Сондықтан сөйлемдегі тұрлаулы мүшелер мәселесі үнемі грамматиканы зерттеуші ғалымдардың назарында болған. Түркі тілдеріне арналған грамматикаларда сөйлемнің бас мүшелері – бастауыш пен баяндауыш туралы мағлұматтар берілді. Қазақ тілінің грамматикасын зерттеген алғашқы лингвист – ғалымдарымыз А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, Ғ.Бегалиевтердің еңбектерінде сөйлемнің бас мүшелері әртүрлі дәрежеде сөз болады. Олар, негізінен, сөйлем мүшелеріне анықтама беріп, оның тілдегі қолданысына мысал келтірумен шектелген болса, 50 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін зерттеушілеріміз аталған мәселеге әр қырынан келеді.
Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тілінің синтаксис саласын зерттеуші М.Балақаевтың, Т.Қордабаевтың, О.Төлегеновтің, Р.Әміровтің, Қ.Есеновтың, Ә.Аблақовтың, Т.Сайрамбаевтың, М.Серғалиевтің, Е.Ағмановтың т.б еңбектері ұлттық лингвистикамыздаңы әр алуан аспектілерді талдаумен бірге көптеген жалпы түркілік проблемаларды шешуге де мұрындық болары сөзсіз.
Алайда қазақ тіл білімінде тұрлаулы мүшелер проблемасы толық шешіліп болды деген тумаса керек. Сөйлемнің бас мүшелеріне беріліп жүрген анықтамалардан бастап, оның арнайы грамматикалық формаларының мәнін ажыратуда бір ізді пікірдің болмауы соны дәлелдейді. Осы мәселеге қатысты бастауышқа анықтама беруде ғалымдардың бір тобы оның сөйлемдегі ой иесі болатындығына сүйене отырып, өзге мүшелерге тәуелсіз деп таниды. Дұрысында бастауыштың грамматикалық мәні ой иесі болуымен бірге атау тұлғада тұруы, сол арқылы жіктік жалғаулы баяндауышпен жақ жағынан қиыса байланысуынан ашыла түседі.
Ал баяндауышқа алғашқы оқулықтарда берілген анықтамаларда оны тек қимылмен байланысты ғана суреттесе, кейінгі анықтамаларды бастауыштың етістікпен қатар есім сөздерден де жасалатыны ескеріледі. Бірақ баяндауышқа анықтама семантикалық тұрғыда емес, таза грамматикалық тұрғыдан берілгені дұрыс. Өйткені баяндауыш, алдымен, синтаксистік категория, сонымен бірге тілімізде баяндауыш қызметінде жұмсалмайтын сөз жоқ. Ал әр сөз табына енетін сөздердің білдіретін жалпы грамматикалық мағыналары да әр алуан. Сондықтан анықтамада баяндауыш болатын сөздің мағыналық түрлерін түгел қамту мүмкін емес. Ал баяндауыш қай сөз табынан жасалмасын, оларға ортақ белгілі бір грамматикалық белгісі болады. Олар, алдымен, баяндауыштың предикативтілікті білдіруі, екіншіден, сөйлемдегі ойды біршама тиянақтап тұруы. Себебі предикативтілік ұғымы тек грамматикалық бастауыш пен баяндауышты байланыстырумен ғана шектелдмейді, сондай-ақ логикалық субъектпен предикаттық қатынасын да білдіреді. Ал баяндауыштың сөйлемдегі ойды тиянақтау қызметін ешбір сөйлем мүшесі ауыстыра алмайды.
Тұрлаулы мүшелер категориясында нақтылауды қажет ететін проблеманың бірі – бастауыш пен баяндауыштың грамматикалық тұлғалары. Сондықтан аталған мәселені бөліп қарастыруды жөн көрдік.
Бастауыштың грамматикалық тұлғалары
а) атау тұлғалы бастауыш
Бастауыш – сөйлемдегі ойдың иесі бола отырып, баяндауыш арқылы барлық қасиеті айқындалатын, арнаулы тұлғада тұрып, онымен тікелей байланысатын тұрлаулы мүше.
Бастауыш басқа сөйлем мүшелерімен салыстырғанда ойдың иесі ретінді қолданылумен ерекшеленеді. Бірақ бастауыш жеке қолданылып өмір сүре алмайды, ол қалайда басқа сөйлем мүшелерімен оның ішінде баяндаушпен синтаксистік байланыста айтылғанда ғана грамматикалық табиғаты айқындала түседі. Ал бастауыштың ой иесі болу қасиетін логикалық және грамматикалық аспектіде айқындаған жөн. Осыған сәйкес тіл білімінде бастауышты грамматикалық және логикалық бастауыш деп екіге бөліп қарайды. Тіл мен ойлаудың тығыз байланысынан туындаған бұл бірегейлердің (единицалардың) өзіндік ерекшеліктері бар. Байымдаудың логикалық субъектісі мен сөйлемнің грамматикалық бастауышының бір-бірімен кейде сәйкес келетіні бар. Мысалы: Мен оқимын деген сөйлемдегі мен сөзі әрі қимылдың субъектісі, әрі атау тұлғалы бастауыш болып бір-бірімен сәйкес келіп тұр. Бірақ пікір білдіруде бұл сәйкестік үнемі сақтала бермейді. Қимылдың, ойдың субъектісі басқа грамматикалық тұлғада тұрып, сөйлемде өзгеше синтаксистік қызмет атқаруы да мүмкін.
Грамматикалық бастауыш – атау септігінде тұрып ойдың кім, не жайында екенін білдіріп, баяндауышпен жақ және жекеше, көпше түрде қиыса байланысатын тұрлаулы мүше. Бастауыштың грамматикалық тұлғасы – сөздің атау тұлғасы. Басқаша айтқанда, бастауыш қызметінде жұмсалған сөз не сөз тіркесі атау септігінде тұрады. Алайда оқулықтар мен зерттеу жұмыстарында бастауыштық тұлға әр түрлі авторларда әрқалай көрсетіліп жүр.
Бастауыштық тұлға жөніндегі пікір алалығы өзге түркі тілі зерттеушілерінің еңбектерінде де орын алған. Қырғыз тілінде А.Жаппаров «менің оқығым келіп тұрады. Саған қорқуға болмайды» деген сөйлемдердегі менің, саған сөздерінің логикалық жағынан бастауыштық мәні бар екенін, бірақ ол сөздердің грамматикалық жағынан бастауыш бола алмайтыны көрсетеді.
Ал өзбек әдеби тілі синтаксисінің авторлары бастауыштың нөлдік, көптік, тәуелдік тұлғада, кейде шығыс жалғаулы тұлғада (Магазинге ажойб узумлардан келди) келуін өз тілі материалдары негізінде дәлелдейді. Шығыс жалғаулыбастауышты Г.Д.Санжеев те көрсетеді.
Е.И.Убрятова якут тілінде негізінен бастауыш атау тұлғада болу керектігін айта келіп, бірақ атау тұлғадағы сөздер тек бастауыш қана емес, анықтауыш, баяндауыш, т.б. сөйлем мүшелері бола береді дей келіп, якут тілінде бастауыш болатын сөздерді тек мағынасына қарап ажыратуды ұсынады.
