1.Соңғы психологиялық зерттеуге қарағанда бастауыш сынып балаларының өзін теориялық ойлауға, жалпыдан жекеге көшу, заттар мен құбылыстардың арасындағы байланысты аңғаруға үйретуге болатыны анықталды.
Егер мектепке оқуға түскен бала әлі заттар мен құбылыстардың негізгі белгілерін айыра алмайтын болса, мұның өзі олардың тәжірибесінің аздығынан, білімінің жеткіліксіздігі мен шашыраңқылығынан деп түсінген жөн.
Осыған орай, I сынып оқушыларының заттар, құбылыстар туралы елестерін анықтап, бір жүйеге келтіру қажет. Бұл жұмыс әуелі әліппеде берілген сөздер арқылы жүргізіледі. Сөздік қорды байыту заттар мен кұбылыстар және олардың арасындағы байланыстар жөніндегі елестерді анықтаумен қатар жүріп отыруға тиіс.
Бірінші сынып балалары естігендері, көргендері, кейбіреулері оқығандары жөнінде айтып бере алады. Алайда олардың сөйлемдері нашар, жүйесіз құрылған, белгілі бір жоспармен айта алмайды. Ойы негізгі нәрседен басқаға тез ауып кетеді. Мысалы, ойынның түрлері жөнінде әңгімелегенде, шешесімен барып, дүкеннен ойыншық сатып алғанына ауысады т. с с Егер мұғалім әңгімені дұрыс салаға бағыттап отырмаса, тіл дамыту құр мылжың болып кетуі мүмкін. Мұндағы негізгі міндеттің өзі — балаларды белгілі бір жүйемен сөйлеуге үйрету ғой.
- Бірінші сыныптағы жазу сабағының өзіндік ерекшелігі бар, ол мұғалімнің творчестволық ізденісін талап етеді,өйткені оқушылардың мектепке келгендегі білім деңгейі әртүрлі, ал талап бәріне бірдей.Әсіресе балабақшаға бармаған, қолына қалам ұстап көрмеген балалармен жұмыс істеу оңай нәрсе емес.Бұл әр балаға жеке назар аударып жұмыс істеуді қажет етеді.
Бастауыш сынып оқушыларының жазу дағдыларын қалыптастыру, жетілдіру жұмыстарында “Жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныптарында каллиграфиялық дағдыларды жетілдіру туралы” Бастауыш сынып журналдарының номерлеріне жарияланған методикалық хаттарды басшылыққа алған жөн.
Жазу сауат ашу сабағымен қатар жүргізіледі.Жазуға үйретуді сауат ашудың бір бөлімі деп қараған жөн. Өйткені жазу сөзді қағаз бетіне түсіру, сөздің графикалық берілуі. Сондықтан қатесіз, сауатты, каллиграфиялық дағдыларын сақтап жазуға үйрету қажет.
Әліппеге дейінгі кезең қаламды дұрыс ұстауға, түрлі сызықтарды қағаз бетіне түсіре білуге арналады.Ол үшін геометриялық фигураларды, түрлі трафареттерді пайдалана отырып,қағаз бетіне түсірген заттың формаларын бояу,көлбеу, тік, ирек сызықтар сызу т.б. жаттығулар жүргізіледі.Жазуға арналған сабақта тіл дамыту, балалардың ой сезімін жетілдіру, дүниетанымын молайту жұмыстары да сабақтаса жүргізіліп отырады. Сабақта ойын элементтерін үнемі пайдаланып отыру міндеттеледі.
Алты жасар оқушылардың қолдарын жазуға үйрету – аса күрделі жұмыс.Сондықтан жұмыс дәптерінен басқа оқушыларда қосымша сурет дәптері болған жөн. Сабақтың соңына қарай трафареттерді пайдалана отырып сурет дәптерінің бетіне түрлі формаларды, фигураларды ( жан-жануарлардың, ертегі кейіпкерлерінің, құрылыстардың т.б. ) түсіріп, түрлі – түсті қарындаштармен сызықтар жүргізуге, бояуға болады.Сондай-ақ саусақ сезімін арттыру мақсатында кедір-бұдыры бар қағаздан әріптерді қиып, қатты қағазға жапсырады да, оқушылар сол әріптерді сипалап отырып, ажыратады, жазылу ерекшелігін аңғартады. Мұндай әріптерді пайдаланып өтілген дыбыстарды қайталауға, айтылу, жазылу ерекшелігіне арналған түрлі ойындар өткізуге болады.