Лингвистикалық мектептер. Қазіргі заман тіл білімі жас грамматистерге қарсы күресте туып, қалыптасты. XIX ғасырдың соңғы он жылы мен XX ғасырдың бас кездерінен бастап Батыс Европа тіл білімінде жас грамматистік бағыт қатты сынға алынды. Тіл білімі тұйыққа тірелді, дағдарысқа ұшырады деген үндер жиі естіле бастайды, зерттеудің жаңа әдісі, бұрынғыдан өзгеше амал-тәсілдері іздестіріледі. Әр елде, әр жерде жас грамматизмге қарсы лингвистикалық мектептер пайда болады. Олардың қатарына — «Сөздер мен заттар», «Эстетизм», «Социологизм» деп аталатын мектептерді жатқызуға болады. Жас грамматизм бағытын сынауда бұлардың өкілдері бірауызды болғандықтарымен, тілдің өзіндік сипатьш, мәнін айқындауға келгенде әрқайсысының өзіндік көзқарастары, ұстаған жолдары болды.
Жалпы алғанда, XX ғасыр лингвистикалық ой-пікірлер дамуының жаңа кезеңі болды және әр түрлі бағытта дамып келеді. Әрине, бұл ғасыр ерекше көтеріп отырған проблемалардың барлығы да бұрынғыларға ұқсамайтын мейлінше тың туындылар деуге болмайды. Басқа да ғылымдардағы сияқты жалғастылық желілестік тіл білімінде де бар. Өткенді жете білмей, меңгермей, оның кұнды, прогресті жақтары мен мәнсіз, өріссіз жақтарын жан-жақты ашпай тұрып, олардан тағылым алмай тұрып, жаңалық аша қою бола бермейтін жәйт. Осы себептен де XX ғасырда дүниеге келген лингвистикалық мектептердің барлығы да өздерінің алдында өмір сүрген жас грамматикалық бағыттың концепцияларына жан-жақты талдау жасай отырып, өз бағыт-бағдарларын белгіледі. XX ғасыр лингвистикасы жас грамматикалық бағытқа қарсы күресте туып, қалыптасты деудің себебі де осында.
Бұл кезеңнін, жаңалығы, тың проблемасы делініп жүргендердің көпшілігі өткен XIX ғасырда дүниеге келген, туа бастаған ой-пікірдің жанарған, терендей, саралана түскен түрлері. Оның солай екенін XX ғасырда қалыптасқан лингвистикалық мектептердің еңбектерін талдауда байқауға болады.
- Сөздер мен заттар. Бұл —тіл білімі тарихында жас грамматикалық бағыттан біржола және үзілді-кесілді бас тарту ұранын тұңғыш көтерген мектеп. Оның өкілдері 1909 жылдан бастап Рудольф Мерингердің (1859— 1931) басқаруымен шыға бастаған (Австрияда) «Сөздер мен заттар» деп аталатын журнал төңірегіне топтасқандықтан соның атымен аталған (журнал XX ғасырдың 40 жылдарына дейін шығып тұрды). Бұл мектептің ең көрнекті өкілі — роман тілдері мен жалпы тіл білімінің маманы Австрия лингвисі Гуго Шухардт (1842—1927).
Шухардт тек роман тілдерін ғана емес, басқа да көптеген тілдерді зерттеген, жан-жақты, терең білімді адам болған. Ол тіл білімінде бірталай тың да қиын проблемаларды батыл көтеріп, өз көзқарасын білдіріп отырған. Бұл мектептің өкілдері зат пен оның атауы арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Г. Шухардт «Заттар мен сөздер» деген еңбегінде: сөз затты білдіреді, зат — алғашқы, ол ешнәрсеге тәуелсіз, өзі үшін өмір сүреді, ал сөз затқа қарағанда соңғы, кейінгі, ол —затқа тәуелді, оның өмірі затқа байланысты, зат жоқ болса, сөз де жоқ, тілдегі әр сөздің өзіндік тарихы бар, оны тек лингвистикалық талдау арқылы ғана емес, заттар тарихы арқылы да зерттеуге болады, заттар тарихы мен сөздер тарихы жарыса қатар жүріп отырады, бұл екеуінің тарихы арасында толық параллелизм де, сондай-ақ күрделі және нәзік қарым-қатынастар да бар, тіл білімінің міндеті — соны ашу дейді.
