Оқушылардың жазба жұмыстарында жіберілген қателер 5-6 сыныпта өтілетін морфология саласында ғана емес, сонымен бірге грамматиканың бастауыш сыныптарда өтілетін материалына да байланысты екені байқалды. Ендігі мақсат – оқушылар біліміндегі осындай олқылықтарды қандай әдіс-тәсілдер қолданып жоюға болады, оны қандай тиімді жолмен шешу қажет деген мәселе. Бұл міндетті шешу ана тілін пәнін оқытудың күнделікті өтіп отырған материалдарымен қатар жүргізіліп, оқушылардың бұрыннан көмескі, әрі нашар меңгерген ережелеріне ерекше көңіл аудару қажет.
Оқушылардың жазба жұмыстарында жіберілген емлелік қателері мен оларға байланысты қағида-ережелерді саналарында тұрақтандыру мақсатымен, соларға шендес, ұқсас, бір тектес сөздер іріктеп алынып, олардың дұрыс жазылу емлесін қамтитын жаттығулар мен жазба жұмыстары жүргізіледі.
Оқушылардың белгілі тапсырмаларды жаттығу үрдісінде меңгеріп, оларды өз беттілік іс-әрекеттері арқылы меңгере білулері оқу материалдарының мазмұнын тиянақты түсініп, естерінде тұрақты сақталуын нығайтады.
Ал оқушының жазба жұмыстарын орындауы оқулықтар мен көмекші құралдарда берілген жұмыстарды көшіріп жазып, соларды орындаумен ғана шектеліп қоятын болса, онда балалардың шығармашылық іс-әрекеттері және өзіндік ойлау өресі тарылып, тек сөздердің сыртқы тұлғасын қабылдайды да, орфографиялық ережелерге бағына жазылатын сөздерді қабылдауы, оны санада қорытуы арасындағы ассоциациялар қалыптаспайды.
Оқытуда өздерінің жазба жұмыстарында орфография саласынан қателер жіберіп, саналы дағдысы қалыптаспаған бірсырыпа үлгерімі нашар оқушылармен даралап жұмыс жүргізіледі. Оқыту жұмысының осындай нәтижелерін іздестереді.
Қорыта келгенде, ана тілін оқытуда оқушылардың орфографиялық ережелерді меңгеруі жалпы грамматикалық ержелермен тығыз ұштастырып жүргізіледі. Ал оқушылардың жалпы ана тілінің қағидаларын меңгеруі олардың ақыл-ой әрекеттерімен байланыстырып жүргізгенде ғаан жемісті нәтижелер береді. Осындай талаптарды жүзеге асыру үшін: біріншіден, оқушылар әрбір сөздің жазылу емлесін жете меңгеріп, оны басқа сөздердің ерекшеліктерімен шатастырмауы керек; екіншіден, жеке сөздердің өзіндік емлесін жете түсініп, жалпы орфографиялық ережелердің мәнін тиянақты меңгеру оқушылардың дұрыс жазу дағдысын қалыптастырып, сауатты жазуын тұрақтандырады. Осы тұрғыдан қарағанда, оқушылардың орфографиялық ережелерді меңгерулері – ұзақ мерзімге созылып, жүйелі түрде машықтанып отыруды талап ететін күрделі психикалық үрдіс.