Оқытудың функциялары

Оқыту жұмысын тек сабақ арқылы ұйымдастыру мүмкін емес.

Сыныптыќ–сабақ жүйесінің негізгі кемшілігі–оқушылардың дара ерекшеліктерін дамытуға жеткілікті мүмкіндіктердің болмауы – оқытуды ұйымдастырудың басқа жолдарын іздестіруге себеп болды. Сондықтан, оқушылардың сыныптық–сабақтағы танымдық әрекетін дамыту, толықтыру және оқушылардың өзіндік шығармашылық белсенділіктерін, қабілетерін арттыру мақсатында оқыту жұмысын ұйымдастырудың қосымша түрлері қолданылады. Олардың қатарына семинар, экскурсия, факультативтік, қосымша, конференция сабақтары, өндірістік оқу, үйдегі оқу жұмысы, тәжірибелік зертханалық (практикум) және пәндік үйірме жұмыстары, олимпиада, сынақ және емтихан, өзіндік жұмыс түрлерін жатқызуға болады.

Семинар сабақтары көбінесе оқылған лекция тақырыбына байланысты негізгі өзекті мәселелерді талқылау, оқушылардың танымдық ойлау қабілеттерін дамыту, өзіндік шыѓармашылық белсенділіктерін шыңдау мақсатын көздейді. Тақырып сұрақтарына сай пікір алмасу, өз көзқарастарын дәлелдеу, мұғалімдерге оқушылардың оқу материалын қаншалықты мењгергенін, соған орай сенімдері мен түсініктерінің қалыптасқандығын бақылап, тексеріп, бағалап және бағыт–бағдар беріп отыруға мүмкіндік туғызады.

Семинар сабағына әзірлену кезінде оқушылар тезистер мен баяндамалар жазып, қосымша әдебиеттерді пайдаланады. Ұсынып отырған сұрақтарға қатысты, ондағы бар негізгі ойларды қамтып, конспект құрады. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде семинар жұмысы оқытуды ұйымдастыруда тиімді форма екенін тәжірибе көрсетуде.

Экскурсия жұмысының мақсаты – оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалдарын практикамен жалғастыру, бекіту. Сондықтан оқыту процесінде оның маңызы зор. Ол барлық оқу пәндерде, әсіресе физика, химия, биология, тарих және еңбек сабақтарында кеңінен қолданылады. Бұл оқушыларды оқу процесін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыруға үйретеді.

Экскурсия сабағын өткізу орнына: мектептің оқу алаңына, табиғат аясына, ауыл шаруашылығына, өндіріске, көрмелерге, музейге бару т.б. нысаналары жатады.

Оқыу процесін бұлай ұйымдастыру мұғалімнен зор ұйымдастыру жұмысын талап етеді. Экскурсия түрінде жақсы өткізілген әрбір сабақ оқушыларға нақтылы фактілер мен құбылыстарды жақсы оқып үйренуге, өз түсініктерін кеңейтіп, білімдерін бекітуге мүмкіндік береді.

Экскурсия сабақтарында мұғалім оқушыларға оның тақырыбы мен мақсатын алдын ала түсіндіреді. Соның негізінде оқушылар нақтылы заттарды байқап, оларға бақылау жасайды.

Оқыту жұмысын ұйымдастырудың факультатив түрі оқушылардың сұранысы мен қызығушылығы негізінде әр түрлі пәндергше қатысты ұйымдастырылады. Оның қызметі көпжақты: оқушыларды ғылымға қаыстыра отырып, олардың дүниетанымын тереңдетеді және кеңейтеді; белгілі бір пәнге қатысты танымдық қызығушылықтарын тұрақты қалыптастырады. Оқушылардың пәнге бейімділігін ескере отыра, факультатив оқуды олардың қалаған мамандықтарына сай психологиялық және практиклық дайындығын арттыру және кәсіби бағдарын қалыптастырудың нәтижелі формасы ретінде қолдануға болады; олар жоғары сынып оқушыларының еңбекке дайындығына елеулі үлес қосады.