Осы талаптарға орай бұл ағымға жататын ғалымдар (Г. Шухардт, Р. Мерингер, В. Мейер — Любке, т. б.) сөздер тарихын сол сөздер атау болған заттар тарихына байланыстыра отырып, ұқыптылықпен, көп жағдайда өте шебер зерттеген.
Мектеп өкілдері тарихы зерттелетін сөз қоғамдық өмірдің қай саласына, қай мамандыққа жатса, сөзбен бірге сол сала, сол кәсіп те профессионалдық дәлдікпен зерттелу керек деп есептеді, өздері де солай істеді. Мысалы, Шухардт француз тіліндегі mauvais (табу) деген сөздің латын тіліндегі malifatius (балық ұстау) деген сөзден шыққанын дәлелдеу үшін балық аулау процесін жан-жақты зерттеген. Сол сияқты, Р. Мерингер ауыл шаруашылығына байланысты қолданылатын біраз сөздер тарихын айқындау үшін бір шаруаның үй-жайы туралы үлкен монографиялық зерттеу жазған, Крогман кұдалық—деген мағынаны білдіретін немістің бір сөзінің тарихын түсіндірмек болып, құдалықтың алуан түрлі салттарын жан-жақты баяндаған т. б.
Әрине, сөздер тарихын сол сөз атау болған заттар тарихына байланыстыра қараудың тарихи лексикологияға берері көп, бірақ тіл білімі үшін әр сөз атау болған заттарды жоғарыдағыдай зерттеу әрдайым қажет бола бермейді. Олай істеу, көп жағдайда, лингвистерді негізгі объектіден ауытқытып, тіл білімі үшін қажеті жоқ нәрселермен айналыстырады.
Бұл мектеп өкілдері әсіресе Шухардт тілдік элементтер (сөздер) мағыналарының өзгеруіне, дамуына ерекше мән береді, «тіл туралы ілім — не мағына туралы, немесе атау туралы ілім» болу керек деп санады. Бұлардың семантиканың мәні жөніндегі пікірлері бұл мәселенің кейінгі дәуірде дамуына елеулі әсерін тигізді.
Г. Шухардт тіл адамдар әрекетін бейнелейтін құрал, ол адамдардың әлеуметтік, рухани өмірлерінің бәрімен де, тарихымен де тығыз байланысты, солардың көрсеткіші, сондықтан тілдің өткен тарихы да, қазіргі күйі де бірден дәрежеде зерттелу керек дегенді айтты. Өз еңбектерінде ол тілдің құрылымдық бөлшектерінің барлығын да дыбыстық жүйесін, грамматикасы мен лексикасын да сөз етеді. Оларды сөз еткенде жалпы тілдік, жалпы теориялық тұрғыда шешуге тырысады. Зерттеу қорытындысы жалпы теориялық тұжырымдарға жәрдемші болған жағдайда ғана ғылыми бола алады дейді.
Шухардт тілдерді туыстық жақындықтарына қарап жіктеудің дәлдігіне, ата тіл болды дегенге күмән келтіреді.Генеологиялық классификация орнына тілдерді географиялық ыңғайына қарай қарауды ұсынады. Географиялық жағдайына, қоныс ыңғайының өзгерісіне қарай бір тіл екінші бір тілге ауысып отырады дегенді айтады. Осыдан келеді де тілдің дамуы, ондағы болатын өзгеріс-құбылыс тілдердің араласуынан, тоғысуынан болып жатады. Дүние жүзіндегі тілдердің барлығы да өзара туыстас, бірақ олардың туыстастығы бір төркіннен, ата тілден тарағандықтан емес, араласып, тоғысқандықтан дейді. Бұл, әрине, тым бір жақты кеткендік.
Біраз мәселеде бұл мектеп өкілдері индивидуалистік психологизм ағымындағылармен пікірлес болды. Шухардттың пікірінше, тіл — жеке сөйлеушінің (индивидуумның) жемісі. Индивидуумның тұрмыс жағдайы, мінез-құлқы, мәдениеті, жасы тілге әсерін тигізеді, сөйтіп, индивидуалдық стиль, қалыптасады. Сөздер тарихы — сол сөздерді қолданушы индивидуумдар тарихы.