Ал қазақ тіл білімінде М.Балақаев атау, түбір, тәуелдік жалғаулы бастауыштарды көрсете келіп, формаланбаған ілік септігінің де бастауыштық қызметін көрсетеді. Ал Т.Сайрамбаев көптік, тәуелдік, атау тұлғаларының бастауыштық қызметіне тоқталады. Қ.Шәукенов бастауыш болуды атау септігі шеше бермейтінін, сөйлемдегі мағына шешетіндігін, бастауыш болатын сөздердің түрлі тұлғада (түбір тұлға, септік, тәуелдік жалғаулы) келетіндігін айтады. Бұл фактілер бастауыштың тұлғасын анықтау мәселеінің күрделілігін танытса керек.
Қазақ тілі грамматикасын зерттеушілердің бастауыштың грамматикалық тұлғасын анықтауда кейбір тұлғалардың сыртқы формасының ғана ұқсастығына қарап, олардың грамматикалық мәнін, соған сай синтаксистік қызметін шатастыру фактілері орын алып жүр. Әсіресе, бұл түбір және атау тұлғалы сөздердің грамматикалық мәнін ажырата білмеуден көрінеді. Аталған екі тұлғаның ара жігін ашуда С.Исаев: «Рас, атау септігінің басқа септік түрлері сияқты арнайы грамматикалық көрсеткіші (формалары) жоқ. Сондықтан атау септік тұлғасы сырттай зат есімнің түбір тұлғасымен сәйкес, ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір емес,-деп, атау септігінің өзіне тән арнайы грамматикалық формасы болмағанымен, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгеше болып келетін арнайы грамматикалық мағынасы (субстантивтік-заттық мағына) бар және сол арқылы формасыз атау септік тұлғасы басқа септік тұлғаларындай семантикалық мән синтаксистік қызмет атқаратындығын айта келіп: «сырттай бір-біріне ұқсас болса да, зат есімнің түбір тұлғасы мен атау септік тұлғасы бір емес, бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар, зат есімнің түбір тұлғасы септік тұлғаларының түрленуіне негіз болатын, соның ішінде атау септігіне де негіз болатын тұлға болса, атау септігі – септелудің парадигмалық жүйесіндегі түрлену тұлғасы,-дейді.
Шындығында да, аталған екі тұлға – сырт формасы жағынан ұқсас болғанымен, білдіретін грамматикалық мәні, өзге сөздермен байланысу тәсілі, соған сай синтаксистік қызметі мүлде басқа формалар. Айталық, темір кереует деген тіркестегі темір сөзі мен «Темір – металл» сөйлеміндегі темір сөзінің грамматикалық тұлғасы, өзі бағынған сөзбен байланысу формасы, сөйлемдегі синтаксистік қызметі өзгеше. Бірінші тіркестегі темір түбір тұлғада тұрып, өзі бағынған сөзбен атрибутивтік қатынасқа түссе, сөйлемде берілген темір сөзі атау тұлғада тұрып, сөйлем баяндауышымен жақ жағынан қиысып, предикаттық қатынасқа түседі. Түбір тұлғаның грамматикалық мәні мен қызметінің өзгеше болуына байланысты оны бастауыштық тұлға ретінде тануға болмайды. Егер аталған тұлғаларды бастауыштық тұлға деп танитын болсақ, онда бұл тұлғадағы сөздердің бәрі сөйлемде тек бастауыштық қызмет атқаруы керек.
Ал тілдік фактілер тілімізде бұл тұлғалардың әр түрлі синтаксистік қызметін дәлелдейді. Көптік жалғауы да бастауыштық тұлға болып танылмайды. Көптік жалғаудың негізгі грамматикалық мағынасы – заттың көптігін білдіру. Ол көптік мағынаны білдіргенде, септік жалғауларындай сөз байланыстырушылық қызметті атұара алмайды. Оған төмендегі сөйлемдер арқылы көз жеткізуге болады: Ол келді, олар келді. Бірінші сөйлемдегі ол сөзі өз баяндауышымен 3 жақта, жекеше түрде қиыса байланысып, предикаттық қатынасқа түссе, екінші сөйлемдегі көптік жалғаулы бастауыш өз баяндауышымен қиыса байланысқан кезде баяндауыш тұлғасы еш өзгеріссіз (алдыңғы сөйлемдегідей) қалады.
Тәуелдік жалғауы да бастауыштық тұлға болып саналмайды. Апам келді, інісі ақылды тәрізді сөйлемдердегі бастауыштың грамматикалық тұлғасы, дәлірек айтсақ, сөзді бастауыштық позицияға түсіруші форма – атау септігінің нөлдік тұлғасы. Бастауыш болып тұрған сөздің құрамындағы тәуелдік жалғау оны өзінің алдындағы ілік септікті сөзбен (менің апам, оның інісі) матаса байланыстырып тұр, ал бастауышты баяндауышпен жақ жағынан қиыса байланыстырып тұрған – атау септігі мен жіктік жалғаудың нқлдік тұлғалары (апа-м-0 келді, іні-сі-0ақылды-0)
Атау және түбір тұлғалы сөздердің әрқайсысының өзіне тән грамматикалық мәні мен синтаксистік қызметі болатынын, өкінішке орай, көптеген оқулықтар мен грамматикаларда, зерттеу жұмыстарында ескерілмей келеді. Қазақ тіл ғылымында бұл мәселені көтеріп жүрген С.Исаевтың еңбектері тілші ғалымдардың осы мәселеге аса жауапкершілікпен қарауын талап етеді.
Бастауыш қызметінде жұмсалған сөз не сөз тіркесі атау септігінде келетіндігін М.Балақаев: «Атау тұлғалы сөздер әр уақытта бастауыш қана бола бермейді, сөйлемнің басқа да мүшелері болады. Дегенмен, атау септігін, негізінде, бастауыштық тұлға деп қараймыз», — деп түсіндіреді.(7;85).
Міне, осы сияқты «бастауыш атау тұлғада тұрады», — дей келе, атау септік тұлғасы бастауыштың ғана тұлғалық көрінісі емес, сонымен қатар «…атау тұлғалы сөз мағынасына, орнына қарай анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш және баяндауыш қызметін де атқара береді», — деген пікір академиялық грамматикада да көрсетіледі (11;56).
Шынында да, атау септігі сырттай зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас келетіндіктен, жоғарыда қазақ тілі грамматикаларында көрсетіліп, танылып жүрген атау тұлғасындағы сөздің анықтауыш, баяндауыш болу қызметтері, сондай-ақ кейбір септеулік шылаулар тіркескен сөздер атау септіктегі сөз емес, одан бүтіндей бөлек зат есімнің түбір тұлғасы болатындығын С.Исаев толық дәлелдеген.
Атау септіктің арнайы грамматикалық тұлғасы болмағанымен, бір жағынан, оның түбір тұлғадан бөлек етіп танытатын, екінші жағынан, сол арқылы басқа септік түрлерімен белгілі дәрежеде бірлікте тұрып, іштей олардың саралануына негіз болатын субстанттық мағынасы, сөйлемнің предикатымен жақ жағынан қиыса байланысып, грамматикалық субъект сияқта атқаратын қызметі бар екенін ескермеуге болмайды. Атау септіктің бұл ерекшелігі басқа сөз таптарының сөйлем ішінде атау тұлғада тұрып, бастауыш қызметін атқарып, субстантивтенуінен айқын көрінеді. Сондықтан сөйлемдегі атау тұлғалы бастауышты, демек грамматикалық бастауышты тек сұрақ қою арқылы тауып алуға болады. Ал баяндаушсыз сөйлем болмайды, сөйлемде тек бастауыш қана өз баяндауышымен қиыса байланыса алады.
