- Қазақ халқының дәстүрлері ежелден келе жатқан ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Ғасырлар сынынан екшеліп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан салт-дәстүрлердің озық үлгілері жеке тұлғаның жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Бүгінгі таңда қазақтың салт-дәстүрлерін жинақтап зерттеудің, оның айналасындағы тәлім-тәрбиесі, мол тәжірибесі негізінде жасөспірімдерді тәрбиелеудің қажеттігі өсе түсуде.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері тәлімдік мұра ретінде жас ұрпаққа үйретудің қажеттігі туралы қазақтың ағартушы педагогтары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтар ерекше атап көрсеткен.
Қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеуге философтар Н.Сәрсенбаев, М.Орынбаев, этнографтар Ә.Маргулан, Ө.Жәнібеков, С.Кенжеахметов, тарихшылар Л.Гумилев, М.Қозыбаев, фольклористтер мен әдебиетшілер В.Радлов, А.Диваев, М.Жолдасбеков, салмақты үлес қосқан.
Ұлттық салт-дәстүрлердің таным мен тәрбиелік мүмкіндіктері туралы этнопедагог ғалымдар Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Қ.Бөлеев, Қ.Қожахметовалар бағалы пікірлер айтқан.
Қазақ халқының дәстүрлеріне берілген талдау нәтижесі, оның қалыптасуына елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, табиғаты, халықтың рухани өмірі сияқты бірнеше факторлар әсер еткендігін көрсетеді.
Қазақ халқының дәстүрлерінде халықтың дүниетанымы, ойы, арман-мүддесі берілді, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жаңарып отырады. Жаңа қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері дамып, жаңа маңынаға ие болды. Олардың басқа халықтардың дәстүрлі үлгілерімен байланыстылығы, ұқсастығы және өзгешеліктері көрініс табады. Сонымен қатар салт-дәстүрлердің жеке ұлтқа ғана тән белгілері болатындығы да белгілі. Әрбір халықтың тілі, дәстүрі, әдеп-ғұрпын білуі өзіне жақын халықтардың ұлттық тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетінің факторларымен анықталады. Халықтың өткен тарихын, тұрмыс салт, әдеп-ғұрпын дұрыс зерттеу үшін, ең алдымен, оны дұрыс ұғыну керек. Осыған байланысты: «салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптардың пайда болуын қарастыруда, оларды ең алдымен мына ұғымдардан бастаған жөн: (түйсік, дағды, іскерлік, сезім, әдет)» Ырым – халықтың жақсы ниетімен туындаған ғұрып. Ырым жолдары ұлтымызда өте көп. Мысалы, «шешен болсын»-деп ауызға түкіру, жақсы адамдардың есімін жас балаға қою сияқты қазақ халқының ырымдары әрқашан жақсылықтың нышаны ретінде қабылданады. Ырым-тыйым салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың сапалық құрылымдық элементтерінен туындайды. Көптеген халықтардың салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрыптары, рәсімдері, ырымдары өзіндік ынта-ықыласты көрсетеді.
Салт дәстүрлерге байланысты ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді сараптау мынандай қорытынды жасауға септігін тигізеді:1) Салт – халықтардың кәсіби ерекшелігіне, сеніміне, өмір тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын әдет-ғұрып. 2) Салт-дәстүр – көп қырлы қоғамдық құбылыс, ол әдетте жеке адам мен халықтың, адам мен адамзаттың рухани дамуын көрсететін әлеуметтік-мәдени жетістік ретінде көрінеді. 3) Салт-дәстүр — өз дәуірінің айнасы. Салт-дәстүрдің мәніне қарап, қоғамдық-экономикалық формацияның саяси, тарихи және рухани өмірін анықтауға бағалауға болады; 4) Салт-дәстүрлердің түрлері көп: бала тәрбиесіне байланысты тұрмыс – салт-дәстүрлері, мәдени-әлеуметтік, жаңа салт-дәстүрлер. Салт-дәстүр тіл мен сана секілді тек адамға ғана тән. Олардың негізгілері көпшіліктің қатысуымен өткізіледі; 5) Салт-дәстүрлер жеке адамға қатысты немесе көпшілікке қатысты болып келеді; 6) Салт-дәстүрлердің мынандай негізгі ерекшеліктері байқалынады: а) олардың сонау көне заманнан күні бүгінге дейін сабақтасып жалғасуы, ә) салт-дәстүрлердің өмір заңдарымен, табиғи құбылыстарымен байланыстылығы: табиғат, уақыт, тарих көші, яғни салт-дәстүрлердің тұрақтылығы және мазмұны мен түрінің ішкі өзгерісі, б) салт-дәстүрлерді өз игілігі деп түсінетін топтың, қоғамдастықтың ұжымдық сипаты, г) салт-дәстүрлердің мәдени құндылығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілуі. 7) Салт-дәстүр – ұжымдық, символдық іс-қимыл, адамдардың көңіл күйінің көрінісі, оларды ұжымға тартудың бір түрі, белгілі идеялар мен ойын-сауықтарды символдық түрде ұсыну; 8) Салт-дәстүрлер – адамдардың қоғамдық қатынастарының тарихи қалыптасқан тұрақты және мейлінше қорытылған адам іс-әрекеттерінің нормалары мен принциптері, олар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады және қоғамдық мінез-құлықтың арқасында сақталады. Халықтық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер адамдардың өндірістік қызметі процесінде өмір қасиеттерінен пайда болады.