Г. Шухардт өзінің «Фонетикалық заң туралы» деген мақаласында жас грамматистердің тілде «бұлжымайтын фонетикалық заң бар» дейтін негізгі принципіне қарсы шығады: «Бұлжымайтын фонетикалық заң» деген жоқ, кездейсоқ фонетикалық өзгерістер бола береді, жас грамматистердің бұл принциптері ғылымның ілгері дамуына бөгет жасайды дейді.
Шухардттың лингвистикалық мұрасы бір тектес те, бәрі бірдей бағалы да емес. Оның еңбектерінің ең құнды жақтарының бірі — ғылым дамуына бөгет болатындардың бәрін де ешбір жалтақсыз батыл сынай отыра, үздіксіз жаңалық, басқаша тың бағыт іздеуінде, ғалымдарды соған үндеуінде. Шухардт еңбектері өз дәуіріндегі лингвистикалық ой-пікір дәрежесін жан-жақты көрсете алады. Ол өз еңбектері арқылы тіл білімінің жас грамматистер доктринасы шеңберінде қала алмайтынын, тіл зерттеу ісінде жаңа, тың бағыт-бағдардың қажеттілігін дәлелдеді. Шухардт бастап көтерген көптеген мәселелер лингвистика дамуының кейінгі дәуірлерінде күрделі де мәнді проблемаларға айналды. Сондайлардың бірі ретінде осы мектеп көтеріп қалыптастырған тілдердің бір-біріне тигізетін әсері, тілдер тоғысуы, ареалдық лингвистика, тілдерді географиялық ынғайларына қарай жіктеу мәселелері.
Көптеген кұнды пікірлермен қатар бұл ағымның қайшылықтары да болды. Бұларда айтарлықтай тұрақты, өзіндік жүйелі принципіболақоймайды.Сондықтан тек шартты түрде ғана болмаса, «Сөздер және заттар» бағытындағыларды қалыптасқан лингвистикалық мектеп еді деу қиын.
- Эстетизм. XX ғасырдың бас кезінде Батыс Европада жас грамматизм бағытына қарсы пайда болған лингвистикалық мектептің тағы бір түрі — эстетизм немесе эстетикалық лингвистика. Оны қалыптастырушы—неміс ғалымы, роман тілінің маманы, әрі әдебиетші, Мюнхен университетінің профессоры Карл Фосслер (1872—1949). Сонымен бірге бұл мектеп құрамында роман тілдерінің мамандары Е. Лерх, Л. Шпитцер т. б. болған.
Эстетизм мектебінің негізгі принциптері К. Фосслердің «Тіл біліміндегі позитивизм мен идеализм» (1904), «Тіл — творчество және даму» (1906), деген, т. б. еңбектерінде баяндалған.
Мектептің эстетизм деп аталу себебі — оның өкілдері тілді эстетикалық түлға, эстетикалық көрсеткіш дейді де, оны зерттейтін ғылым лингвистика эстетиканың бір саласы, эстетика оның негізі, қайнар бұлағы. Тіл жөніндегі зерттеу эстетикадан басталып, эстетикамен аяқталады деп санайды.
Кейде бұл мектеп неофилология немесе идеалистік неофилология деп те аталады. Бұлай атау Карл Фосслердің 50 жасқа толуына арналып 1922 жылы шығарылған юбелейлік жинақтың атына байланысты туған.
К. Фосслер зерттеулерінің көпшілігі әдебиет тану ғылымына жатады. Солармен бірге тіл мәселелеріне арналған туындылары да аз емес. Лингвистикалық эстетизм мектебінің теориялық негізін белгілеген «Лингвистикадағы позитивизм мен идеализм» деп аталатын еңбегінде Фосслер позитивистер деп жас грамматистерді атайды да, идеалистер тобына өзін және өзінің жолын қуушыларды жатқызады. Бұл еңбектің ең түйінді мәні — жас грамматикалық бағыттың позитивизмін қатал сынай отырып, тілді эстетикалық туынды, тіл білімін эстетикалық ғылым деп жариялау. Фосслер өзінің эстетикалық концепциясын негіздеуде Италияның көрнекті философы Бенедетто Кроче мен идеалистік философияның көсемдерінің бірі Г. Гегель және өз дәуірінің атақты лингвистері В. Гумбольдт пен Г. Штейнталь еңбектеріне сүйенген.