Граммматикалық формалардың синтаксистік қызметі.
Таблица №1
Грамматикалық тұлғалар |
Көрсеткіштері |
Білдіретін мағыналары |
мысалдар |
Түбір тұлға | — | Жалпы грамматикалық мағына | Ақын- жүрек-0 тоқтамайды. |
Тәуелдік жалғау | -ым/ім,-ың/ің,
-ыңыз/іңіз, -сы/сі,-ы/і |
жақтық, меншіктілік | Шәкірт-ім-0 көңіл-ім-нен шықты. |
Көптік жалғау | -лар/лер,
-дар/дер, -тар/тер |
заттың іөптігін білдіру | Гүл-дер-0 жапырақ-тар-ы-мен көрікті. |
Атау септігі | 0 | субстанттық, иелік | Жақын- туыс-тар-ым-0 келді. |
Логикалық бастауыштың тұлғасы
Тіл ойлаумен тығыз байланыста, өзара қарым-қатынаста болады дегенде, әдетте, тілдік құбылыстар мен логикалық құбылыстардың, соның ішінде, әсіресе, форма мен ұғымның, сөйлем мен байымдаудығ бір-бірімен байланысын, өзара қатысы ескерілетінін теріске шығаруға болмайды.
Ал тіл білімінжегі логикалық бағыттың өкілдері осы байланысты асыра бағалап, тілдегі құбылыстар мен тіл біліміндегі ұғымдарға логика ғылымы тұрғысынан анықтама беріп келді. Мұндай анықтамалар бастауыш мүшеге де байланысты берілгенін жоғарыда айттық.
Бастауш тек ойдың немесе қимылдың иесі тұрғысынан сипаттау логикалық грамматикаға тән. Синтаксистік (грамматикалық) және логикалық бастауыштар қолданылу орны, мазмұны, тұлғасы жағынан бір емес. Грамматикалық бастауыш атау септігі тұлғасында тұрып, сөйлемдегі ойдың негізгі субъектісі болса, логикалық бастауыш ілік не басқа септік тұлғасында тұрады, оның субъектілік қызметі синтаксистік бастауышпен салыстырғанда бәсеңдеу.
Сондай-ақ, грамматикалық бастауыш өз баяндауышымен жақ жағынан, жекеше, көпше түрде қиыса байланысса (мен ай-та-мын 1жақ, жекеше; Сендер келіңдер-2жақ, көпше), логикалық бастауыш өз баяндауышымен қиыса байланыспайды.
1 маған
2 саған көп оқу керек(3)
3 оған
Берілген есімдіктер грамматикалық жағынан сөйлем бастауышы бола алмайды, тек логикалық жағынан, яғни ойлау тұрғысынан ғана бастауыш қызметін атқарады. Тұлғасы жағынан логикалық бастауыштар әр түрлі. А.Жақыпов қырғыз тілінде оған ілік, барыс, шығыс септікті сөздерді жатқызса, С.Аманжолов барыс, ілік жалғаулы сөздерді, ал М.Балақаев, негізінен, ілік жалғаулы сөздерді жатқызады. Атау тұлғасынсыз (басқа формада тұрған, бірақ ой иесін білдіретін) бастауышты мұндай сөйлемдер тілімізде жақсыз сөйлемдер аясында қарастырылады.
Негізгі субъект ілік, барыс септігі тұлғасында келетін сөйлемдердің баяндауыш құрылымы жақты сөйлем баяндауышынан өзгешелігімен сипатталады. Олардың баяндауыштары көбінесе күрделі болады да, мынандай құрамда жұмсалады:
1.-қы,-кі,-ғы,-гі жұрнақты қалау райлы етістікке кел көмекші етістіктерін тіркесуі арқылы жасалады:
Менің арзан сөзді айтқым келеді (Ә.Ә). Мұны сен ойлап таптың ба, біздің соны білгіміз келеді (Л.Лагин).
2.Барыс жалғаулы тұйық етістіктен соң бол, жара, тура, кел деген көмекші етістіктердің келуі арқылы жасалады:
Жақсы мамандардың бос отыруына болмайды. Балаларға әрдайым сақ болуға тура келеді(А.Г).
3.Тұйық етістіктен соң керек, жөн, мүмкін модаль сөздерінің тіркесіп келуі арқылы жасалады:
Біздің ашық сөйлесуіміз керек (Б.Б). Жастарға көп нәрсені үйрену керек.
4.Барыс жалғаулы тұйық етістіктен соң керек, рұқасат, мүмкін сөздері және бол етістігінің көсемше тұлғасы келіп, оларға ма,-ме сұраулық шылаулары тіркесіп айтылады:
Маған бастай беруге бола ма? Бізге кіруге рұқсат па? Мұндай сөйлемдердегі субъект өз баяндауышымен қиыса байланыспайтын болғандықтан, оның орнын сол тұлғадағы, бірақ басқа жаққа қатысты субъектілі сөзбен ауыстырып айтуға болады.
5.Өз ішінде предикаттық қатынасқа құралған тұрақты тіркестер арқылы жасалады:
Оның сойнына су кетіп жүр. Бәрінің аузына құм құйылды т.б.
Логикалық бастауыштардың ішінде ілік септікті бастауыштың өзіндік ерекшеліктері бар. Ілік септігі, әсірісі, нөлдік тұлғада тұрғанда грамматикалық бастауышқа өте ұқсас.
- Басқа ешкім ат бергісі келмейді (С.М.).
- Бұл жөнінде би аға, батыр аға, мен сіздерден айрықша сүйінші алуыма болады,-деп Аралбай Қойайдар би мен Қангелді батырға інілік назбен жымия қарады (Ж.Т).
- – Сен баруың керек.
- . Бұл жөнінде би аға, батыр аға, менің сіздерден айрықша сүйінші алуыма болады,-деп Аралбай Қойайдар би мен Қангелді батырға інілік назбен жымия қарады (Ж.Т).
- – Сенің баруың керек.
Мысалдардан көріп отырғанымыздай, формасыз ілік септігіндегі бастауыш өзінің сыртқы тұлғасы мен грамматикалық мәні жағынан синтаксистік бастауышқа өте ұқсас.
Әдетте ілік септігіндегі сөз есім сөзбен тіркесіп, заттың не сапаның кімге тәндігін, меншіктілігін білдіріп, анықтауыш қызметін атқарса, етістікпен тіркескенде ол жоғарыдағы грамматикалық мәннен өзгеше грамматикалық мән береді.
