Шығарма жұмысының бал тілін дамытудағы рөлі

Мектеп оқушыларына қазақ тілінен білім беруде, тілдік материалдарды меңгертудің сатылы басқыштары зор қызмет атқарады: 1) меңгертудің аналитикалық басқышы. Әр сөйлемде немесе мәтінде қанша дыбыс, қанша әріп бар екендігін жете меңгеру үшін әуелі жеке сөздерді буынға бөлдіреді де, әр сөздегі буын мен әріптің қанша екендігін таптырады. Бұдан кейін дыбысты буынға, буынды сөздерге, сөздерді сөйлемге біріктіріп айтқызады. Сонан соң ол сөйлемде қанша дыбыс, қанша буын қанша сөз және қанша сөйлем барлығы талданады; 2) меңгертудің синтетикалық басқышы. Бұл кезде оқушылар сөйлемді сөзге, сөзді буынға, буынды дыбысқа қарай талдап, жинақтау дағдысын үйренеді. Жазу мен оқу нәтижесінде сөздерді есту мен көру бейнелері біріне-бірі ықпалын тигізіп, есту бейнесі көру бейнесінсіз жұмсалмайтындығы аңғарылады. Белгілі бір сөздерді көргенде, оған есту бейнесінің де қосылатындығы байқалады; 3) меңгертудің аналитикалы-синтетикалық басқышы. Бұл амал тұсында оқушылар кез келген нысанды талдап, жинақтау дәрежесіне көтеріледі. Меңгерілетін нысанның мақсатын айқындайды да, соған лайықты жаттығу түрлерін молайтып, іске асыру дағдысын қалыптастырады. Сөйтіп оқушылар дыбысты буынға, буынды сөзге, сөзді сөйлемге біріктіреді, жеке сөздерден сөйлемдер құрайды.

Қазақ тілі материалдарын меңгертудің амалдары тікелей сол материалдардың психологиясына байланысты қаралады. Тілдік материалдардан сабақ беруде оқушылардың сезімі мен түсінігін байқауы мен қабылдауын, ойы мен қабілетін ескеріп отыру – қазақ тілін меңгертудің белгілі шарттары. Сондай-ақ сабақ үрдісінде жеке оқушылардың үлгерімін байқап, тәуір, нашар үлгерудің себептерін де ескеріп отырған мақұл. Мектепте өтілетін қазақ тілі материалдарын меңгертудің психикалық құбылыстары психикалық үрдіспен, психикалық қалыппен және психикалық сипатпен ұштасып жатады.

Осы сияқты қазақ тілі материалдарын меңгертудің негізгі амалдары мыналар: 1. Қазақ тілі материалдарын еске түсіру. Қазақ тілі тақырыптарын оқушыларға танытуда және оны оқушылар ойына қалыптастыруда психикалық әрекет пайда болады. Логикалық ойлаудың индукциялық және дедукциялық амалдары, сигнал жүйелерінің барлығы адам бойлау сезімдерін оятады. Бұл сезім аралық ми деп аталатын орталық мидың бір бөлігіне байланысты. Мидың осы бөлігінің клеткалары қозғалғанда түрлі сезім дүниелері оянады. Осы сезімнің негізінде қазақ тілі тақырыптарын оқушылар ойында қалыптастырудың дағдылары пайда болады. Өтілетін материалдың тақырыбын тақтаға жазу, көрнекі құралды ілу, түрлі дидактикалық материалдардың пайдалану және тақырыпты оқушыларға хабарлау үрдісінде оларда белгілі дәрежеде ұғым, түсінік сәулеленеді. 2. Қазақ тілі материалдарын түсіндіру. Дидактикалық құралдарға сүйене отырып, жаңа материалдың өзіндік белгілерін түгел қамтитындай дағды түрлері іске асырылады. Мұндай жұмыс үрдісі негізінде оқушыларға толық түсінік қалыптасады. Қазақ тілі тақырыптарын дағдыландыру, пысықтау, қайталау сияқты жұмыс әрекеттерін өз ішіне қамтиды. Оқушылардың дағдысын қалыптастыруда жұмыстың мынадай түрлері орындалады: 1) мұғалімнің дайындаған карточкалары іске асырылады; 2) оқулықтағы жаттығулардың шарттары орындалады; 3) схемалар мен кестелер жасалады; 4) ауызша мысалдар келтіріледі; 5) ауызша сөйлемдер құрастырылады; 6) мәтінге лайықты шағын шығармалар жазылады; 7) картина мен сурет бойынша сөйлемдер құрастырылады; 8) орфографиялық сөздіктер бойынша жұмыс жүргізіледі; 9) жергілікті материалдар пайдаланылады.