Көп елдерде шетелдіктердің құқықтық мәртебесі негізінен өз азаматтары мәртебесіне теңестіріледі. Дегенмен, белгілі бір шектеулер де жоқ емес. Мысалы, шетелдіктер әскери қызметке шақырылмайды, сайлау құқығын пайдаланбайды, және т.б. Айталық,Болгария Конституциясының 26-бабында: «Болгария Республикасына келуші шетелдіктер, болгар азаматтығын жүзеге асыруды талап ететін конституция мен заңдардағы құқықтар мен міндеттерден басқа жағдайларда, Конституцияда көрсетілген барлық құқықтар мен міндеттерге ие» делінген.
Құрама Мексика штаттары Конституциясының 33-бабында шетелдіктерге елдегі саяси істердің кез келгеніне араласуға тыйым салынған.
Кейбір елдердің конституциясында саяси себептер нәтижесіне қарай шетелдіктерге баспана беру қарастырылған. Мұндай ережелер, мысалы, Ресей, Молдова Республикасы, Плоьша, Өзбекстан, Италия Конституцияларында және Германияның негізгі заңында көрсетілген. Алайда, саяси баспана беру деген сөз, тоқтаусыз азаматтық береді дегенді білдірмейді. Бұл екеуі мүлдем бөлек, өзара байланыссыз мәселелер әрі әртүрлі тәртіппеншешіледі.
Кейбір елдердің конституциясы өз азаматтарын және өз аумағында заңды түрде тұрған шетелдіктерді жер аударуға тыйым салады. Сол секілді, халықаралық келісім-шарттарда қарастырылмаған болса, конституциялары бойынша басқа мемлекеттерге өз азаматтарын да,шетелдіктерді де беруге (экстрадиция) тыйым салынады. Мысалы, Беларусь Республикасы Конституциясының 10-бабы бойынша, Беларусь Республикасы халықаралық келісімдерінде қарастырылмаған болса, Республика азаматтарын шетел мемлекетіне беруге тыйым салынған. Осы іспетті ережелер Болгария, Түркменстан, Украйна, Қырғыз Республикасы, Испания, Дания, т.б. елдердің конституцияларында да қарастырылған. Ал, енді Мексика Конституциясына (33-бап) келсек, онда федеральдық атқарушы үкіметке (тіпті ескертусіз, алдын ала сот істерін жүргізбей-ақ) шетелдіктердің кез келгенін, ел ішінде болуын қаламаса, елден қуып шығуға құқық береді.