Диалектологияның қалыптасу тарихы этнографиямен тығыз байланысты. Өйткені диалектілер мен диалектілік ерекшеліктер этнографиялық белгілермен ұштасады. Шынында, жергілікті халықтың әдет- ғұрып, тұрмыс- салтындағы заттар мен ұғымдардың атауы болып келетін диалектизмдер аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, диалектілік ерекшеліктер аса маңызды этнографиялық белгі болып табылады. Мысалы, Қостанайдың Жанкелдин ауданында тайтұяқ деген сөздің жалпы халық білетін мағынасынан (тай тұяғының көлеміндей сом күміс) басқа мұз оятын құрал деген мағынасы тағы бар. Бұл атау жергілікті халықтың мұз оятын құралды тайдың не аттың тұяғынан жасау әдетінен туған. Тандыр (нан) – кейбір оңтүстік аудандарда қабырғаларына нанды қарып пісіруге арналған пеш атауынан шыққан.
Кейбір елдерде диалектология осы күнге шейін белгілі дәрежеде этнография көмекші қызмет атқарады. Советтік тіл білімінде диалектология ұлт тілінің халықтық жергілікті диалектілерін зертейтін жеке сала ретінде қалыптасты.Тілдің диалектілерге бөлінетіндігі ертеден-ақ белгілі. Тіпті көне замандардағы грамматикаларда вульгаризм (тұрпайы сөздер), провинциализм (аймақтық, областық тіл ерекшеліктері) сияқты терминдердің кездесуі- диалектілік ерекшеліктерді білгендіктен шыққан. Бірақ ХІХ ғасырға дейін диалектілік ерекшелік тілдегі “қате сөйлену”, дұрыс сөздің “бұрмалануы” сияқты болып көрініп келеді. ХІХ ғасырдың бас кезінде Батыс Европада, Россияда халық мәдениетіне, энтографияға, фольклорға, сол сияқты тілге де ерекше назар аударылабастады. Содан былай энтография мен фольклордан әлі толық жіктеле қоймаған диалектология жеке сала ретінде дами бастады.
Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктер тарихи, шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді.
- Қазақ тілі мен оның говорларына тән өзіндік тума элементтер. Бұл топтың ішінде ескі көне тайпа тілдерінің қалдығы да, кейінірек, әсіресе Ұлы Октябрь революциясынан кейін пайда болған диалектілік ерекшеліктер де бар. Мысалы, пал-бал сөздеріндегі п/б алмасу, барғын, келгін (бар, кел), барғым бар (барғым келеді), барғым жоқ (барғым келмейді) сияқты грамматикалық ерекшеліктер көне заманнан келе жатқан байырғы құбылыстар қатарына жатса, күйенте-әпкіш, кемпір-ауыз-атауыз сияқты сөздер жаңа заттар мен құбылыстардың шығуына байланысты берірек дәуірде пайда болған.
- Қазақ говорларына басқа тілдерден ауысқан кірме элементтер. Бұл топқа араб, иран, орыс және көрші түркі тілдерінен енген сөздер мен тұлғалар кіреді. Мысалы, мұштау (жұдырықтау), мыштар (бәкі), жүдә (өте) сияқты сөздер өзбек тілінен, скірт (скирда), пірнәбес (принавес), бодан болу (подданный) сияқты сөздер орыс тілінен енген т.б. Кейде сөз тіркестерінің бір сыңары қазақтың тума, төл сөзі, екінші сыңары кірме сөз болып келуі мүмкін. Мысалы, жар газеті-қабырға газеті (жар-төл сөз, газет-кірме сөз), бодан болу-бағыну, қол астында болу (бодан-кірме-сөз, болу-қазқтың төл сөзі).
Диалектологияның жеке сала ретінде қалыптасуында революцияға дейінгі орыс ғалымдары И.И. Срезневский, А.А. Потебня, А.И. Соболевський, әсіресе А.А. Шахматов көп еңбек сіңірді.
Диалектология тіл ғылымының бір саласы болып қалыптасуымен байланысты оның маңызы артып, зерттеу обьектісінің шеңбері кеңейе түсті. Зеттеу ісі халық тіліндегі ерекшеліктерді жинаумен, анықтаумен тынбай, тіл тарихын жасауда да ойдағыдай роль атқарды. Зерттеу обьектісінің саралануына және сипатына қарай диалектология – сипаттама (описательная) диалектология және тарихи диалектология болып екі салаға бөлінеді. Сипаттама диалектологияның міндеті – тілдегі диалектілер мен говорлардың дыбыстық, грамматикалық және лексикалық құрылысын сипаттау, сол жайында жүйелі түсінік беру. Тарихи диалектологияның міндеті – тілдегі диалектілер мен говарлардың, диалектілік ерекшеліктердің пайда болу сырын, тарихын зерттеу. Мұның өзі халық я ұлт тілдерінің ру тілінен тайпа тіліне, тайпа тілінен халық тіліне, халық тілінен ұлт тіліне ауысып отырудағы даму жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Диалектологияның бұл екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты. Тілдегі жергілікті ерекшеліктерді алдымен әбден анықтап, танып, түсініп алмайынша, көлемін белгілемінше , тарихи диалектологияны жасау мүмкін емес. Совет тіл білімінде жергілікті тіл ерекшеліктерін жинауға , зерттеп білуге зор мән беріледі. Соның нәтижесінде қазіргі кезде біздің еліміздегі тілдердің қай-қайсысында да сипаттама диалектологияның негізі салынды. Ал тарихи диалектологияның жайы басқаша. Бұл тың мәселені нақтылы зерттеу келешектің үлесіне тимек.
Қазақ тілінің пайда болуы, дамуы, қалыптасуы жалпы түркі тектес тілдердің даму, қалыптасу дәуірлерімен байланысты. Солардың ішінен қазақ тілі тарихына қатысы бар төмендегі дәуірлерді көрсетуге болады.
А) Біздің заманымыздан бұрынға ІҮ-ІІ ғасырлар мен біздің заманымыздағы Ү ғасыр аралығы. Тарихта бұл –гунн дәуірі деп аталып жүр.
Ә) Көне түркі тілдері дәуірі (Ү-Х ғ.) Қазақстан жерінде осы кезде құрылыған Батыс түркі (ҮІ-ҮІІІғ.), қарлық (ҮІІІ-Х ғ.) қағанаттарының , он оқ бірлестігінің (ҮІІІ-Х ғ) қазақтың халық болу процесінде үлкен ролі болды.
Г) ХІХ ғасырдан бері қарай түркі тілдері дамуындағы ең жаңак дәуір басталады.
Бұл дәуірде қазақтың ұлт тілі қалыптасты. Мұның өзі қазақ халықының ұлт болуымен, ондағы кезеңдермен байланысты еді. ХІХ ғ. 2- жартысында қазақ жері түгелімен орыс мемлекетінің құрамына енумен байланысты капиталистік қатынастың кейбір элементтері көріне бастады.
Жергілікті халық тіліне әдеби тілдің әсері неғұрлым күшті болса, соғұрлым ондағы диалектілік ерекшеліктер тез жойылатыны белгілі.
Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді ғана қамтуы мүмкін.Оның қанша аймаққа таралуы говорлардың қалыптасу тарихына, ондағы нақты жағдайларға байланысты. Негізгі тілдік белгілері бірыңғай говорлар ғана диалект ұғымын тудырады. Бір диалектінің ішіне оның басқа диалектілерден айырмасын көрсететін негізгі ерекшеліктерін және өздеріне ғана тән неғұрлым ұсақ ерекшеліктерін сақтай отырып , бірнеше говор енуі мүмкін.