиянды қалдықтар да өсіп, ластау деңгейі ұлғая бермек.
Батыс елдері “экожүйелік” әдіс қолданады. Ол үшін мысалға өзен суының өнеркәсіппен ластанбайтын тұсынан сынама алынып, ол өндіріс арқылы ластанатын бөлігіндегі судың құрамымен салыстырылады. Егер екеуі бірдей болса, онда кәсіпорын табиғатқа техногендік әсерін тигізіп отырған жоқ деп саналады. Осы тәжірибені Қазақстанда қолдану көзделіп отыр. Біздің елімізде табиғатты ластаушы өнеркәсіп нысандарын салық секілді алымдар жиналады. Бірақ, соның бәрі жергілікті бюджетте қордаланады да, кейін оның тек 30 пайызы ғана қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларына жұмсалады. Ал Еуропа елдерінде мұндай алымдар жиналмайды, керісінше айналадағы ортаны ластағаны үшін аса үлкен көлемде айып салынады. Оның көлемі тіпті бүгін бір тазарту кешенінің құрылысын салумен пара-пар болып жатады. Сондықтан кәсіпорындар айып төлегенше, зиянды қалдықтарды тазартатын кешендер салуға мүдделіболады. Бұл да біздің ел үшін алуға болатын тәжірибе.