Бейнелеу өнерінің теориялық негіздері мен түрлері

  1. Адам баласының қоршаған ортаны бейнелеуге ынтасы ежелгі дәуірлерден басталған. Оған алғашқы адамдардың сүйектерге, мамонт мүйіздеріне және үңгірлерге бейнелеген суреттері дәлел. Ол бейнелер сол кездегі адам-дардың тұрмыс тіршілігін, қоршаған орта туралы көзқарасын көрсетеді. Біртіндеп осы бейнелер негізінде жазу пайда болды. Сөз жоқ, алғашқы адамдар жасаған бейнелеу өнерінің үлгілері аяқ астынан пайда болған жетістік емес, ол көптеген жылдар бойы дамып жетілген тәжірибе мен дәстүрдің жемісі болатын.

Алғашқы сурет салуға үйрену тікелей көргенді қайталау, яғни көргенді көшіру еді. Алғашқы бейнелер үлкендердің тіршілік үшін жасаған еңбек процесіне, тіршілік көзі болған табиғатқа, жануарларға байланысты болды.

Неолит дәуіріндегі (б.з.б. 5-3 мың.ж.) жер өңдеу мен қолөнердің пайда болуы адамдардың өнерге деген көзқарасын мүлдем өзгертті. Адамның сурет сала білу шеберлігі, қолөнер бұйымдарын, соның ішінде қыштан жасалған бұйымдарды безендіру басталды.

Нағыз өнерге оқыту, мектепте ұйымдастыру тек өркениет дәуірінде пайда бола бастады. Оған дәлел ретінде ежелгі Мысырда (Египет) дамыған жоғары дәрежелі мәдениетті қарастыруға болады.

Тарихи деректер бойынша ежелгі Мысырда сурет салу мектепте сызу пәнімен қатар оқытылғанын білуге болады. Мектеп бітіруші жерді өлшеуді, бөлме жобасын, су құбырының кестесін сызуды білуге міндетті болды.

1-сурет

Мысыр мектептерінде оқушыларға сурет салуды оқытуға ерекше көңіл бөлінді, өйткені иероглифтік жазу әр түрлі заттар бейнелерінен тұрды. Мысалға А әрпі құс бейнесінде, Б әрпі адамның аяғының бейнесінде салын-

ды/1-сурет/.

2-сурет. Мысыр мектебі

Тәрбиелеу мен оқыту тәртібі бұл мектептерде өте қатал болды: мектеп немесе оқушы ережесін болмашы бұзушыларды таяқпен соққыға алып жазалауға дейін барды, тіпті кей жағдайларда оқушының қол-аяғын байлап ғибадатханалардың қараңғы бөлмесіне ұзақ уақытқа қамады. Ол мектептер заңында былай делінген: «Күнделікті жұмысқа ынталы бол, жігерлі бол. Бір күн де ерінбе,болмаса соққыға жығыласың».

Оқыту әдісі мен тәртібі барлық суретші педагогтарда бірдей болды. Алғашқы болып ежелгі мысырлықтар жас ұрпақты сурет салу дағдысына оқытуда белгілі бір жүйеге негізделген теориялық заңдылықтарды жасай бастады. Олар сурет салуға оқыту процесін қоршаған ортаны тануға, байқауға емес, сызбаларды, қағидаларды (канондарды) жаттау арқылы үлгілерді көшіруге негіздеді.

Ал Ежелгі Грек суретшілері оқыту мен тәрбие мәселесіне жаңаша тұрғыдан қарады. Олар қоршаған ортадағы өсімдікке, табиғи құбылыстарға көңіл бөлу қажеттілігін мойындап, бейнелеу өнерін оқытудың өзіндік ережелерін жасады. Гректер әдеміліктің мәні сымбаттылық, симметриялық, бөліктердің тұтастық үндестігі, дұрыс математикалық тепе-теңділік деп тұжырымдады.

