Семасиология – сөздің мағынасын, мағынаның өзгерісін зерттейтін ғылым. Бұл термин гректің “белгілеу” және “ғылым” деген сөздерінен алынған. Мұны кейбір ғалымдарымыз семантика деп те атайды. Соңғы кезде көбінесе тіл білімінде семасиология деп аталып жүр. Өйткені марризм тұсында аталған семантика деген атауға асыра сілтеушілік байланысты болды. Екіншіден, семантика деген атау бұрынғы терминдік мәнін жоғалтып, мағына деген сөздің синонимі болып барады. Сондай-ақ аталған термин шет елдерде идеалистік ағымдағы логикалық позитивизмнің бір саласының аты болып жүр. Сондықтан басқа ұғымдармен араластырмас үшін семасиология деген терминді қолдандық. Бірақ семантика деген терминді (сөздің мағынасы, жалғаудың мағынасы дегенннің орнына сөздің семантикасы, жалғаудың семантикасы деп) қолданып отыруға әбден болады деп есептейміз.
Семасиология туралы түрлі көзқарастар болды. Олардың ішіндегі ең бастыларының бірі – батыс елдерінде туған структурализм (структуралистік лингвистика) – сөздің дыбыстық формасын тексерудің қажеті жоқ, өйткені ол тілден аулаққа алып кетіп, философияға, психолгияға апарып соқтырады дейді. Олардың айтуынша, тілдік өлшем – дыбыстар да емес, сөздің мағынасы да емес, олар тек қана тілдің системасын жасайтын элементердің өзін корреляциялық система деп атайды. Мұның нәтижесі сөздің мағынасын бүтіндей жоққа шығару болып табылады. Бұлай қарау иделистік философияның алдына қойған мақсатынан туғаны анық. Америка лингвистері Б.Блох, Г.Трэджер дегендер мұны ашық айтып жүр. Структурализмді жаңалап, кеңес тіл біліміне енгізуге болады деген пікірді қолдаушылар кейінгі кезде жалпы тіл білімі өкілдері арасында көрініп жүр.
- ХХ ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген лингвистикалық мектептедің ең көрнекті және көп тарағандардың бірі – структурализм немесе структуралды лингвистика деп аталатын бағыт. Бұл мектеп тарихи-салыстырмалы тіл біліміне, жас грамматистерге қарсыбағытта туып қалыптасты.
Үстіміздегі ғасырдың бас кезінен бастап, философия, жаратылыс тану сияқты бірсыпыра ғылымдарда өз пәндерін өзара шарттас, бір-біріне тәуелді элементтерден тұратын күрделі бір тұтас құрылым деп санап, оны осы тұрғыдан зерттеу талабы күшейеді. Бұл тіл біліміне де әсер етеді. Сонымен бірге кибернетиканың, электрондық машиналардың шығуы, орны тіл біліміне қолдану талабының өсуі де структурализм бағытының тууына себепші болады.
- Структурализмнің тууының ішкі, таза лингвистикалық себептері де жоқ емес еді. ХІХ ғасырда дүниеге келген тарихи-салыстырмалы тіл білімі басты назарды тіл туыстықтарын ашу, тілдің түп төркінін, шыққан тегін табу сияқты мәселелерге аударды да, нормативтік грамматикаға жеткілікті мән бермеді, оны тек мектеп оқулығы дәрежесінде ғана қалдырды.
ХІХ ғасырдың аяқ кезінде қалыптасқан және көп ұзамай-ақ тіл білімінде едәуір беделге ие болған жас грамматизм бағыты көптеген жемісті істері болғанымен, тіл ғылымының өрісін мейлінше тарылтты. Семасиологияны семантика деп атап, оны асыра бағалау “Жаңа тіл білімі” деп аталатын ағымда да болғаны мәлім. Семасиологияны асыра бағаламай, тиісті орнында қолданса, лексикологияның маңызды бөлімі болып табылатынына тіл ғылыми шек келтірмейді. Академик В.В.Виноградов тіл ғылымына сөздің мағына проблемасы, сөз бен сөз тіркестерінің мағыналық көрінісі ерекше қажет екенін ескертіп отырады (В.В.Виноградов. Основные типы лексических значений слова, “Вопросы языкозначеия”, 1953, №5, 3-29 беттер).
Семасиология сөз мағынасын зерттегенде, мағынаның тұрақты екенін, бірақ сөздің қатып қалған мағынасы жоқ.