Атау септік. Қазіргі түркі тілдерінің қайсысында да атау септікті сөздің түбір, негіз қалпынан бөлектейтіндей арнаулы аффикс жоқ. Атау септік тұлғасы ескі жазбалар тіліне мынандай қызметтерде жұмсалған:
Атау септік тұлғасы өзінің тура мағынасында қолданылған: Аганияз ер ағыр бедісміс (М) “Аганияз қою (әдемі) оюлады: Ілкі сен барғыл (МҚ) “Алдымен сен бар”. атау септіктің бұл қызметі қазіргі қазақ тіліне әсте жат еместігі айқын. Зат есімдер де, есімдіктерде атау тұлғасында жұмсалып, сөйлем бастауышы қызметінде келген.
Ілік септік қызметінде жұмсалуы: Білге Тонықұқ бен өзүм табғач іліңе қылынтым (Т) “Данышпан Тонықұқ мен өзім табғачтың еліне қол арттым”. Кімі ічре олдуруп, Іле сувын кечтіміз, ұйғыр таба башланып, мыңлақ елін ачтымыз (МҚ). “”Кемеге отырып, Іленің суын кештік, ұйғырға дейін барып, Мыңлақ елін аштық”.
Атау тұлғасы шығыс септік орнына жұмсалуы да кездесіп отырады: Көгмен аша қырқыз йіріңе тегі сүледіміз. Көгменнен асып қырғыз жеріне дейін шабуылдадық (ҚТ). Иол азылды – жолдан азды. (МҚ).
Көне түркі тіліндегі атау тұлғасының көп функциялығы жалпы септік жалғауларының бір – бірінен ара жігін айқындамауының, түгелдей жіктелмеуінің нәтижесі деп қана қараған дұрыс.
Ілік септік. Ілік септік тұлғасының көне жазбалар тілінде мына сияқты фонетикалық вариантары бар: -ың, -ің, -үң, -ның, -нің, -нүң, -наң, -нәң. Зерттеушілердің бірсыпырасы –ың және –ның, яғни, аффикстің ең басында –н дыбысының бар я жоғына қарай, ілік септік қосымшасының екі түрлі таралуын (немесе қолданылуы) болжайды. Академик В.В. Радлов өзінің Алтын орда жарлықтары жайлы белгілі еңбегінде –ың тұлғасын негізінен батыс түркі тілдеріне тән деп қарайды да, -ның тұлғасын шағатай тіліне, яки, шығыс тілдеріне тән тұлға деп есептейді.
Алайда қазіргі түркі тілдері арасында мынандай заңдылық бар: азербайджан, түркімен, түрік және чуваш тілдерінде дауыссз дыбысқа біткен сөздерге жалғанатын ілік септік жалғауы –ың (басқы –н-сіз) тұлғалы болады да, дауысты дыбысқа біткен сөздерге –ның түрінде жалғанады. Басқа түркі тілдерінде –ын варианты зат есімдерге жалғанбайды, түбірдің соңғы дыбысының фонетикалық сапасына қарай бірде –ның,, бірде –дың, енді бірде –тың болып, өзгертіп отырады. Қазіргі қазақ тілі осы соңғы топқа жатады.
Көне түркі ескерткіштері тілінде табыс септік жалғауларына мына төмендегідей тұлғаларда кездеседі: 1. –ғ, -г, -ығ, -іг, -ұғ, -үг. 2. –ы, -и. 3. –н, -ні, -ны.
Енисей – Орхон жазбаларында –ғ-дан басталатын тұлғалар жарыса қолданылған. Бірақ бір – біріне өзгеше болып (мағынасы мен қызметі бір болса да) келетін, осы екі белгілі бір жүйе бойынша қолданылған деп жиі айтылып жүр. Зерттеушілердің көпшілігі-ақ –ғ тек қана зат есімдерге (не соның қызметіндегілерге), ал, -ы тәуелденген сөздерге, -ны есімдіктерге жалғанған деп қарайды.
Ескерткіштер тілін хронологиялық жүйемен қарастырғанда –ғ тұлғасының ХІ – ХІІ ғасырлардан бері қарай аспайтынын байқауға болады. (Махмуд Қашқари сөздігінде, «Құдатқу білікте» бұл тұлға қолданылады). Алайда бұл дәуірлерде –ғ тұлғасы Орхон – Енисей жазбаларындағыдай есімдерге жалғанып қоймайды, есімдікке де жалғанып қолданылған. «Құдатқу білікте» буларығ, өзуг, оларығ (бұларды, өзін, оларды). Алайда бұл құбылыс соншалық кең жайыла алмаса керек. Ал кейінгі жазбаларда («Кодекс Куманикусте», Алтын Орда ескерткіштерінде) бұл тұлға атымен кездеспейді.
