- Қазақстанның ХХІ ғасырда өркениетті әлемнен орын алып, дамыған елдер деңгейіне жетуіне ықпал етер бірден-бір күш– білімді ұрпақ болмақ. Қазіргі кезде Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекет алдында, біріншіден, біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру міндетті тұрса, екіншіден, ұлттың этнопедагогика мен этноспихологиялық дәстүрлеріне сүйене отырып, жеткіншектер санасына туған халқының мәдениетіне деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрді меңгерту, тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеу тарихи қажеттілік болып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда халықтың қолөнерінің түрлерін жинақтап, зерделеу, оның айналасындағы тәлім-тәрбиесі мол тәжірибесі негізінде жасөспірімдерді отбасында тәрбиелеу бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Сондықтан да мектептерде оқу үдерісін дидактикалық тұрғыдан қайта қарастыру жергілікті халықтық ерекшеліктері мен дәстүрлерін тиімді қолдануды жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетке баулу маңыздылығы жөніндегі мәселелердің көкейкестілігі арта түсуде. Бұл мәселе білім берудің түрлері мен әдістерін жаңарту, әрбір оқушының шығармашылық қабілетін барынша дамыту, ұлттық өнердің түрлі жанрларын, сайып келгенде, жалпы ұлттық мәдениетке баулу арқылы шешімін табуы тиіс. Әрбір оқушының шығармашылық қабілеттері тек оның жеке басының туа біткен қабілеттеріне ғана емес, сондай-ақ оны тәрбиелеп отырған қоғамдық ортасының тарихы қалыптасқан дәстүрлі өнері мен отбасындағы дәстүрлі тәрбиесіне де байланысты.
Мұндай жағдайда жеткіншек ұрпақты отбасында өз халқының ұлттық мәдениетімен, әдет-ғұрпымен отбасының дәстүрі тәрбиесін тәрбие үдерісінде тиімді қолдану қажеттігі туындайды. Отбасының тәрбиелік функциясын орындауда балаға өз ұлтының қолөнері арқылы тәрбие беру қажеттігін көрсетеді. Ғалым педагогтар Ә.Қамақов, Ж.Балкенов өз еңбектерінле отбасында бала қолөнер арқылы еңбекке, үлкен адамгершілікке, төзімділікке, табандылыққа үйренетіндіктеріне аса көп мән берген.
Қазақ қолөнері ағаш өңдеу, металл өңдеу(зергерлік), жүн өңдеу, қыш өңдеу, тоқу, тігу, кесте, тұрмыстық заттарды жасау сияқты бала еңбегіне лайықты түрлерге бөлінеді. Бала қол еңбегі үстінде ой өрісі дамып, іс-әрекеттердің алғашқы нұсқалары қалыптаса бастайды. Қолөнерден белгілі білімдер жүйесін меңгеріп, іскерлік пен дағдылары қалыптасады. Қазақ қолөнері өзінің бай тарихы, терең мазмұны, сан қилы ерекшеліктерімен, халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең өнер. Сондықтан оқушыларды қолөнерге оқыту, олардың қазіргі өндірістің ғылыми-техникалық негізін түсінуге, шығармашылығының қалыптасуына кең тұрғыда әсер етіп, олардың тұлғалық және саналы қасиеттерін дамыта түсетіндігін ғалым педагог Қ.Әмірғазин дәлелдеген.
Жалпы оқушының шығармашылығының дамуына өнер, өнер тарихы, өнер технологиясы, өнер сыны жайлы білімдер тірек болып табылады. Қолөнер, оның тарихы, оның технологиясы, оның сыны, қоғам, адам біртұтас. Көптеген ғалымдар адам, табиғат, қоғам дамуын байланысы мен бірлікте дамуын оқушыларға өнер арқылы түсіндірген дұрыс-деп санайды. Педагог ғалым В.С.Кузин қолөнер шығармашылығын қабылдау барысында оқушының таным процесі артатындығын көрсетсе, педагог галым Б.Ә.Әлмұханбетов бала қолөнердің барлық қырын тұтас бірлікте сезініп, қабылдау нәтижесінде оның санасында өнер туралы білім қоры жиналып, ой-өрісі кеңейетіндігін айқындаған
Белгілі ғалым С.Аманжоловбаланы қолөнермен отбасында, мектепте, мектептен тыс жүйелі түрде таныстыру барысында олардың өнерге деген қызығушылығы туындап, шығармашылық іс-әрекетпен айналысу қажеттігі пайда болатындығын, осы әрекеттердің нәтижесінде оқушының шығармашылық жұмысты қажетсінуі, шығармашылық іс-әрекеттің бастауы болып табылатындығын көрсеткен. Осылармен қатар ғалым оқушының қолөнер шығармашылығы–қолөнер білімдерін меңгеру мен қолөнердің қарапайым іс-әрекеттерін меңгеру дәрежесінен көрінетіндігін айтқан.
Отбасында баланың қолөнермен өз бетінше айналысуы оңай іс-әрекет емес. Педагог ғалымдар оған белгілі дәрежеде дайындықтың қажет екендігін көрсетеді. Ол үшін бала белгілі дәрежеде көркемдік білім негіздерін меңгеріп, әрі қарай өз бетінше отбасында шығармашылық іс-әрекетпен айналысатындай деңгейге жетуі тиіс екендігін айтқан. Бұл шарт мектеп оқушыларының қолөнер арқылы отбасы тәрбиесін ұйымдастыру мақсатында қолөнер шығармашылығы атты үйірме жұмысының бағдарламасын жасау қажеттігін айқындайды.
Ғылыми педагогикалық еңбектерді сараптау мен тәжірибелік эксперимент жұмыстарының нәтижелері «Қолөнер шығармашылығы» атты оқушыларға арналған үйірме жұмысының бағдарламасын жасау қажеттігін көрсетті. Бағдарлама қырық сегіз сағатқа Лекция жоспарылануы тиіс екені, оның жиырма сағаты теориялық материалдарды меңгеруге арналса, жиырма төрт сағаты практикалық сабақтарға арналу және осы шығармашылық іс әрекеттер үй хұмыстарымен байланыста болу қажеттігі анықталды
Үйірме жұмысын ұйымдастырудың мақсаты–мектеп оқушыларына отбасындағы шығармашылық жұмыстарын жүргізуге жетекшілік жасау оқушылардың өз бетінше (әдепкі кезде ұстаздың көмегімен) шығармашылық жұмыстар жасаудың алғашқы көркемдік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын меңгеруге көмектесу. Қолөнердің белгілі бір саласына (кесте, кілем тоқу, зергерлік, ағаш, өңдеу т.б.) оқушылардың шығармашылық іс-әрекетіне бағытта,. қолөнер бұйымдарын жасау технологиясын меңгеру, қолөнердің теориялық білімдерін меңгерту болатындығы айқындалды.