Дәлірек айтсақ, ілік септігінің негізгі грамматикалық мәні – заттың біреуге не бір нәрсеге тіндігін білдірмей, қимылдың субъектісі болып, логикалық тұрғыдан да, кейде тіпті тұлғалық жағынан да грамматикалық бастауышқа жақындайды. Мұндай сөйлемдердің баяндауыштары көбіне қалау райлы етістікке көмекші етістіктің тіркесуі арқылы, тұйық немесе есімше формалары етістікке тіркескен модаль сөздерден жасалып, негізгі етістік құрамындағы тәуелдік жалғау формасы арқылы өз бастауышымен жақ жағынан сәйкес келеді. Бұл — оның өзге тұлғадағы логикалық бастауыштың ерекше сипаты.
Мысалдар:
- Менікі еді» деп іздеп иедар болып келген адамды біз қазірге дейін көргеміз жоқ (Ж.Т.).
- Қозыбек жеңіске жетудің басқа жолы бар екенін мойындағысы келмеді (Ж.Т.).
- Сен көргеніңді ған айтуың керек.
Сөйлем бастауыштары кім көргені жоқ? Мойындағысы келмегені кім? Кім айтуы керек? секілді сұрақтарға жауап беріп, қимылдың нақты субъектісі болса, екінші жағынан, сөйлемдердің бастауышы мен баяндауышы
бірінші сөйлемде жақ тұлғасында, екінші сөйлемде 3 жақ тұлғасында, үшінші сөйлемде 2 жақ тұлғасында бір-бірімен сәйкесіп тұр. Мұндай құрылымды сөйлемдерде меншіктіліктің изафеттік қатынасы бұзылып, ілік септікті анықтауыш (логикалық бастауыш) грамматикалық бастауышқа бейімделуі нәтижесінде, әрі тәуелдік жалғаудың да жақтық мағына білдіруіне байланысты бұрынғы матаса байланысқан тіркес қиыса байланысатын болады.
Ілік септігінің бірде ашық, бірде жасырын қолданылуын ғалымдар белгілілік, белгісіздік ұғымымен байланыстыратыны белгілі жайт. Ал мұндай құрылымды сөйлемдердің ерекшелігін М.Балақаев логикалық субъектінің активтенуі қағидасымен байланыстырады /12;57/. Логикалық субъектінің активтенуі ойлаудың күрделенуі мен дамуының нәтижесінде туындайтыны белгілі. Ал ілік септікті логикалық бастауыштың сөйлем баяндауышымен жақ жағынан үйлесуі мәселесінде мына жайттар назар аударарлық:
Түркітанушы ғалымдар арасында Н.К.Дмитриев етістіктер құрамындағы –м, — ң формаларын /бар-ды-м, бар-ды-ң/ тәуелділікті білдіретін қосымша деп таниды. /13;107-108/. И.И.Мещанинов өткен шақ /жаздым, жаздың/ пен шартты рай формаларынан келген бұл формаларды /жазсам, жазсаң/ зат есіммен /қолым, қолың/ салыстыра отырып, етістік құрамындағы аффикстерді тәуелдік жалғаудың қалдық формасы деп есептейді /14;238/.
Жоғарыдағы сөйлемдерде көрсетілген тілдік фактілер тәуелдік жалғауымен жіктік жалғаудың арасында қандай да бір органикалық байланыс бар екенін дәлелдей түссе керек.
Сонымен, логикалық бастауыш-граматикалық /синтакситік/ бастауыштан өзіндік ерекшеліктері бар ой иесі болуы жағынан ортақ сипаты болғанымен, оның тілде көріну, яғни граматикалық тұлғалануы жағынан өзгешеленетін бастауыштың түрі. Қазақ тілінде ол ілік және барыс септігі тұлғасында көрінеді.
Баяндауыштың граматикалық тұлғасы
Сөйлемдегі сөздерді синтаксистік қызметі жағынан таптастырғанда, оның морфологиялық құрылымы, өзге сөздермен тіркесімділігі, сөйлем ішіндегі орны ескеріледі. Бұл жөнінде И.Мешанинов: «… Синтаксические группы имеют свои основания к их выделеню. Они сами отделяются от другого состава предложения тем внутренним их объеденением, которые проводится сответствющими синтаксическими приемами. Эти группы образуют собою внутренныее членение предложения имеют свой особенности», — деп көрсетеді /14;145/.
Расында да, етістіктің жіктелуі, есім сөздердің белгілі бір септік жалғауында тұруы осы формада тұрған сөздің контекстегі айтылған бүкіл ойдағы синтаксистік маңыздылығын нақтылай түседі. Әсіресе, сөйлемдегі ойды тиянақтап тұратын баяндауыштың граматикалық сипаты оның өзіндік морфологиялық құрамымен айқындалады.
Қазақ тіл білімінде баяндауыштық тұлға туралы аз сөз болып жүрген жоқ. Н.Сауранбаев баяндауыштық тұлға ретінде жалғаусыз жіктік жалғауын, тәуелдік, көптік, атау, жатыс септіктеріні жалғауларын, -нікі, -дікі қосымшаларын көрсетсе,, С.Аманжолов атау тұлғасын және жіктік жалғауын көрсетеді. М.Балақаев сөздердің түбір күйінде, граматикалық тұлғаларда (жіктік жалғауы, -дүр, -нікі, -тікі, -дікі қосымшалары) баяндауыш болатын, О.Күлкенова түбір күйіндегі, жіктік, септік, тәуелдік жалғау тұлғаларындағы сөздердің баяндауыштық қызметін көрсетеді /15/. Т. Сайранбаев сөздердің түбір күйінде, жіктік жалғау, -нікі, -дікі, -тікі, көсемше, есімші, шартты рай тұлғалары мен септік және тәуелдік жалғауларының сөйлемдері баяндауыштық тұлға болып табылатыны ашып көрсетеді /8;100-103/. Аталған тұлғалардың сөйлем баяндауышы құрамынан табылатыны ешқандай дау туғыщбаса керек, алайда объектіге алынып отырған сөзге предикаттық, баяндауыштық сипат беруде бұл тұлғалардың атқарар жүгі әр түрлі.
Алдымен, түбір тұлғада тұрған сөздің баяндуыш қызметін атқаруы туралы қалыптасқан көз – қарасқа тоқталайық. М.Балақаев түбір сөздің баяндауыш қызметінде жұмсалуы туралы: «Сондай дара тұрып түбір күйінде көбірек баяндауыш болатын сөздер – етістіктер… есім сөздер де түбір күйінде, ешқандай баяндауыштық жалғау жалғанбай –ақ баяндауыш бола береді. Бірақ ол үшін бастауыш пен баяндауыш қатар айтылуы керек сонда олардың сол қызметке жұмсалуына себеб болатын жағдай олардың сөйлемде белгілі орында түруы болады. Мысалы: Жамал отызда. Сапар-доктр. Ол тәртіпті. т.б.», деп көрсетеді /7;92-93/. Бұл пікірді О.Күлкенова да қолдайды /15;122-123/.
