Нарықтық даму жағдайындағы қоғам өмірінің әр алуан әлеуметтік-экономикалық мүдделерінің түйісетін жері банктер жұмыс істейтін банк жүйесінің ауқымы болғандықтан, сондай-ақ осы жүйе арқылы мемлекеттің қаржы, ақша-кредит, оның ішінде валюталық саясатын іске асыру мақсатында түрлі банктік операциялар жүргізілетіндіктен банктер мен олардың қызмет аялары банктік құқық құзырымен қамтылатыны бүгінде көпшілікке мәлім.
Осы орайда банктік құқықтың мән-жайын және қажеттілігін негіздеу үшін “банк” сөзінің, банктік қызметтің мағынасын қысқаша анықтау әрі ашып көрсету жөн болар деп санаймыз. Банктердің алғашқы қалыптасып, даму кезеңдері, олардың банктік істері мен қызметі коммерциялық бағдарлы сипатымен сан ғасырлар белесінде тарих бетінде із қалдырғаны белгілі.
Ең алғашқы банктер ретінде тауарлар мен ақша қаражаттарын сақтауға қолайлы қауіпсіз жер храмдар болып есептелген. Осындай операциялар біздің эрамызға дейінгі ХХVIII-XXVII ғғ. Мысырда (Египетте) жүзеге асырылған. Ал көне Вавилон мен Ассирия археологиялық қазбалары кезінде табылған көптеген қыш тақтайшалар (құжаттар) храмдарда қаражат сақтау нысандары мен қарыз беру операциялары заңмен реттеліп отырғанын, сондай-ақ ақша қаражаттарын сақтағаны үшін заң жүзінде ақы алу көзделгенін дәлелдейді.
Дегенмен аталған банктік операциялар толық мәнінде банктік қызмет болып табылмаған. Себебі толыққанды банктік істі дамыту негізін банктердің сақтау функциясына қоса жүргізілген кредиттік операциялар қалаған. Ал көне банктік іс саласындағы кәсіби қызметті жүзеге асырушылар ретінде айырбасшылар мен өсімқолар ғана көрініс тапқан. “Банк” сөзі итальян тілінде “вансо” – ақшалы стол, айырбас жүргізілетін орын(дық) деген мағынада түсіндірілген. Сонымен коммерциялық ұйымдар ретінде туындап, дамыған банктер әр даму кезеңінде банко, трапезид, аргираймос, довейстаи, аргентарий, менсарии, трансферит, кумулярии деп аталған.
- Ең бірінші банк “Банка ди Сан Джорджо” Италияның Генуя қаласында 1407 жылы мамандандырылған кредиттік-есеп айырысу институты ретінде құрылған болатын.
Дүние жүзіндегі елдердің банктері кезінде Ганзейлік банктер, кенеппен сауда жасайтын Британ банкі, теңіз саудасына арналған Пруссия банкі, Париж есепке алу кассасы, Ломбардтар, жиробанктер, Ресей мәнет канцеляриясы деген және т.б. аттарымен белгілі болған. Бүгінде Ресей Федерациясының Орталық Банкі, Францияның мемлекеттік банкі, Австрияның Ұлттық банкі, Бельгияның ұлттық банкі, Италияның ұлттық банкі, АҚШ орталық банкі – Федералдық резервтік жүйе, Ағылшын Банкі және т.б. елдердің ұлттық немесе орталық банктері жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта банктер меншік нысандарына қарай: мемлекеттік банк; жеке меншік банк; акционерлік банк; кооперативтік банк; муниципалдық банк; аралас банк; халықаралық банк болып бөлінеді. Осы банктер өз өкілеттігі мен қызмет аяларына орай депозиттік банк, инновациялық банк, клирингтік банк, коммерциялық банк, жер банкі, ипотекалық банк, жинақтау банкі, консорциалдық банк, даму банкі, әмбебап банк, трансұлттық банктер, тұтыну кредиті банкі, мемлекетаралық банк және т.б. банктер түрінде сипат алады.
Банктер алғашқы кездерде негізінен ақшалай операцияларды, сондай-ақ сақтау, есепке алу, есеп айырысу және айырбас операцияларын, ақшалай есеп айырысу және төлем операцияларын, ақша белгілерін эмиссиялауды жүргізген.
Бүгінде банктер эмиссиялық, депозиттік, кредиттік, төлемдік, кассалық, лизингтік, трасталық, факторингтік, валюталық және т.б. операцияларды тиісті заңнама мен лицензиялар негізінде жүзеге асыратын заңды тұлғалар коммерциялық ұйымдар болып табылады.
Банктер негізгі аспектілеріне орай ақша сақтайтын орын; кредиттік мекеме, ұйым; коммерциялық ұйым; экономикалық басқару органы; дилерлік-делдалдық ұйым; биржалық агент; кредиттік кәсіпорын; заңды тұлға: тек банктік қызметті (операциялар мен мәмілелерді) жүзеге асыратын кредиттік ұйым; мекеме деп және т.б. сипатта аталуы мүмкін.
1987-1988 жылдары реформалауға ұшыраған банктер егемен Қазақстанда 1991 жылы жаңадан құрылып, қалыптасқан болатын. Осы кезден бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұрынғы “Мемлекеттік банк”) акционерлік-коммерциялық банк Тұран банкі (бұрынғы “Өнеркәсіпқұрылыс банкі”), акционерлік-коммерциялық банк Агроөнеркәсіп банкі (бұрынғы “Агроөнеркәсіп банкі”), акционерлік-коммерциялық банк Жинақ бані (бұрынғы “Жинақ банкі”; кейіннен “Халықтық банк” деп аталды) жұмыс істей бастады.
1993 жылы “Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы” және “Қазақстан Республикасындағы банкілер туралы” Қазақстан Республикасы заңдарының қабылдануына сәйкес барлық акционерлік-коммерциялық банктер акционерлік банктер ретінде қайтадан құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы шілденің 16-сындағы жәнек қыркүйектің 6-сындағы Жарлығына орай “Мемлекеттік экспорттық-импорттық банк”; “Мемлекеттік Даму банкі”; сондай-ақ 1996 жылғы наурыздың 29-ындағы Жарлығы бойынша “Мемлекеттік медетші банк” құрылды.