Ғылыми танымдық еңбектерді талдау нәтижелері бізге салт дәстүрлер туралы мынандай анықтама беруге мүмкүндік туғызды:Салт-дәстүр -дегеніміз бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ұдайы ауысып отыратын, әрі сан ғасырлар бойы, тарихи тұрғыдан әбден қалыптасқан әлеуметтік іс-әрекеттерінің нормалары мен принциптері болып табылады. Сол себепті дәстүр жалғастығы тарихи жағынан әбден қалыптасқан нормалар мен принциптерге негізделеді. Сол арқылы әр ұрпақтың жасаған дәстүрі, іс-әрекеттері мәдени мұра ретінде келесі ұрпақтың еншісіне ауысып, жаңа қоғамдық тарихи жағдайға сәйкес өзінің мазмұны мен формасын жетілдіріп отырады.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері бала тәрбиесіне байланысты тұрмыстық, кәсіпке байланысты, өнерге, үйлену мен үй болуға байланысты, той-мерекеге, ерлікке, көркем өнерге, музыкаға байланысты және қазіргі заманғы салт-дәстүрлер болып бөлінеді. Қазақ халқының салт-дәстүрлері қазақ бейнелеу өнерінде ерекше көрініс тапқан. Қазақ халқының ерлік салт-дәстүрлері қазақ бейнелеу өнерінің ерекше бір сапасын құрайды. Халықтың ерлік салт-дәстүрлері дегеніміз — ғасырлар бойы қалыптасып, дамып отырған азаматтардың елі мен жерін қорғауға бағытталған іс-әрекеттерінің нормасы, қарым-қатынастар болып табылады. Қазақ бейнелеу өнерінде халықымыздың ерлік салт-дәстүрлерін бейнелейтін көптеген шығармалар бар. Олардың бірқатары ежелгі аңыз-ертегілердегі батырлардың образдары арқылы көрініс тапса, бірқатары қазіргі заманның ерлерінің көркем бейнелері арқылы беріледі.
Батырлық салт-дәстүрлерді насихаттайтын бейнелеу өнерінің шығармаларының қатарына суретші Константин Барановтың «Асан Қайғы», «Қазақ эпосы». Қыз Жібек, Төлеген, Қамбар батыр, Алпамыс батыр, Қобланды батыр иллюстрациялары кіреді. Мұның қатарына суретшінің «Махамбет», «Жауынгер мен қыз», «Қасқыр соғу» шығармалары қосылады. Қазақ бейнелеу өнеріндегі ерлік салт-дәстүрлерді бейнелейтін суретшілер арасында М. Кисамединовтың «Махамбет», Т. Досмағанбетовтың «Амангелді», А. Нақысбековтың «Рейстаг шабуылына қатысушы Р. Қошқарбаевтың портреті» атты картиналары ерекше орын алады.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі белгілі бір картиналар халқымыздың тұрмыстық салт-дәстүрлерін бейнелеуге арналған. Суретші С. Романовтың «Бие сауу», «Ақсақал», «Үйлену тойы», «Домбырашы», «Қымызхана», «Қырық өтірік»,Қ.Телжановтың «Кокпар», М. Лизогубтың «Ертегі», «Әжелер», А. Ғалымбаеваның «Қобыз», «Дәмді шай» натюрморттары жастарға өз ұлтының қайталанбайтын тұрмыстық салт-дәстүрлік ерекшеліктерін көрсететін туындылар. Сонымен қатар, Қ. Телжановтың «Домбыра үні», «Ата-баба жерінде», К. Шаяхметовтың «Тойға», «Туған ауылда», Е. Сидоркиннің «Бесік», «Сұлу қыз», Ш.Кенжебаевтың «Өрмек тоқу», Ш. Сариевтың «Отбасы», Б. Табиевтің «Төл алу», М. Аманжоловтың «Қыстау» атты картиналары қазақ даласының кеңдігін, қазақ отбасының береке бастауы екендігін көрсетуге бағытталған көркем өнер шығармалары. Кейбір ұлттық салт-дәстүрлер тұрмысқа байланысты болып келеді. Ол салт-дәстүрлер суретші шығармаларынан көрінісді. С. Романовтың «Үйлену тойы», «Қымызхана», Т. Телжановтың «Бүркітпен аң аулау», «Қыз қуу», «Көкпар», «Ат жарыс», «Әңгіме», «Айтыс», Т.Тогысбаевтың «Дала балладасы», Г. Исмаилованың «Қазақтың бас киімі» шығармаларында айқын көрініс тапқан. Картинкалардағы көріністер халқымыздың түрмыстың салт-дәстүрлерін жас ұрпаққа айқын жеткізудің бір ерекше мүмкіндігі.