Түбірдің беретін мағанасы – лексикалық мағананың жалпылануы негізінде уындайтын жалпы граматикалық мағана дейтін болсақ, жоғарыдағы сөйлемдегі 3-жақтық мағананы берім тұрған не деген сұрақ туады. Сөйлемдердегі жақтық, жекешелік мәнді беріп тұрған 3-жақтық жіктік жалғауының нолдік түлғасы екенін дау туғызбайды. Бұл жерде түбір тұлға мен нолдік тұлғаның (формасыз граматикалыө мағананың берілуі) арасындағы елеулі айырмашылықты ескергеніміз дұрыс. Себебі түбір тұлға С. Исаевтің көрсеткеніндей, сөйлеу кезінде туатын форма емес, оның ерекше қызметі, синтаксистік ақрым – қатынасы бола бермейді /10;35/
Граматикалар мен жеке зерттеулерде осы тұлғадағы сөзді атау септігінде тұрған сөз деп те көрсетіп жүр. Ал атау септігінің өзі жалғанып тұрған сөзге (арнайы формасы болмаса да) иелік, субстанттық мән беріп, сөйлемнің бастауыш болатыны белгілі, оның сөйлемдегі жақтық мағанаға қатысы жоқ. Олай болса жіктік жалғаудың формасыз үшінші жақ формасы мен атау септік тұлғасы сөйлемде граматикалық омонимдер болады, өйткені олар білдіретін граматикалық мағанасы мен қызметі жағынан бір – бірінен мүлде өзгеше кқрсеткіштер.
Тәуелдік жалғауды да баяндауыштың көрсеткіші деп тану күмән туғызады. Тіліміздегі тәуелдік жалғау бір заттың екінші бір жаққа белгілі бір жақ тұрғысынан тәуелді меншікті екенін білдіргенімен, өзіне бағына байланысқан сөзбен предикатты қатынасқа түспейді. Тәуелдеу тұлғасындағы сөз сол күйінде басыңқы сыңарымен байланыспайды, мұндай жағдайда ол белгілі бір септік жалғауын қабылдауы керек. Тәуелдеулі сөз атау септік формасында тұрып баяндауыш пен претикадтық қатынасқа түссе (Інін ауылда жүр. Жасым жиырмада т.б.), ілік септігінде тұрып өзі бағынған сөзбен атрибуттық қатынаста (досымның үйі, инесінің көзі), қалған септік формаларында тұрып объектілік, аддербиалдық қатынаста (хатыңды алдым, ауылымызға келдік т.б.) жұмсалады. Тәуелдеулі сөз баяндауыш болғанда белгілі бір жақ тұлғасында тұрады. Мен ағаң-мын. Сен інім-сің. Ол інім – Ø. Бұдан көріп отырғанымыздай тәуелдік жалғауындағы сөз де, түбір сөз де өздігінен сөйлемнің баяндауышы бола алмайды.
Сондай-ақ етістік баяндауыш құрамындағы шақ пен модалділікті білдіретін қосымшалар туралы айтпай кетуге болмайды. Сөйлемнің сөйлемдік сипатын айқындайтын шақ пен модалділіктің етістік баяндауыш бойынан табыларын рас, сондықтан кейбір түркологтардың баяндауыш категориясы мен етістік категориясын бір деп қарау жайттары да орын алды. Шындығында шақ, рай және етіс категориялары – етістікті сөз табы ретінде бөліп көрсететін грамматикалық категориялар. Бұл жөнінде Н.А.Баскаков: «Следовательно, глагольность, т.е. глагольные свойства причастия – категория времени и модальности не являются исключительно признаками только сказуемого, они могут быть присущи так же любому члену предложения, выраженному причастием. Таким оброзом, исключительными и наиболее характерными признаками сказуемого являются не категории времении и модальности, хотя они и всегда характеризуют сказумое, а только одна категория лица»,-деп тұжырымдайды /16;94/.
Бұдан байқағанымыздай, тек жақ категориясы ғана баяндауышқа тән категория болып саналады. Ал етістіктің барлық басқа көрсеткіштері, егер жақ тұлғасын қабылдамаса, баяндауыш бола алмайды. Бұл тұжырым жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің басыңқы сыңарына қатысты алғанда еш күмән туғызбаса керек. Ал құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарындағы есімше, көсемше тұлғалы сөздер жіктік жалғауынсыз-ақ баяндауыш қызметін атқара береді. Бұл жерде сөйлемнің жалпы семантикасы, сөздердің орын тәртібі мен тіркесімі, әсіресе, интонацияның атқарар ролі ерекше. Бұл тұлғадағы сөздер предикативтілікті білдірудің басқа да амал-тәсілдері арқылы сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Бір жағынан, бұл ерекшелік аталған тұлғалардың тиянақсыздық, бітпегендік сипатымен де байланысты.
-нікі,-дікі,-тікі /ныкі,-дыкі,-тыкі/ қосымшалы сөздердің синтаксистік қызметі жөнінде түркологияда көптеген пікірлер бар. Аталған құранды жұрнақтың ілік септігінен қалыптасқанын ғалымдар дұрыс көрсеткенімен, оның құрамындағы –кі аффиксінің табиғаты туралы әр түрлі пікірлердің /бірі сын есім тудыратын жұрнақ десе, бірі онымен омонимдес, мағынасы басқа қосымша деп таниды/ болуы оның синтаксистік қызметі жайында нақты тұжырым жасауға қиындық келтіреді. Осыған орай, қазақ тіл білімінде кейбір ғалымдар мұны таза баяндауыштық тұлға деп көрсетсе, екінші тобы бұл тұлғадағы сөздердің түрленіп сөйлемнің өзге де мүшесінің қызметін атқаратынын көрсетеді.
Расында да тіліміздегі –нікі,-тікі,-дікі қосымшалы сөздері жіктік жалғауын қабылдап баяндауыш, септік жалғауында тұрып сөйлемнің өзге мүшелерінің де қызметін атқаратынын тіл фактілері көрсетіп отыр. Мысалы: табыс септігінде: Өзімдікін жөн екен деді де, ұмтылып кеп құлаштай тұрып жігітке қамшы сермеді. (Ж.Т.). Барыс септігінде: Кәрімбек жайбарақатсынды: — Түн ішінде хан иемді мазаламай-ақ біздікіне сәл тыныстап, таң ата жетерміз (Х.Ә.). Шығыс септігінде: Бұл үйдің сойысын Ұлжан үйінікіне көп болғанына Күңке әсіресе кұйінді (М.Ә.). Сондай-ақ тілімізде осы жұрнақтың жіктеліп келіп қолданылуы үлгісінен барлығы /мен сіздің ауыл-дікі-мін. Сен біз-дікі-сің. Ол ме-нікі-0./ Оның предикаттық қосымша емес екенін нақтылай түседі.
Септік жалғауларының баяндауыш қызметінде қолданылуы туралы айтқанда, олардың білдіретін грамматикалық мағынасы мен атқаратын қызметін басты назарға аламыз. Қазіргі грамматикалық атау, барыс, жатыс, шығыс септіктерінен баяндауыш қызметінде жұмсалуы туралы сөз болып жүр. Соның ішінде атау септігінің баяндауыш қызметінде жұмсалуы туралы ғалымдар арасында жаңсақ пікір бар. Бұл жоғарыда көрсетілгендей, жіктік жалғаудың үшінші жақтық формасыз түрін бірде түбір, бірде атау тұлғалы сөздермен шатастырумен байланысты туындайды.