Көне түркі жазбалары тілінде табыс септік жалғауының негізгі қолданыстары мына төмедегідей:
Істің, әрекеттің, таралу объектісін білдіреді: … Тоқуз оғуз белгілері будуны бу сабымен едгуті есід қатығды тыңда (ҚТ). «Тоғыз оғыз бектері халқы бұл сөзімді жақсылап есіт, қатты тыңда». Аның атын арғұтты (МК).
Табыс септік жалғауының пайда болуын бірсыпыра зерттеушілер ілік септік тұлғасымен байланыстырады. А.Н.Кононов табыстың көне түркі тіліндегі тұлғасы –ғ (-ығ, -іг) ілік септік жалғауы құрамындағы мұрын жолды –ң дыбысының (-ың), өзгеруінен шыққан деп шамалайды. Бұл ретте Орхон – Енисей жазбаларындағы ІІ жақтың жалғау –г, -ғ мен қазіргі түркі тілдерін –ің көпшілігінде кездесетін сондай жалғау –ы, -ң және осман түріктері тіліндегі –(ы) –ң-нің сәйкестігі дәлеоге алынады (йаздығ, йаздың).
Қазіргі қазақ тілінде барыс септік тұлғасы –қа, -ға, (-ке, -ге) екені белгілі. Егер сөз тәуелдік жалғаулы болса, онда алдыңғы ғ, к, (г, қ) дыбыстары түсіп қалады да, тек –а, -е түрінде ғана жалғанады. Соңғы тұлға азербайжан, осман түріктері, түркімен және чуваш тілдерінде барлық сөздерге де жалғанады.
Алайда көне түркі жазбаларында барыс септік жалғауы бірнеше түрлі болып келеді. Олар мынандай: -ғару, (-геру, қару, керу), -ру (ру), -қа (ке, ға, ге), ай (йе), -а (е), бұлардың қайсысы да түркі тілдері тарихында әр кезеңде қолданыс тапқан. Дегенмен, мына жайды ескеру керек: барыс жалғауының осы түрлері көпшілігінде бір – бірімен жарыса қалданылған да, кейбір түрлерінің өзіне тән қолданылу мәні, сипаты болған. өзіндік мәні бар жалғаулар сөздерінің белгілі бір тобы нғана жалғанған. Орхон жазбаларында істің бағытын, мекенін білдіруге барыс септіктің –ғару, геру, (кейде -нару) тұлғасы қолданылады: ілгеру, біргеру, күн ортасынару, йырғару т.б. –ғару аффиксі кісіні, халықты білдіретін сөздерге де жалғанып, ол сөздер істің бағытын, бағытталған пунктті білдіретін болады: Апа тарқанғару ічре саб ыдмыс. “Апа тарқанға ішке қарай хабар жіберді”. Кейінгі дәуір ескерткіштерінің тілінде бұл тұлға нақ осы сипатында ұшыраспайды. –ғару аффиксінің түбірмен ұласып, бірігу просеці сол дәуірдің өзінде –ақ басталса керек. Қазіргі тіліндегі сыртқы, ішкері, шеткері, жоғары, тысқары сөздері сондай процестің нәтижесі.
Сонымен, рун жазбаларының өзінде –ғару мен –ғар тұлғалары қатар қолданылған. –ғару мекен – орын мәнінде, көлем – кеңестікті, мекенді, білдіретін сөздерге жалғанса — -ғар есімдіктерге жалғанып іс бағытталған объектіні білдірген.
-ға афииксті сөздер мақсат, себеп мәнін де білдіреді. Он ешічке отун кады. Ол асуға отын үйді. Аның үчүн келдім көргүзмеге. Сол үшін келдім көруге. –ға аффиксінің мұндай қолданысы рун жазбаларында сирек құбылыс.
Қазіргі түркі тілдеріндегі жатыс жалғауларының варианттарын слыстыра қарағанда, дауысты дыбыстар ыңғайынан болсын, дауыссыз дыбыстар жағынан болсын, негізінен –да тұлғасының айналасына топтасады. Әрине, басқы дауыссыз кейбір тілдерде тек –д болып келетінін де бар. Ал чуваш тілінде – ра, -ре, -че тәрізді басқа түркі тілдерінің ешқайсысына ұқсамайтын варианттар қолданылады. Жатыс септік жалғаудың көне жазбалар тіліндегі қызметі мен мағыналары мына сипатта:
Іс — әрекеттің, заттың орын – мекенін білдіреді. Түркі сір будун йерінте бод қалмады. “Түрк – сір халқының жерінде тіі жан қалмады”. Уда ташда қалмысы құбранып, йеті йүз болты. “Ағаш – таста қалғандары жиналып жеті жүз болды”.
