Жалғаулықты, жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлемдерден мәлімет жинау.
- Құрмалас сөйлемдер өздерін құрайтын сыңарларымен ерекшеленеді. Жай сөйлемді талдау барысында сөз тіркестеріне, сөйлем мүшелеріне, яғни оны құрайтын әрбір сөзге баса назар аудардық. Жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдер бір-бірінен грамматикалық мағыналары жағынан да ерекшеленеді. Жай сөйлемдерде негізінен предикативтік, яғни жақ, модальдық және уақыт жағы басым болса, құрмалас сөйлемдерде негізгі мәнге оларды құрайтын сөйлемдерге назар аударылу керек, соны айқындағаннан кейін, оның әрбір сөйлеміндегі жай сөйлем принципі басшылыққа алынды. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдерге қарағанда тағы бір ерекшелігі – сөйлем санына байланысты десек, осының негізінде олардағы ой жай сөйлемдерге қарағанда күрделірек болуы. Сонымен құрмалас сөйлем деп екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемдерді айтамыз. Құрмалас сөйлемдер сабақтас құрмалас сөйлем, салалас құрмалас сөйлем, аралас құрмалас сөйлем болып үшке бөлінеді.
- Салалас құрмалас сөйлем
Құрамындағы жай сөйлемдері өзара тәуелсіз, тең дәрежеде байланысқан құрмалас сөйлемді салалас құрмалас сөйлем дейміз. Мыс: Табыс өзінен — өзі келмейді, оны қажырлы еңбекпен жеңіп алу керек.(1. Табыс өзінен-өзі келмейді. 2. Оны қажырлы еңбекпен жеңіп алу керек. )
Салалас құрмалас сөйлемнің түрлері :
Ыңғайлас салалас
Іліктес салалас
Қарсылықты салалас
Себеп- салдар салалас
Талғаулы салалас
Кезектес салалас
Шартты салалас
Ыңғайлас салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері көбінесе өзара тұлғалас, бір сарынды мағыналық қатынаста айтылған салалас құрмалас сөйлем ыңғайлас салалас болады. Ыңғайлас салалас ішіндегі жай сөйлемдер да, де, та, те, және, әрі, мен, бен, пен деген жалғаулықтар арқылы немесе ешбір жалғаулықсыз-ақ байланыса береді. Мыс: Мұндай жолдарды салу аса қымбатқа түседі және кез- келген жерге сала беру мүмкін емес. Мыңдаған гектар шөп шабылмақ, ондаған қора жайлар салынбақ.
Іліктес салалас
Құрамындағы жай сөйлемнің бірі басқасымен талданып түсіндірілетін салалас қ. с. іліктес салалас болады. Мыс : майдың құрамына да үш элемент кіреді: олар – көмір, оттегі және сутегі.
Іліктес салалас сөйлемнің арнайы жалғаулықтары жоқ.
Сол, сонша, соншалық, соншама деген сөздердің қатысымен жасалған кейбір құрмалас сөйлемдер де іліктес салалас ретінде қарастырылады. Мыс: Сабырлы Олжабектің сасқаны сонша – орнынан атып тұрды. Мал етінің асылдануы сондай – майы аузыңа салдырмайды
Қарсылықты салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері өзара қарсы мағыналық қатынаста жұмсалатын салалас құрмалас сөйлем қарсылықты салалас болады. Қарсылықты салалас сөйлемдер жалғаулықты және жалғаулықсыз болып бөлінеді. Ондағы жай сөйлемдерді байланыстыратын жалғаулықтар : бірақ, ал, алайда, дегенмен, сонда да, сөйтсе де ,әйтсе де т.б. Мыс: Елім орасан мол ағаш байлығына ие болып отыр, бірақ бұл байлықтың өзін де ұқыптылықпен тиімділікпен пайдалану керек. Баймахан қосымша уақыт сұрап еді, — төраға үндемеді.
Себеп- салдар салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері өзара себеп- нәтижелі қарым – қатынаста жұмсалатын салалас құрмалас сөйлем себеп- салдар салалас болады.Себеп жалғаулықтары: Себебі, өйткені, неге десең.
Олар тек қана себепті білдіретін сөйлем құрамында айтылады. Салдар жалғаулықтары: сондықтан, сол себепті.Бұлар тек қана нәтижені білдіретін сөйлем құрамында жұмсалады. Мыс: Көпшілік тікұшақтар 250 км /сағаттан аспайтын жылдамдықпен ұшады, сондықтан оны аса аққыш формалы түрге келтірудің онша қажеті жоқ.
Талғаулы салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері не , немесе, я, яки, әлде, болмаса деген жалғаулықтар арқылы байланысып, іс-әрекеттің талғануын білдіретін салалас құрмалас сөйлес талғаулы салалас болады. Мыс: Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек. Сол белгі менде жоқ па, әлде көрмейсіңдер ме?
Кезектес салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері бірфде, біресе, кейде деген жалғаулықтар арқылы байланысса, іс әрекеттің алмасып келуін білдіретін салалас құрмалас сөйлем кезектес салалас болады. Кезектес салалас сөйлемдегі баяндауыштармен жалғаулықтар қайталанып айтылады. Мыс: Тыныс керек кейде жанға, кейде жанға ән керек.
Шартты салалас
Алғашқы предикатив сыңарында екіншісіндегі іс-оқиғаның шартты берілетін салаластың түрін шартты салалас дейміз. Предикатив сыңарларының арасына үтір, кейде сызықша қойылады. Енді жіберіп көрші, құдай біледі әкеңді танытамыз. Жұрт айтты- көне берді.
- Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемдер компоненеттері бір-бірімен жалғаулық шылаулары құрмаласатын салалас сөйлемдер жатады.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру функциясында қолданылатын жалғаулықтар негізгі мағыналық ерекшеліктеріне қарай мезгілдес мәнді жалғаулықтар, қарсылық мәнді жалғаулықтар, себеп мәнді жалғаулықтар, талғау мәнді жалғаулықтар, кезектес мәнді жалғаулықтар болып бес түрге бөлінеді де, осы жалғаулықтардың қай түрінің қатынасы арқылы жасалып тұрғанына қарай сөйлемде сол жалғаулық атымен мезгілдес мәнді салалас сөйлем, қарсылық мәнді салалас сөйлем дегендер тәріздес аттарымен айтылып топталады. Бірақ аталған топтардағы жалғаулықтардың мағыналық жағынан белгілі бір төркіндестіктері болғанымен қолданылу орнына, контекске қарай олардың әрқайсысының басқалар ауыстыра алмайтын өзіндік дербестіктері де мол кездесіп отырады. Әр жалғаулықтың өзіндік ондай сипаттарын айқындау үшін олардың әрқайсысын жеке-жеке талдаған жөн деп білеміз.