- Диалект деп тілдегі жалпы халықтық сипат амалын белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын айтамыз.Мысалы,сіріңке — кеуірт, күкірт, шырпы, ши, оттық, шақпақ; шылапшын леген, жам, кірлен, шылаушын, тас; кесе- самал,пиялай,кәсе,тас аяқ шыны аяқ, ақпар,кәрлен,жанан; күрке – балағаш,балаған,шайла, шабыра,кеппе,аткүрке,алты аяқ,қапын, лапас;
- Жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі говор деп аталады. Мысалы, Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса,говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді, қамтиды. Мысалы,қазақ тілінде „ Шығыс говоры”, „ Батыс говоры”, „ Оңтүстік говоры” немесе „ Қызылорда говоры”, — „ Шу говоры” дегендер бар.
- Көнерген сөздер –архайзмдер және историзмдер болып екіге бөлінеді. Архайзмдер — әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне,дүниетанымына байланысты әр дәуірде өзгеріп, әр түрлі басқаша сөздермен ауысып отыратын, яғни қазір басқаша аталатын ұғымның бұрынғы атауы болатын сөздер. Мысалы: аэрофлот (әуежай), адрес (мекен-жай), рыноктық (нарықтық) т.б.
Қазақ тілінде архайзмдердің мынадай түрлері бар:
1.Киім-кешек, мата, кездемеге байланысты: бөз, мақпал, ләстек, шайы, жаулық, сәукеле т.б.
2.Ыдыс-аяқ атаулары: сапты аяқ, көнек, торсық, талыс, кебеже, керсен т.б.
3.Салт-сана; әдет-ғұрыпқа байланысты: сауын айту, ас беру, жарыс қазан, тоқым қағар, бесік құда, қалың мал т.б.
4.Діни ұғымға байланысты: зікір, жаназа, ақырет, жайнамаз, зекет,пітір, жыртыс, ақтық т.б.
Историзмдер – белгілі бір дәуірдегі қоғамдық ұғымға байланысты туып, қазір қолданыстан шығып қалған сөздер.Мысалы: уез, барымта, ханзада, батырақ, керуен, жүз басы т.б.
Историзмдер де бірнеше топқа бөлінеді:
1.Әкімшілік басқару ісіне байланысты: патша, хан, ханым, бекзада, ауылнай, болыс, би т.б.
2.Қару-жарақ, әскери лауазыммен байланысты: садақ, жебе, найза, сауыт, қалқан т.б.
3.Қазан революциясы кезінде пайда болған историзмдер: нарком, кедейлер комитеті, партия ұясы, қызыл отау т.б.
- Неологизмдер – ғылым мен техниканың дамуына байланысты тілге ене бастаған жаңа сөздер. Мысалы: кеден, ұшақ, жарнама, делдал, зейнетақы, саябақ т.б.
Неологизм негізінен мына жолдармен жасалады:
Бұрыннан бар сөздерге түрлі жұрнақтарды қосу арқылы: оқулық, көрермен, балмұздақ, өміршең т.б.
Жалқы есімдерді жалпы есімдерге айналдыру арқылы: суворовшылар, мичуриншілер т.б.
Екі сөзді біріктіру арқылы: келіссөз, ұлтаралық, жетіжылдық т.б.
Кейбір неологизмдер сөз тіркесінен де жасалады: агротехникалық шаралар, жергілікті тыңайтқыштар, шаруашылық дақылдары т.б.
Жаңадан енген сөздердің тың, жаңа екендігі аңғарылып, сезіліп тұрғанда ғана неологизм болады. Уақыт өткен сайын кейбір сөздер үйреншікті, бұрыннан да бар сөздер секілді болғанда, неологизм болудан қалады.Мысалы:колхоз, комбайн, бригадир, электр, радио, партия т.б.сөздері алғашқы кезде неологизм болса, кейін сөздік қорға еніп кетті.Неологизмдер лексикалық және семантикалық болып екіге бөлінеді.
1.Лексикалық неологизмдерге жаңа заттың ұғымның шығуымен пайда болған сөздер, мысалы: теледидар, космос, баспасөз, аялдама т.б.
2.Семантикалық неологизмдерге сөзбе-сөз аудару жолымен пайда болған сөздер: Мысалы: жүйе (система), шарт (договор), шөгінді (осадки), т.б.