Іс – қимылдың, әрекеттің кақыт, мезгілін білдіреді. Күл тегін ол сүңішде отүз йашайур ерті. “Ол соғыста Күлтегін отыз жасар еді”.
Орхон – Енисей жазбаларында жатыс септік тұлғасы шығыс мәнінде де қолданылған. Шығыс септік қызметіндегі жатыс септік тұлғасы іс – қимылдың шығар көзін, мекенін білдіреді: Қырғызда йантымыз. Түргес қағанта көрүг келті. “Қырғыздан қайттық. Түргеш қағаннан жансыз келді”.
Заттың, процестің шыққан объектісін білдіреді. Табғачда адырылты, қанланты. “Табғачтан айрылды ханды юлды”. Теңрі тег теңріде болмыш түрк білге қаған… “Тәңрідей тәңріден жаралған түріктің білгір ханы…” бұл қолданыс, әрине, шығыс септіктің қызметін танытады. Сонымен қатар, бұл қолданыс қазақ тіліне тән емес.
Жатыс жалғауы, сонымен бірге, барыс смептік қызметінде де қолданылады: йарыс йазыда он түмен сү терілті. Жарыс жазығына он мың әскер жиналдыы.
Шығыс септік тұлғасы қазіргі түркі тілдерінде үш түрлі вариантта кездеседі: бірсыпыра тілдерде тек д дыбысынан ғана басталса, кейбірінде тек қана қатаң –т дыбысынан басталады. Ал қазақ тілімен тағы да кейбір тілдерде дауыссыздар ығайында үш түрлі. (т//д//н) вариантта айтылады. Түркі тілдерінің өте ескі кезеңінде шығыс мәнін беретін арнаулы қосымша болды ма дейтін мәселеде бірсыпыра зерттеулер шығыс қызметін Күл Тегін мен Тонықұқ ескерткіштері тілінде жатыс жалғауы атқарғанын, шығыс септіктің арнаулы тұлғасы өте сирек ұшырайтынын айтысады. Дегенмен, мына сөйлемдер құрамындағы бір – екі мысалға тоқталайық: Өңден қағанғару сү йорыдым.он жақтан хандыққа қарай әскер аттанды. Осындағы өңден (оңынан) сөзі шығыс тұлғалы екені, мекендік мәнде қолданылғаны айқын.
Бұл тұлға жайында соңғы кезде пікір айтқан Б.С.Серебренников. ол Рясянен пікірін де, Рамстедтпікір де толық қостамайды. Шығыс қосымшасы –да негізінде қалыптасқанын айта отырып, Б.А.Серебренников соңғы элемент (н) құралдық мәнді емес, белгілі бір орыннан басқа жаққа жұмсалған қимылдың бағытын білдіретін қосымша деп есептейді. Қазіргі шығыс септігінің мәні мен қызметін ескерсек, ғалымның бұл пікір шындыққа әлде қайда жақын. Сөйтін –дан құрамын тарихи тұрғыдан былай түсінуге болады: -да істің статистикалық мекенін білдіреді де, -н істің бағытын білдіреді. Осы ізбен таман, дейін, шеін, кейін сөздер құрамындағы –н-ді де бір кезгі сондай қосымша деп қарау керек.
Шығыс септік жалғауының негізгі мағыналары: істің, әрекеттің шығар көзін, іс – ләрекеттің таралған, ажыраған объктісін білдіру. Шығыс жалғауының осы екі басты мағыналық ерекшелігі сонау ескі дәуірден қалыптасқан қолданылу жүйесі екенін келтірген мысалдар дәлелдейді. Сонымен бірге, шығыс септік жалғацуы мынандай мағыналарды білдіреді: әрекеттің себебін білдіреді.: Ер ышдын қорқуды, Ер істен қорықты. Ол мендін тұрқығланды. Ол менен ұялды, қысылды.
Кейде шығыс жалғаулы сөздер – іс — әрекеттің пассив субъектісін де білдіреді.: бурун айтылды пайғамдардан. Заттың, әрекеттің сараланған, салыстырмалы сынын да білдіреді, барчадан күчлу, барчадан талы. Баршадан күшті, баршадан даңқты.
Көмектес септік. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде жоқ септік жалғауы – көмектес септік. Зерттеушілер көмектес септіктің мәніне жақын септік жалғауының якут, чуваш тілінде барлығын айтады. Дегенмен, арнаулы грамматикалық тұлғасы бар көмектес септік қазақ тілінің ғана ерекшелігі. Басқа тұркі тілдерінде бұл септік жалғаудың қызметін біле шылауы атқарады. Көне түркі тілінде қазақ тіліндегі – мен септік жалғауы мен басқа түркі тілдеріндегі біле шылауының мәнін беретін аранйы жалғау –ын, ін, н тұлғасы айтылған. Алайда бұл тұлға ескеткіштер тілінде бірле шылау сөзімен жарыса қолданылған.
