Қазақ тіліндегі үнді дауыссыздар

Тіліміздегі дауыссыз дыбыстардың бір тобы үнді дауыссыздары болып келеді. Қатаң және ұяң дауыссыздарға қарағанда, л, м, н, ң, р, й, у дыбыстарының құрамында салдырдан гөрі үн басым келеді.

Р фонемасы тіл ұшы альвеолға нық тиіп, фонациялық ауа қарқынды шығу арқылы жасалады. Сөз ортасында р бір рет дірілдейді де, сөз аяғында көбіне екі рет дірілдейді. Сондықтан бұл фонеманы вибрациялық (діріл) фонема дейміз. Бұл фонема сөз ортасы мен сөз аяғында көп ұшырайды. Бұрынғы түркологтар айтқандай, р сөз басында кездеспейді деуге болады. Осының салдарынан өзге тілден ауысқан р-дан басталуға тиісті сөздердің алдынан ы немесе і дыбыстары қосылып (протеза) отырады, не болмаса кейде ұ,ү,о тәрізді дыбыстар селбесіп тұрады. (Орыс тілінен ауысқан жаңа сөздердегі басқы р фонемасын айтқанда қазақ тілінде сол орысша айтылу нормасын сақтауға дағдыланудамыз). Мысалы, (ы)рахмет, (ы)рас, (ы)рай, (і)рет, (ұ)рұқсат. Практикалық жазуда протеза ретінде қосылып тұрған дыбыс (дауыстылар) еленбейді, соңғы сөз кейде ұрықсат кейде рұқсат түрінде жазылып жүр. Орыс тілі арқылы ертеде ауысқан Урал, русский, Рим тәрізді сөздер айтылуда Орал, орыс, Үрім түрінде қолданылып жүр (алғашқы екеуінің жазылуы да айтылуына сай, ал Үрім деген әдеби тіліміз де Рим түрінде дағдыланып кетті). П.М.Мелиоранский қазақ тіліндегі род мағынасындағы ру сөзінің алдынан әнтек ұ естілетінін атап көрсетеді.

Р-дан басталған сөздің алдында айтылуда селбесетін дауысты дыбыстың мағынаға тиер әсері болмау салдарының ол жазылуда елеңбейді. Ал редактор, радио, реализм, республика сияқты интернационалдық сөздер қазіргі әдеби тілімізде орыс тіліндегі нормамен айтылуда.

Л фонемасын айтқанда тіл ұшы альвеолға бір тегіс, кесе көлденеңдеп тиеді; бұл фонеманы айтқанда, имплюзия (смычные согласные) басым болу себепті, фонациялық ауа тілдің екі жағын ала шығады, сондықтан л-ды латераль (бүйір) фонема дейміз. Бұл фонеманың көп ұшырайтын жері – сөз ортасы мен сөз аяғы. Сөз басында л кемде-кем кездеседі, л-дан басталуға тиісті сөздің алдынан қалай да бір қысаң дауысты қосаңқыланып отырады. П.М.Мелиоранский лақ, лақтыр дегенде аздап болса да олардың алдынан ы немесе ұ келетіндігін айтады. Ауызекі тілде ылақ деп те, кейде ұлақ деп те айту жоқ емес. Өзге түрки тілдерінде де л-дан басталатын сөздердің саны көп емес. Н.К.Юдахин, И.А.Баймановтың айтуына қарағанда, қырғыз тілінде сөз басында л фонемасы а, е, и алдынан ұшырамаған. Сондықтан лазым, лайық, леп сөздері ылазым, ылайық, ілеп болып айтылғандығын ескертеді. Ал басқа дауыстылардың алдынан тікелей л-дің өзі келе береді деп есептейді, мысалы: лоқшуу (лоқсу), лөк (үлек), лықылды (лықылдау).

Біздің байқауымызша, қазақ тілінде сөз басында езу қысаң дауыстының алдынан л айқын ұшырай беретін тәрізді, мысалы: шам лып етіп сөнді, лық ете түсті дегендегі лып, лық сөздері айқын л-дың өзінен басталып тұр. Орыс тілінің қазақ тіліне әсерінен қазіргі қазақ тілінде интернационалдық сөздер де, төл сөздер де ыңғайына қарай барлық дауыстылардың алдында тұрып, л анлауы позицияда кездесе береді: лаборатория, литр, ложа, лекция; осы тәрізді сөздердің әсерімен жазуда ғана емес, айтуда да лаж, лайық, леген, сияқты сөздер осы күні л-дан басталып, көбірек қолданылады. Сілтеу есімдіктеріндегі л барлық септіктерде түсіп қалады.