Фонетика.Фонетиканың мақсаты мен міндеті, қарастыратын мәселесі

Адам баласының тілі – дыбыстық тіл . Тіл дыбыстары — әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі . Егер сөздер дыбыстардың өз ара тіркесі түрінде айтылмаса , тіл қатынас құралы да , пікір алысу құралы да бола алмас еді. Тілдің дыбыстық жағы оның замандар бойында өмір сүруіне , ұрпақтан –ұрпаққа беріліп отыруына мүмкіндік жасайды.

Тілдің дыбыстық жағы – сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы болып табылады. “Сөздік пен грамматикалық құрылыс тілдің мазмұнын құрайды да , дыбыстық жағы оның материалдық жамылғышын , оның физикалық формасын құрайды деп белгілі дәрежеде айтуға болады”.

Тіл дыбыстары , әдетте сөз ішінде айтылады . Бірақ белгілі бір дыбыс арнаулы бір сөздің қолданылумен шектеліп қоймай , көптеген сөздердің құрамында қолданыла береді. Тілдің лексикасын құрастыратын сан мыңдаған сөздер дыбыстық жағынан алғанда , ондаған ғана дыбыстардың әр түрлі комбинацияларынан құралған .Осы тұрғыдан алғанда, дыбыс белгілі бір сөзге байланып қоймай , одан белгілі дәрежеде оңашаланып, нақтылы сөздерден абстракцияланады. Бұған тілдегі дыбыстық заңдылықтардың барлық сөздерге бірдей қатысты болып келуі дәлел бола алады. Мысал ретінде түркі тілдерінде сөздердің алғашқы буынындағы ерін дауыстының әуеніне қарай , екінші буынды да ерін дауыстысының айтылу заңдылығын немесе орыс тілінде барлық сөздерде дауысты дыбыстың ашық буында созылыңқы айтылу заңдылығын және т.б. дыбыстық заңдылықтарды атауға болады.

Фонетика тіл дыбыстары және дыбыс заңдарымен ғана шектеліп қоймайды . Тіл дыбыстары , олардың құрамы, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары туралы мәселелер фонетикада маңызды орынға ие болады. Алайда , тіл дыбыстары туралы мәселенің фонетикада басты орынға ие болуы фонетиканың басқада маңызды объектілерінің болуын жоққа шығармайды . Дыбыстарды зерттеу мен дыбыстық тілдің басқада мәселелерін , мысалы, буын, екпін және интонация мәселелерін қарастыру өз ара тығыз байланыста болады. Оның үстіне, тіл дыбыстары мен буын, екпін туралу ілімнің тілдің жазба жазба түріне тікелей қатысы бар. Жазудың теориясы сөйлеудің деректеріне , тіл дыбыстарының фактілеріне негізделеді.

Сонымен фонетиканың зерттейтіндері – тілдің барлық жағдайларында және қызметінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдері және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстар.

Тіл дыбыстарын және оларға тән заңдылықтарды зерттеудің теориялық мәні, атап айтқанда , мынада: дыбыстық өзгерістерді , олардың заңдылықтарын есепке алмай тұрып, лексикалық құбылыстардың да , грамматикалық құбылыстардың да шығу төркінін, өзгеріп дамуын ашып айқындау , соған орай , лексиканың да, грамматиканың да , ғылыми тарихын жасау мүмкін болмаған болар еді. Демек , тілдің замандар бойындағы тарихи даму барысының түрлі дәуірлеріндегі дыбыстық өзгерістерді, оның заңдылықтарын зерттеу мәселесі тіл білімінде өте-мөте маңызды мәселе болып саналады.

Фонетиканың техникалық мәселелерді шешуге де қатысы бар. Телефон мен радиотехниканың кейбір мәселелері , мысалы, байланыс жолдары арқылы берілетін сөздің айқындылығы мен түсініктілігін айқындау мәселелері фонетикалық деректерді есепке алуды талап еиеді. Соңғы жылдарда әр түрлі техникалық проблемалардың тууымен байланысты фонетикаға жаңа міндеттер жүктелді . Ол міндеттер , атап айтқанда, сөзарқылы меңгерілетін механизмдердіжасау, ауызша сұрақтарға жауап беретін информациялық машиналар мен ауызша аударма жасайтын машиналарды конструкциялаумен байланысты.Бұл мәселелерді шешуге фонетистердің де тікелей қатысы бар.