В. Гумбольдттың ізімен Фосслер де тілді рухтың көрінісі, тілге байланысты мәселенің қандайы болса тіл рухы арқылы айқындалады, тіл — рухтық процесс. Тілдің даму заңын рухтан бөліп алуға болмайды, қайта соның әрекеті ретінде зерттеу керек дейді.
В. Гумбольдттың ізімен Фосслер де тілді творчестволық туынды, тіл — творчество дейді. Бұл — оның бүкіл концепциясының негізі. Тілді творчество деп санағандықтан Фосслер индивидуумдардың сөйлеу әрекетіне ерекше мән береді. Ол рухани творчествоның барлығы да эстетикалық құбылыс. Творчество болғандықтан тіл де эстетиканың қарауына жатады. Ал объектісі эстетикалық құбылыстар қатарына жатқандықтан, тіл білімінің эстетикалық болмасқа әдісі жоқ деп есептейді. Олар тілдің экспрессивтік қызметін зерттеуге баса назар аударады, тілді тарихи-мәдени туынды деп санайды.
Эстетистер тіл білімін эстетикаға стилистика арқылы жатқызады. Олар: тіл — индивидуалдық рухани творчество… Сөйлеудің барлық түрі де индивидуалдық рухани әрекет. Ал ол әрекетті, яғни индивидуумның стилін стилистика зерттейді дейді де, осыдан барып, тілді индивидуум жасайтын, индивидуумның тілін (стилін) стилистика зерттейтін болғандықтан, тіл білімінің бастамасы, негізі — стилистика, яғни тіл білімі дегеніміз стилистика. Стилистика — эстетиканың бір саласы. Олай болса, тіл білімі эстетиканың бөлінбейтін бір бөлшегі деген қорытынды жасайды.
Бұл мектептің эстетизмі индивидуализммен ұштасады. Сондықтан оны кейде эстетикалық индивидуализм деп те атайды. Эстетистер де тілдің қоғамдық мәнін ескермейді. Оны жеке адамның рухани табысы деп қарайды, түгелдей индивидуалдық рухқа тәуелді, бағынышты етеді. Қанша индивидуум болса, сонша стиль (тіл) бар. Сөйлеудің хабарлаудың әрбір құралы (яғни тілдік элементтер, Т.Қ.) бастапқыда индивидуалдық, стилистикалық болады. Жалпы халықтық, диалектілік тілдер деген өмірде жоқ. Тілдің жалпылық мәнінің өзі де индивидуалдық тілдің жай жиынтығы деп қарайды.
Ал тіл индивидуумның табысы болса, ол қалайша қатынас құралы бола алады деген сұрауға эстетизм мектебінің басшысы Қ. Фосслер: Егер адамдар тіл арқылы өзара катынас жасап алатын болса, ол тілдік заңның тілдік материалдардың немесе тілдік құрылымның жалпылығынан емес, тілдік дарындылықтың қабілеттіліктің жалпылығынан, ортақтығынан болады. Тілдің пайда болуы, өмір сүруі, дамуы бәрі де осы сөйлеу дарындылығының жалпылығына, барлық адамға бірдейлігіне байланысты, соның арқасында әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар белгілі уакыттан кейін бірін-бірі түсіне алады деп жазады.
Эстетистер тілдің коммуникативтің ролін әлсіретіп, бірінші орынға оның экспрессивтік қызметін қояды. Олар тіл тарихы мәселесін де дұрыс шешкен жоқ. Тілдегі өзгеріс-құбылыстарды реттеп тұратын нәрсе — индивидуалдық рух, тілдің дамуы соған тәуелді. Тілді жасайтын да, қалыптастыратын да, қозғалысқа келтіретін де рух. Сондықтан тіл білімінің міндеті—рухты, тілдік рухты зерттеу деп есептейді.
Эстетистердің айтуынша тілдік категорияларға негіз болатын интуиция (сезу), тек интуиция ғана ол категориялардың мәнін танып-білуге мүмкіндік береді. Лингвистиканың міндеті зерттеу ісіне интуитивтік тану әдісін қалай қолдануды айқындау.
Эстетизм өкілдері жас грамматизм бағытында логицизм, психологизм бағытын да сынға алады. Логика тіл табиғатына тән емес, логика мен лингвистика біріге алмайды дейді.
