Банктік құқық кешенді құқық саласы ретінде

Банктік қызметтің және банк жүйесінің айтарлықтай ерекшеленуі және жаңаша дамуы, ұлттық қаржы нарығының оның ішінде ақша, алтын және валюта нарықтарының халықаралық стандарттарға сай құрылуы, коммерциялық банктердің операциялық қызметтері ауқымының ұлғаюы, қоғамдық банктік қатынастардағы мемлекет пен жеке меншік – корпоративтік ая субъектілері мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері сондай-ақ т.б. экономикалық – басқарушы мән-жайлар банктік құқықтың дербес құқық саласы ретінде жаңадан қалыптасуын негіздеді.

Демек банктік құқықтың дербес құқық саласы ретінде жаңадан құрылуы банк жүйесінің ел экономикасындағы рөлі мен маңызына, қоғам мен мемлекеттің экономикалық – қаржылық мүдделеріне, мемлекеттің қаржы, ақша-кредит (оның ішінде валюталық) саясаты ұстанымдарына, нақтылы айқындалған құқықтық реттеу пәніне, айрықша құқықтық реттеу әдісіне, тиісті заңнамалық актілерде бекітілген ереже-қағидаларына, арнайы заңнамалық және заға тәуелді нормативтік банктік құқықтық актілерден тұратын қайнар көздеріне байланысты көрініс тауып отыр.

Банктік құқық мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ат салысады және нарықтық үлгідегі банк жүйесінің құқықтық негізін қалыптастырады.

Банктік құқық экономиканың банктік секторындағы банктік іс пен банктік қызметті және олардың барысында туындайтын қоғамдық банктік қатынастарды реттейді.

Банктік-құқықтық реттеу ауқымындағы банктік қызмет барынша пайда табуға бағытталған, тиісті заңнамалық акті немеселицензия негізінде, жүйелі сипатта банктер жүзеге асыратын операциялар мен мәмілелер болып табылады.

Банк жүйесінде, банктік қызмет (операциялар) барысында туындайтын қоғамдық банктік қатынастар банктік, қаржылық, әкімшілік, азаматтық, валюталық, кедендік және т.б. қатынастар сипатында көрініс табады. Осы орайда банктік құқық императивтік және диспозитивтік құқықтық реттеу әдістерін, сондай-ақ осындай әдістерді тиісінше ұштастыру арқылы кешенді құқықтық реттеу әдісін пайдаланады.

Банктік құқықтың кешенді құқықтық реттеу әдісі банк жүйесінің жұмыс істеуі және банктік операциялардың жүзеге асырылуы барысында туындайтын аралас қоғамдық банктік (қаржылық, әкімшілік, азаматтық, валюталық және т.б.) қатынастарды реттейді.

Кешенді құқық саласы банктік құқық заңи біртұтас құқықтық құрылым болып табылады.

Демек, банктік құқық Қазақстан Республикасы экономикасының банктік секторындағы Қазақстан Ұлттық Банкі, Қазақстанның Даму Банкі және коммерциялық банктер тарапынан қоғам мен мемлекеттің, жеке меншік-корпоративтік шаруашылық субъектілерінің кредиттік, ақшалай, инвестициялық-қаржылық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында, экономикалық-жанама және әкімшілік-тікелей мемлекеттік басқару (реттеу) ауқымында ұйымдастырушы-нәтижелеуші сипатта тоқтаусыз , ұдайы әрі үзбей жүзеге асырылатын банктік операциялар (мен өзге де банктік іс-әрекеттер) барысында туындайтын қоғамдық банктік қатынастарды халықаралық банктік құқық қағидалары мен ережелерін есепке ала отырып реттейтін кешенді құқықтық құрылым болып табылады.

Банктік құкықтың құкықтык реттеу әдістері оның құқықтық реттеу пәнін құрайтын коғамдық банктік қатынастарды құқықтық реттеу барысында пайдаланылатын заңи тәсілдер мен құралдар және амалдар жиынтығы ретінде көрініс табады.

Банктік-құқықтық, реттеу әдістері банк жүйесіндегі және банктік қызмет аукымындағы тиісті құқықтар мен міндеттердің туындау негізінде, қоғамдық банктік қатынастарға катысушылардың құқықтары мен міндеттерінің мәніне-маңызына, банктік құқықтық санкциялардың мән-жайына және т.б. элементтерге сай қалыптасады.

Банктік құқық ауқымында мемлекеттік өктем-әмірлі-императивтік әдіс, қос (не одан да көп) тарапты-келісімді немесе шартты-диспозитивтік әдіс, сондай-ақ банк жүйесінің, банктер мен олардың клиенттерінің және банктік қызметтің қайсыбір мәселелеріне тікелей қатысты императивтік және диспозитивтік құқықтық реттеу әдістерінің аса қажетті жекелеген тұстарын біріктіретін кешенді әдіс пайдаланылады.

Императивтік банктік-құқықтық реттеу әдісі тиісті заңнамалық актілердегі мемлекеттің әмірлі өктем талабын бұлжытпай орындау (орындатқызу) арқылы жүзеге асырылады.

Диспозитивтік банктік-құқықтық реттеу әдісі қоғамдық банктік қатынастардағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін, міндеттемелерін тиісті заңнамалық актілер және тараптардың арасында жасалған банктік шарттар негізінде регламенттеу барысында қолданылады.

Кешенді банктік-құқықтық реттеу әдісі негізінен қоғамдық банктік қатынасқа қатысушылардың экономикалық-қаржылық және өзге де мүдделерінің теңдестірілімдігін көздеу, олардың банктік қызметінің тиімділігін және мемлекеттің (оның уәкілетті органдарының) өктем нұсқамаларын орындау еріктілігі дәрежесін айқындау тұұрғысынан жүзеге асырылады.

Демек императивтік және диспозитивтік банктік-құқықтық реттеу әдістерінің, өзара байланысы мен бірыңғайлығы негізінде кешенді банктік құқықтық реттеу әдісі құрылады. Банктік құқықтың кешенді әдісі банк жүйесінің жұмыс істеуі барысында қоғам мен мемлекеттің және жекеше — корпоративтік ая субъектілерінің мүдделерін ұштастыруға, сондай-ақ қаржылық инструменттер қозғалысына байланысты қоғамдық банктік қатынастарды реттеуге ат салысады.

Банктік құкықтың жүйесі оның ішкі нысанын (құрылымын) білдіреді. Банктік құқық жүйесінің негізгі белгілеріне оның құқықтық нормаларының біртұтастығы және бірыңғайлығы, сондай-ақ оның құқықтық институттарының өзара байланысы, өзара шартталынғандығы және келісімділігі жатады.