Конференция ретінде өткізілетін сабақ түрі кейбір тақырыптарды тереңірек меңгерту, оның ғылыми дәрежесін көтеру мақсатын көздейді. Сол үшін де семинар сабақтарына қарағанда, конференция түрінде өткізілетін оқу жұмысында ұсынылған әдебиеттер мен қосымша құралдардың көлемі кеңірек болады. Оны дайындау және өткізу тәртібі семинар сабағына ұқсас келеді. Бірақ, оқу конференциясында баяндамашылар мен сөйлеушілердің саны көбірек болуы қажет. Сондықтан, оған бірнеше қатар сыныптардың оқушыларын қатыстыруға болады.

Оқу жұмысын ұйымдастыруда мұғалімнің тағы бір міндеті – оқушылардың сабақтан тыс кездерінде танымдықь әрекетін тереңдету, үлгермеушілікті болдырмау. Сондықтан кейбір оқушылардың дарын–талаптарын, ғылымға бейімділігн немесе сұранысын сабақ барысында толық қамтамасыз етіп, жағдай жасауға әр кезде мүмкіндік бола бермейді. Ол үшін оларға үйірме мен ғылыми жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы бар.

Пәндік үйірме жұмыстарыныњ сабаққа қарағанда бағыты, мазмұны, ұйымдастыру тәсілі мен уақыт өлшемі тұрғысынан өзіндік ерекшеліктері бар. Олар оқушылардың қызығушылығы мен пәндерге бейімділігн дамытуда және тапсырылған жұмыстарды нәтижелі орындауға қолайлы жағдайлар туғызып отырады. Сонымен қатар, оқытудың өмір мен байланысын қамтамасыз етуге, пән аралық байланысты нығайтуға ықпалын тигізеді.

Оқушылардың пәндік үйірме жұмыстары оқыту процесін жандандырып, оның сапасын көтеруге әсер етеді.

Үлгере алмаушылықты жою үшін жеке немесе бір топ оқушылармен қосымша және консультация сабақтары да ұйымдастырылады.

Сынақ жұмыстарын жоғары сынып оқушыларына енгізудегі мақсат – бағдарламадағы теориялық білімдерді күшейту, бекіту және оқыту процесінде оқушылардың жоғары белсенділіктерін, жауапкершілігін, дербестігін орнықтыру.

Сынақ жұмыстары өзінің ұйымдастыру ерекшелігіне сай оқу жұмысынан тыс оқушылардың өздігінен білім алуын жалғастыруға ықпал етеді.

Сынақ жұмысы ереже бойынша бағдарламаның негізгі бөлімін, тарауын оқып болғаннан кейін жүргізіледі. Мұғалім оның өткізу мерзімін, тақырыптарымен талқыланатын сұрақтарын оқушыларға алдын ала хабарлайды.Оларға жеке дара тапсырмалар беріп, қосымша әдебиеттерді оқу тапсырылады және қосымша сабақ өткізіледі.

Сынақты ұйымдастыру оқушылардың жеке жауаптары, бақылау және топтық практикалық–лабораториялық жұмыстары, тақырып бойынша шығарма және баяндама жазу түрінде жүргізіледі.

Үйдегі оқу жұмысы.

Оқушылардың үйде өз беттерінше орындайтын оқу жұмыстары сыныпта өткен сабақтардың жалғасы ретінде саналады. Сондықтан да, оны кей жағдайда оқыту процесінің бір компоненті ретінде қарастырады.

Оқушының үйдегі оқу жұмысын сыныптағы оқу жұмысымен жалғастырып, толықтырып отырса, онда олардың алған білімдері терең және берік болады. Оның маңызы оқыту жұмысын ұйымдастырудың сабақтың басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Бұл жұмыстың танымдық қызметімен бірге оның тәрбиелік мәні де зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушылардың дербестігі, ойлау қабілеті артып, өздігінен білім алуға жүйелі түрде дағдыланады. Олар өзінің оқу жұмысын жоспарлауға, қажетті оқу материалын жинақтауға дағдыланады, сабақта алған білімдері мен біліктіліктерін өзіндік еңбекте қолдана білуге жаттығады, өзін–өзі бақылау және кітаппен жұмыс істей білу тәсілдерін меңгереді, оқудың әр түрлі амал–тәсілдерін қолдана отырып, өз бетінше баяндама жасауға дайындалады. Соның негізінде білім мен біліктілік өте берік меңгеріледі, оқушының ақыл–ой әрекетінің жеке дара дәстүрі қалыптасады.

