Тіл білімінің диалектілер мен говарларды зерттейтін саласы – диалектология (диалектос – сөйлеу, говар, логос – ілім деген грек сөздерінен құралған) деп аталады. Диалектологияның міндеті – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі говорлар мен диалектілерді зерттейді.
Диалект — деген термин тілдегі жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктері бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық не ұлт тілінің құрамды бөлігі болып табылады.
Говор – жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді ғана қамтуы мүмкін.Оның қанша аймаққа таралуы говорлардың қалыптасу тарихына, ондағы нақты жағдайларға байланысты. Негізгі тілдік белгілері бірыңғай говорлар ғана диалект ұғымын тудырады. Бір диалектінің ішіне оның басқа диалектілерден айырмасын көрсететін негізгі ерекшеліктерін және өздеріне ғана тән неғұрлым ұсақ ерекшеліктерін сақтай отырып , бірнеше говор енуі мүмкін.Жергілікті ерекшеліктердің таралу шегіне қарай кейбір тілдерде говорлар подговорға бөлінеді. Негізгі диалектілік ерекшеліктері бірыңғай болып келген говорлардың жиынтығы наречие деп те айтылады.
Шынында, диалект, говор , наречие деген терминдер бірінен-бірі сонша алыс кеткен ұғымдар емес.Бәріне де жергілікті тіл ерекшеліктері негіз болады.
Белгілі бір халыққа, бір ұлтқа жаппай түсінікті әдеби тіл нормасынан (сондай-ақ тілдегі басқа диалектілерден) өзгеше ерекшеліктері болса ғана диалект бола алады. Әдеби тілдегі жалпыға белгілі сөз, яғни зат атауы диалектіде басқаша айтылуы мүмкін, мысалы , әдеби тілдегідей зардабы, салдары деудің орнына жергілікті жерде зарпы, тегі, заты деудің орнына сойы , талаушы – шабаған, беймаза- бейана, кебек- буыз, үнемі-бойлай, әрең-шаққа, табалдырық-тебелдірік, есік ілгегі- тепкі, шұлғау-байтаба, болып айтылады. Тіпті әдеби тілдегі кейбір сөздердің жергілікті халық тілінде әлденеше варианты кездеседі: сіріңке-кеуірт, күкірт, шырпы, шағар, ши, оттық, шақпақ; шылапшын-леген, жам, кірлен, шылаушын, тас; кесе— самал, пиялай, кәсе, тас аяқ, шыны аяқ, ақпыр, ақпар, кардон,жанан; күрке- балағаш, балаған, шайла, шабра, кепе, аткүрке, алтаяқ, қопын, лапас, жаппа; известь-әк, ақтас, нотас, утас, ақкеріш т.б. Бұл сияқты лексикалық өзгешеліктер жеке сөздердің мағыналарында да кездеседі. Әдеби тілді де, диалектіде де кейде сөздердің айтылуы бірдей болады да, мағыналарында әр түрлі болып келеді, мысалы, көрім деген сөз бір жерде жақсы деген мағынада, бір жерде жаман деген мағынада қолданылады. Сол сияқты там деген сөз үй және мола деген мағынада әр жерде әр түрлі ұғынылады. Тәте бір жерде әке, бір жерде аға, кейде апа, әпке, мағынасында қолданылады. Тәртіп-қаулы, бұрыштама, нұсқау, бұйрық мағыналарында айтыла береді.
Диалектологияның бұл екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты. Тілдегі жергілікті ерекшеліктерді алдымен әбден анықтап, танып, түсініп алмайынша, көлемін белгілемінше , тарихи диалектологияны жасау мүмкін емес. Совет тіл білімінде жергілікті тіл ерекшеліктерін жинауға , зерттеп білуге зор мән беріледі. Соның нәтижесінде қазіргі кезде біздің еліміздегі тілдердің қай-қайсысында да сипаттама диалектологияның негізі салынды. Ал тарихи диалектологияның жайы басқаша.
Тілдің диалектілерге бөлінетіндігі ертеден-ақ белгілі. Тіпті көне замандардағы грамматикаларда вульгаризм (тұрпайы сөздер), провинциализм (аймақтық, областық тіл ерекшеліктері) сияқты терминдердің кездесуі- диалектілік ерекшеліктерді білгендіктен шыққан. Бірақ ХІХ ғасырға дейін диалектілік ерекшелік тілдегі “қате сөйлену”, дұрыс сөздің “бұрмалануы” сияқты болып көрініп келеді. ХІХ ғасырдың бас кезінде Батыс Европада, Россияда халық мәдениетіне, энтографияға, фольклорға, сол сияқты тілге де ерекше назар аударылабастады. Содан былай энтография мен фольклордан әлі толық жіктеле қоймаған диалектология жеке сала ретінде дами бастады.
Диалектілік, говорлық ерекшеліктер сөздердің дыбысталуында да кездеседі, мысалы: е мен і (ерегес-ерегіс), а мен ә (қатты-кәтті,қайтып-кәйтіп), о мен ұ (құлдану-қолдану), ө мен ү (дөнен-дүнен), б мен п (болат-полат,бейнет-пейнет) дыбыстары алмасып айтылады. Сол сияқты, грамматикалық құрылыста да кездеседі. Мысалы, көмектес септік жалғауы –мен- мынан, — ман түрінде, жіктеу есімдігі І жағының көпше түрлік жалғауы қосылғанда бізің түрінде айтылады. Осындай ерекшіліктер сөз тіркестерінде де кездеседі, мысалы, жалпыға белгілі кепілде жүру деген тіркес аяқ үстінде жүру, күдер үзу- баз кешу, көрсе қызар – көрсе басар, құлып салу, құлыптау – құлып ұру, уайым жеу – пұшайман жеу, жарыс сөз – талқы сөз, тосыннан тосын – торсадан-торса, басы қату – тату болу т.б. түрінде айтылады. Жергілікті халық тілінде кейде бір сөздің қатысуымен жасалған сөздер мен сөз тіркестері кездеседі. Мысалы, тас сөзімен тіркесу арқылы; тас құман (шәйнек), тасөкпе (ешкінің өкпе ауруы), тас аяқ (кесе, шыны аяқ), тас құдық (таяз құдық), тас қорық (қорықтық), тасқабақ (қабағы қатты асқабақ), тас кепіл (берік уәде), тасжарған (дәрілік шөп), тас табақ (тәрелке) т.б.