Эстетистер жас грамматистерді позитивистер деп айыптағанда оларға қоятын басты бір кінәсы — сендер тілдік элементтер арасындағы себептестік қатынасты ескермейсіндер, тек тілдік фактілерді көбейтуге, оларды бір-біріне байланыссыз, бөлек-бөлек сипаттауға әуессіңдер. Лингвистика үшін маңыздысы — фактілерді құр есепке алу, оны дәлме-дәл сипаттап беру ғана емес, олардың арасындағы алғашқы себептестік қатынасты айқындау дейді. Құбылыстар арасындағы себептестік қатынасты айқындауды бірінші, шешуші орынға қоятын зерттеушілерді, яғни өздерін, идеалистерміз деп жариялайды. Эстетистер фактілерді жинауды олардың мөлшерін дәлме-дәл айқындауды мақсат ету ғылыми мақсат емес, ол тіпті ғылым емес, қайта ғылыми ойды жерлеу, философиялық көзін жою, бұл объективистік таяздық деп, жас грамматистерді айыптайды.
Құбылыстар арасындағы себептестікқатынастарда айқындаудың шешуші мәні барлығы даусыз, бірақ солай екен деп фактілерді есепке алу,оныталдау соған сүйену қажеттігін ескермеуге болмайды.
Эстетистер тіл білімінің алдына стилистиканы, жазушылар тілдерін, мәдениет тарихы мен тіл тарихының байланысын, т. б. зерттеу міндеттерін қойды. Бірақ бұл міндеттерді өздері субъективтік, идеалистік тұрғыдан қарастырды. Басшылыққа алған философиялық принциптері дұрыс болмағандықтан, еңбектерінде пікір қайшылықтары кездесіп отырады. Лингвистикалық мектеп деп аталғанымен эстетистердің принциптерін жақтаушылар аз болды.
- Неолингвизм. Неолингвизм де жас грамматизм бағытына қарсы XX ғасырдың бас кезінде қалыптасқан лингвистикалық мектеп. Бұл атау гректің жаңа деген мағынаны білдіретін неос деген сөзі мен лингвистика деген сөздің бірігуінен туған.
Бұл мектеп Италияда қалыптасты. Оның негізін салушылар Маттео Бартоли (1873—1946), Джулиано Бонфант, Джулиано Бартони (1878—1946), В. Пизани, т. б.
Неолингвистер жас грамматистерді сынаған, өз принциптерін баяндаған көптеген еңбектер жазды. Сондай еңбектердің бірі — 1925 жылы Дж. Бартони мен М. Бартоли жазған «Неолингвистиканың қосымша очеркі» атты кітап. Онда лингвистикалық жаңа мектептің әдістері мен принциптері қысқаша баяндалады. Бұдан кейін Дж. Бонфант өзінің «Неолингвистиканың ұстаған жолы» (1947) атты еңбегінде неолингвизмнің жас грамматизм бағытынан қандай өзгешелігі барлығын елу бір пунктке бөліп тәптіштеп баяндап берді. Эстетизм өкілдері сияқты бұл мектеп өкілдері де өздерін идеалистерміз деп жариялайды. Неолингвизм бір-біріне үйлесе қоймайтын әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың — В. Гумбольдттың, Г. Шухардттың, К. Фосслердің, кейбір мәселеде Г. Паульдің принциптеріне сүйенеді. Сондықтан бұл мектеп кейде эклектикалық неолингвизм деп те аталады.
Неолингвизм өкілдері Гумбольдт пен Фосслер сияқты тілді рухани әрекет, көркем туынды, эстетикалық көрсеткіштердің жиынтығы дейді. Шухардт сияқты бұлар да тілдер тоғысуына ерекше мән береді. Пауль сияқты бұлар да индивидуумнің сөйлеу әрекетін зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Эстетистердің ізімен неолингвистер де жас грамматистерді позитивистер, фактіге табынушылар деп айыптайды. Олардың бір ғана фонетикалық заң әдісіне сүйеніп, тіл білімінің объектісін тарылтқандарын сынай келіп, өздерін тілдің барлық мәселелерімен де шұғылданатын нағыз лингвистерміз деп жариялайды. Екіншіден, бұлар жас грамматистер концепцияларының негізі саналатын «бұлжымайтын фонетикалық заң» докторинасын ғылыми деп санамайды. Өмірде шашау шықпайтын, бұлжымайтын заң деген жоқ. Тілдегі «әрбір сөзде, әрбір формада, әрбір дыбыста, өзіндік ерекшелік, жалпы заңнан ауытқушылық бола береді. Ол — өмір заңы»,— дейді.