Сөйлемде баяндауыш қызметін атқарып тұрған сөз (формасыз сөз) түбір тұлғада тұрмайтыны секілді атау септік тұлғасында да болмайды. Үсен – инженер деген сөйлемдегі инженер сөзі атау тұлғада тұрған жоқ. Өйткені жіктік жалғауының 3-жақ тұлғасында тұрған бұл сөзде, С.Исаевтың көрсеткеніндей, атау септігі білдіретін заттық, субстантивтік мән субъектінің кім екенін білдіретін номиналдық мәнге айналды, сөйтіп зат есімнің жалпы түрлену жүйесінің мәніне қайшы келеді./5;78/.
Осы типтес зат есім, сын есім, сан есіммен, етістіктен жасалған баяндауыштардың үш жақта жіктелуі аталған сөздің атау тұлғада емес, жіктік жалғауда тұрғанын нақтылай түседі: Мен мұғалім-мін. Сен жақсы-сың. Ол үшінші-0. Мен келді-м. Сен бар-ды-ң. Ол айт-ты-0 т.б. Грамматикалық септіктердің (атау, ілік, табыс) баяндауыш қызметінде жұмсалуының басты себебі бұл септіктердің субстанттық, меншіктік тура объектілік мағынаны білдіріп синтаксистік қызметтерінің саралануынан (атау септікті сөз сөйлемде баяндауыштың, ілік септікті сөз анықтауыштың, табыс септікті сөз тура толықтауыштың қызметін атқарады) деп те тұжырымдауға болады, ал көлемдік септіктерде мұндай қасиет жоқ. Барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі сөз жанама объектілік мағынаны білдіріп, заттық мәнде қолданылғанда толықтауыштың, бағыттық, мезгілдік, мекендік, амалдық мағынаны білдіріп адвербиалдық мәнде жұмсалғанда пысықтауыш, өзі меңгеріліп тұрған бассыңқы сөз сөйлемнен түсіріліп, ал оның білдіретін жақтық, шақтық мәні осы септіктегі сөздің өзіне ауысқанда сөйлемнің баяндауышының да қызметін атқара береді.Мысалы: Қызым-үйде, қылығы – түзде. Барлық жақсы – балаларға. Нар – түйеден. Тұлпар – биеден. Ағаш – жапырағымен, жер – топырағымен т.б.
Тіліміздегі жатыс, шығыс септігіндегі сөздер жіктелгенімен, барыс септігіндегі сөздер 1-2 жақта жіктелмейді. Осы тұлғадағы сөздердің, сондай-ақ нелік зат есімдер мен тұйық етістіктердің жіктелмейтіні белгілі болғанымен, бұл тұлғалар баяндауыш қызметінде шартты түрде жіктік жалғауының 3 жақ тұлғасында тұрады.
Етістіктердің үш жақта жіктеліп сөйлем баяндауышы қызметін атқаруы тілімізде бұрыннан бар құбылыс. Үш жақта жіктеліп, сөйлем баяндауышы болу, дәлірек айтсақ, сөйлемдегі предикаттық қатынасқа негіз болу – етістіктердің өзіне тән семантика-грамматикалық табиғатынан туындайтын ерекшелік, Ал есім сөздердің баяндауыштық қызметі бұдан кейінгі құбылысқа жатады. Сондықтан да баяндауыштық тұлғаны анықтау мәселесінде, әсіресе, есімдерге байланысты пікір алалығы көп. Әрине есім сөз таптары да, оның өзіне тән ерекшеліктері де көп. Сын есімдер есім сөз таптарының ішінде баяндауыш қызметінде ең жиі қолданылатын болса, сан есімнің немесе үстеудің кейбір мағыналық топтары бұл қызметте мүлде жұмсалмайды десе де болады. Біз бүгінгі жұмысымызда есім сөз таптарының ішінде кімдік, нелік (Ысқақовша адамзат есімдері мен ғаламзат есімдері) /18;377/ болып бөлінуіне қарай баяндауыштық қызметінде жұмсалу ерекшелігіне тоқталайық.
Зат есімдердің кімдік, нелік болып өз ішінде топқа жіктелуі олардың семантикасына негізделгенмен, олардың грамматикалық сипаты жағынан да өзіндік ерекшеліктері бар сөздер. Сондай ерекше белгілерінің қатарына кімдік, нелік зат есімдердің үш жақта жіктеліп, баяндауыш қызметін атқаруы жатады. Тіліміздегі кімдік, нелік зат есімдерге жататын адамға тән атаулар (шал, кемпір, кісі, қыз, бөпе т.б.), туыстық атаулар (әке, шеше, аға, апа, іні, сіңлі, нағашы, жиен, бөпе, құда, құдаша т.б), іс-әрекет пен кәсіп мамандық иелерінің атаулары (емші, дәрігер, малшы, сатушы т.б.), әр алуан қызмет баптары мен лауазым атаулары (төраға, ханым, мырза, ректор, директор т.б.), кісі аттарынан (Үсен, Айгүл, Ерік, Сағира, Қанат, Дариға т.б.) барлығы да үшінші жақтағы жіктік жалғауын қабылдай алады. Қазіргі кезде, негізінен, етістікке тән түрлену жүйесі болып саналатын жіктік жалғаулары ертедегі ескерткіштер тілінде-ақ есім сөздерге тіркесе қолданылғандығын дәлелдейтін фактілер бар.
Ер атым – Йаш баш бен (Ер атым – жас ақ баспын) /19;106/
Үчін Күлүғ Тірік оғлы бен Күліг Тоған бен (Үчін Күлүғ Тірік ұлымын, Күлүғ Тоғанмын) /19;119/
Бұдан байқағанымыздай, адамға қатысты зат есімдердің жіктелуі, сөйтіп баяндауыш қызметінде жұмсалуы – тіліміздегі бұрынна бар құбылыс. Бұл туралы М.Томанов: «…жіктеу есімдіктері есім сөздерге тіркесе айтылған немес баяндауыш қызметіндегі есімнен кейін байланыстырушы қызметінде айтылған көмекші етістіктің есімше тұлғасына тіркескен (ана турур сен). Бұл фактілер жіктеу есімдіктерінің постпозициялық қолданыста жалғауларға айналуын есім не есім мәнді сөздер негізінде пайда болғанын көрсетеді. Олай болса, олар (таза етістік тұлғалары) жіктеу есімдіктерімен тіркеспеген, есімше формасымен ғана тіркескен», — дейді./20;144/
Қазіргі кезде тіліміздегі есімдердің тікелей жіктік жалғауын қабылдауының, ал етістіктердің түбір күйінде мүлде жіктелмеуінің мәні осында жатса керек. Ал есімдердің ішінде үш жақтың да жіктік жалғауын қабылдай алу мүмкіндігі тек кімдік зат есімдерге тән. Бұл жіктік жалғауларының жіктелі есімдіктерінен шықандығынан болса керек. Өйткені 1жақтағы жіктеу есімдіктері мен, біз сөйлеуші адамды білдірсе, 2жақтағы жіктеу есімдіктері сен, сендер, сіз, сіздер тыңдаушы адамды білдіреді. Ал сөйлеу, ой жеткізу, пікір айту және соны тыңдау, тыңдату – тек қана адамға байланысты сипат. Мысалы: Мен әншімін (мен әнмін емес)
Сіз қаламгерсіз (сіз қаламсыз емес)
Сондықтан да адамға қатысты сөздер ғана жіктік жалғаудың 1,2 жақ тұлғаларын тікелей қабылдап, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады. Келтірілген мысалдардағы – мін, — сіз қосымшалары өзі жалғанған сөздерге жақтық мән үстеп тұр. Ал үшінші жақта мұндай арнайы морфологиялық көрсеткіші болмағандығына қарап, мұнда (Ол — әнші.) жақтық мағына жоқ деп айтуға болмайды. Үшінші жақта арнайы көрсеткіштің болмауы бір жағынан, тіліміздегі кез келген зат есімнің мағынасы жағынан 3 жақты білдіретіндігімен байланысты болса, екінші жағынан, 3 жақ жіктік жалғауы шығу төркіні жағынан 1,2 жақ қосымшаларынан өзгеше. Біз алғаш 3-жақтың бәрін де қосымша қолданылып, нөлдік формаға кейін көшкен деп санаймыз. Мұнда, алдымен, оның үш жағының да қосымшасының болуы, тіпті осы 3 жақтың жүйенің өзі оның әуелде толық үш жақта да қолданылғандығын көрсетеді./21;129-130/
Жұман дегенім: әлгі Қартқожаның әкесі /Ж. Айимауытов/.
