- Көркемдік білім беру саласында қазақ бейнелеу өнерінің шығармаларын бірнеше тақырыптарға бөлуге болады. Соның ішінде қазақ бейнелеу өнеріндегі революция тақырыбына мына картиналар кіреді: Қ.Телжанов «Ұшқын», «Толқын», «Ән бастаушы», «Бастау», «Октябрь», М.Қалымов «Үкімет билігі советтерге», М.Шаяхметов «Интернационалды шырқаушылар», М.Кенбаев «Ә.Жангелдин отряды», Н.Нұрмұхамбетов «Даладағы өрт», «Фурманов Верный қаласында», Т. Тоғысбаев «Дала туралы баллада». Бұл картиналарда қазақ жеріндегі революция көріністері бейнеленген. Сонымен қатар революциядан кейінгі халық өмірі жан-жақты суреттелген. Суретші Қ.Телжановтың «Ұшқын» деп аталатын кар тинасында революция қайраткерлерінің шағын тобы, таңғы мезгіл, дала көріністері арқылы суретші революцияның басталу кезеңдерін көрсетеді. Осы суретшінің «Октябрь» деп аталатын шығармасы революция жеңісін көркем образдар арқылы бейнелеген.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі ерекше бір тақырып «Қазақ халқының реовлюцияға дейінгі өмірі мен тұрмысы» деп аталады. Бұл тақырыпқа суретшілер Ә. Қастеев, Н. Хлудов, С.Аманжолов өз қаламын тартты. Мысалы Ә.Қастеевтің «Шевченко қазақтар арасында», «Досмағамбет пен Жамбылдың айтысы», «Сатылған қалыңдық» картиналарында халықтар достығы мен мәдени дәстүр лайықты көрініс тапқан. Суретші С.Аманжоловтың «Ақтабан шұбырынды» деген картинасында, М. Қалымовтың «Исатай – Махамбет» деген картинасында қазақ тарихындағы ауыр күндер мен халық батырларының образдары жасанған.
Суретші Т.Шевченконың «Жетім балалар», «Киіз үйдегі қазақтар» В.Н. Фролованың «Құлмахамбет пен Жамбылдың айтысы» атты картиналары осы тақырыпқа кіреді. Қазақ бейнелеу өнерінің көптеген шығармалары тарихи кезеңдермен тығыз байланысты. Бұл шығармаларда халықтың ұлт-азаттық қозғалысы, қоғамдық қайраткерлер, батырлар образы ерекше көзге түседі. Осындай тақырыптардың бірі «Қазақ бейнелеу өміріндегі азамат соғысы көріністері». Мысалы: Н.Нұрмұхамбетовтың «Амангелді шабуылы», «Тоқаш Бокин отряды», М. Кенбаевтың «Жанкелдин отряды», Қастеевтың «А. Иманов портреті», Қ.Телжановтың «18 – жылғы Қазақстан», М. Қалымовтың «Қазақтың алғашқы атты-әскер полкы» деген картиналары азамат соғысының көріністерін білдіреді.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі көлемді тақырыптардың бірі «Ұлы Отан соғысы» деп аталады. Бұл тақырыпты қамтитын шығармалардан соғыс кезіндегі халық өмірін, майдан көріністерін, батырлар образын көруге болады. Мысалы, В.Крымовтың «Шахтерлерді майданға шығарып салу», Т.Әбуовтың «Барлығы майдан үшін», график И.Исабаевтың «Ленинградтықтар балам менің», О.Нұржұмаевтың «Әке естелігі» шығармаларында жауынгерлерді майданға шығарып салу, елдегі халықтың жеңіс үшін күресі суреттеледі. Сонымен қатар суретші Н.Насаткиннің «Қазақстаннан келген қонақтар Панфиловшылар арасында», С.Романовтың «Жеңіс туы», «Соғыс ізі», Ү.Әжиевтің «Ленингард 1941 Декабрь», К.Пономаренконың «Ерекше тапсырма» атты картиналары соғыс көріністерін шынайы бейнелермен ашып көрсетеді. Суретші В.Чуйковтың «Жамбыл өсиеті», А.Молдабековтың «Батыр Ә.Молдағұлова» портреті, Ә.Нақысбаевтың, «Р.