Криминалистік сәйкестендірудің жалпы түсінігі.
ХХҮІІІ ғ. екінші жартысында белгілі француз криминалисі Альфонс Бертильон бірнеше мәрте ұсталған қылмыскерлермен жұмыс жүргізу барысында тарихта бірінші болып «идентификация» терминін қолданды.
«Идентификация» — «іёепІіГісаге» латын тілінен аударғанда — дәл соның өзі, тең, теңдес, теңдестіру,ұқсастыру, сәйкестіру деген мағынаны, яғни белгілі бір объектінің немесе жеке тұлғаның жалпы және жекелеген белгілері жиынтығы арқылы бір-біріне ұқсастығын айқындауды білдіреді.
Кез келген қылмыс күнделікті адам өмір сүріп отырған ортада жасалатындықтан, қылмыс болған жерде әр түрлі іздердің қалмауы мүмкін емес. Бұл материяның өзінің белгілерін қоршаған ортаға, басқа нәрсеге беру қасиетіне тығыз байланысты. Сондықтан, қылмысты тергеуде, ашуда іздерге және олардың басқа бейнелеріне қарап, адам қолданған зат немесе басқа объектілердің дәлелдеме ретінде қажеттілігі анықталады.
Криминалистік сәйкестендіру — дегеніміз қылмысты зерттеу және алдын алу мақсатымен көптеген ұқсас объектілердің ішінен тек өзіне ғана тән белгілері мен бейнелері негізінде қажетті объектіні анықтап дәлелдеу.
“Криминалистік сәйкестендіру” терминін үш мағынада қолданады:
а) зерттеудің мақсаты, міндеті және қорытындысы;
ә) ұқсастықты, тепе-теңдікті табу үшін орындалатын әрекеттер жүйесі;
б) криминалистиканың жалпы теориясының құрамына кіретін жеке ғылыми теориялық тұжырымдасы.
ТМД елдерінің ғалымдары криминалистік сәйкестендіру теориясының дамуын 3 кезеңге бөледі:
1-кезең — 1940-50 жылдар — бұл негізгі теорияның, оның бастапқы қағидалары мен бағыттарының қалыптасуы.
2-кезең- 1950-60 жылдар — жалпы сәйкестендіру негізінде объектілер түрлеріне байланысты ілімдер бағыттарының кебейюі: сот-із теңдестіру, сот-графикалық теңдестіру т.с.с. бағыттардың даму кезеңі;
3-кезең — XX ғасырдың 60 жылдарынан басталып бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Бұл кезеңде криминалистік сәйкестендіру көптеген ілімдері мен бағыттары қайта қаралып, жаңа бағыттары пайда болды. Сәйкестендіру мүмкіншіліктерін, зерттелетін объектілер түрлерін көбейту, кеңейту мәселелері қарастырып, олардың мәлімет, дәлелдеме жинау және оларды логикалық өңдеу жағына көп көңіл бөлінуде. Криминалистік сәйкестендіру жүргізу процесінде математика және кибернетика әдістерін кеңінен енгізу қолға алынып, даму үстінде.
Криминалистік сәйкестендіру философиялық диалектика әдісінің: ұғыну ілімі, бейнелену, ұқсастық, айырмашылық, даралылық, тұрақтылық, өзгешелік, қасиет, белгі деген категорияларына негізделген. Қылмысты тергеу мен ашу барысында түрлі заттардың, бөлек фактілер мен жағдайлардың қылмыспен байланысын анықтауды қажет. Ал, материяның негізгі қасиеттерінің бірі болатын бейнелену материалдық әлемдегі өзгерістерді түсінудің бірден-бір кілті болып табылады.
Криминалистік сәйкестендіру жургізгенде негізгі қолданытын тәсіл — салыстыру тәсілі. Салыстыру — екі немесе бірнеше объектілердің өзіне тән белгілерін теңеп, ұқсастырып көру. Ұқсастыру өте күрделі логикалық талдауды қажет ететін ойлау процесі. Екі не бірнеше объектілерді салыстырғанда, алдымен әр объекті жеке алынып зерттеледі, яғни, салыстырудың бірнеше сатысында зерттеліп отырған объектілерге тән қасиеттер мен белгілер сұрыпталып алынады.
Криминалистік сәйкестендірудің обьектілері
Криминалистік сәйкестендіру зерттеу үрдісі болғандықтан оның бірінші мақсаты оған қажетті объектіні анықтау, Криминалистік сәйкестендіру субъектілеріне қылмысты ашу процесіне қатынасатын тергеуші, анықтаушы, сот, сарапшы, жәбірленуші, күдікті және т.б. жатады. Олардың әркайсысы өздерінің іс-жүргізу жағдайына сәйкес, заңға қайшы келмейтін жолдармен теңдестіру немесе сәйкестендіру өткізуге қатысты міндеттерін орындайды. Мәселен:
а) сарапшы (эксперт) баллистикалық сараптау жолымен оқтың қандай бір тапаншадан атылғандығын анықтайды;
ә) қылмыскерді көрген куәгерлер, оның сыртқы пішінін есте ұстап қалып, оны тани алады.
Бұлар — объектілердің әртүрлі бейнелері, белгілері арқылы дәл сол керек объектіні анықтайтын тәсілдер.
Сонымен, объектілердің бейнелену бағытына байланысты криминалисті сәйкестендіру 4 түрі болуы мүмкін:
1) Адам ойында сақталған бейне арқылы объектілерді теңестіру. Бұл жұмыс қылмысты тергеу барысында іске асырылады. Мысалы: қылмыскерді, сезіктіні басқа ұқсас адамдардың арасынан тану үшін көрсеткенде қолданылады.
2) Жазбаша сипаттау арқылы объектілерді теңестіру негізінен қылмыскерді, жоғалған затты іздегенде, белгісіз мәйіттерді анықтағанда және криминалистік тіркеу, есептеу жұмыстарында қолданылады.
3) Материалды бекітілген бейнелерге байланысты объектілерді теңестіру (іздерге, суреттерге, қолжазбаға т.б.), криминалистік сараптау ісін жүргізу барысында орындалатын криминалистік сәйкестендіру көп кездесетін жағдай.
4) Объектінің бөлшектері арқылы теңестіру — осы бөлшектердің бұрын бүтін бір бөлікті құрағанын анықтау қажет болған жағдайда қолданылады.
Криминалистік сәйкестендіру процесіне қатысушы объектілерді:
— теңдестірілмекші (идентификацияланушы);
— теңдестіруші (идентификациялаушы) деп екіге бөледі.
Криминалистік сәйкестендіру іс жүргізу және тергеу процесінен тыс екі нысанда да жүргізіледі.
Біріншіден, тергеу ісін жүргізу барысында криминалистік сәйкестендіру:
— сәйкестендіру сараптау өткізуде;
— танытуда және беттестіруде;
-тергеу қарауында және куәлендіру кезінде;
— тінту жүргізуде және заттай айғақты алуда;
— тергеу тәжірибесін жүргізу барысында қолданылады.
Екіншіден, жедел іздестіру барысында (іс жүргізу емес):
-маманның, жәбірленушінің, куәгердің зерттеуі, тексеруі, қарауында;
— тергеушінің өзі айғақ заттарды салыстырып қарауында қолданылады;
Бейнелеу түрлерінің сипаттамасына байланысты тергеу практикасында криминалистік сәйкестендіру 5 бағытта жүзеге асырылады.