Оқушының үйдегі оқу жұмысын дұрыс ұйымдастырудың мынадай шарттары бар:

  1. Үй тапсырмаларын бергенде мұғалім оларды орындаудың қандай тиімді әдіс–тәсілдерін қолдануға болатыны туралы жақсылап нұсқау беруі қажет.
  2. Үйге берілетін тапсырмалар оқушыларды қызықтыратындай болуы және өмірмен, олардың іс–тәжірибелерімен байланысты болғаны жөн.
  3. Үй тапсырмасы оқушының бәріне бірдей бірыңғай мазмұнда емес, мүмкін болған жағдайда бірнеше нұсқада (вариант) болғаны пайдалы.
  4. Үй тапсырмасының мазмұны шығармашылық сипатта болғаны жөн.
  5. Үйдегі оқу жұмысының табысты болуы, көбінесе сабақта мұғалімнің үй тапсырмасын орындау тәсілін оқушыларға тыңғылықты етіп түсіндіруіне байланысты.
  6. Үй тапсырмасының көлемін белгілеуде мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерін ескергені жөн.
  7. Үй тапсырмасын тексеру және бағалау барысында мұғалім, оның орындалу сапасына айрықша мән беріп, жетістігі мен кемшілігіне оқушылардың назарын аударып отырғаны жөн.
  8. Мұғалімнің берген бағасы әділетті болса онда ол оқушының ынтасын арттырып, үй тапсырмасын тыңғылықты орындап отыруға септігін тигізеді.
  9. Мұғалімнің бағалауы оқушылардың өзін–өзі бағалауымен ұштастырылып отырса ғана, ол жемісті болмақ.

Жоғарыда аталған шарттардың тиянақты орындалуын ескеру мұғалімдер үшін аса қажет болмақ.

Мұғалімдер тарапынан оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын тапсыруды болдырмау және олардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерінің мүмкіншілігін ескеру мақсатын көздей отыра, Білім министірлігінің нұсқауы бойынша әр сыныпта үй тапсырмаларын орындауға берілген уақыт мөлшері мынадай болып белгіленген:

I-II сыныптарда –1 сағат;

III-IV сыныптарда –1,5;

V-VIII сыныптарда –2 сағат;

IX-X сыныптарда –2,5 –3 сағат.

Сонымен қатар, оқушылардың сенбі және жексенбі күндері бос болуы үшін дүйсенбіге тапсырма берілмейді. Үй тапсырмалары мұғалімнің қатысынсыз орындалатын болғаннан кейін, олар ата–аналармен тығыз қарым–қатынаста болып, оларға оқушылардың үйде орындайтын жұмыстарына көмектесіп отырулары үшін үнемі әдістемелік тұрғыдан басшылық жасап отырғаны жөн.

Ол үшін әрбір оқушының үйлерінде тұрақты жұмыс кестесі болуы тиіс. Осы кесте бойынша оқушылар күнделікті үй тапсырмаларын орындап отыруға дағдылануы қажет. Оны ата–аналар ұйымдастырып, бақылап, жағдай жасап отыру тиіс.

Үй тапсырмасын орындар алдында оқушы бір мезгіл таза ауаға шығып демалып, дер кезінде тамақтанып, тынығып және уақытылы ұйықтап тұрса, баланың оқу жұмысын жақсы ұйымдастыруға тигізер әсері мол.

Оқушылардың өзіндік жұмыстары.

Оқушылардың оқу жұмысын сәтті ұйымдастыруда оның өзіндік жұмыстарының маңызы ерекше.

Бүгінгі таңда оқушылардың үзіліссіз білім алу міндеттерін жетілдіруге сай мектеп мұғалімдерінен олардың ойлау қабілеттерін дамыту, сонымен қатар өзіндік жұмыстарына қатысты іскерліктері мен дағдысын тәрбиелеу талап етілуде. Ол үшін өзіндік жұмыс оқушылардың тек үй жұмысын орындау барысында ғана емес, оқыту процесінің өн бойында өз орнын табуы тиіс. Оқушылардың әр түрлі өзіндік жұмыстары негізінде сабақтың нәтижесін және таным қабілеттерінің белсенділігін арттыруға болады.