«патша құлады» дегенді аспан құлады дегеннен кем
Түсінбеген мазақтың бірі – Кітапбек /Б.Нүржекеев/.
Ол-Оразбайдың әр пәлледе, әр кесір әлетке ұдайы
Қасынан табылатынын үзнгі жолдасы./М.Әуезов/ келтірілген сөйлемдердің баяндауыштары әкесі, Кітепбек, жолдасы 3 жақтық жіктік жалғауының нөлдік тұлғасында тұрағндығын осы сөздің 1,2 жақтағы түрімен салыстырып көз жеткізуге болады.
Кімдік зат есімдер сияқты нелік зат есімдер де сөйлем баяндауышы қызметін атқара алады. Нелік зат есімді баяндауыштардың көне ескерткіштер тілінде кездеспеуі бұл құбылыстың тілімізде кейінірек қалыптасқанын дәлелдейді. Нелік зат есімдердің 1,2 жақтық жіктік жалғауларын қабылдамауы оның баяндауыштық қызметтеріне нұсқан келтірмейді. Тіліміздегі бұл зат есімдер 3 жаөтық жіктік жалғауында, дәлірек айтсақ, оның нөлдік формасында тұрғанда бастауышпен жақ жағынан қиысып баяндауыш қызметін атқарады. Мысалы: Шодыр-қазақтың қойып алған аты. /Ғ.Мустафин/. абай туралы эпопея-үлкен дүние-зор еңбек /0/ (М. Қаратаев). Дала – боран 0 (Б. Майлин).
Келтірілген сөйлемдердің баяндауыштарының арнайы жақ көрсеткіші болмағандықтан, көптеген оқулықтар мен граматикаларды оны түбір, кейде атау тұлғалы мүше деп көрсетіп жүр. Шындығында, бұл мүшенің бойында жіктік жалғауына тән функцияның бәрі де (жақтық, шақтық, жекешелік, баяндауыштық) сақталған. Ал бұл мәнедер жоғарыда аталған екі тұлғада да (түбір және атау) жоқ.
Нелік зат есімдердің 1,2 жақта түрленбеуі оның мағанасы жағынана қатысты болжауынан деп есептейміз. өйткені тіліміздегі нелік зат есімдердің адам мағанасында жұмасалғанда жіктік жалғауының 1,2 жағында да түрленуі соны дәлелдейді. Мысалы:
Сен қңкейген сарыайымсың (Ә.Нұршайықов)
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың…
Хан емессің, ылансың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің, аярсың,
Айыр құйрық шаянсың. (М. Өтемісұлы).
Біздер- әлі жан баспаған асқармыз,
Біздер-әлі жазылмаған дастанбыз (М.Мақатаев)
Мұндай сөйлемдерде баяндауыш қызметін атқарып тұрған жіктік жалғаулы сөз заттың мағанасынан гөрі сындық мәні басым болады. Аюсың, қасқырсың, ылансың, жылансың, айярсың, шаянсың, асқармыз, дастанбыз сөздері аю сияқты адамсың, асқар сияты адамдарымыз, дастан сияқты жандармыз деген мағанада ұғынылады. Сөйтіп нелік зат есімдерге жалғанған 1,2 жақтағы жіктің жалғауларының қызметі, бір жағынан, оны субъектінің предикаты ету, екінші жағынан, сол арқылы әсем де әсерлі образды ой, экпрессиялық мән білдіру болып саналады /10;102/.
Сөйтіп баяндауыш қай сөзтабынан жасалмасын оның граматикалық тұлғасы-жіктік жалғаулары. Оның өзіне ұқсас тұлғалардан ерекшелігі-белгілі бір жақ тұлғасында, жекеше, көпше сипатта тұрып сөйлемдегі предикаттық қатынасқа негіз болады. Сондықтан жіктік жалғаулары сөзге жалғанатын қосымша болу жағынан морфологиялық категория болса, сөйлемде тек баяндауыштық қызмет атқаруымен синтаксистік категория болып саналады.
Грамматикалық тұлғаны ажырата білуге арналған жаттығу жұмыстары.
1.Асты сызылған сөздердің грамматикалық тұлғасын көрсетіңіз.
Үлгі: Ол біздің — қызыл алтын /Ғ.М/
Ол-атау тұлға, қызыл-түбір тұлға, алтын – жіктік жалғау 3-ж.
- Ол біздің қызыл алтын (Ғ.Мүсірепов). Ол – мұз болса, сен – жалын. Ол – тас болса, сен – тамшы. Адамның қанат-құйрығы – бала. Дәулет – еркектікі, еңбек — әйелдікі .(шығыс халықтарының мақал-мәтелдерінен). Соның бірі- өз әкесі Науан би еді.(А.Естенов). Әкесі кәрі Ықан Хан тауының бауырында адал, момын еңбекпен күнелткен әзіз жан (М.Ә). Жұман – белгілі мылжың берекелі сөзі жоқ, Абайдың ағайын ішінде ең бір нәрсіз көрінетін кісісі (М.Ә). Нағыз мәңіреу хайуанның бірі – осы ақ қойлар (Ғ.М.).
- Нелік зат есімдердің грамматикалық тұлғасын көрсетіп жазыңыз.
- Өтірік – дерт, шындық – дәру. (М.). 2. Шын ынтамен тындырған жұмыс – тәнге шипа (В. Шекспир). 3. Қартқожаның ауылы – Қара құдық бойында (Ж. Аймауытов). 4. Туған тілдегі – ақыл – ой дамуының негізі және барша білімдердің қазынасы (К. Ушинский). 5. Аталар мен әжелерді төріңнің төбесіне отырғыз. Олардың ақыл – парасаты – халқымыздың кеменгерлігімен жинақталған тәжірибесі (В.А.Сухомлинский). 6. Денсаулық – зор байлық. Аз сөз — алтын (М.). 7. қозғалыс — өмір қоймасы (Қ. Жарықбаев). 8. Адамның күші біткенше жолдас болатын бір нәрсе – қару(Ғ. Мүсірепов). 9. Байлық белгісі – көнетоздау батсайы шымылдық (Ғ. Мүсірепов).
