- Тілдегі сөздерді лексика — грамматикалық сипаттарына қарай таптастыру – грамматиканың теориялық та, практикалық та маңызы зор, әрі негізгі, әрі түйінді мәселесі. Бұл мәселе тек грамматиканың жай өзегі ғана емес, оны лексикамен байланыстыратын да негізгі мәселе. Солай болса, сөздерді лексика грамматикалық жағынан таптастырып, олардың грамматикалық сыр сипаттарын айқындау грамматиканың ең негізгі мәселесі болмақшы.
Қазақ тіліндегі сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдік) белгілеріне қарай, ең әуелі атаушы, сөздер, көмекші сөздержәне одағай сөздер деп аталатын үш топқа бөлінеді.
Атаушы сөздер деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналары бар, соған лайық, қалыптасқан өзді-өздерінің дыбыстық құрамдары мен екпіндері бар дербес сөздерді айтамыз.
Көмекші сөздер деп дербес лексикалық мағыналары я солғындаған, я ада күйде жоғалған жәрдемші сөздерді айтамыз. Көмекші сөздердің кейбіреулері (шылаулар) дыбыстық жағынан тұрақсыз болады да, әдетте өз алдына екпіні болмайды. Дербес мағыналары болмайтындықтан, көмекші сөздер тек атаушы сөздермен тіркесіп жұмсалады және соған орай сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, немесе күрделі мүшенің құрамына енеді, немесе сөйлемдердің я сөз тіркестерінің дербес мүшелерінің араларын байланыстыратын дәнекер есебінде қызмет етеді.Әдетте көмекші сөздерден туынды жаңа сөздер жасалмайды.
Одағай сөздер деп адамның әрқилы сезім күйімен байланысты айтылатын сөздерді айтамыз. Өздерінің шығу ерекшеліктеріне қарай одағайлардың өзге сөздермен де семантикалық, айтайық, атаушы сөздермен де, көмекші сөздермен де семантикалық байланыс қатынасы болмайды және сол себептен, сөйлемнің мүшесі болмайды, бірақ олар (одағайлар) бүтіндей сөйлемнің орнына балама есебінде жүре береді.
Бұл аталған үш топ (атаушы, көмекші және одағай) сөздер бір бірімен тығыз байланысты. Оған, өзгені былай қойғанда, атаушы сөздердің кейбіреулерінің көмекші сөздер мен одағай сөздерге ауысып, үнемі оларды толықтырып отыратыны да айғақ бола алады.
- 2. Тілдегі сөздерді грамматикалық жағынан таптастырғанда, мынадай екі түрлі жағдай қадағалануға тиісті.
Біріншіден, жеке-жеке сөз таптарына телінбекші сөздердің қай-қайсысы болсын тілдің сөздік құрамына енеді. Олай болса, сөз я сөздер қай сөз табына қатысты болса да, қайткенде де олардың лексикалық жағы еске алынуы қажет. Ал, сөздің осылайша лексикалық жағын ескеруден, сөзсіз, оның семантикалық жағын ескеру керек екендігі туады. Ендеше, әрбір сөз табы және оның құрамына енетін сөздердің бәрі де лексика-семантикалық тұрғыдан қаралып талдануы керек.
Екіншіден, сөздерді грамматикалық жағынан таптастыру, олардың түрлену және жасалу жүйесін айқындау, сондай-ақ, сөздердің тіркесу мүмкіншіліктері мен синтаксистік қызметтерін, тағы басқа да сол сияқты мәселелерін анықтау – қашан да болсын грамматиканың қарайтын міндеті. Олай болса, сөзтаптары қанша болса да және олардың әрқайсысына қанша сөз қатысты болса да, қайткенде де ол сөздердің грамматикалық жақтары, демек, грамматикалық сипаттары мен ерекшеліктері ескерілуі қажет. Ендеше, әрбір сөз табы және оның әрқайсысының құрамына енетін сөздердің бәріде грамматикалық тұрғыдан қаралып сипатталуы қажет.
Сонымен, тілдегі сөздерді таптастырғанда, олардың (сөздердің) лексика-семантикалық жақтары да, грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) жақтары да бірдей қадағалана қаралуы қажет. Көмекші есімдер іштей жалғаулық, септеулік, демеулік деп аталатын топтарға саралатыны сияқты, бұл топтардың өздері де ішінара жіктеледі. Мысалы: біресе, қарай, өйткені, шейін деген көмекші сөздерді алсақ, бұлар ол бастағы бір ерсе, қарай, олай еткені, шекейін деген атаушы сөздерден шығып ауысқан.