Қазақ тіліндегі сөздер тұлғасына қарай, 5 түрге бөлінеді: негізгі түбір, туынды түбір, біріккен түбір, қос сөз, қысқарған сөз.
Негізгі түбір
Негізгі түбір — әрі қарай морфемаларға бөлшектеуге келмейтін, лексикалық мағына беретін біртұтас сөз: кел, бар, ал, қыз, адам, гүл, дала, кең т.б.
Негізгі түбірдің белгілері: 1) бір морфемадан тұрады, 2) лексикалық мағынасы болады, 3) туынды сөздердің жасалуына негіз болады, 4) олар негізінен байырғы сөздерге жатады, 5) ешбір қосымшасыз да сөйлемде қолданыла алады.
Туынды түбір
Туынды түбір сөздер қазақ, орыс тілдерінде кең қолданылады. Туынды түбір негіз сөзден сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалып, туынды лексикалық мағынаны білдіреді: өнер-паз, өн-ім, бал-гер, сән-қой, сан-а, жас-ар, тау-лы, же-м, оқу-шы, бала-лы, орын-дық, сыр-мақ т.б. Туынды түбір екі морфемадан құралады, олар: негіз сөз және сөзжасамдық жұрнақ. Туынды түбірдің лексикалық мағынасы негіз сөздің мағынасынан жасалады, сондықтан негіз сөз бен туынды түбірдің лексикалық мағынасы байланысты болады. Мысалы,ас – асхана, әсем — әсемпаз, өнер — өнерлі, қол – қолда(у), жаз – жазғы, біл – гір, мәсі – мәсішең, бұр – бұрғы, күре – күрек, аш – ашқыш т.б.
Туынды түбірлер тілдің сөздік қорын байытады.
Біріккен сөз
Екі яодан да көп сөздер бірігіп, бір лексикалық мағына беріп, біртұтас сөз жасайды: орын + басар – орынбасар, көк+өніс – көкөніс, бала+бақша – балабақша, жан+ұя – жанұя, бал+мұздақ – балмұздақ т.б. Қазақ тілінде орыс тіліндегі байланыстырушы дауыстылар сияқты сөзді біріктіретін морфемалар жоқ. Сөз ешбір қосымшасыз бірігеді. Біріккен сөз екі түрлі:1) кіріккен сөз, 2) біріккен сөз.
Кіріккен сөз деп сыңарлары түрлі дыбыстық өзгеріске түсіп, бір-бірімен дыбыстық жағынан үндесіп, ықшамдалып, біртұтас лексикалық мағына беретін сөздер аталады: қол+қап – қолғап, алып+бер — әпер, қайын+іні – қайын, ендігіден+әрі – ендігәрі, қара+ала+құс – қарлығаш т.б.
Біріккен сөздер деп құрамындағы сыңарлары дыбыстық құрамын сақтай отырып, бір лексикалық мағына беретін біртұтас сөзге айналған сөздер аталады: сая+жай – саяжай, ақ+қу – аққу, ай+балта – айбалта, көк+жөтел – көкжөтел т.б.Біріккен, кіріккен сөздер бірге жазылады. Біріккен сөздер сөздік қорды байытады.
Қос сөздер
Қос сөздер орыс тілінде де бар, бірақ олар сирек қолданылып, тілден біздің тіліміздегідей кең орын алмайды: тик-так, тук-тук т.б.
Екі сөздің бір-бірімен қосарлануы я бір сөздің қайталануы арқылы жасалып, біртұтас лексикалық мағына беретін сөздерді қос сөздер дейді: жөн-жоба, ойын-күлкі, асықпай-саспай, айта-айта, сауық-сайран т.б.
Қос сөздер екі түрлі: 1) қайталама қос сөздер, 2) қосарлама қос сөздер.
Қайталама қос сөздер бір сөздің қайталануы арқылы жасалады: ойдым-ойдым, жалп-жалп, сала-сала, үйден-үйге, бетпе-бетт.б.
Қайталама қос сөздердің сыңарлары қосымшасыз да қосымшамен де қайталана береді: 1)жылға-жылға, тау-тау, 2) ауыба-ауыз, көзбе-көз, үй-үйге, өзінен-өзі, өзімен-өзі т.б.
Қоосарлама қос сөздің екі сыңары екі түрлі сөздің бір-бірімен қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы: ағайын-туған, ата-ана, ел-жұрт, қадір-қасиет т.б.
Қосарлама қос сөздер мағынасы жақын сөздерден жасалады: туған-туысқан, сый-құрмет, ас-су т.б.
Қос сөздер дефис арқылы жасалады.
Қысқарған сөздер
Кез келген сөз қысқартыла бермейді, тек күрделі атаулар қысқарады. Күрделі атауларды шартты түрде қысқарту арқылы жасалған сөздер қысқарған сөздер деп аталады.
Орыс тілінде қысқарған сөздер өте көп, қазақ тілінде одан әлдеқайда аз.Сөз төрт түрлі жолмен қысқарады:
Күрделі атаудың әр сөзінің басқы дыбысы алынады: АҚШ – Америка Құрама штаттары, БҰҰ – Біріккен Ұлттар ұйымы, ҚХР – Қытай Халық Республикасы; Бұған тек өлшем атаулары бағынбайды: м – метр, кг – килограмм, мм – милиметр, г – грамм т.б.
Күрделі атаудың бірінші сөзінің алғашқы буыны және қалған сөздерінің басқы дыбысы алынады: ҚазМПУ – Қазақтың Мемлекеттік Педагогикалық Университеті, ҚазМУ – Қазақтың Мемлекеттік Университеті.
Күрделі атаудың әр сөзінің алғашы буындары алынады: ауатком – аудандық атқару комитеті.
Күрделі атаудың алғашқы сөзінің алғашқы буыны алынып, келесі сөз түгел айтылады: педучилище, мединститут.