- Бастауыш мектепте оқу-тәрбие міндеттерін толығымен шешу сабақтарды іскерлікпен ұйымдастыру мен өткізуге байланысты. Бейнелеу өнерінің бастауыш мектептегі әрбір сабағы аяқталған, мақсаты бар оқу пәнінің жалпы мақсаттары мен міндеттеріне байланысты сабақтар жүйесінің бір бөлігі болып табылады.
Бастауыш мектептегі бейнелеу өнерінің сабақтары құрылымы жағынан басқа пәндердің сабақтарынан айырмашылығы аз. Бұл сабақтарда да: ұйымдастыру кезеңі, үй жұмысын тексеру, өткенді пысықтау және қорытынды шығару бөліктері сияқты құрылымдар болады. Сабақтың бұл элементтері барлық сыныптарда, әр түрлі оқу жылдарында, бір оқу жылының өзінде, сабақтың белгілі бір немесе басқа кезеңдеріне бөлінген сағат саны әр түрлі болып өзгеріп отырады.
Бастауыш мектептегі бейнелеу өнері сабақтары әр уақытта бірсарынды болмауға тиіс. Бейнелеу өнері сабақтары түрі, формасы мен мазмұны бойынша әр алуан болғандықтан бұл шартты орындау қиындыққа соқпайды. Нұсқаға қарап сурет салу сабақтарында балалар сурет салумен де, кескіндеме жұмыстарымен де айналысады; сәндік сурет салу сабақтарында олар өрнектер құрастырып, шрифтерді оқып, сәндік композициялар құрастырады, дизайн элементтерімен таныстырылады; өнер туралы әңгіме сабақта олар архитектураның, мүсіннің, кескіндеменің, графикалық, сәндік қолданбалы өнердің тамаша шығармаларымен танысады.
Бастауыш мектептегі нұсқаға қарап сурет салу, сәндік және тақырыптық сурет салу сабағы болсын, әрбір сабақты ұйымдастыру барысында уақытты ұтымды пайдалануға көңіл бөлінеді. Әрбір сабақ мынандай бөліктерге жіктеледі:
- Сабақты ұйымдастыру. Бұған мұғалімнің сыныпта қажетті тәртіпті орнату, сабаққа қатыспағндарды сынып журналына белгілеу, балаларды оқу жұмысына дайындау іс-әрекеттері кіреді.
Сабақ басталар алдында жұмыс орны дайындалып, нұсқа ретінде қойылатын заттар мен басқа да материалдар ертерек әкелініп, керекті тәртіппен орналастырылады. Мұны ұйымдастыру үшін кезекші оқушылар жұмылдырылады.
Бастауыш сыныптардағы бейнелеу өнерін оқыту барысында оқушылардың жұмыс орнын ұйымдастырудың мәні ерекше. Бұл үшін мұғалім балаға сурет салуға қажетті құрал-жабдықтармен белгілі тәртіппен орналастыруды, жұмыстан соң оларды жинап алып, арнаулы орындарға сақтауды үйретеді. Кейбір мектептердегі бастауыш сыныптарда бейнелеу өнері кабинетінде оқушылардың альбомдары мен құрал-жабдықтары сақталатын арнаулы шкафтар болады. Сабақ алдында кезекші қалам, бояу және дәптерлерді парталарға таратып, бояумен жұмыс істеу үшін суды кішкене банкаларға құйып толтырады. Кір суды төгуге арналған шелек бұрышқа қойылады, бұл оқушының жұмыс барысында суын ауыстырып отыруына мүмкіндік туғызады.
Егер өткен сабақта оқушыларға үй тапсырмасы берілген болса, ол тексеріліп, сыныпқа ортақ қателіктері көрсетіледі және оны жөндеу жолдары айтып түсіндіріледі. Үй жұмысын тексеру барысында оқушылар өз суреттерін партаға қояды да, педагог аралап жүріп, суреттерді қарайды, ескертпелер жасайды, жақсы және қате орындағандарын сыныпқа көрсету үшін таңдап алады. Аяқталған үй жұмыстарының бағасы сынып журналына толтырылады.
- Жаңа материалдарды түсіндіру.
Бұл кезеңде бастауыш мектеп мұғалімі жаңа тақырыптың мақсат міндеттерін түсіндіріп, тапсырманы қалай орындау керектігін көрсетеді, көрнекті құралдар – схемалар, сызбалар, әдістемелік таблицалар көмегімен түсініктемелер береді. Оқушылардың материалды қалай түсінгендерін байқау үшін сыныпқа сұрақтар беріледі.
Бейне құрылымын салу принциптерін ашу барысында мұғалім міндетті түрде өз түсіндірулерін сынып тақтасына немесе арнаулы планшетке,немесе бір бет қағазға иллюстрация жасап көрсетеді.
Бастауыш сынып мұғалімі бұл суреттерінде ұсақ түйекке дейін бейнелеп көрсетуі қажет емес. Оның мақсаты, оқушыларға шешуі қиын болып тұрғандарға жәрдем көрсетіп, негізгі зат формасын құрудың дұрыс жолын көрсету. Бастауыш сынып оқушылары мұғалімнің тақтаға көрсеткен суретінің ұсақ бөлшектеріне қызығушылық танытып, бұл кейде мұғалімнің сынып алдына қойған мақсатына жетуге көмектеспей оған кедергі жасауы да мүмкін.
