“Криминалистік техника” термині жалпы екі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы, криминалистика ғылымының бөлімі ретінде болса, екінші жағынан — техникалық құралдар жиынтығы.
Криминалистік техника — бұл ғылыми жағдайлар жүйесін құрайтын және олардың негізі бойынша қылмысты ашу мен тергеуге қажетті дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және пайдалануға арналған техникалық-криминалистік құрал-жабдықтар, әдістер мен тәсілдерді құрамына қосатын криминалистиканың бөлімі.
Техникалық-криминалистік құралдарға қылмыс іздерін табуға,жинауға, зерттеп бағалауға керекті түрлі приборлар, аппаратуралар, құрал-саймандар, жабдықтар мен материалдар және т.б. жатады.
Қазіргі кезде криминалистік техника жүйесіне келесі салалар кіреді:
криминалистік техниканың жалпы теориясы;
криминалистік фотосурет, дыбыс және бейне жазу;
криминалистік ізтану (трасология);
криминалистік қарутану (баллистика);
криминалистік құжаттану;
адамның сыртқы бейнесі жайлы криминалистік ілім (габитоскопия);
криминалистік тіркеу (есепке алу).
Сонымен қатар, соңғы уақытта криминалистік техниканың басқада салалары қалыптасуда олар: криминалистік одоролоя, вокалография мен фоноскопия (иіс, дауыс пен дыбыс іздері туралы ілімдер), мөлтек нысандарды (микрообъект), материалдарды, заттар мен жабдықтарды криминалистік зерттеу т с.с.
Криминалистиканың бөлімі болғандықтан, криминалистік техниканың құрамына өзіндік жеке криминалистік құралдар мен техника-криминалистік тәсілдер мен әдістер кіреді. Соңғысының мазмұны, техникалық құрал-жабдықтарды қылмысты тергеу барысында қолданудың криминалистік міндеттерін шешу жолының және техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс жүргізу ережелері мен операциялардың жүйесі болып табылады.
Қылмысты тергеу барысында, оған қатысты деп танылған объектілер және олармен байланысты іздердің барлығы табылуы, тіркелуі және алынуы тиіс. Қылмыс іздері көзге көрінетін, шамалы көрінетін және көрінбейтін болып үш түрге бөлінеді. Сондықтан оларды тез арада тауып алу үшін арнаулы іздеуші техникалық құралдар қолданылады. Сонымен, дәлелдемелерді жинау процесі табу, бекіту және алу болып танылатын үш кезеңнен тұратындықтан, осыған сәйкес құралдар мен әдістерді де үш топқа бөлуге болады.