Фонетиканың салалары

Студенттердің міндетті түрде меңгеруге тиіс білім-біліктер төмендегідей:

  1. Фонетиканың тіл дыбыстарын зерттейтін сала екенін білу;
  2. Фонетикалық терминдерді дұрыс ажырата білу және оны орынды қолдану;
  3. Дыбыс пен әріптің бірлігі мен айырмашылығын білу;
  4. Дыбыстардың түрлерін ажырата білу;
  5. Дыбыстардың түрлерін ажырата білу;
  6. Сингармонизмге сәйкес білімдерін сөйлеуде қолдану;
  7. Қазақ әліпбиінің құрамын, ретін білу;
  8. Сөздерді орфоэпиялық нормаға сай айта және орфографияға сәйкес жаза білу;
  9. Тіл дыбыстарының сөз мағынасымен қарым-қатынасын білу;
  10. Буын түрлерін ажырата білу;
  11. Екпіннің қазақ тіліндегі ерекшелігін білу;

Дыбыстардың пайда болу, өзгеру сырларын білмей тұрып, лексикалық, грамматтикалық құбылыстарға талдау жасау мүмкін емес.

Халелдің айтуынша, қазіргі емле бойынша қос сөз түрінде жазылып жүрген жапатармағай сөзі арабтың жамхан, тұран, мағхан (бәрі бірге ұмтылу) деген сөздерінен шыққан (ДосмұхамедұлыАламан,1991,90-бет.) Тіліміздегі дыбыстардың артикуляциясын дұрыс білу басқа тілдерді меңгеру, қазіргі ақпарат, байланыс құралдарын жетілдіру үшін де пайдасы зор.

2.Зерттеу мақсатына қарай фонетика төмендегідей салаларға бөлінеді: Сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы және салғастырмалы.

Сипаттамалы (синхроникалық немесе статикалық деп те аталып жүр) фонетика тілдің өмір сүріп тұрғандағы дыбыстық жүйесін қарастырады: дыбыстарды сандық және сапалық жақтан айқындау, олардың тіркесу, үндесу заңдылықтары, буын, екпін, орфоэпия мәселесі де осы саланың нысаны (объектісі) болып есептеледі.
Қазіргі күнде жоғары оқу орны мен мектептерде оқытылып жүрген фонетика осы сипаттамалы фонетикаға жатады. “Қазіргі қазақ тілі курсы” бойынша жоғары оқу орындарында оқытылатын фонетика оқулығы елуінші жылдардың бас кезінде жызылып, 1954 жылы “Қазіргі қазақ тілі ” деген атпен шыққан тұңғыш академиялық оқулықтың бір тарауы болып, академик І.Кеңесбаевтың авторлығымен енді. Содан бері екі рет (1962, 1975) басылып шықты. Аталған оқулық – жоғары оқу орнына арналған бірден-бір фонетика оқулығы болумен бірге, осы саладағы зерттеулердің бәріне бағыт сілтеп келе жатқан еңбек. Солай десек те, осыдан 40 жыл бұрын жазылған еңбекте осы күннің тұрғысынан сын көзбен қарайтын мәселелер де жоқ емес.

Қазіргі қазақ тілінде орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген мыңдаған сөздер бар екені дау тудырмайды. Біз оларды орыс тіліндегідей айтып та, жазып та келеміз. Мұның өзі орыс тілі фонетикасымен де таныс болуды талап етеді.

3.Тарихи (диахроникалық) фонетика тілдің дыбыс жүйесін тарихи тұрғыдан зерттейді. Дыбыстардың түрлері, олардың дамуы, тарихи өзгерістер, буын, екпін мәселелері, үндестік заңдары әр дәуірдегі жазба ескерткіштер материалдары бойынша талданады.

Тілдің дыбыс жүйесін қазіргі және тарихи тұрғыдан қарастырғанда туыс тілдердің фонетикасын да есепке алған жөн. Мұның өзі дыбыстардың өзгеру, даму жүйесін айқындауға мүмкіндік жасайды. Туыс тілдердің дыбыс жүйесін салыстыра зерттеп, олардың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін айқындау салыстырмалы фонетиканың міндетіне жатады (Томанов М. Түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасы, А., 1981, ЩербакА.М. Сравнительная фонетика тюркских языков, Л., 1970). Салыстырмалы және тарихи фонетика бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді.

Құрылымы басқа тілдердің дыбыстық жүйесін салыстырып зерттеу салғастырмалы фонетиканың еншісіне тиеді.