Оқушылардың таным белсенділігі –оқуға қажетті білім мен дағдыны меңгеру және оларды өмірде, практикада пайдалана білуге, үйренуге оқушының істейтін саналы әрекеті.

Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналарыыыы.

  • мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
  • жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
  • мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
  • оған әсер ететін мотивтер т.б.

Оқушылардың өзіндік жұмысы міндетті түрде мұғалімнің басшылығын, сонымен қатар оқушылардың дербестігін, олардың қызығып өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтар мен психологтар (Р.Г.Лемберг, М.Н.Скаткин, В.А.Занков т.б.) оқушылардың өзіндік жұмыстарының ерекшелігі – олардың ықыласы және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп санайды.

Алдыњғы қатарлы мектептердің іс тәжірибелеріне көңіл бөлсек, оқушылардың өзіндік жұмыстарының сан алуан түрі бар екенін байқаймыз. Мәселен, оқушылардың сабақ үстінде меңгерген оқу материалдарын пысықтау үшін оқулық не басқа құралдар бойынша жұмыс істеуі, көркем әдебиеттерін, ғылыми және техникалық әдебиеттерді пайдалануы; жаттығу жұмыстарын жазба түрде орындауы, графикалық жаттығу жұмыстарын жүргізуі, түрлі практикалық немесе лабораториялық бақылау жұмыстарын өткізуі (репродукциялы жұмыстар), шығармашылық дағдыларын дамыту мақсатында баяндама, реферат, шығармалар, пікір жазуы және көрнекі құралдар, модельдер, конструкциялық т.б. жұмыс түрлерін жатқызуға болады.

Репродуктивтік типтегі өзіндік жұмыстарын оқушылар өздерінің меңгерген білімдеріне сүйене отырып орындайды. Шығармашылық (творчестволық) типтегі өзіндік жұмыстарын орындауда оқушылар өзінің болжау, топшылау, түрлі құбылыстардың арасындағы байланыстарды салыстыра білу қабілетіне сүйене отырып, ой қорытындысын жасап жаңа шешім табады, белгілі дәрежеде оқушылардың бейімділігін айқындап береді.

Оқушылардың үй жұмыстары мен оқу материалын қайталау кезіндегі өздігінен істейтін жұмыстарының да маңызы ерекше. Бұған қоса көрнекі құралдарын (карточкалар, схемалар, чертеждар, оқу карталары т.б.) пайдалана отырып, өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың да пайдасы зор.

Мұғалім оқушылардың өзіндік жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін, алдымен, олардың өзіндік әрекеттерінің негізгі психологиялық ерекшеліктерін білгені жөн.

Оқушылардың өзіндік әрекетіне тән ерекшеліктері мыналар:

  • оқушының алдын ала өз әрекетінің жалпы және нақты мақсаты мен міндеттерін анықтау;
  • жоспарға сәйкес амал–тәсілдерді қолдана білу;
  • өз әрекетінің барысын бақылап отыру.

Егер оқушы өздігінен жұмыс істеуге үйренбесе, оның оқуы жемісті болмайды, ол жиі сәтсіздікке ұшырайды. Мұндай жағдайда оқушының оқуға деген ынтасы төмендейді, соның салдарынан үлгермеушілер қатарына қосылады.

  1. Мұғалімінің сабаққа дайындалу жұмыстары.

Тақырыптық және жеке сабақтардың жоспары

Мектептің аса жауапты міндеті – оқушыларды ғылым негіздерімен терең және берік қаруландыру, табанды және жемісті білім алуға оқушылардың ынтасын арттыру, оларды µздерінің алған білімдерін практикаѓа қолдана білуге үйрету және дағдыландыру болса, осы орайда мұғалімінің жауапкершілігі, оның сабақтар жүйесіне даярлануы оқу жұмысын ұйымдастыру үшін аса зор мәні бар. Жақсы жоспарланған, мұғалімнің нәтижелі даярлығын бейнелейтін сабақ сыныптағы оқу жұмысын ойдағыдай өткізудің ең жақсы кепілі болады.

Сабаққа мұқият дайындалу, оның мазмұны мен ұйымдастыру әдістемесін ойластыру жұмысын әрбір мұғалім өзімнің ең басты міндетім деп сезінуі тиіс.