Тіл дегеніміз не? деген сұрауға неолингвистер эстетистер сияқты: «Тіл эстетикалық творчество, ол—индивидуумның творчествосы. Тіл — өнер туындылары, көркем туындылар қатарына жатады. Сондықтан ол адамның рухани өмірінің бір бөлшегі деген т. б. анықтамалар береді. Индивидуалистер, эстетистер сияқты неолингвистер де тілдің қоғамдық мәнін елемейді: қоғам тілі, коллектив тілі деген абстракция, конкретті, ақиқат бар нәрсе — индивидуумның тілі, тілдегі болатын өзгеріс-құбылыстардың барлығы да индивидуумнан тарайды, тіл — индивидуалдық ерікті творчество. Оны адамдар бір-біріне еліктеу арқылы қабылдайды да, өзінше ассимилляциялай отырып, бірден бірге тартады, тілдің қандай дәрежелі тіл болуы индивидуумның творчестволық күшіне, әлеуметтік ыкпалына, әдеби атағына байланысты және соған орай болады дейді. Мұндай концепциялардың жаңалық еместігі алдыңғы тараулардан белгілі. Тілдің дамуы, тілдер туыстастығы, тілдердің тоғысуы, тілдік шекара, диалект, диалектологиялық атлас, т. б. мәселелердің барлығында дерлік неолингвистер өзгелердің пікірлерін қайталаудан ұзап кете алмады. Олар тілдің тіл элементтерінің даму жолдарын зерттегенде, тілдердің таралған орындарына, географиялық жағдайға шешуші мән беріп, географиялық факторды шектен тыс дәріптейді. Осы мектепті негіздеушілердің бірі М. Бартоли: тілдегі жаңа туындар тілдердің араласуынан, яғни қоныс аударуының нәтижесінде бір аймақта екі түрлі халық тілінің, мәдениетінің, экономикасының т. б. араласуына байланысты, бірінің орнын екіншісі ауыстырған тілдік фактілердің тараған аймақтарын салыстыру арқылы олардың қайсысы бұрын, қайсысы кейін пайда болғанын айқындауға болады, тілдік фактінің тараған аймағы неғұрлым кең болса, соғұрлым ол бұрынғы, бастапқы, тараған территориясы шағын болса, кейінгі, соңғы, сол сияқты, орталық аймаққа тараған фактілер шеткері аймаққа тараған фактілерге қарағанда кейінгі, соңғы болады дегенді айтады.
Тілдік фактілердің тараған аймақтарын аныктаудың тіл білімі үшін мәні барлығы даусыз. Мұндай зерттеу арқылы тілдік субстрат, суперстрат, адстрат дегендер айқындалады. Бірақ тіл тірлігінің тағдырын шешетін нәрсе осы ғана деп қарау дұрыс болмайды.
Неолингвизмнің тілдердің географиялық орнына шешуші мән беретіндіктеріне қарап кейде оны ареалдық лингвистика деп те айтады. Ареалдық лингвистика немесе лингвистикалық география — тілдік құбылыстардың тараған аймағын, шекарасын зерттейтін ғылым.
Неолингвизм өкілдерінің бір табысы — лингвистикалық география ілімінің принциптерін айқындап, жетілдіріп, оны салыстырмалы-тарихи тіл біліміне ендіріп тартты. Жас грамматистер тілді бір ғана диахронды планда зерттесе, неолингвистер оны синхронды планда да зерттейді.
Жас ғрамматистер тіл білімінің міндеті сөйлеу тілі фактілерін зерттеу дегендерімен іс жүзінде жазба тіл фактілерін көбірек зерттесе, неолингвистер сейлеу тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді зерттеуге ерекше мән берді. Неолингвизмнің ең басты кемшіліктері — тілдің жүйелік, құрылымдық сипатына жеткілікті мән бермей, экстралингвистикалық мәселелерге көп көңіл бөлулері, тіл өміріндегі индивидуумдар ролін асыра бағалаулары болды.