Қошқарбаевтың портреті», Ю.Мингозидиновтың «М.Маметова портреті» арқылы қазақ халқының ержүрек ұл-қыздарының көркем образдары жасалған.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі ерекше бір тақырып–қоғам қайраткерлерінің образы. Бұл тақырыпқа көптеген суретшілер қалам тартты. Олардың ішінде Қ.Телжанов, В.Крылов, Х.Наурызбаев, С.Романовтарды атауға болады. Телжановтың «Көсем аманаты», Т.Тоғысбаевтың «Көсем мен Т.Рысқұловтың кездесуі», Х.Қалымбетовтың «С.Сейфуллин» деген картинада қоғам қайраткерлерінің образы берілген.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі еңбек тақырыбына көптеген суретшілер қалам тартты. Олардың қатарына Қ.Телжанов, Ә.Қастеев, Ә.Исмаилов, М.Кенбаев, Н.Нұрмұхамбетов, Е.Евсеев сияқты суретшілер кіреді. Еңбек тақырыбын алғаш бастаған суретші Ә.Қастеев «Турксиб», «Биік таудағы мұз айдыны», «Қапшағай ГЭС-і» сияқты картиналарын жазды. Телжановтың «Ата-баба жерінде» деген картинасы Қазақстандағы тың игеру кезеңін көрсетеді. Сонымен қатар Н.Раевтың «Тың жер», Г.Исмайловтың «Даладағы тоған» О. Тоғысбаевтың «Тың жерінде» деп аталатын картиналары да тың игеру көріністерін суреттейтін шығармалар.
Еңбек тақырыбына арналған картиналарда табиғат көріністерімен қатар адам бейнелері де көрініс табады. Мысалы, Қ.Телжановтың «Боз аралдың адамдары», Н.Нұрмұхамбетовтың «Папам келе жатыр» атты картиналары кіреді. Еңбек тақырыбына жазылған картиналардың бірі Ф.Евсеевтің «Шымкент фосфор заводы», В.Крыловтың «Өндірісті Қарағандының таңы» деп аталатын шығармалары индустриалды өндіріс орындарын бейнелейді.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі көлемді тақырыптардың бірі бейбітшілік тақырыбы. Бейбітшілік тақырыбына жазылған қазақ суретшілерінің шығармалары кескіндеме, графика, сәндік – қолданбалы өнер, салаларын қамтиды. Бұл шығармалар халықты бейбітшілікке, шыншылдыққа, бірлікке насихаттайды. Сонымен қатар, соғыстың сұрапыл көріністерімен жирендіріп, бейбіт өмірді көркем образдар арқылы суреттейді. Суретші Б.Табеевтің «Қайырлы таң», Т.Тоғысбаевтың «Бейбітшілік әні», К.Бисенбиновтың «Мәңгілік жарық», С.Трофимовтың «Бейбітшілік туралы сөз» атты туындылары бейбіт өмірдің еңбек адамдарының өмір тіршілігі суреттеледі. Суретші Аманжоловтың «Уақыт талабы», К.Молдашевтің «Қазақстан. Дала және уақыт» атты шығармасы. А.Ғалымбаеваның «Қостанай пирамидалары» қазақ жеріндегі бейбіт еңбектің көріністері. Н.Нұрмағамбетовтың «Хиросима» атты картинасы жапон соғыс құмарларының халық өміріне деген қастандық әрекеті екендігі көрсетілді.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі сүбелі тақырыптардың бірі–ана образы. Бұл салаға қалам тартпаған суретші жоқ десе де болады. Солардың ішінде А.Ғалымбаеваның, Қ.Телжановтың, С.Мамбеевтің, Е.Сидоркиннің, А.Жүнісовтың есімдерін ерекше атау қажет. Ана образына ерекше өз шығармашылығынан орын берген суретші А.Ғалымбаева. Оның «Махаббат туралы баллада», «Тоқымашы», «Автопрортрет», «Халық таланты», «Батыр ана», «Халық шебері Басенованың портреті» атты шығармалары бар. Сонымен қатар Қ.Телжановтың «Жамал», «Домбыра әуендері», С.Мәмбеевтің «Ақ киімді қыз», Е.