Егер сабақ көңілсіз өтсе, мұғалімдер сабақты босаң және енжарлықпен өткізсе, онда, сөз жоқ, бұл мұғалімдердің сабаққа дайындалу ісіне немқұрайлықпен қарауы, сабаққа деп бөлінген 45 минут уақытты толық әрі жан–жақты пайдалануға деген оның ұмтылысының жоқ екендігіне деп қарауға болады. (Осы орайда айта кетуге болады: 40 жыл мұғалім болып істесең де 45 минут сабағыңа әзірленуді ұмытпа!).

Мұғалімнің сабаққа дайындалуы –аса жауапты іс. Мұғалім өзі оқытатын пәнді қанша жақсы білгенімен, егер ол сабақтар жүйесі жөнінде тыңғылықты жұмыс істемесе және әр сабаққа жеке даярланып отырмаса, оның сабақ оқытуында ірі кемшіліктері болмақ. Бұл –педагогтік стажы бар көп мұғалімдерге де қатысты.

Әрбір мұғалімнің сабаққа дайындалуы жөніндегі талап педагогикалық процестің күрделігінен туады. Соған сәйкес мұғалімніәң сабаққа әзірленуі барысында төмендегідей сұраққа жауап керек:

  1. Сабақтың мақсаты қандай?
  2. Оқушылар қандай жаңа білімдер алуы қажет және олар практика жүзінде нені үйретеді?
  3. Сабақта айтылатын ойдың бастысы қайсысы?
  4. Бұл ойлар қандай жүйемен баяндалмақ?
  5. Олар қандай жолмен негізделмек?
  6. Қандай қорытындылар керек?
  7. Сабақта қандай әдістер және көрнекті құралдар пайдаланылмақ?
  8. Оқушылардың білімін тексеру үшін оларға қандай бақылау сұрақтарын беру керек?
  9. Оқушылар алған білімдерін пысықтау және практикада қолдану мақсатында қандай жаттығулар беру керек?
  10. Үй тапсырмасына нені беруге болады және оны қалай тапсыру керек.

Озық тәжірибелі мұғалімдер сабаққа белгілі бір тиянақты жүйемен даярланады дедік. Ол төмендегідей кезеңдерден құралады:

а) Алдағы оқу тоқсанына оқу материалын жоспарлау.

б) Өтілген сабақтың табыстары мен кемшіліктерін еепке ала отырып, келесі тақырыпты белгілеу.

в) Кезекті сабақтың жоспарын жасау.

Мұғалім жұмысындағы мұндай жүйелілік оқу процесін үздіксіз жетілдіре беруге, әрбір жеке алынған сабақты сабақтар жүйесіндегі буын ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Оқу жұмысының мазмұнын ойластырып алу–сыныпта оқу материалын өтудің бірізділігі жөнінде айқын да анық түсінік құрып алу деген сөз. Сондықтан, мұғалімнің оқу бағдарламасын жүргізетін жұмысы оларға оқу тоқсанына белгіленген материалдың өтіліуін қысқаша жоспарлап алу болып табылады. Бұлай ету оларға әр тақырып не болмаса тақырыпша шеңберінде сабақтарды неғұрлым айқын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Мектепте оқу материалы әрбір жарты жыл бойынша жоспарланады. Мұндай жоспардың түрін күнтізбелік (календарный) жоспар деп атайды. Күнтізбелік жоспар жүйесіне белгілі бір тоқсан ішінде өтетін тақырыптар енгізіледі.

Тақырыптық жоспарлау – белгілі бір пәнге қатысты оқытудың барлық формасының бірлігі мен байланысының көрінісі (Ильина, 363).

Ол мұғалімге бір сабақтан келесі сабаққа өту барысында дидактикалық мақсаттарды анықтауда бірізділік пен жүйелілікті анықтауға септігін тигізеді, оқу материалының мазмұнындағы негізгі ойды бөліп қарауға, оқушылар мен мұғалімдердің негізгі оқу әрекеттерін белгілеуге, пәнаралық байланысты орнықтыруға, оның барысында пайдаланылатын көрнекі және техникалық құралдарын ойластыру, сонымен бірге нақтылы тақырыптарды оқыту нәтижелерін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Тәжірибелі мұғалім тақырыптарды зерттегенде, оқу материалын оқып біледі, осы тақырып бойынша өткен оқу жылында жүргізген сабақтардың тәжірибесін ескереді, жеке сабақтарға арналған тақырыптың мазмұнын жоспарлайды және сабақта тек білімдік міндеттері ғана емес, сол сияқты тәрбие міндеттерінің шешілуін де белгілейді.

