Шағын комплектілі бастауыш мектепте қазақ тілін оқытудың мазмұны мен көлемі

1.Шағын комплектілі бастауыш мектепте қазақ тілінен берілетін білімнің мазмұны мектеп программасында белгіленеді.

Программа жасаудағы негізгі методикалық проблемалар: 1) ана тілінен қандай теориялық мағлұматтар беріп,практикалық дағдылар мен іскерліктерге үйретуге болатынын анықтау; 2) жекелеген тақырыптардың қайсысын қайсысынан кейін оқыған жөн; 3) ұсынылған материалдарға қанша сағат бөлінетінін белгілеу болып есептеледі.

Қазақ тілін шағын бастауыш сыныптарда оқыту мазмұнын танысуда мына жағдайлар ескеріледі: 1)бастауыш сыныптарда оқушылардың алдағы уақытта жоғары сыныптарда оқуына,жүйелі білім алуына дайындық жасалады; 2) балалар ана тілінің құрылысымен шолу ретінде үстірт қана танысады; 3) көбіне олар оқуға және жазуға дағдыланады; 4) балалар ана тілі сабақтарында түрлі құбылыстарды бақылай білуге,қорытынды шығаруға, суреттеуге, анықтамалар беруге үйренеді; 5) сөйтіп, мұның барлығы балаларды жүйелі білім алуға дайындауда орасан зор маңызы бар алғышарт болып табылады.

2.Шағын комплектілі бастауыш мектепте программа балаларға нені оқыту керектігін көрсетеді,программа бойынша оқулықтар жасалады.

Ал бұл материалдар оқушыларға қалай үйретіледі? Белгілі пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту дың қайсысы болмасын,оқушы мен мұғалімнің ара қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады.

Оқытуда дидактикалық жүйесі оқыту жолдарының жалпы заңдылықтарын көрсетеді.

Оқытуды зерттеуші ғалымдар,жалпы алғанда, былайша топтайды: 1) балалардың оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру; 2) оқу-таным әрекетіне түрткі ( мотивация) жасау, әсер ету; 3) оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру;

Бұлардың әрқайсысына бірнеше жекелеген әдіс енеді. Мысалы, 1 топқа сөздік, көрнекілік және практикалық ( олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді); дедуктивтік ( логикалық ойлауға негізделеді), өздігінен орындау, мұғалмнің басшылығымен орындау (қиялға, ерікке негізделеді) . Ал екінші топқа балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу; ІІІ топқа ауызша тексеру, жазбаша тексеру, лабораториялық –практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру енеді.

Шағын комплектілі бастауыш мектепте ана тілін оқыту барысында бұлардың қайсысының қай кезде тиімді екенін мұғалімнің өзі айқындап алып, іріктеп қолданады.