Халқымыздың еңбектегі ерлік дәстүрлері М. Кенбаевтың «Шопан әні», «Туған ауылда», С. Айтбаевтың «Жас қазақтар», К. Телжановтың «Шопандар», В. Антошенко-Оленовтың «Еңбек ері Ы. Жақаевтің портреті», Б. Төленовтің «Еңбек ері Ж. Қуанышбаевтің портреті», Н. Нұрмаханбетовтың «Еңбек ері Жансұлтан Демеевтің портреті», В. Крыловтың «Ертең орақ. Алғашқы тың игеруші Еңбек ері Иван Ивановтың портреті», А. Дроздовтың «Алғашқы Борозда. Тың сериясы» атты картинкаларында айшықты бейнеленген. Еңбек салт-дәстүрін бейнелейтін суретшілер С. Романовтың «Жайлау кеші», К. Телжановтың «Шопандар», С. Айтбаевтың «Бақыт», К.Шаяхметовтың «Тойға», А. Жусуповтың «Менің елімнің әйелдері», М. Кенбаетың «Шопан әні», «Әңгіме», «Киіз басушылар», Ш. Кенжебаевтың «Өрмек тоқу», «Менің ауылымның адамдары», С. Мәмбеевтің «Киіз үй жанында» атты көркем шығармалары бар. Бұл картиналарда жастарды еңбексүйгіштікке, еңбек адамына құрметпен қарауға үйрететін, ұлттық көркем еңбекті сүйіспеншілікпен көре білетін, жас ұрпақ тәрбиесіне игі ықпал ететін адамгершілік жоғары мұраттар жатыр.
Қазақ халқының әншілік салт-дәстүрлері суретшілер И. Исабековтің «Айтыс» лингравюрасында, М. Қисамеддиновтің «Махамбет», Қ. Телжановтың «Домбыра үні», А. Черкасснийдің «Жамбыл мен Дина», СМ. Романовтың «Құлагер», «Кісен ашқан», «Домбырашы», «Ән қанаты», К. Барановтың «Махамбет дастандары» атты шығармаларында шынайы суреттелген. Олар өнердегі белгілі кезеңдер, ерекше тұлғалар образдары болып бөлініп дәстүр жалғастығын көрсетеді. Қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық салт-дәстүрлер бейнеленген шығармаларды талдай келе мынандай қорытынды шығару қажет:Қазақ бейнелеу өнеріндегі салт-дәстүрлер көрінісі жас ұрпаққа адамгершілік, әсемдік, үлкенді сыйлау сезімдерін қалыптастыратын рухани тәрбие көзі.Қазақ бейнелеу өнеріндегі салт-дәстүрлер көріністерін бала тәрбиесіне, тұрмысқа, кәсіпке, өнерге, үйлену мен үй болуға, той-мерекеге, ерлікке, көркем өнерге, музыкаға байланысты және қазіргі заманғы салт-дәстүрлер түрлеріне бөліп қарауға болады.Қазақ бейнелеу өнеріндегі салт-дәстүрлер көріністері қазақ суретшілерінің шығармашылығында ерекше де, үнемі жалғасып отыратын өміршең тақырып болып табылады.
Ғылыми танымдық әдебиеттерді сараптау бізге салт дәстүрлердің еңбек дәстүрі, шаруашылық дәстүрі, ерлік дәстүрлері, діни дәстүрлерге,ұлттық дәстүрлерге , жаңа дәстүрлерге бөлуге болатындығын көрсетті. Еңбек дәстүрі адамдардың қоғамдағы еңбек ету жүйесінің жалғасуымен сипатталады.Қоғамдағы үздік еңбектің, халық үшін атқарылған еңбектің сипатымен бағаланады.Мұндай жеке дара тұлғалардың қатарынан еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевты,Жансұлтан Демеуовты,Кәмшат Дөненбаеваларды тануға болады. Шаруашылық дәстүрі бағытында әңгіме қозғағанда қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, яғни мал шаруашылығы болғандығын танимыз.Мал шаруашылығымен айналысқан адамдардың төзімділік, жігерлілік, байсалдылық, тапқырлық сияқты мінез -құлық ерекшеліктері, жыл мезгілдеріне сай жылма жыл атқарылатын дәстүрлі іс әрекеттері болғандығын аңғаруға болады.
Қазақ салт дәстүрлерінің ішіндегі ерекше бір түрі ерлік дәстүрлері.Ерлік дәстүрлері жеке тұлғаның өз халқы үшін, елі мен жерін қорғау үшін көрсеткен ерліктерінің жалғасуымен, оны екінші бір тұлғаның жалғастыруымен сипатталады.Тарихтан мұндай мысалдар көптеп алынады.
Әрбір халықтың тілі, дәстүрі, әдеп-ғұрпын білуі өзіне жақын халықтардың ұлттық тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетінің факторларымен анықталады.
Халықтық өнер шеберлерінің шығармашылығы, көрсеткен үлгі-өнегесі, айтқан ақыл-өсиеттері баланы мәдениеттілікке, әсемдікке, сұлулықты дұрыс түсініп, қабылдауға үйретеді. Халықтық салт-дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа мирас бола отырып, оның озық үлгілері ұрпақты тәрбиелеудің таптырмас құралына айналды.