Сабаққа осындай жүйемен даярлануда мұғалімдер оқушылардың оқу еңбегін жақсы ұйымдастырады, әрбір жеке оқушыға зейін қойып, сезімталдықпен қарайтын болады, соның арқасында оларға жоғары сапада білім беріп, жеке басын нәтижелі тәрбиелеуге қол жеткізеді. Себебі, сабаққа тұтас тақырып бойынша даярлау белгілі оқу материалын мектепке өту үшін жақсылап жоспарлау ғана емес, сол сияқты оқушылардың ұжымдық және дара жүргізетін оқу жұмысын, сабақ үстінде оқушылардан сабақ сұрауды және артта қалушыларға көмек көрсетуді күні бұрын ескеруге мүмкіндік береді.

Оқу бағдарламасының тараулары бойынша сабақтардың тақырыптарын жасап болғаннан кейін, іле–шала мұғалім алдағы әрбір сабақтың мазмұны мен ұйымдастыру әдістемесін толық ойластырып алады.

Жеке сабақтардың жоспары– әрбір мұғалімнің жеке сабақ құжаты. Ол мұғалімнің тақырып жөнінде алдын – ала қандай жұмыс жүргізетіндігімен анықталады. Сондықтан тиімді жасалған жоспар –тиімді өткен сабақ болып табылады.

Қазіргі кезде мектеп тәжірибесінде қалыптасқан мұғалімнің жеке жоспарының үлгісі төмендегідей:

  1. Оқу бағдарламасының берілген тарауы бойынша сабақтың күні мен саны анықталады.
  2. Сабақтың тақырыбы.
  3. Сабақтың мақсаты.
  4. Сабақтың құрылымы немесе дидактикалық кезеңдері.
  5. Сабақтың мазмұны.
  6. Оқыту әдіс–тәсілдері.
  7. Сабақ құралдары.
  8. Үй тапсырмасы.
  9. Қорытынды, сабақтың аяқталуы.

Сабақтың анағұрлым негізгі бөлігі – оның төртінші және бесінші кезеңі болып табылады.

Сабақтың әрбір құрамы буынына немесе дидактикалық элементтеріне мұғалімнің жұмсайтын уақытын көрсетудің мәні зор. Содан кейін барып оның қалған буындары мен мазмұны ашып көрсетілді. Сабақты бұлай жоспарлау мұғалімге сабақ барысын нәтижелі ұйымдастыруға қолайлы жағдай туғызады.

Одан әрі қарай оқушылардың тәжірибелік жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері қарастырылады. Оқыту әдістерін қолдану нақты атап көрсетіледі.

Содан кейін сабақта қолданылатын әр түрлі оқу құралдары (карта, глобус, приборлар, оқу–әдістемелік кітаптары, көмекші оқу құралдары т.б.) және оны пайдалану әдістемесі көрсетіледі. Сабақтың соңғы буыны –үй тапсырмасын беру.

Н.К.Крупская мұғалімдердің назарын тапсырманы орындау жөнінде оқушыларға мұқият түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға, оның мақсаты түсінікті болуына, бұл мақсат оларды рухтандыратындай дәрежеде болуына аударады. “Ең қызық тапсырма –баланың өз бетінше жұмыс істей алуын барынша дамытып, оның ойын оятатын тапсырма екендігі мәлім”–деген тұжырымдама жасайды.

Сонымен бірге, Н.К.Крупская мұғалімдердің сабаққа әзірлену барысында оқушылардың үй тапсырмасында теңестірушілікке жол берілуге болмайтындығына олардың назарын баса аударады. “Тапсырманы дараландыру керек, оқушының олқы жерлерін, оның білімі мен дағдыларының жиынтығын есепке алу қажет, сабаққа күштірек оқушыларға берілетін тапсырмалар оларды тым алға сүйреп әкетпей, олардың алған білімін тереңдете, оның сапасын жақсарта түсетін болсын” – дейді ол (Таңдамалы шығармалары, 202–203 беттер орыс тілінде).