Сидоркиннің «Баян сұлу», «Айман-Шолпан», «Құртқа» образдары және А.Жүсіповтың «Менің отанымның әйелдері» деп ақталатын картиналары қазақ аналарының образын жан-жақты көрсететін бейнелі туындылар.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі ерекше тақырыптың бірі халық ақыны Жамбылдың бейнесі. Бұл тақырыптағы шығармалар ақын өмірі мен шығармашылығын терең суреттейді.Бұлардың ішінде суретші К.Чеканиннің «Жамбыл мен Кенен», Ә.Қастеевтің «Жамбыл мен Досмағамбет», С.Мартованың «Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы», Исмаиловтың «Жамбыл мен Тоқтағұл» сияқты картиналары халық ақыны мен айтыс ақындарының образдарын жасалған.Жамбыл ақынның образын жасауға көптеген орыс суретшілері қатысқан. Бұл орайда К.Чуиковтың «1916 жыл Жамбылдың жарлылар арасында болуы», К.Урманченің «Жамбылдың ұйықтар бөлмесі», С.Риттехтың «Жамбыл халық арасында», К.Суховтың «Жамбыл мен Фурмановтың кездесуі» сияқты шығармаларды айтуға болады. Жамбыл образын ерекше ашатын туынды М.Қалымовтың «Ленинградтық өрендерім» атты графикалық туындысы.
Қазақ бейнелеу өнерінде 60 жылдардан бері ерекше дамып келе жатқан тақырып ғарыш тақырыбы. Бұл салада Қ.Степанов, Н.Гаев, К.Моллашев, Ғ.Ильевтар табысты шығармашылық еңбек етті. Ою-өнек шебері Г.Ильяев «Байқоңыр Космос» атты шығармасын ою-өрнек тілімен суреттейді. Бұл картинада қазақ жерінен аспан әлемі, табиғат көріністері ою-өрнектермен бейнеленген. А.Степановтың «Жер планетасынан келген адам», «Гагарин», «Жер ұлдары» атты кескіндеме шығармалары космос тақырыбын ерекше ашқан туындылар.
Қазақ бейнелеу өнерінде балалар тақырыбына арналған шығармалар мол. Бұл тақырыпқа арнап А.Бортников, А.Степанов, Б.Янковский, Қ.Телжанов, Х.Наурызбаевтар туындылар жазды. Суретшілер А.Степановтың «Жамбылдың немересі», Б.Яновскийдің «Жамбыл балалар арасында», И.Остренконың «Жас бақташы – Жамбыл» шығармаларында өнер шеберлері ұлы ақынның балалық шағын суреттейді. Халық суретшісі Қ.Телжанов «Бірінші рет мектепке», «Әжесі мен немересі», «Күн сәулелі өлкеде», «Тыныштық» атты кескіндеме туындыларында қазақ балаларының бейбіт өмірі елдің салт-дәстүрі өнер тілінде көркем образдармен көрініс тапқан.
Табиғатты қорғау, республика көлемінде қолға алынатын мәселе бейнелеу өнері саласында да негізгі бір тәрбие тақырыбы болып табылады. Экология тақырыбына жазылған сәндік қолданбалы өнер графика туындыларымен қатар кескіндеме шығармалары қазақ бейнелеу өнерінің ерекше бір бөлігін құрайды. Бұл тақырыпқа қалам тартқан суретшілер В.Халатов, Е.Тулепбаев, Қ.Телжанов, В.Флорова, Х.Рахимов, М.Лизогуб, У.Әжиев. Суретші-график В.Халатовтың «Жер біздер үшін біреу ғана» деп аталатын плакатында оны сақтап, оның болашақ үшін қажеттігін көрсетеді. Суретшілер Е.Төлепбаевтың «Көкпар», В.Фролованың «Пішен шабу», Х.Рахимовтың «Самал жел», М.Лизогубтың «Күміс ыстық көл», Ү.Әжиевтің «Асы жайлауы», А.Черкасскийдің «Қарағаштар» , О.Таңсықбаевтың Іле өзені мен тауының жағасында картиналары қазақ даласының сипатын, сымбатын, әсем көріністерін нұрлы бояулармен суреттейді. Өнер шеберлері табиғатымыздың, планетамыздың тазалығын сақтауға шақырады.