Жоғарыда атап өткеніміздей, жазба Конституция елдегі басқа барлық нормативтік құқықтық актілерге қарағанда жоғары заң күшіне ие болады. Сондықтан да жарияланатын кез келген нормативтік құқықтық актілер конституцияға сәйкес келетін түрде ғана жүзеге аса алады.
Мұндай істі тәжірибеде нақтылап отыру міндеті конституциялық қадағалау (бақылау) органына жүктеледі, яғни бұл орган нормативтік құқықтық актілердің конституцияға сәйкес екендігін тексеруді жүзеге асырып отырады.
Осы қызметті алғаш рет АҚШ-тың Жоғарғы Соты 1803 жылғы сот құрылысы жайлы заңның 13-бөлімін АҚШ-тың конституциясына қарама –қайшы деп тауып, оны қолдануға болмайтынын өз шешімінде бекітті. Осылайша, АҚШ-тың
Жоғарғы Соты конституциялық қадағалау (бақылау) органының қажеттілігін көрсетіп берді. Сайып келгенде,АҚШ-тың Жоғарғы Соты осы күнге дейін конституциялық қадағалау (бақылау) органықызметін де атқарып келеді.
Қазіргі кезде жазба конституциясы бар әлемнің барлық елдерінде конституциялық қадағалау (бақылау) органы енгізілген. Олар төмендегі екі түрде қолданылады:
- Конституциялық қадағалау (бақылау) қызметін жалпы сот юридикциясына жататын соттардың бәрі атқарады (Аргентина, Дания, Норвегия, Канада, Жапония, т.б. елдерде). Мұндай конституциялық қадағалау (бақылау) жүйесін американдық (орталықтанбаған) деп атайды.
- Жалпы сот юрисдикциясы жүйесіне енбейтін арнайы квази-соттық органдар құрылып, олардың негізгі қызметіне конституциялық қадағалау (бақылау) жатады (мысалы, Ресей, ФРГ, Франция, Италия). Конституциялық қадағалау (бақылаудың) мұндай түрін еуропалық (орталықтанған) деп атайды.
Конституцияға жатпайтын нормативтік құқықтық актілерді тану (толық не жартылай) өзіне лайықты заң зардаптарына апарып соғады:
- Конституция бойынша конституциялық қадағалау (бақылау) қарастырылған елдерде (Ресей, Канада, Индия, Өзбекстан, т.б.) конституциялық емес деп танылған заңдар жойылуға жатады.
- Конституция бойынша тікелей конституциялық қадағалау (бақылау) қарастырылмаған елдерде конституциялық емес заңдар автоматты түрде жойылуға жатпайды. Мұны тек парламент, не болмаса нормативтік актіні қабылдаған орган (әлбетте, тек нормативтік акт болса) жүзеге асырады. Алайда, әрдайым конституциялық қадағалау (бақылау) органы наразылық білдірген акт соттар тарапынан қабылданбайды.
Конституциялық қадағалау (бақылау) органдары әртүрлі жолдармен құрылады.
Сөйтіп, Австрияның федеральдық конституциялық сотының мүшелері үкіметтің ұсынысымен президент тарапынан тағайындалады.
Италияның конституциялық сотының мүшелері президент, парламент және магистратура тарапынан, ал Францияның конституциялық кеңесінің мүшелері президент, ұлттықжиналыс төрағасы және сенат төрағасы тарапынантеңдей үлеспен тағайындалады. Бұл елдің бұрынғы президенті болған адам өмір бойы Францияның конституциялық кеңесінің мүшесі болып саналады.
Көптеген елдерде конституциялық қадағалау (бақылау) органы мен конституциялық сот ісін жүргізу үшін арнайы заңдар қабылданады.