- Атау тұлғадағы, түбір тұлғадағы өзге септік жалғауларының нөлдік тұлғасындағы, жіктік жалғауындағы сөздерді бөлек-бөлек топтап жазыңыз.
Үлгі:
Атау тұлға | Түбір тұлға | Өзге септік формасы | Жіктік жалғауы |
Жұман | аз, нашар | Ата | тұқымы |
- Жұман – аз, нашар ата тұқымы (Ж. Аймауытов). 2. Адам игілігі-өмірде, өмір –еңбекте (Л. Толстой). 3. Бүркітші – туа басында, қауушы – ойда(Абай). 4. Шешеме берген, әкеме берген уәдені бұзу – опасыздықтың алғашқы адымы (В.Сухом). 5. Уақыттың өзде – жақсы ұзтаз (М). 6. Байлар колхозға кіруге құмар(Ғ. Мүсірепов). 7. Күшікбай – Арқалықты қыстайтын бес – алты ауылдың атасы (М.Ә.). 8. Келгендер үй ішіне баяу амандасты (М.Ә.). 9. Әбіш бұл тұстада сыр ашқан жоқ (М.Ә.). 10. Екеуі жаңа шақта орнына барды (С. Ерубаев). 11. Ауыл жастары жаңа мәселе көтерді (Р.Райымқұлов). 12. Бұл қоныста отырған ауыл саны көп (М.Ә.). 13. Құрылыс жұмысы қызуда (С. Ерубаев).
- Төмендегі схема бойынша сөйлем құраңыз:
- Түбір тұлғалы сөз – атау тұлғалы сөз — жіктік жалғауы сөз .
- атау тұлғалы сөз – түбір тұлғалы сөз – табыс септікті сөз – жіктік жалғаулы сөз.
- Жіктік жалғаулы сөз – атау тұлғалы сөз – түбір тұлғалы сөз – табыс септігіндегі сөз.
- Табыс септікті сөз – түбір тұлғалы сөз – жіктік жалғаулы сөз.
- Атау септікті сөз – түбір тұлғалы сөз – барыс септігіндегі сөз – жіктік жалғауындағы сөз.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Абылақов Ә.А. Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестерінің қалыптасуы, дамуы және қолданылу аясы. А., 1990.
- Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі А,. 1991.
- Аманжолов С. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы А,. 1940.
- Аханов К. Грамматика теориясының негіздері А,. 1977.
- Әміров Р Жай сөйлем синтаксисі А,. 1983.
- Балақаев М., Қордабаев Т Қазіргі қазақ тілі А,. 1966.
- Балақаев М. Қазақ әдеби тілі А,. 1987.
- Баскаков Н.А. Структурные типы словосочетаний и предложений в современном турецком языке. АДД.Л., 1972.
- Дмитриев Р.К. Граматика башкирского языка. М. – Л., 1948.
- Есенов Қ. Предикаттық қатынас Қазақстан мектебі, 1985. 2
- Жапаров А. Азыркы киргыз тили. Фрунзе, 1964.
- Закиев М.З. Синтаксический строй татарского языка. Казань, 1969.
- исаев С.М. Қазіріг қазақ тіліндегі негізгі граматикалық ұғымдар. А., 1992.
- Казем-Бек А. Общая грамматика турецко – татарского языка. К., 1846.
- Қазақ тілінің грамматикасы . Синтаксис. 2 бөлім А., 1967.
- Мещаннинов И.И. Члены предложения и части речи. Л., 1978.
- Сайранбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. А., 1991.
- Серғалиев М., Күлкенова О., Айғабылов А. Қазіргі қазақ әдеби тілі. А., 1991.
- Төлегенов У. Выражение скозуемого и его основные типы в простом личном предложении современного казахского языка. АКД., А., 1955
- Шәукенов Қ. Синтаксистік категориялардың семантикалық және функционалды байланысы. АДД. А., 1995
- Убрятова Е.И. Согласование в якутском языке //исследование по синтаксису тюрских языков. М., 11962.
Қорытынды
Тұрлаулы мүшелер-сөйлем құрауға негіз болатын предикативтік бірлік. Тұрлаулы мүшелердің сөйлем құрауда атқаратын рөлі туралы ғалымдар арасындағы пікірталас бас мүшелерінің тығыз граматикалық байланысынан туындаса керек. Бастауыш-сөйлемдегі ұйымдастырушы бас мүшенің бірі, оған баяндаушы граматикалық тұлғасы жағынан тәуелді. Алайда баяндауыштың қолданылуындағы дербестік, сөйлемдегі ойды тиянақтау мүмкіндігі-баяндауыш мүшенің сөйлемдегі доминанттық рөлін айқындайды.
Түркологияда, соның ішінде қазақ тілінде бас мүшелерді зерттеу мәселесіне ғалымдардың әр түрлі аспектіде келуі аталған мүшелердің граматикалық сипатын ашуға мүмкіндік жасайды. Бас мүшелерге анықтыма беруде, олардың граматикалық тұлғаларын анықтауда төмендегідей ерекшеліктерді басты назарда ұстаған жөн:
- Қандайда болмасын тілдік категорияға берілетін анықтама логикалық емес, граматикалық тұрғыдан берілгені дұрыс. Сондықтан бастауышқа анықтама беруде оның тек ой иесі екендігін көрсету-граматикалық бастауыштың табиғатын таныта алмайды. Анықтамада оның тұлғасы егер өзге мүшелермен синтаксистік байланысы қамтылу керек.
- Сондай-ақ анықтамада синтаксистік қызмет атқарып тұрған сөздің симитикасы емес, осы категорияға ортақ граматикалық белгілері негіз болуы керек. Баяндауышқа тән граматикалық белгісі біріншіден, сөйлемдегі ойды тиянақтауы болса, екіншіден, белгілі бір жақ тұлғасында тұруы.
- Граматикалық бастауыштың тұлғасы – атау септігі. Тек атау тұлғадағы сөз ғана баяндауыштың предикаттық қатынасқа түсе. Сөйлем құрай алады.
- атау тқлғадағы бастауыш дегеніміз – атау септігінің формасында тұрып, субстанттық мәнде жұмсалып, баяндауышпен қиыса байланысатын тұрлаулы мүше.
- Логикалық бастауыш – граматикалық бастауыш секілді сөйлемде айтылған ойдың иесі. Айырмашылығы – тұлғасында. Граматикалық бастауыш атау септігінде тұрса, логикалық бастауыш ілік, барыс септік тұлғаларында тұрады.
- Сөйлемдегі баяндауыштың негізгі граматикалық тұлғасы-жіктік жалғаулары. Жіктік жалғауы өзі жалғанған сөздің тиянақтылық сипатына ықпал ете отырып, оны бастауышпен жақ жағынан қиыстыра байланыстырады.
Сөйтіп, тұрлаулы мүшелердің граматикалық тұлғасы дегеніміз, кейбір оқулықтар мен граматикаларда, жеке зерттеулерде көрсетіліп жүргендей, осы қызметті атқарып тұрған сөздің сыртқы морфологиялық құрылымы емес сол сөзді аталған позицияға түсіріп тұрған арнайы морфологиялық көрсеткіш. Ол тұлға бастауышта атау септігі, баяндауышта жіктік жалғаулары.