- Сөздің дыбыстарын айыра білгеннен кейін түрлі дыбыстарды қосып сөз ете білетін болғаннан кейін әріппен таныстыруға түседі.Әріппен таныстыру реті әріптердің әліппе кітабындағы тұрған ретінше болады.Әліппе кітабының басындағы бөлек әріптер, немесе сөздің ішіндегі әріптер, мәселен, “а”, “с” болса,сол әріптер бар сөзді алып,дыбыстарын айыртады. Сонан соң дыбыстың таңбасы мынау деп әрібін көрсетеді.Дыбыс таңбасы әріп деп аталатынын да айтады. Сонан кейін жаздырады.Басқа әріптердің арасынан іздеп таптырады.Сонан кейін танытқан әріптерінен құрастырып,сөз қылып оқытады.Дыбыстарды айырту құрастырып сөз құру дұрысталып істеліп,балалар әбден әдісін алған болса,сол дыбыстардың әріптерін құрастырып,сөз қылып оқуға балалар қиналмайды.Бір-екі сөзді әріптер құрап оқығаннан кейін тез әдісін алады. Алғашқы кезде сөзді ылғи буындап қостырып оқытады.Сонан буындап оқып әдеттенеді. Буындап оқу жаттыға бара қалыпты оқу түріне түседі.
- Бұл кезеңдегі ең көп қолданылатын жаттығулар: көшіріп жазу, үлгі сұрақ бойынша, сөзді, сөйлемді аяқтап жазу. Бұл — орфограмманы білу кезеңі деп аталады. Балалар ережені қолданып үйрене бастайды, жазғандарын дәлелдеп, негіздей алады. Сөздердің жазылуын әуелі дәлелдейді, сонан соң ғана жазады.
б)балалар өздіктерінен басқа құбылыстардың ішінен оқылып отырған ереженің объектісін тауып бере алады. Мұнда жеке сөйлемдер де, тұтас текстте беріледі. Балалар тексті көшіреді: қалдырылып кеткен сөздерді үлгі, сұрақтарсыз, сөздері тауып жазады; бұл кезде ескерту, түсіндіру, іріктеу диктанттары жаздырылады. Бұл үйрену кезеңі деп аталады.
в)орфографиялық дағдының автоматтана бастау кезеңі. Мұнда балалар орфография туралы ғана емес, жазу жұмыстарының басқа жақтары (мазмұны, лексика, синтаксис, жоспар) жөнінде де ойланайық. Бұл кезеңде балалар грамматикалық-орфографиялық тапсырмаларды орындап, көшіру жұмыстарынан басқа, ескерту диктанты, түсіндіру, ерікті, творчестволық, бақылау диктанттары, түрлі мазмұндама, шығармалар жазады.
г)қалыптасқан дағдыларды жетілдіру кезеңі. Жазылуы бірыңғай сөздерді байланыстырып, оларға тән ортақ заңдылықты, жалпылықты анықтау; тубірлес сөздерді табу, сөздердің синонимін, антонимін табу, омоним сөздерді табу. Бұл кезде диктанттың барлық түрі жазылады, оқылған ережелер бойынша қалыптасқан дағдылар толық автоматтанады, сондықтан тексті алдын ала талдаусыз жаздыра беруге болады. Сөздіктен қарауға, мұғалімнен сұрауға рұқсат етіледі.
Жоғарыда көрсетілген жүйені өзгертуге болмайды деп түсінбеу керек. Нақты жағдайларға: балалардың жас ерекшеліктеріне, дайындық дәрежелеріне, алған білімдері мен сөйлеу дағдыларына қарай өзгеріс болуы мүмкін. Алайда, мұғалім осы көрсетілген жұмыстардың жүйесінің толық орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Жаттығу жұмыстарының жүйесіне қарай, материалды таңдауға қойылатын талаптар туады. Жаттығуларды жүргізу үшін алынатын материалдар да бірден-бірге лексикалық, синтаксистік жағынан күрделене түсуге тиіс. Материал таңдауда әсіресемынажағдайлар ескеріледі:
- Грамматикалық немесе орфографиялық құбылыстарды түсіндіру кезінде бақылау үшін анағұрлым жеңіл, анық материалдар алыну керек. Бұл кезде оқушылардың зейінін оқылып отырған ережеден басқаға алаңдататын нәрселер болмағаны жөн. Оқушылар бақылағандарынан дұрыс қорытынды шығара алатындай болсын.
- Жаттығуға арнап материал таңдағанда тіл дамыту мен жазу жан-жақты ескерілуге және бұрын өтілгендерді үздіксіз қайталау есте болуға тиіс.
- Жұмыстың әр түрлі кезеңдерінде бір тектес (сөздік, фразалар немесе текст) материалдарды қайталап отыру дұрыс болмайды. Мысалы, алғашқыда «қала» сөзіне түбірлес сөз тапқанда «қалалар» десе, кейінгіде «қалалы, қалашык, қалашыл т. с. с» сөздер айтқызылады.
Қазіргі кезде орфографияны меңгеру үшін көру мен есту органының (көшіру мен диктанттың) қайсысы маңыздырақ деген мәселе жөнінде талас жоқ.
Сауаттылыққа үйренуде сезім анализаторларының барлығы да: есту де, көру де қол қозғалысы да қатысуы керектігі зерттеліп анықталды. Оның үстіне көшіру немесе диктант сияқты жазу түрлерінің қазіргі кезде әр түрлі варианттары шыққанын жоғарыда айтылғандардан байқағанбыз.
Мұғалім қандай да болмасын, бір сезім органына жаттығудың қай түрі дұрыс келеді деген мәселеден гөріг бір жаттығуда таным қызметінің қандай операцияларды орындауы жайлы, олардың комплексті қатысуын қалай қамтамасыз етуге болатыны жайлы көбірек ойлауға тиіс: анализ, синтез, жалпылау, ұқсастық пен айырмашылықты табу, абстракциялау, топтау, жүйелеу т. б.
Сөйтіп, орфографиялық немесе пунктуациялық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруда оқушылардың зейінін, ойы-есін, қиялын т. б. таным қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ олардың ауызша, жазбаша тілін дамытуға көп күш салу қажет.