Тақтаға сурет салудың бірізділігін көрсету барысында біз схемалық сурет салудан, заттың көрінісін бөлшектерімен бейнелеуге өтеміз. Сурет салудың алғашқы кезеңінде сурет құрылысын белгілі схемаға салусыз өте алмайды. Бұл, мысалы, қайынның жапырағын көпқырлы геометриялық формаға, көбелекті-трапеция ішіне, горизонталь және вертикаль ось сызықтарын жүргізу түрінде көрініс табады. Мұндай зат құрылысын салудың қосымша сызықтарды пайдалану әдістері бейне көрінісін салуды дұрыс бастап, дұрыс жалғастыруға жол ашады.
Бастауыш мектепте тақтаға салған суретті оқушылардың бейнелеу жұмысы кезінде қалдыруға болмайды. Себебі оқушылар тақтадағы дайын суретті көшірумен айналысып, нұсқаға қарап сурет салудың қажеттігін ұмытады.
Бірінші сыныптың бірінші сабағынан бастап оқушыларға дұрыс отыру, қалам мен өшіргішті пайдалану ережелерін, сонымен қатар альбом мен қағазға дұрыс орналастыру ережелері үйретіледі.Сурет қағазын сурет салу кезінде айналдыруға болмайтындығы айтылады. Егер формат оқушының алдында жатса, мұғалімнің түсіндіруіне ал оқушының түзу сызықтық бағыттарын түсінуіне жеңіл болады.
Сурет салу барысында оқушы еркін және түзу отыруы қажет. Бастауыш мектеп мұғалімі оқушының түзу отыруын, суретті қол созым жерде ұстауын және өз суреті мен нұсқаны үнемі салыстырып отыруына басшылық жасайды. Алғашқы кезде қол саусақтары қозғалысының еркін болуына үлкен көңіл бөлінуі тиіс. Қолдың бостандық қозғалысының дамуы сурет салу дағдыларының дамуымен қатар басқа пәндердегі әріптер мен цифрларды жазуына да жеңілдік туғызады.
Сонымен қатар сабақта оқушылар түзу сызық сызу үшін сызғыш, қорап, панель құралдарын жиі пайдаланатындығы жиі кездеседі. Сондықтан оқушыларға барлық сызық қолмен, құралдың жәрдемінсіз, көз мөлшерімен салынатындығы айтып түсіндіріледі.
- Оқушылардың өзіндік жұмысы. Жаңа материалдарды түсіндірген соң балалар сурет салуға кіріседі. Мұғалім балалардың салған суретін мұқият бақылайды. Балалардың сурет салу кезінде мұғалім сыныпты аралап, ескертулер жасап, кейбіреулеріне қосымша түсініктемелер беріп, кейбір жағдайда балалардың суретіндегі қателерді жөндейді.
Бастауыш мектептегі көптеген оқушылар мұғалімнің алдын ала жасаған ескертпелеріне қарамастан суретті қағаз бетінің өлшеміне сай қылмай кіші етіп бейнелеуге бейім тұрады. Мұндай жағдайда мұғалім бейнені қағаз бетіне қалай дұрыс орналастыруға болатындығын балаларға ескертіп, суретті қағаз бетіне дұрыс орналастыру, қағазды салынатын заттың формасына байланысты ұзындығынан немесе биіктігінен орналастыру керектігін көрсетеді.
Жіберілген қателіктер дер кезінде көрсетілуі тиіс. Жеке балалармен жұмыс үлгермеушілікті болдырмау жолындағы ерекше маңызды жұмыс. Бастауыш мектеп мұғалімі әр уақытта оқушылардың құрамының бәрі бірдей талант емес екендігін ескеруі тиіс. Олардың ішінде кішкене де болса қабілеттілері де, кішкене де болса дамығандары болады, кейбір оқушылар не істеу керектігін бірден түсінсе, кейбіреулері қосымша, жеке түсіндіруді қажет етді. Оқу материалын оқушылар бірқалыпты түсінуі үшін, үлгермеушілерге көп көңіл бөлуді қажет етеді, олардың жұмысын барлық уақытта бақылап, олардың сергектік сезімін туғызып, өздерінің қабілетіне деген сенімділікті арттырады.
Сонымен қатар бастауыш мектептегі мұғалім өз оқушыларының жаман және әлсіз жұмыстарына жайбарахат қарауға болмайды. Педагог оқушылардан суретті асықпай салуын, бейненің сапасына нұсқан келтірмеуін талап етеді. Әдетте, кіші жастағы балалар суретті тез салады. Бастауыш мектептегі мұғалім суретті қалай салу керектігін түсіндіріп болысымен оқушылар салған суреттерін көрсетуге асығып жатады. Мұндай орындаудағы жылдамдық, балалардың өз әрекеттерін талдауға әдеттенбегендігін, жұмыс тек қана бірінші көрген әсермен жүйесіз салынғандығын көрсетеді. Бұл жерде мұғалімнің бейне құрылымын салудың әдістемелік бірізділігіне мұқият көңіл аударуын қажет етеді. Әдетте балалар бейнені жеңіл, әзер көрінетін сызықтармен салудың орнына, өшіргішпен өшіріп жөндеуге қиындық туғызатын, айқын және өте қара сызықтармен белгілейді. Олар алғашқы кезде қалам мен қағазға әзер дегенде үйреніп, қаламды қағазға бар күшімен батыра сурет салып, бейнедегі қатені жөндеуге болатын мүмкіндіктен өзінен-өзі айырылып қалады.