  1. Грекияда б.з.д. ІУ ғасырда бірнеше сурет мектептері болды. Олар — Сикиондық, Эфестік және Фивандық мектептер. Бұл мектептер әр түрлі әдістемелік бағыт ұстады. Фивандық мектеп жарық, көлеңке арқылы өмір шындығын және елесті көрсетуге бағытталды. Эфестік мектепте сыртқы сұлулыққа және табиғатты көркемдік тұрғыдан қабылдауға, соның ішінде шығармашылық, эстетикалық шабытқа үлкен мән берілді.

Сикиондық сурет мектебі жаратылыстанудың ғылыми мәліметтеріне және табиғат заңдарына негізделді. Сикион сурет мектебі оқыту әдістемесінің дамуына ғана емес, сонымен қатар жалпы бейнелеу өнерінің дамуына үлкен әсер етті. Бұл мектеп оқыту әдістемесін ғылыми негізде құрып, оқушыны табиғатты зерттеуге, оның заңдылықтарын ашуға жетелеп, табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілік көзқарасын тәрбиеледі.

Сикиондық мектептен Памфил, Мелантий Павзий және ұлы Апелес сияқты атақты суретшілер шықты. Сикиондық мектептің басшысы болған Памфилдың арқасында сурет салу Грекияның жалпы білім беретін мектептерінің барлығына пән ретінде енгізілді. Сурет салуға оқытудың міндеті өмір шындығындағы заттарды тек көшіріп бейнелеу ғана емес, сонымен қатар, ол заттардың құрылысының заңдылықтарын зерттеп, тану екендігін алғаш рет Панфил дәлелдеді.

Ежелгі Римде де өнерге, соның ішінде бейнелеу өнеріне өте үлкен сүйіспеншілікпен қарады. Ауқатты адамдар грек суретшілерінің туындыларынан коллекциялар жинап, тіпті ақсүйектер мен үкімет қызметкерлерісурет және кескіндемемен (живопись) айналысты. Суретке оқыту Римдегі жалпы білім беру мектептерінде жүргізілді.

Бірақ Римдіктер грек суретші педагогтарының жасаған бейнелеуге оқыту әдістемесін одан әрі дамытып жетілдірмеді, керісінше, кейбір оқыту әдістерін олар сақтай алмады. Грек суретші-педагогтары бейнелеу өнерінің басты мәселелерін шешуге талпынып, өз шәкірттерін бейнелеуге оқуды ғылым арқылы игеруге шақырып, бейнелеуге ұсақ кәсіп ретінде емес үлкен шығармашылық өнер ретінде қарау керектігін түсіндірсе, ал Рим империясының суретші-педагогтарын бейнелеу өнерін оқытуды одан әрі дамыту мәселелері көп алаңдатпады. Олар бейнелеу өнеріне ұсақ кәсіп ретінде қарап, бейнелеуге оқытуда тек үлгіден көшіру әдісімен шектеліп, үлы грек шеберлерінің жұмыс тәсілдерін қайталады.

Сөйтіп римдік суретшілер гректер жасаған бейнелеуді оқыту әдістемелерін біртіндеп жоғалта бастады.

Ұлы Рим империясы құлаған соң орта ғасырда шынайы өнер жетістіктері мүлдем жоққа шығарылды. Суретшілері бейнені жазықтық бетінде тұрғызу ережелерін, гректер жасаған оқыту әдістерін (император Константин және папы Сильвестр тұсында) білмеді. Ағарту ісіне қарсы болған христиан шіркеулері грек шеберлерінің теориялық еңбектерін, сонымен қатар бейнелеу өнерінің аса құнды туындыларын аяусыз құртып талқандады. Өнерге деген сүйіспеншілік, өнерге табынушылық деп танылып қудаланды.

ІХ-ХІ ғасырлардағы дағдарыс-тоқыраудан кейінгі қайта өрлеу дәуірі бейнелеу өнерінің және оны оқыту әдістемесінің даму тарихына үлкен өсерін тигізді.