-ын, ін, н тұлғасы мынандай негізгі мағыналар туғызған: іс — әрекеттің болып өткен жолын, орнын білдіреді. Ол йолын – йорысар, унч – тідім. Ол жолмен жүрсе, мүмкін дедім. Іс – қимылдың болған, болатынын мекенін білдіреді: Алтун йысығ йолсузын асдымыз. Ертіс үгүзүг кечігсізін. Алтын жерін жолсызбен астым. Ертіс өзінен кешпесізбен кештім. Іс — әрекеттің істелу құралын, объектісін білдіреді: інгек көлүкін Тоғлада Оғуз келті. Жүк тиелген көлікпен оғыздар Тоғлада келді. Х – ХІ ғасырлар жазбаларында бұл жалғау мезгіл уақыт мәнінде де қолданылған: Ол қар қамуғ қышын ынар, Ашлық тарығ анан үнер. Ол қалың қар қыста жауар, ас болатын дән сонымен өнер. Көмектес септіктің бұл тұлғасы сөз өзгертуші, сөз байланыстырушы қосымша есебінде ХІ ғасырдан кейін-ақ өз мәні жоғалта бастаған. ХІ – ХІІ ғасырда А.М. Щербак бұл тұлғаның сөз өзгертуші функциясын жолғалта бастағанын, бірен – саран үстеулер құрамында ғана кездесетінін айтады.
Біле шылауы қазақ арасында ХІХ ғасырдың аяғына дейін қолданылған кітаби жазба тіл құрамында да бар. бірақ оған қарап, қазақтың халық тілінде де солай болған деп тұжырымдауға болмайды. Біле шылауының –мен көмектес жалғауына және мен шылау сөзнен ажырауы халықтың ауызекі сөйлеу тілінің құрамында өткен процесс. Көмектес жалғауының да, мен шылауының да ауызекі сөйлеу тілінде, жергілікті диалектілер құрамында әр түрлі фонетикалық варианттарда кездесуі соны дәлелдейді.
А.М. Щербак Х – ХІІІ ғасыр жазбаларында –ын тұлғасымен қатар сол мәнде –ла //ле қосымлшасының параллель қолданылғандығын айтады. Дегенмен осы екі қосымшаның арасында пәлендей үлкен айырмашылық жоқ. Щербак келтірген бізүміле, іліле сөздері контекстік мағынасы жағынан Малов транскрипциясындағы белгі – қатунлы сөзінен алшақ емес. Қазіргі дқазақ тілінің нормасы бойыша бұларды бізбен, қолымен, бек қатынымен деп айту керек болады. Сөйтіп бұл екі топ (-лы мен -ле) бір ғана мағынаны – бірлестік, біргелік мағынасын ғана береді. Мағынанлық жағынан да, тұлғалық жағынан да бұл тұлғалар бірле шылауының құрамындағы –ле морфемасымен үйлес, үндес келіп жатады. Қазіргі тілде де –лы тұлғалы қос сөздер мен шылауына синоним болып қолданылады: әкелі – балалы т.б.
Сонымен, қазіргі тіліміздегі –мен тұлғалы көмектес септік о баста дербес щшылау сөз болған, сол сөздің энклитикалық қолданылуының нәтижесінде фонетикалық өзгеріс арқылықазіргі бізге белгілі көмектес септік қалыптасқан. Дегенмен, ол жалғаудың арғы негізі болған бірле шылауының қолданысынан осы күнгі көмектес септік беретін мән – мағынаның бәрі бірдей табылмайды. Көне түркі тілінде қазіргі көмектес септік мағыналары үш түрлі тұлға арқылы: -ын және бірле шылауы, -лы тұлғасы арықылы берілгенін байқауға болады. Тілдің даму тарихи процесінде –ын қолданылудан шығып қалған, -лы азын аулақ фразалық тіркестер құрамында ғана айтылатын өнімсіз қосымша есебінде сақталғанмен, өзінің бұрынғы гармматикалық мәнінен айрылып, лексикализацияланған. Мұның барлығы эклитикалық қолданыс нәтижесінде пайда болған –мен жалғауының грамматикалық мәнінің, қолданылу сферасының кеңеюіне алып келді. Бір – біріне мағыналық жағынан орайлас формалар мәндерінің бір ғана формаға жиылуы, сөйтіп мағыналық шоғырланыс тіл пайдалануда трансформация тәсілінің бір қыры болып табылады. Қалайда бүгінгі көмектес септік бір кезде үш түрлі тұлға арқылы беілген мән – мағынаның бәрін де бойына жиып, өзінің қолданылу өрісін кеңейткені айқын.