Бейнелеу мәселелерімен Ченнини Ченнино, Альберти, Леонардо да Винчи, Дюрер және т.б бейнелеу өнерінің шеберлері айналыса бастады. Олар табиғи құбылыстар заңдылықтарын түсіну мақсатында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, бейнелеу өнерін ғылыммен байланыстырды. Жұмыстың нәтижелі болуына археологиялық қазбалардан табылған өнер үлгілері және Ежелгі Грекияның ұлы өнері жөніндегі тарихшылар қалдырған деректер көмектесті. Қайта өрлеу суретшілері антикалық өнер үлгілерін зерттеу барысында игерген теориялық білімдерін өздерінің шығармашылық жұмыстарында пайдаланды және перспектива, анатомия, пропорция ілімдерін зерттеп жетілдіруді басты мақсат етіп алды.

Қайта өрлеу дәуірінің суретшілері бейнелеуді оқыту әдістеріне байланысты біршама құнды пікірлер айтты. Олар бейнелеуді оқытудың негізі заттан қарап бейнелеу болу керек деді. Мысалға, Ченнино өзінің кескіндеме туралы трактатында «Байқасаң, салтанатты қақпа арқылы жетелеп өнерге апаратын ең жетілген жетекші — ол заттан қарап бейнелеу» деп жазған. Ченнино бейнелеуді оқытуда теориялық білім негіздерін игеру үшін мүғалімнің жүйелі басшылығы қажет деп санады.

«Живопись туралы үш кітап» еңбегінде Леон Баттис-та Альберти бірқатар құнды әдістемелік ережелер ұсынды. Ол бейнелеуді маңызды ғылыми пән ретінде қарастырды. Өнерге оқытудың нәтижелі болуы ғылыми біліктілікке байланысты деп жазды. Альберти оқыту әдістемесіне ғылыми негіздеме бере отырып сурет салу тек қолды жаттықтыру емес, ақыл-ойды жаттықтыру деп қарастырды. Бұл қағиданы басшылыққа алып кейіннен Микеланджело «суретті қолмен емес баспен салады» деген болатын.

Альберти оқыту процесінің барлығын заттан қарап бейнелеуге байланысты құрауды ұсынды. Оның ұсынған әдістемелік оқыту жүйесіне көңіл аударсақ: бірінші нүктелер және түзу сызықтармен танысу, содан соң әр түрлі бұрыштар, жазықтықтар, соңында көлемді денелермен таныстыруды ұсынған. Осыған орай «бейнелеуді енді ғана үйренуге кіріскен жастар бірінші әріптің бейнесін жеке-дара, яғни бұрынғылардың айтуынша элементтерін оқиды, содан соң буындарды оқиды, тек осыдан кейін сөзді құрастыруды оқиды» деп жазды.

Альберти бірізділікті сақтай отырып, оқушыны сызықтық перспективаның негізгі қағидаларымен таныстырып ауа перспективасы жөнінде де әңгіме етеді. Оның жасаған кейбір ережелері әлі күнге дейін бейнелеу өнерін оқытуда қолданылып келеді. Әрине бейнелеуді оқыту әдістерінің одан әрі жетілуінің, нәтижесінде Альбертидің бірқатар әдістері қате деп табылды. Ол екінші кітабындағы сурет салуда ілмені (завес) пайдалануды ұсынуы еді.

3-сурет. АДюрер. Перспективаны салу

Ілмені пайдалану әдісіне дәлірек тоқталатын болсақ, бейнеленетін зат пен суретшінің арасына кергішке керілген мөлдір қағаз (калька) немесе жұқа мөлдір мата (кисея), кей жағдайда жіптерден торлап керілген кергіш қойылды. Суретті нәрсені әдейі әзірленген көздеу құралы арқылы нысанаға ала отырып ілме бетіне түсірді. Бұл әдіс перспектива заңдылықтарын дәл сақтап бейнелеуге мүмкіндік жасады, сонымен қатар айтарлықтай кемшілігі де болды: ол сурет салуды механикалық жобалауға айналдырды.